Зерттеудің міндеттері:
Бесіктің тарихын анықтау, оның жасалу жолы мен құрылымын білу;
Бесіктің пайдасы мен зияны туралы мәлімет жинау;
Бесік туралы қызықты мәліметтермен танысу;
Үйде баланы бесікке бөлеп, оның денсаулыққа, тазалыққа қолайлы екенін дәлелдеу.
Зерттеу кезеңдері :
Ғылыми әдебиеттерге, ғаламтор желісіне шолу жасау.
Сауалнама алу, сұхбат жүргізу;
Ғылыми, дәлелді кеңестер алу
Зерттеу жұмысын жинақтау, қорытындылау.
Зерттеу әдістері: деректер жинау, жүйелеу, сауалнама алу, сұхбат жүргізу, тәжірибе жасау.
Зерттеудің нәтижесі:
Бесіктің денсаулыққа пайдасы зерттелді.
Үй жағдайында сәбиді бесікке бөлеп оның таза, дені сау, зейіні тұрақты болып қалыптасатыны дәлелденді.
Кіріспе
Баланы бесікке бөлеу қазақ халқына тән ұлттық құндылық. Бесік киелі. Бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш, бойы жылы, тәні таза болады. Бүгінгі таңда қазақтың қасиетті бесігі қолданыста жоқ. Ара-тұра көргеніміз болмаса, қазіргі әрбір қазақтың шаңырағында, төрінде тұр деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Ата-баба аманатының бірі киелі бесік ғасырдан-ғасырға жетіп, тек бүгінгі ұрпақтың көзіне оғаш көрініп, қолданыстан шығып қалғаны өкінішті. Бесік— нәрестені бөлеуге арналған ағаш төсек .Бесікті Орталық Азия мен Кавказ, Үндістан, Қытай жерін мекендейтін халықтардың басым көпшілігі пайдаланады. Тек әр түрлі үлгіде жасалады. Бесік көшпелі өмір кешкен қазақ халқы арасына ертеден тараған.
Бесіктің құрылымы балаға гигиеналық тәрбие беруге лайықталған әрі алып жүруге жеңіл, ықшамды және берік. Ол баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені арнайы қойылатын түбек пен шүмек баланың дәретін жаймай, таза және ұзақ ұйықтауына жағдай жасайды. Бұл үй шаруашылығымен айналысып жүретін анаға қалай қолайлы болса, көшіп-қонып жүргенде, баланың өзінің де денінің сау болып өсуіне де тиімді.
Сондықтан ұлттық болмысымызды, салт – дәстүрімізді жоғалтпайық десек, бесікке бөлеуді қолға алайық. Бесікті пайдаланбау арқылы қаншама ұлттық дәстүрімізден айырылып жатырмыз. «Бесікке салу», «Тыштыма», «Бесік жыры» т.б. жоғалды. Үлкен жазушы Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» дегенді тегін айтпаған шығар. Бесік жыры бөбектің құлағына сіңген сайын ата-бабасының генетикалық жадысы қайта жаңғырады екен.
Достарыңызбен бөлісу: |