Жұбаева О. ҚАзақ тілінің когнитивті грамматикасы



бет12/85
Дата23.06.2022
өлшемі1.82 Mb.
#459438
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   85
Жұбаева монография

АЛДА2 ү с т. 1. Алдыңғы қатарда, алдыңғы жақта, ілгеріде. Таутескен ең а л д а. Өзі атынан, аты өзінен өткен жершіл, бір мүдірмей бастап барады (Ғ.Мұстафин, Дауыл.). А л д а күтпеген жерден Кейкінің інісі Шұбар бастаған сегіз жігіт шыға келді (М.Жұмағұлов, Қыран.). А л д а қазақ даласы Сансыз малы шулаған (Т.Айбергенов, Мен саған.). 2. Алдағы уақытта, болашақта, келешекте. Бар үмітің, қызығың а л д а емес пе? Өмірден шеккен жапаң аз емес. Қысқа өмірдің қызығын да көрмейсің бе? (С.Сарғасқаев, Біз төртеу.). Әлі сен ойламайсың алдағыны, Саған жат әлі болса жалған сыры. Әзірге арбалған сен еркесісің, Сақтаулы саған деген а л д а шыны (Б.Күлеев, Таңд.). Атар таңымның а л д а екеніне сенуші едім, үміт жібін үзбей сарыла іздеуші едім, таптым (О.Бөкеев, Өз отың.). Үйлендім. Балалықтан із қалмады. Жаңа өмір қол бұлғады бізге а л д а ғ ы (Т.Айбергенов, Мен саған.). 3. Алдыңда, жаныңда; қарсыңда; алыста емес, жақында. Интернатта оқу басталды. Партаға отырдық. Қолда қалам, а л д а дәптер жатыр (Ө.Тұрманжанов, Менің кіт.). А л д а газет жайыла, Самсағанда аңыздап, Ұқсайды оқу залына, Бөлмесі жоқ жалғыз-ақ (С.Сейітов, Бетпе-бет). Ойға жыр, көңілге күй, жанға тыныс, Айналаң алма-өрік, а л д а қымыз. Асан атам аңсаған Жерұйығы, Жігітім, жақсы ә, біздің Алматымыз? (М.Мақатаев, Шығ.).
Мұндай сөздердің кеңістік мәні уақыт мәнінен ертерек қалыптасқан. Адам алдымен кеңістіктегі орнын айқындаған, ал уақытты бағдарлау кейінірек қалыптасқан. Кеңістіктегі оқиғалар «ұзақтық» сипатына негіз болған. Яғни уақыт мәні кеңістік, қозғалыс, оқиға сияқты мәндердің негізінде түзілген. Бұдан уақыт мәнінің интегралды, синтетикалық сипатын көреміз.
Уақыт – өте күрделі де сан қырлы концепт болып табылады. Ол ғаламның тілдік бейнесінде маңызды орын алады. Осыған байланысты Л.Н. Любинская былай дейді: «...Исследование объективных процедур измерения времени в физике, анализ «биологических часов», предвосхищение и проектирование будущего, философский анализ категории времени – все это становится возможным потому, что время фиксируется и выражается в языке, в его лексике и грамматическом строе» [138, 24-б.].
Уақыттың тілде концептуалдануы қабылдау, жады, елес сияқты танымдық әрекеттермен тығыз байланысты. Уақыттың концептуалданып, уақыт концептінің қалыптасуы арқылы: осы шақ, келер шақ, өткен шақ, қайтымдылық/қайтымсыздық, түрлі бағыттылық/бірбағыттылық, реттілік, уақыттан тыс болу, көпөлшемділік, ұзақтық, үздіксіздік/үзіктік, лездік, қатарластық, іліктестік, селбестік сияқты мазмұнға ие болады [82].
Уақыттың өткен шақ, келер шақ, осы шақ түріне жіктелуі адамзат дамуының кейінгі сатыларында пайда болған. Шақ түрлерінің қалыптасуына байланысты ғалымдар арасында пікірталастар да жоқ емес. А. Спиркин алдымен өткен шақ мәні пайда болып, келер шақтың кейін қалыптасқанын айтады: «Можно думать, что вслед за осознанием момента действия в настоящее время происходил процесс осознания уже совершенных действий в прошлом, результаты которых неизбежно включались в действия в настоящее время. Ориентация сознания на будущее время оформилась позже, на более высоком уровне развития человека. Материалы по истории языков указывают на сравнительно позднее образование понятия о будущем времени» [140, 419-б.].
Когнитивті тұрғыдан алғанда, уақыттың тілде концептуалдануы жіктеушілік сипаты бар грамматикалық шақ категориясы арқылы көрініс табады. Оған материяның өмір сүруінің негізі, философиядағы іргелі ұғымдардың бірі – «уақыт» концепті негіз болады. Шақ категориясы ғалам туралы білімдерді, материяның өмір сүру формаларының бірі ретіндегі уақыттың мәнін зерделеу нәтижесінде қалыптасады. Оның мазмұны энциклопедиялық білімдерді: уақыттың философиялық және физикалық сипаттарымен қатар тілдік білімді, яғни шақ категориясының мәні мен қолданысы туралы білімді қамтиды. Бұл концепт басқа концептілермен тығыз байланыста болып, солардың көмегімен нақтыланып отырады.
Уақыт концепті осы шақ, келер шақ, өткен шақ мәндеріне жіктеледі. Бұл оның грамматикада көрініс тауып, шақ категориясының қалыптасуына негіз болады. Шақ концептінің мазмұны уақыт мәнінің тілдегі концептуалдану ерекшеліктерін көрсетеді.
Тілде оқиғалардың болған нақты уақыты концептуалданбайды. Сөйлеу сәтін меже ете отырып, оқиғалар өткен шақ, осы шақ, келер шаққа қатысына қарай жіктеледі. Шақ категориясында іс-әрекеттің сөйлеу сәтіне қатысына қарай анықталады: сөйлеу сәтімен сәйкес келсе – осы шақ, сөйлеу сәтінен бұрын болса – өткен шақ, сөйлеу сәтінен кейін болатын іс-қимыл келер шаққа қатысты болады. Сондықтан уақыт мәнін репрезентациялауда сөйлеуші сөйлеу сәтін меже ретінде ұстанады. Уақыттың кезеңін бейнелеп, түзу сызықтың бір нүктесі ретінде, ал екі кезеңнің аралығында өткен мезгілін түзудің кесіндісі ретінде қарастыруға болады. Бұл кесінді «уақыт кесіндісі» деп аталады [106, 642-б.]. Бұл ұғымды («уақыт кесіндісі») лингвистика үшін де пайдалануға болады. Уақыт кесіндісі – өткен шақ пен осы шақтың, осы шақ пен келер шақтың аралығындағы кезең. Өткен шақ пен осы шақ аралығындағы уақыт кесіндісі арқылы өткен шақтың межесі шектеледі. Уақыт кесіндісінен кейінгі іс-қимыл осы шаққа қатысты болады. Уақыт кесіндісінде сөйлеп тұрған сәт меже ретінде пайдаланылады. Сөйлеп тұрған уақытпен сәйкес келген іс-қимыл осы шақта болып жатқан іс-әрекетті білдіреді. Сөйлеу сәті өткен шақтың аяқталу шегі мен келер шақтың басталатын тұсын нақтылайды.
«Уақыт» концепті морфологиялық жолмен беріліп, шақ категориясын түзеді. Ол сөйлеу сәтінен бұрын, сөйлеу сәтінен кейін болған іс-әрекетті, сондай-ақ сөйлеп жатқан кезде болып жатқан іс-әрекетті білдіреді. Морфологияда уақыт концепті арнайы морфологиялық көрсеткіштері бар, осы, келер, өткен шақтарға жіктелетін категория болып табылады. Ол синтетикалық, аналитикалық тәсілмен жасала береді. Уақыт мәнін морфологиялық жолмен беретін мазмұн өткен шақ, осы шақ, келер шақтың арнайы қосымшалары арқылы беріледі. З.Қ.Ахметжанова қазақ және орыс тілдерін салыстыра келіп, орыс тілінде вид категориясы арқылы берілетін аспектуалды семантиканың бір бөлігі қазақ тілінде етістіктің шақ тұлғалары арқылы да берілетінін айтады [107, 51]. Нәтижесінде «сөйлеу сәтімен сәйкес келетін іс-қимыл», «сөйлеу сәтіне дейінгі іс-әрекет», «сөйлеу сәтіне дейінгі іс-қимыл» морфологиялық мәні түзіліп, барынша жалпы (дерексіз) сипатқа ие болады. Осы шақ, өткен шақ, келер шақ тұлғалары іс-әрекеттің сөйлеу сәтімен сәйкес келуі, сөйлеу сәтінен кейін немесе бұрын келуіне байланысты жағдаятты шектеп отырады (локализация). Өткен шақ тұлғасы болып кеткен оқиғаны сол кезбен шектей отырып, іс-әрекеттің кейінгі сипатын білдірмейді: яғни оқиғаның кейінгі қалпын көрсетпейді.
Дәл қазір, сөйлеушінің көз алдында өтетіндіктен, осы шақ тұлғалары арқылы сипаталатын іс-әрекетті бақылауға болады, ал өткен шақтағы оқиғалар сөйлеуші өз көзімен көріп, басынан өткерген әсерлерінің негізінде түзіледі. Ал әлі орындала қоймаған, жоспарланған келер шақтағы іс-әрекетті елестетуге болады. Келер шақ жалпы, дерексіз мәнде болатындықтан, осы шақ пен өткен шақпен салыстырғанда, кейінірек қалыптасқан. Шақ тұлғаларының жіктеліп, сипатталуынан, яғни метатілінен де бірқатар ерекшеліктер байқалады. Мысалы, келер шақ тұлғаларымен салыстырғанда, өткен шақ тұлғалары, мәндері әлдеқайда көп.
Өткен шақ, осы шақ, келер шақ ұғымдарының тілдік қолданысынан да бірқатар ерекшеліктерді байқауға болады. Осы шақтың нақты өлшемі болмайды, ол – өткен шақ пен келер шақтың аралығы, аралық кезең. Осы шақ тілде дерексіз мәнде жұмсалады. Соған байланысты грамматикалық осы шақтың семантикасы өте кең. Осы шақ тұлғалары сөйлеу сәтімен сәйкес келуі (нақ осы шақ), одан тыс болуы, яғни әрдайым қайталанып тұратын, дағдылы іс-әрекетті де білдіруі мүмкін (ауыспалы осы шақ) [77, 517-б.]. Осы шақ тұлғаларының тілде қалыптасқан метатілін тексеру арқылы осы шақтың адам санасындағы көрінісін де байқауға болады.
Өткен шақта сөйлеу сәтінен бұрын болған оқиғалар баяндалады. Алайда адам бұрын болған оқиғаларды санасында қайта жаңғырта отырып, еске түсіру арқылы жадында сақталып, өңделген ақпаратты, оқиғаларды баяндайды. Яғни өткен шақ мәні үшін адамның есте сақтау қабілеті маңызды болады. Сол себепті өткен шақты концептуалдауда үдерістердің негізгі сипаты мен ол туралы адам жадында сақталған білімнің арақатынасын ескеру қажет. Өткен шақ туралы түсінік – синтетикалық таным әрекетінің нәтижесі. Қандай да бір оқиғалар адам санасында өзіндік ізін, қолтаңбасын қалдырып отырады. Олар өткен шақтағы оқиғалардың белгісі болады. Ондағы ақпаратты түсіну үшін сол оқиғаға негіз болған себеп-салдарлық қатынастарды білу қажет. Бұл орайда адамның логикасы, өткен шақтағы себеп-салдарлық қатынастарды білуі өте маңызды болады. Өткен шақтың концептуалдануы болып өткен оқиғаларды еске түсіріп, адам жадында сақталған ақпаратты өңдеумен байланысты болады.
Осы шақ – белгілі бір ұзақтығы бар, өткен шақтан келер шаққа дейінгі созылған уақыт аралығы болып табылады. Осы шақтың концептуалдануы адамның дәл сол сәттегі, тікелей әсеріне байланысты болады. Сол себепті осы шақ сөйлеу сәтімен теңестіріледі, онда сөйлеу сәті мен осы шақта баяндалған оқиғалар арасында алшақтық болмайды. Соған байланысты осы шақ мәні актуалданады.
Оқиғалардың реттілігінде келер шақтың да орны ерекше. Келер шақ мәнін объективті және субъективті қырынан сипаттауға болады: объективті тұрғыда, келер шақ өткен шақ пен осы шақта көрініс тауып, тұрақты сипат алған тұтас жүйенің сақталуымен әрі қарай сабақтастығын табуымен сипатталады. Сондай-ақ келер шақ мәнінде адамның субъективті пайымдаулары, келер шақ туралы түсініктері көрініс табады. Б.А.Серебренников ежелгі адамдардың ойы біршама нақты болғанын негізге ала отырып, келер шақ мәні кейін түзілгенін айтады [94].
Уақыт концепті ғалам туралы білім, оның ішінде уақыттың тілдегі көрінісі туралы білім мен грамматикалық категориялар мен тұлғалар туралы тілдік білімдерден құралады. Яғни уақыт мәні морфологиялық жолмен беріліп, уақыт туралы энциклопедиялық білімнің тілде кодталу жолдарын білдіреді. Сол себепті уақыт концепті – морфологиялық жолмен берілетін, концептуалды деңгейдегі бірлік болумен қатар осы категорияға негіз болған концептінің бірлігі болып табылады. Жіктеуші концепт ретінде ол субъект мен тіл жүйесіне бағытталған. Шақ тұлғаларын таңдау арқылы сөйлеуші бір оқиғаны түрліше сипаттай алады. Сол себепті шақ категориясынан субъектінің ойы байқалады. Бұл шақ категориясының метатілінен де айқын байқалады: Қ.Жұбанов өткен шақты тануда амалдың ертеректе не жуық арада өткенін, сөйлеушінің іс-әрекетті өз көзімен көргендей етіп жеткізуін немесе басқа біреудің айтқанына сүйеніп қана айтып отырғанын, сол сияқты қимылдың бұрынғы кезде бірнеше рет қайталанғанын, яғни әдетке айналған іс-әрекет екенін т.с.с. ескеріп, соған байланысты өткен шақ түрлеріне өзінше ат берсе, А.Ысқақов өткен шақты сөйлеушінің амалды өзі басы-қасында болғандай, өз көзімен көргендей, тыңдаушысы сенерліктей етіп хабарлауына байланысты жіктейді. Бір оқиғаны баяндау үшін тілде түрлі тәсілдер қолданылады. Бұл концептуалдау үдерісіндегі тілдің қызметін көрсетеді.
Шақ тұлғаларының жиі қолданылуы нәтижесінде «уақыт» негізгі концептінің белсенділігі артып, қосымша лингвистикалық факторлардың көмегімен грамматикалық мәні көбейеді. Негізгі және қосымша концептілердің тіркесуінің көмегімен уақыт концептінің концептуалды мазмұны түзіліп, нақты мән қалыптасады. Морфологиялық жолмен берілген грамматикалық мән сөйлеу сәтіне дейінгі, сөйлеу сәтінен бұрын немесе сөйлеу сәтіндегі іс-әрекетті ғана білдіріп қоймай, сонымен қатар жағдаяттың сөйлеу сәтіне қатысын да білдіріп, қимылдың өту сипатын, оның уақыт межесіндегі ерекшелігін де білдіреді. Уақыт мәнін білдіруде қимылдың өту сипаты қосымша лингвистикалық фактор ретінде қолданылады.
Осы шақ тұлғалары арқылы «уақыт» концептінің мазмұнындағы «сөйлеп тұрған кезде орындалып жатқан іс-әрекет» сипаты актуалданады. Соның негізінде грамматикалық шақ категориясы қалыптасады. Мысалы: Ақбілектің жанын жынның ойнағындай ойраңдап кеткен озбыр омырау өксікті күндер орыс мінген аттардың аяғымен бірге алыстап бара жатты (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Әкесінің дем алғаны, жөтелгені, қатынның шылапшын салдыратқаны, судың сарылдағаны, бәрі сайрап тұр (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Сөйлем-сөйлесімде осы шақ мәні қосымша лингвистикалық факторлардың әсерімен нақтылана түседі: Оның есесіне қыстыгүні сорпаға, көжеге, сарқасқа қылып құрт езіп тойып алса, қора ішіне кемзелшең, көйлекшең шыққанда бойы қыз-қыз қайнап жүреді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). «Ой жамандат! Ой ісік келгір!.. Құлағыңды… иттің малы!» деп Қойтеке тістеніп, шапқа да, басқа да, мойынға да ұрады. Со кезде Торшолақ басын бір изеп, екі адымдай ғана бүлік-бүлік борсаңдайды да, жорғасынан жаңылып кеткен немеше, жалма-жан қыбыр аяңына қайта түседі (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Бірінші сөйлемде автор мезгіл мәнді шақтық мәнді нақтылау үшін қыстыгүні сөзін қолданып, үнемі (қыс сайын) қайталанып тұратын қимыл-әрекетті, үдерісті көрсетсе, екінші сөйлемде со кезде мезгіл мәнді тіркесті пайдалана отырып, дәл осы мезетте болып жатқан іс-әрекетті көрсетеді. Бұл қолданыстарда уақыт негізгі концептінің концептуалды мазмұны түзіліп, нақ осы шақ, ауыспалы осы шақ мәндері қалыптасқан.
Қазақ тіліндегі осы шақ:
1) үнемі қайталанып тұратын, дағдылы іс-әрекетті білдіреді. Мысалы: Парламент Палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы заңдар қабылдайды (ҚР Конституциясы). Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады (ҚР Конституциясы).
2) ертеректе басталғанмен, әлі аяқтала қоймаған, жалғасып жатқан іс-әрекетті білдіреді. Мысалы: Жаратушы жалғыз-ақ Дәргейіне ұнады. Ұнағанын сонан біл Бір қыз қосып сыйлады. Сексен сегіз серулер, Тоқсан тоғыз мың машайық, бәрінің көңілін қимады (Алпамыс батыр). Шұбарға қарғып мінеді Құдайдан медет тіледі Қарғып мініп жас бала Ашуы кернеп жөнеді Ләшкер тартып келеді (Алпамыс батыр).
3) сөйлеп жатқан кезде болып жатқан іс-әрекетті білдіреді: Мысалы: Тап бергенде, шап беріп, Жағадан бала ұстады Бірін-бірі сілкілеп, Ат үстінде мұштады (Алпамыс батыр). Жағасынан ұстады Буындырып қалмақты Ат үстінен мұштады (Алпамыс батыр).
4) заттың, нәрсенің қалпын, статикалық күйін білдіреді. Мысалы: Қабағынан қар жауып Кірпігіне мұз тоңып, Жауырыны жазық, мойыны ұзын (Ер Тарғын). Майсыз шам жарық болып жағулы тұр, сауытқа күміс қасық малулы тұр. Баяғы жолда қалған сақинасы, Қараса әлгі қолда салулы тұр (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шығ.).
Осыған байланысты осы шақ нақ осы шақ және ауыспалы осы шақ түрінде жіктеледі. Нақ осы шақ қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған кезде істеліп, болып жатқанын білдіреді [77, 518-б.]. Нақ осы шақ жалаң және күрделі болып бөлінеді. Нақ осы шақтың жалаң түрі отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктерінің жіктелуі арқылы, күрделі түрі етістіктің -а/-е/-й; -ып/-іп тұлғаларының отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктерімен тіркесуі арқылы жасалады. Яғни нақ осы шақтың жалаң түрінде қалып етістіктері (отыр, тұр, жатыр, жүр) негізгі етістік ретінде қолданылса, күрделі түрінде негізгі етістік қалып етістіктері -а/-е/-й; -ып/-іп тұлғалы негізгі етістіктермен аналитикалық формант құрау арқылы жасалады. Шақтық мән қалып етістіктерінің өз семантикасында да бар: «Көне кезде отыр – олтұрұр, тұр – тұрұр, жүр – жүрүр, жат – жатыр. Осы тұлғасын тек жатыр етістігі сақтап қалған. Сөз соңындағы -ұр, -үр қосымшасы процессуалдық мәнді, болып тұрған қимылды білдіреді [77, 517-б.].
М.Жолшаева қалып етістіктерінің қалып етістіктерінде: 1) заттың кеңістікте қозғалысқа қарама-қарсы қандай да бір не көлденең, не тік қалыпта орналасуы; 2) амал-әрекетті білдіру; 3) қозғалысты білдіру (жүр етістігіне қатысты); 4) созылыңқылықты білдіру; 5) осы шақты білдіру семалары барын айта келіп, осы семалардың ішінде қалыпты білдіру мен созылыңқылық сема қалып етістіктерінің мағыналық негізін (ядросын) құрайтынын айтады [108].
Нақ осы шақ көрсеткіші ретінде Н.И.Ильминский отыр етістігін ғана алса [109], М.Терентьев [110] пен Н.Созонтов [111] жатыр етістігін ғана көрсетеді. Ал П.М.Мелиоранский [112] мен И.Лаптев [113] еңбектерінде бұл қалып етістіктері осы шақ көрсеткіштері ретінде берілмеген. Алайда П.М.Мелиоранский көмекші етістіктердің мәнін түсіндірген тұсында қалып етістіктері туралы былай дейді: «Четыре из них (жат, жүр, отыр, тұр) образуют архаические формы настоящего времени... Тұр, отыр, жат и жүр означают длительность данного действия; при употреблении их обыкновенно несколько сообразуется с их первоначальным значением. Впрочем глаголы тұр и жат по видимому утрачивают совершенно свое первоначальное значение, как видно из оборотов біліп тұрып айтпады» [112, 32-б.]. Зерттеушінің бұл ойынан отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктерінің шақ жасауға қатысатынын түсінгенін аңғару қиын емес. Алайда ғалым қалып етістіктерін осы шақтың көрсеткіші ретінде танымайды. Бұл қағида кейіннен Ы.Маманов еңбектерінде үндесім тапқан: «Қазақ тілінде осы шақты білдіретін грамматикалық морфема жоқ. Нақ осы шақтық мағына созылыңқы сыпатқа жіктік жалғауы тікелей жалғануы арқылы пайда болады» [76, 119-б.].
А.Байтұрсынұлы нақ осы шақты нағыз осы шақ деп атап, оның отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктерінің қатысуымен жасалатынын айтады [52]. Қ.Кемеңгерұлы жүр етістігінің мағынасы туралы былай дейді: «Именно теперь совершающееся действие (для выражения, которым человек занимается в настоящий, более или менее продолжительный период времени, употребляется тұр и жат, а для выражения еще более продолжительного занятия жүр)» [1148, 215-б.].
Нақ осы шақты түсіндіруде Қ.Жұбановтың жіктеуі басқа ғалымдарға ұқсамайды [115]. Ғалым нақ осы шақ деген атаудың орнына дәл осы шақ деген атау ұсынып, оны өз ішінен а) жалпы осы шақ: жазып жатыр, ә) кәдімгі осы шақ: жазып жүр, б) қазіргі осы шақ: жазып отыр, в) әзіргі осы шақ: жазып тұр деп жіктейді. Яғни ғалым қалып етістіктерінің әрқайсысына өзінше атау беріп, әрқайсысын бөлек сипаттайды. Қ.Жұбанов нақ осы кезде істеліп жатқан немесе көптен бері созылып келе жатқан, үздік-создық жүріп жатқан істі білдіріп, жатыр етістігінің көмегімен жасалған нақ осы шақтың түрін жалпы осы шақ, ұзаққа созылған, үздік-создық істі білдіріп, жүр етістігінің көмегімен жасалған нақ осы шақтың түрін кәдімгі осы шақ, дәл осы кезде болып жатқан және сол қалпын жоймаған істі білдіріп, тұр етістігі арқылы жасалған нақ осы шақты әзіргі осы шақ, істеушінің дәл осы кезде іс үстінде екенін көрсететін, отыр етістігі арқылы жасалған нақ осы шақтың түрін қазіргі осы шақ деп атайды:
1) Жалпы осы шақ (жазып жатырмын). Істің нақ осы кезде істеліп жатқан болуы да немесе көптен бері созылып келе жатқан іс болып үздік-создық жүріп жатқан іс болуы да мүмкін, осыны жалпы түрде айтсақ, етістік жалпы осы шақта болады;
2) Кәдімгі осы шақ (жазып жүрмін). Ұзаққа созылған, үздік-создық істеліп келе жатқан істің жайын айту керек болса, кәдімгі осы шақпен айтамыз;
3) Қазіргі осы шақ (жазып отырмын). Істеуші дәл осы кезде іс үстінде екендігін көрсету үшін қазіргі осы шақ қолданылады;
4) Әзіргі осы шақ (жазып тұрмын). Дәл осы кезде болып жатқан және өзі сол қалпын жоймаған істі көрсеткіміз келсе, әзіргі осы шақпен айтамыз» [115, 353-б.].
І.Кеңесбаев 1939 жылы жарық көрген «Қазақ тілі» атты оқулығында қалып етістіктері жеке тұрып, жіктік жалғауларын қабылдап немесе негізгі етістіктермен тіркесіп‚ осы шақтың күрделі түрін жасайтынын айтады. Ғалым осы шақ жасауға қатысатын қалып етістіктерін (отыр, тұр, жүр, жатыр) топтастырып бергенімен, ескертпе ретінде былай дейді: «Основные глаголы в сочетании с отыр, тұр, часто указывают на непрерывность непродолжительных действий, совершающихся в данный момент: Мен өлең айтып отырмын. Основные глаголы в сочетании с жүр, жатыр часто указывают на прерывность сравнительно продолжительных действий, совершающихся в настоящем: Мен өлең айтып жүрмін» [116, 77-б.].
Сол сияқты шақ категориясын арнайы зерттеген ғалым Т.Қордабаев еңбектерінде де отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктерінің ерекшелігі сөз болады. «Осы шақтың кейбір көрсеткіштері туралы» деген мақаласында Т.Қордабаев жатыр, жүр, отыр, тұр етістіктерінің морфологиялық ортақ қасиеттерін көрсете келіп, шақтық мағыналары жағынан бұл етістіктердің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар екенін айтады. Атап айтқанда: а) жатыр, тұр етістіктерінің жанды заттарға да, жансыз заттарға да қолданылатынын, ал жүр, отыр етістіктерінің жанды заттарға қатысты ғана қолданылатынын; ә) жатыр, тұр етістіктері үзілістері болып тұратын, дәл сөйлеу үстінде ол амалдың болып жатпауы да мүмкін екендігін, жалпы «осы кезде болып жүр» деген мағынада қолданылатынын, ал отыр, тұр етістіктерінің дәл сөйлеу үстінде, қазір болып жатқан іс-әрекеттерді білдіру үшін жұмсалатынын айта келіп, соған сәйкес жатыр, жүр етістіктері арқылы жасалған осы шақты «жалпы осы шақ», ал отыр, тұр етістіктерінің қатысуымен жасалған шақ түрін «нақ осы шақ» деп атауды ұсынады [117, 39-44-б.].
Ы.Маманов отыр, тұр етістіктерінің созылыңқы сыпат құрамында (жауып тұр, оқып отыр) қимылдың дәл сөйлеу кезінде болып жатқанын білдіретінін, ал жүр көмекші етістігі арқылы жасалған созылыңқы сыпаттың осы шақтық мағынасы кеңірек уақытты қамтитынын айтады [76, 482].
Қазақ тіліндегі аспектуалды семантиканың мазмұны мен формасын арнайы зерттеген М.Жолшаева қалып етістіктері көсемше тұлғалы негізгі етістіктерге тіркесіп, көмекшілік қызметте қолданылғанда, негізінен аспектілік семантиканы білдіретінін айтады: жатыр етістігі:
- жасалу үстіндегі қимылды білдіреді, мысалы: Екі жұмыскер шелектің бетін тақтаймен жауып, бекітіп жатыр (Ғ.Мүсірепов);
- амал-әректтің созылыңқылығын білдіреді, мысалы: Опыр-топыр көш тізбегі шекара бойын толассыз ағылып келіп жатыр (Қ.Жұмаділов);


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   85




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет