Ауыспалы осы шақ Ауыспалы осы шақ қимыл, іс-әрекеттің дағдылы қалыпта болып тұруын білдіреді [77, 518-б.]. Ауыспалы осы шақ - а / - е/ - й көсемше тұлғасының жіктелуі арқылы жасалады. Ауыспалы осы шақ тұлғасының мәні құбылып, өзгеріп тұрады. Мәнмәтінге байланысты ол осы шақты да, өткен шақты да, келер шақты білдіре алады. Яғни осы шақтың бұл түрін анықтауда мәнмәтін факторы ерекше мәнге ие болады.
Осы шақтың бұл түрінің айнымалы сипатына байланысты Н.Ильминский, М.Терентьев, П.М.Мелиоранский, И.Лаптев сияқты зерттеушілер ауыспалы осы шақты осы-келер шақ (настоящее-будущее время) деп атайды. Яғни зерттеушілер осы шақтың бұл түрі мәнмәтінге қарай осы шақпен қатар келер шақтық мағына беретінін, яғни шақтық мағына ауысып отыратынын негізге алған. Сонымен қатар осы шақтың бұл түрін Қ.Жұбанов дағдылы осы шақ деп атаса, І.Кеңесбаев, С.Аманжолов [75], Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаев [28], Т.Қордабаев [117] ауыспалы осы шақ деп, А.Ысқақов жалпы осы шақ деп атаған [78]. Яғни Қ.Жұбанов, А.Ысқақов ауыспалы осы шақта іс-әрекеттің дағдылы қалыпта болып тұратынына ерекше мән берсе, І.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаев, Т.Қордабаев сияқты ғалымдар мәнмәтінге байланысты шақ мәнінің құбылып отыратынын негізге алған.
Шақ категориясының берілуін арнайы қарастырған А.Жаңабекова ауыспалы осы шақ тұлғасы етістік түбіріне жалғанып, дара күйінде де, күрделі етістік құрамындағы көмекші етістіктерге жалғанып, күрделі түрде де қолданылатынын айта келіп, -а/-е/-й тұлғасының мынадай функционалды мағыналарын көрсетеді:
- дәл сөйлеу үстінде болып жатқан амал-әрекетті (көбінесе диалогқа тән). Мысалы: – Қайда барасың, жігітім? – Жолдастарыма барамын (Ғ.Сланов);
- бұрыннан болып келе жатқан, жалпы осы кезде де болу мүмкіндігі бар амал-әрекетті, мысалы: Талжан отағасы жеті жылдан бері колхоздың жылқысын бағады, әйелі Зейнеп колхоздың төлін күзетеді, келіні – Меруерт колхозшылардың балаларын оқытады (Ғ.Мұстафин);
- әдетке, дағдыға айналған амал-әрекетті, мысалы: Күнұзақ іші пыспайтын: кітап оқиды, сурет салады, көгілдір экранды тамашалайды («Қазақ әдебиеті»).
- зат бойындағы жаратылысынан берілген, тұрақты, өзгермейтін қасиетін білдіретін амал-әрекетті, мысалы: Құс ұшады, балық жүзеді, түйе боздайды, ит үреді т.б.
- жалпы келер шақта болатын амал-әрекетті, мысалы: Ел жайлауға көшіп, өздерің Шыңғыс аса берген кезде біз де жетеміз (М.Әуезов).
- өткен шақта болып өткен амал-әрекетті, мысалы: Партизандар эшелонды қиратады, көпірлерді бұзады, қоймаларды өртейді («Қазақ әдебиеті») [118].
Достарыңызбен бөлісу: |