Жұбаева О. ҚАзақ тілінің когнитивті грамматикасы



бет13/85
Дата23.06.2022
өлшемі1.82 Mb.
#459438
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   85
Жұбаева монография

-атын, -етін тұлғасында келіп қимылдың дағдылы қайталануын білдіреді, мысалы: Мен келген сайын үй жинап жататын («Қазақстан әйелдері»);
-а, -е, -й тұлғасында амал-әрекеттің жалпы қайталануын білдіреді: Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады (Ш.Айтматов);
-ар, -ер тұлғасында келгенде немқұрайды жасалатын қимылды білдіреді: – Алдияр, Құдай өмір берсе, дәм жазып сіздермен кездесер күн туса, бүкіл қазақ даласының батысынан шығысына дейін сарсанды сапар жайын айта жатармын (К.Сегізбаев) [108, 124-б.].
Зерттеуші қалып етістіктерінің мағыналық құрамында осы шақтағы қимылды білдіретін сема бар екенін айта келіп, отыр, жүр, тұр етістіктерінің мағыналық құрамын былайша сипаттайды:
Жүр көмекші етістігі көсемше тұлғалы жетекші етістіктермен тіркесіп келіп, мынадай мағыналарды білдіреді:
- процесс үстіндегі қимылды: Еркектің көбі су жағасында әңгіме құрып, жылқы аралап жүр (М.Әуезов);
- созылыңқы қимылды: Оның менен алыста еместігін іштей сезіп жүрдім (Қазақ әңгімелері);
-а, -е, -й тұлғалы жетекші етістіктермен тіркесіп, жолай жасалған қимылды білдіреді: Көрген-білгендер болса сұрастыра жүр (Қазақ әңгімелері) [108, 155-б.].
Жатыр етістігінің семантикалық құрамы:
1) Кеңістікте адамның, басқа да жанды/жансыз нәрсенің қимылға қарсы қозғалмай бір күйде, көлденеңінен созыла орналасу қалпын білдіреді (архисема): Сапсары бауыр жүндері әлде сумен, әлде Төленің көз жасымен шылана ұйпалақтанған, қимылсыз созылып жатыр (М.Мағауин);
2) Бар болу (потенциалды сема): Бұл сөздің астында үлкен мән жатыр («Ақжол»). Қызық. Әрқайсысында бір адамның тағдыры жатыр (Қ.Жұмаділов);
3) Бір жерде ұзақ болу, қоныстану (тұру): Аяқ астында қаншама су жатыр. Ай жатып іш, жыл жатып іш (М.Мағауин);
4) Жерлену: Анау төбедегі құлаған зираттың ішінде мұның ата-анасының сүйегі жатыр (Қ.Жұмаділов).
5) Амал-әрекет: Қыңсылап жатып, санын жалайды. Қан шығады. Бір тұрады, бір жатады (М.Әуезов).
6) Қону, түнеп шығу: Сұлу, жас әйелмен бір үйде жатып сау дейсің бе? (С.Мұқанов);
7) Қамауда болу: Қандауырдай қадалған осы екі сұраққа жауап таба алмай, қарт түрмеде бір жыл жатты (Қ.Жұмаділов);
8) Бағалауыштық (коннотатив) мағына: Оның бұл істегендері адамгершілікке жатпайды («Жыл он екі ай»);
9) Созылыңқылық: Ештеңені ойына алғысы келмей түндік астынан еміс-еміс көрінетін шаңырақтың қарына қарап біраз жатты (Ә.Кекілбаев).
10) Осы шақтағы қимылды білдіретін сема: Тақтай сарт-сұрт сынып жатыр [108, 106-108-б.]
Отыр көмекші етістігі көсемше тұлғалы жетекші етістікпен тіркесіп төмендегідей мағыналарда жұмсалады:
- қимылдың жасалу үстінде екендігін: Желіде жүйе толып тұрғандай мұрындық жонады. Осы қазір таспа сыдырып отыр (Ә.Нұрпейісов);
- қимылдың созылыңқылығын білдіреді: Ол құрғырды дәл осылай ауыр ойға шомғанда ширатып, үлкен ермек етуші еді, қазір де бір-бірлеп жұлғылап отыр (О.Бөкей).
- -а, -е, -й тұлғалы етістіктермен тіркесіп келгенде, немқұрайды, жол-жөнекей жасалған қимылды білдіреді: Ертеңгі күннің райын қарай отыр (Ауызекі тіл);
- атын, -етін тұлғасында келіп қимылдың дағдылы қайталануын көрсетеді: Кешкісін жатар алдында қарт әжемнің аузы күбірлеп отыратын («Қазақстан әйелдері») [108, 132-б.].
Тұр көмекші етістігі көсемше тұлғалы жетекші етістікпен тіркесіп келгенде төмендегідей мағыналарды білдереді:
- қимылдың жасалу кезеңінде екендігін: Оң қолын сермеп, бүкіл елді аузына қарата сөйлеп тұр («Қазақстан әйелдері»);
- қимылдың созылыңқылығын;
- тез жасалған қимылды: Айқай жақын жерден шығып қалғанда, Аққасқа атып тұрды (М.Әуезов);
- немқұрайды жасалған қимылды: Тамақ піскенше біраз уақыт бар, оған дейін қарның ашып қалады, шай іше тұр (Ж.Кәдірбекұлы);
- сөйлеу сәтінде жүзеге асып жатқан әрекетті;
- атын, -етін тұлғасында келіп қимылдың дағдылы қайталануын;
- ғалы -гелі тұлғасында келген жетекші етістікпен тіркесіп, басталу үстіндегі қимылды білдіреді: Нұрбек оны сәл үрлеп жіберсе болғаны, лап етіп жанып кеткелі тұр (Қ.Жұмаділов) [108, 142-б.].
Зерттеуші нақ осы шақта өтіп жатқан қимылдың жасалу үстіндегі қимыл; қандай да бір уақытты қажет ететін созылыңқы қимыл сияқты аспектуалды белгілері болатынын айтады [108, 142-б.].
Қалып етістіктерінің мағыналық құрамын сөз еткен ғалымдар (Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, Ы.Маманов) жүр етістігін ерекшелеп көрсетеді. Яғни зерттеушілердің бәрі де жүр етістігінің созылыңқы іс-қимылды білдіретінін айтады. Бұл етістік сөйлеу сәтінен бұрын басталған және сөйлеп жатқан кезде біте қоймаған іс-қимылды білдіреді. Жүр етістігі арқылы (аналитикалық формалар арқылы) сипатталған оқиғалар әлдеқайда ұзаққа созылған қимылды білдіреді. Сөйлеу сәті де ұзаққа созылған қимылға кіреді. Сөйлеуші не тыңдаушы жүр етістігі арқылы берілген оқиғаның сөйлеу сәтін де қамтитын, ұзаққа созылған қимыл екенін білуі керек. Яғни бұл орайда ғалам туралы білімнің, аялық білімнің маңызы зор. Бұл мән жалпылық сипат алып, аспектуалды мазмұн мен мәнмәтін, семантикалық-грамматикалық факторлар арқылы нақтыланып отырады. Мәнмәтін факторына сәйкес, сөйлем-сөйленімде қимылдың созылыңқылығын білдіретін мезгіл пысықтауыштар қолданылады. Мысалы: Кейде сондай бір қиялмен алданып жүріп, тұрмысқа жанаспайтын істерді де істемек болушы еді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Мұнда бір мәшине бар екен.. Сен енді өз шаруаңда жүре тұр. Біз мұның ізіне шөп салып көрейік, - деді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Бұл қимылдың созылыңқылығы нақты морфологиялық тұлғалармен беріле алмайтынын көрсетеді.
Сондай-ақ бұл етістіктің семантикалық-грамматикалық ерекшеліктеріне де байланысты болады. Осыған байланысты М.Жолшаева былай дейді: біріншіден, жүр етістіктің барлық лексика-семантикалық тобымен тіркеспейді. Нақты айтқанда, сезіну етістіктерінің ішінде дәм сезу етістіктері, табиғат құбылыстарына қатысты етістіктермен, дыбыс-сес етістіктерімен, өсіп-өну етістіктерімен, қалып етістіктерімен тіркеспейді (ерекшелеген біз – О.Ж.). Өйткені бұл етістіктер мен жүр етістігінің тіркесуіне негіз болатын ортақ сема жоқ. Жүр етістігі адам және тіршілік иелеріне тән әрекет болып келеді де, динамикалық сипаттағы амалдарды білдіреді. Сол себепті де адамға қатысты қимыл-әрекетті білдіретін етістіктермен еркін тіркесе береді (ерекшелеген біз – О.Ж.). Екіншіден, жүр етістігі жетекші етістіктің -ып/-іп, -п тұлғасында келуін талап етеді. Ал ойлау, сөйлеу етістіктері -а/ -е/ -й тұлғасында келіп те жүр көмекші етістігімен тіркесе береді. Үшіншіден, жүр көмекші етістігі етістіктің лексика-семантикалық топтарымен «қозғалыс», «қимылдың жүзеге асу қалпы (жағдайы)» «созылыңқылық» синтагмемалары арқылы тіркеседі... (ерекшелеген біз – О.Ж.) [108, 124-б.].
Жүр етістігі ұзаққа созылған, қайталанып тұратын қимылды да білдіреді. Бұл семантикалық фактор (қимылдың қайталануын білдіретін етістіктердің қатысуы), мәнмәтін факторы (мезгіл үстеулерінің қолданылуы, зат есімдердің қолданылуы т.с.с.) арқылы жүзеге асады. Мысалы: Алғашқы кезде ақсақал Ақбілекті өлгенге санап жүрді. Бірақ «Өлді» десе де өлімге іші қимады. Кеше ғана күлкісі бұлбұлдай сайрап сүйріктей боп өсіп келе жатқан көзінің құрты, алданышы, қуанышы емес пе? (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Осындай еңсені қасірет басқан қаралы күндердің бірінде Әлжан тас қараңғы түнде оты жылтылдаған ошақ жанында шынтақтап жатып, өткен қыстан бері тірі жанға тісінен шығармаған сырдың бетін ашты. Әне-міне сөнгелі жүрген шал май құйған шамдай қайта жылтырады (Ә.Сараев, Ақ тымық түн).
Сонымен, қалып етістіктері сөйлеп жатқан мезеттегі іс-қимылды білдірумен қатар аспектуалды семантика құрайтын тілдік бірліктер болып табылады. Осы шақ тұлғалары арқылы «уақыт» концептінің мазмұнындағы «сөйлеп тұрған кезде орындалып жатқан іс-әрекет» сипаты актуалданады. Ғалымдар осы шақтың мағыналық топтарын түрліше атағанмен (таза осы шақ, нақ осы шақ (нақтылы түрі), дәл осы шақ (жалпы осы шақ, кәдімгі осы шақ, қазіргі осы шақ, әзіргі осы шақ), нағыз осы шақ, дара (күрделі) осы шақ т.б. олардың бәрінде де осы шақтың бұл түрі «сөйлеп жатқан кезде өтіп жатқан іс-әрекет» мазмұны сақталған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   85




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет