І кезең – ұлттық тіл білімі қалыптасқанға дейінгі кезең: Н.Ильминский, М.Терентьев, П.Мелиоранский, И.Лаптев, Н.Созонтов еңбектері (1860-1912 ж);
ІІ кезең – ұлттық тіл білімінің қалыптаса бастаған кезеңі: А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омаров, Ж.Аймауытов (1912-1930 ж);
ІІІ кезең – ұлт зиялыларының қудалануына байланысты еңбектерін оқытуға тыйым салынып, тіл білімінде еуропоцентристік бағыттың белең алуы (1930-1988 ж.);
ІV кезең – репрессия құрбандарының ақталып, олардың еңбектерін пайдалануға жол ашылуы (1988 жылдан бергі кезең).
Грамматика теориясының дамуы белгілі бір кезеңмен тығыз байланысты. Грамматикалық терминдердің семантикасы белгілі бір кезеңнің, сол кезеңде еңбек еткен ғалымдардың ұстанымдарымен, ғылыми мәнмәтінмен айқындалады. Морфологиялық концептілер белгілі бір зерттеушінің тіл жүйесінде қолданылып, метатілдік концептіге айналады, сол арқылы морфологиялық концептілер айқындалады. Метатілдік концептілер грамматикалық терминологияда көрініс тауып, объективтілік және концептуалды жағынан сипатталады. Метатілдік морфологиялық концептілер семиотикалық мәдени концептілерге жатады. Элитарлық тілдік тұлғалардың ғылыми тұжырымдарын талдау арқылы қазақ тіліндегі грамматикалық категориялардың қолданыс сипаты анықталады.
Қазақ тіл білімінде морфологиялық концептілер арнайы зерттеу нысаны бола қойған жоқ. Алайда қазақ тіл білімінің қалыптасып, дамуына үлес қосқан ғалымдардың еңбектерін саралай келіп, когнитивті грамматиканың алғашқы нышандары Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Қ.Кемеңгерұлы т.с.с. зерттеуші-ғалымдардың еңбектерінде сөз болғанын байқаймыз.
Ы.Алтынсарин қазақ балаларына орыс тілін үйретуде жекелеген сөздердің мағыналарын сипаттауда оларды сөз таптарына жіктеп, баланың бейсаналы сезіміндегі концептілерді негізге алғанын байқаймыз. Зерттеуші лексикалық бірліктерді: Нәрселердің аттары (зат есім) (Имя существительное): Құдай – бог, пайғамбар – пророк, періште – ангел, кісі – человек, ата – отец, әже – мать, баба – дед, дедушка, үлкен шеше – бабушка, аға – старший брат, қан – кровь, тамыр – жилы, бас – голова...; Зат-мақұлықтың қасиетінің аттары (сын есім) (Имя прилагательное): жақсы – хороший, жаман – дурной, ақылды – умный, ақымақ – глупый, батыр – храбрый, қорқақ – трусливый, сұлу – красивый, жұмсақ көңілді – добрый, қатын алған кісі – женатый, кәрі – старый, жас – молодой; Есеп аттары (сан есім) (Имя числительное): бір – один, екі – два, үш – три, төрт – четыре, бес – пять, алты – шесть, он бір – одинадцать, Местоимение деген сөздің бөлімі (есімдік): мен – я, өзімді – я, өзіңді – ты, өзін – он, она, оно, они, оне / себя; Ақыры өзгерілмейтін сөздер (үстеу демеу) (Наречие и союз): қашан, кезде, шақта, мезгілде, жеткен кезде – когда дошел, бүгінде – ныне, кеше – вчера, ертең – завтра; Глагол деген сөздің бөлімі (етістік): болуға еді – быть, оқуға – читать, жазуға – писать, жаттауға – твердить, көруге – видеть, баруға – идти, келуге – придти, шығуға – выйти т.с.с. түрінде топтастырған.
Еңбектің алғысөзінде зерттеуші: «Как вообще всякий неразвитый мальчик... не в состоянии сразу понять и усвоить все указанные выше и подобные им изменения и построения неродного языка, вследствие большего отличия русского языка от киргизского. Поэтому, по нашему мнению, для киргизских детей, прежде, нежели они приступят к чтению русских книг с объяснением прочитанного, необходима некоторая систематическая подготовка к пониманию как отдельных слов, так и основных грамматических правил. Без такой предварительной подготовки, понятия учеников могут спутаться; дети не будет в состоянии составить себе определенного представления ни о какой грамматической особенности и долго будут в говорить «он» вместо «она», «шел» вместо «иду» и т.п.», – деп жазады [74, 184-б.].
Ғалымның сөздігіне тілде морфологиялық концепт құраған, тілді үйретуде маңызды болатын сөздер ғана алынған. Зерттеушінің бұл еңбегі сөздерді таптастыру, яғни сөз таптарына жіктеуі, сондай-ақ морфологиялық концептілерді анықтауы тұрғысынан да маңызды. Ғалым баланың санасындағы морфологиялық концептіні дайын күйінде пайдаланған. Бұл орайда концептуалды жүйенің негізгі бөліктерін категориялауда ғалым морфологиялық концептілерді қолданған.
А.Байтұрсынұлы еңбектерінде тіл мен сана, тілдік сана, тіл мен таным, ұғым, концептуалдау және категориялау, сөздің лексикалық және грамматикалық мағыналары, грамматикалық мағынаның сипаты т.с.с. мәселелер жан-жақты сөз болған. Ғалым тіл мен ұлттық ділдің өзара қатысы туралы былай дейді: «Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәр халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады. Біздің жасынан орысша я ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды, я жазса да қиындықпен жазады. Себебі жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай сөзінің жүйесімен тізсе, ол нағыз қазақша болып шықпайды» [1, 142-б.].
А.Байтұрсынұлы лексикалық бірліктердің белгілері мен өзара байланысын ескере отырып, сөз таптарын белгілі бір грамматикалық топқа жатқызған. Сөз таптары – адамның таным әрекеті арқылы айналасын категориялау негізінде қалыптасады. Сондай-ақ сөз таптарын табиғи категория ретінде қарастыруда адамның сан ғасырлық тәжірибесін түйсіну, оны тілдік құралдармен объективтендіруге негізделген когнитивті қабілеті көрініс табады. Тілдік семантика тілдік таңбаларда бейнелейтін, сөз таптары арқылы көрініс табады. Түрлі сөз таптары (зат есім, сын есім, етістік т.б.) қолданыс барысында сананың түрлі құрылымдарын белсенді етіп, түрлі бейне, әсер береді, яғни түрліше сипатталып, әртүрлі ұғым тудырады. Когнитивтік құбылыс ретінде сөз таптары адамның әлемді тану, қабылдау, түсіну ерекшеліктерін көрсетеді. Сол арқылы таным иесі – субъектінің ментальді ерекшелігі айқындалады. Бұл ерекшеліктер тілде кеңістік, уақыт, сапа сияқты әмбебап сипатты негізгі концептілерде көрініс табады.
Ғалым еңбектерінде «зат есім» метаконцепті «нәрсе» концепті тұрғысынан айқындалған. Зат есімге берген анықтамасында ғалым былай дейді: «Сөздердің кейбіреуі нәрсенің өзін атайды» [52, 160-б.]. А.Байтұрсынұлы зат есім мен сын есімнің айырмашылығы ретінде зат есім нәрсені атаса, сын есім нәрсенің сынын білдіретінін айтады. Ғалым зат есім мен сын есімді жіктеуде жалпы грамматика, түсінік, ұғым сияқты логикалық категориялар қағидаттарын негізге алған. Бұл ғалымның сан есім, есімдік, етістіктерге берілген анықтамаларында да айқын көрініс тапқан. Еңбектерін шәкірт балаларға арнағандықтан, ғалым тіл білімінің негізгі ұғымдарын түсінікті тілмен жеткізуге тырысқан. «Тіл – құралы» (қазақ тілінің сарфы) деген жалпы атауы болғанмен, оларды тарауларға жіктеуде фонетика дыбыс жүйесі мен түрлері – морфология сөз жүйесімен түрлері – синтаксис сөйлем жүйесі мен түрлері деп берілген. Яғни, тұтастай алғанда, тіл – жүйе ретінде сипатталып, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі айқындалған. Ғалым оқулық түзуде әдістер ретінде жекеден жалпыға қарай ойыса отырып, оқушылардың материалды оңай меңгеруін ескерген. Ғалымның ұстанымдарын кейінгі оқулық авторлары да (Қ.Жұбанов, Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы т.с.с.) басшылыққа алып, сөз таптарын ажыратуда меже етеді.
Қ.Жұбановтың еңбектерінен морфологиялық концептіге қатысты бірқатар тұжырымдарды табуға болады: «Грамматика процесті қарайды. Екінші түрлі айтқанда, морфология – қызметші; ол лексиканың қызметшісі болғандықтан, түбірлер тудырады; синтаксистің қызметшісі болғандықтан, жалғау, жалғаушылықты қарайды» [2, 90-б.]. Ғалымның тіл білімінің лексикология, синтаксис және морфология салаларының байланысы мен өзіндік ерекшелігі туралы ойларынан да когнитивті тіл білімінің көптеген келелі мәселелерін терең түсінгенін көреміз: «Сөздің грамматикалық мағынасы дегеніміз – сөз бен сөздің арасындағы осы жуықтықты көрсететін жағы. Сондықтан сөз бен аталған заттардың, құбылыстардың ұқсастығы осы грамматикадан білеміз. Мысалы, темір, ағаш дегендер конкрет заттар, сөзде бұл екеуі ылғи бірөңкей формаланады, сөйлем ішінде бірөңкей қалыпта болады, зат есімнің тонын киеді. Басқа сөз таптары да солай...» [2, 86-б.]. «Тіл – идеологияның бірі, сондықтан оның сөздігі бұрын туған болады да талай мағынаны ішіне алып отырады. Тілдің грамматикасы өте жай өзгереді». «Сөздің атау ретінде мағынасын негіздік мағына дейміз. Мысалы, бас (голова) деген сөзді алсақ, оның зат есімдік, жекелік, атаулық (септеусіз мағынасында), тәуелсіздік, болымдылық мағыналары бар. Осындағы соңғы мағыналарды грамматикалық мағына дейміз. Зат есімдік әрі етістікке тән белгілер қатар келсе, оны да грамматикалық мағына дейміз. Себебі мұндай сөздер дербес сөз табына ажыратылмаған. Сөз таптары бұлайша әрі зат есім, әрі етістік болып, бір-бірінен айырылмаған кезде олардың есім не етістік екендігі қосымша арқылы ғана белгілі болады» [2, 90-б.]. «Адам бұрын абстрактілі түрде сөйлей алмаған, конкрет түрінде ойлаған. Сондықтан ол кездегі сөздер де конкрет. Кейіннен абстракт түрде ойлай алатын болған соң, әлгі конкрет сөздерін әкеліп бұған да тыққыштаған. Сан санау қабілеті ойлауға да байланысты санға қатысты дыбыс, әріптердің өзгеріп сан – сай – сайла – саған – сайын болуы бұлардың о баста бір сөз екендігін білдіреді. Адам сайын деген адамның санымен тең (қанша адам болса сонша) деген» [2]. Бұл тұжырымдарында ғалымның грамматикалық концептілердің тілдің басқа деңгейлерімен қатысын, олардың оқшау бола алмайтынын, лексика мен морфологияның арақатынасын терең түсінгенін көреміз.
Қ.Жұбанов грамматикалық мағыналардың жалпылануын номинация мен коммуникацияға байланысты сипаттайды: «Тілдің өзіндік өзгешілігі – затқа ат қою, ол заттарды бір-бірінен айыру. Мысалы: жылқы – түйе емес, қой – сиыр емес, сиыр – жылқы емес. Атаулардың мағынасын осылайша айыруды – сигнификация дейміз. Әр нәрсенің өзін жеке көрсету, даралап айту қасиетіне ие болған сөз – зат, сипат, құбылыс аттары болып қалыптасқан. Бұл аталғандар – тілдің негізгі өзгешіліктері. Тілдегі осы айтылған ат қою мүмкіншілігін номинация дейміз. Тілдің бұдан басқа тағы бір негізгі – хабар беру. Оның бұл өзгешілігін коммуникация дейміз. Оның мағынасы орысша – общение, қазақша – қауымдасу, хабарласу, дегенді білдіреді. Номинация – атау, номинант – ат, номинатив – атаушылық. Номинатив функциясы – стабил (тұрақтылық). Мысалы, өсіп тұрған ағашқа күн сайын жаңа ат қойып отырсақ, номинативті функциясына қайшы келер еді» [2, 98-б.].
Когнитивтік лингвистиканың қалыптасу және даму ерекшеліктерін арнайы зерттеген Э. Оразалиева Қ. Жұбановтың жалпы теориялық зерттеулерін екі арнада қарастырады: «1) тіл қабаттары мен тілдік бірліктер, олардың өзара байланысу заңдылықтары деген лингвистикалық ұстанымдардан туындайтын құрылымдық типология негіздері бойынша айқындалатын бағытқа сәйкес, ғалым тұжырымдарының негізгі бөлігін тілдік фактілерден бастау алатын арна құрады. Қазақ тілінің салалық, салааралық ұстанымдарын талдай отырып, автор құрылымдық сипаттама әдістеріне қоса салыстырмалы-тарихи, салыстырмалы типологиялық амалдарды ұтымды байланыстырды, соның арқасында бүгінгі күні тілдік ұқсастықтарды дедуктивті, индуктивті жолдармен сұрыптауға, қазақ тіліндегі алғашқы алғашқы деңгейлік, логикалық қағидаларды дәйектеуге мүмкіндік жасалды; 2) логикалық тұжырымдау, философиялық ойлау, қоғамдық бағалау тұрғысынан айқындалатын лингвотанымдық типология негіздері мен олардың жүйелену бағытына сүйенсек, тілдік зерттеулер «тіл философиясының», антропоцентристік ізденістің, экстралингвистикалық танымның өзегіне айнала отырып, тілдегі материалдық болмыс пен идеялық рух мәселелерін сабақтастырудан пайда болды» [42, 45-б.].
А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов еңбектерін талдау арқылы ғалымдардың морфологиялық концепт деген атауды қолданбаса да, оның табиғатын, өзіндік ерекшелігін терең зерделегенін байқаймыз. Грамматика мен лексиканың өзара қатысын сипаттай келіп, ғалымдар тіл жүйесінің негізгі концептуалды құрауыштарын көрсетіп, олардың грамматикада көрініс тапқан ұғымдар (және концептілер) құралатынын түсінген. Грамматикалық элементтер концепт түзуге қатысады. Лексикалық жүйе концептуалды мазмұнды сипаттаса, грамматикалық жүйе концептуалды құрылымды сипаттайды (репрезентациялайды). Грамматикалық көрсеткіштермен берілген концептілер негізгі ұғымдармен байланыста болып, ақиқат болмыстың санадағы көрінісін бейнелейді. С.Аманжолов: «Жалпы ойлау мен тіл тең, бұл екеуінің арасына теңдік белгісі қоюға да болады; «тіл – тәжірибедегі шын сана». Бірақ әр сөйлем – белгілі бір ойдың белгісі я символы емес, тек бейнесі, суреті ғана. Әр халықтың тілі өзінің сана-сезіміне, ой-өрісіне сәйкес түрде ғана ойдың суретін, бейнесін бере алады. Сонымен, сөйлемді толық тану үшін, оның қандай ойлау сатысында екенін де білу керек», – деп жазады [75, 13-б.].
Ы.Маманов еңбектерінен де ғалымның грамматикалық концепт табиғатын терең пайымдағанын көреміз: «Тілдің грамматикалық құбылыстары қалыптасқан жүйеге негізделеді. Қай тіл болмасын олардың грамматикалық құбылыстарды қалай болса солай, кез келген дыбыстардың жиынтығынан немесе кез келген сөздердің тобынан құрала бермейді. Әрбір грамматикалық құбылыстың тұрақты қалыптасқан жүйелі тәртібі бар. Әрине, грамматикалық құбылыстардың қалыптасқан жүйелі тәртібі әр тілде әр басқа. Түркі тілдерінің грамматикасының қалыптасқан жүйелі тәртібін морфология тұрғысынан сөз таптары, түбір сөздердің тұлғалары мен сөз таптарының грамматикалық формалары белгілейді. Синтаксистік тұрғыдан, сөздердің бір-бірімен байланысу амалдары мен байланысу формалары, сөйлем түрлері, сөйлем мүшелерінің сөйлемдегі орын тәртібі белгілейді [76, 125-б.]. «Әрбір грамматикалық форма белгілі грамматикалық көрсеткіш (морфема) арқылы ғана жасалады. Әрбір грамматикалық форманың өзіне тән грамматикалық мағынасы болады. Кейбір грамматикалық формалардың бірнеше мағыналық қырлары болуы мүмкін [76, 432-б.].
Сонымен қатар С.Исаевтың сөздің лексикалық және грамматикалық мағынасына қатысты тұжырымдары да бүгінгі когнитивті тіл білімінің қағидаттарымен үндес: «Тілдегі әрбір сөздің (белгілі бір ұғымды білдіре алатын мәнді сөздің) нақты лексикалық мағынасы да болады. Сөздің лексикалық мағынасы – нақты, ұғымдық мағына, яғни бір сөзден екінші сөзді айыратын реестрлік сөздік мағынасы болса, грамматикалық мағына – сөздің тым жалпы мағынасы, сол сөздің әртүрлі тұлғалар арқылы түрленуінің нәтижесінде немесе басқа сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздердің бір-бірінен бөлмей, керісінше белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағынасы болып табылады. Грамматикалық мағына, айналып келгенде, сөздің лексикалық мағынасымен тікелей байланысты болады» [25, 14-б.]. «Лексикалық мағынаның жалпылану арқылы пайда болатын грамматикалық мағынаны жалпы грамматикалық мағына деп бөлуге болады. Жалпы грамматикалық мағына грамматикалық формасыз-ақ ішкі семантиканың абстракциялануы, жалпылана түсуі арқылы қалыптасады да, сол арқылы 1) сөздердің семантикалық жақындығы, 2) ортақтығы пайда болып, 3) грамматикалық топтар құралады. Жалпы грамматикалық мағынаның әрі қарай шектеле, ұсақтай түсуі нәтижесінде үлкен грамматикалық шынында лексика-грамматикалық топтарынан өз ішінде кіші топтар да бөлініп шығып отырады» [25, 19-б.]. Ғалым грамматикалық категория болудың шарттарын былай сипаттайды: «1) бірнеше, кемінде екі грамматикалық мағына болу керек; 2) ол (кемі екі) мағыналар бір-бірімен тектес, ыңғайлас, мәндес болу керек, әр тектес мағыналар грамматикалық мағына құрай алмайды; 3) ол грамматикалық мағыналар қаншама тектес, ыңғайлас болса да, мысалы, тәуелділік мағына, екінші жағынан бір-біріне қарама-қайшы болып, мысалы, сол тәуелділіктер жақ сияқты, 1-жақ 2-жаққа я 3-жаққа қайшы, 2-жақ 1-жаққа я 3-жаққа қайшы, келуі; 4) сөйтіп барып әр тектес, ыңғайлас, әрі бір-біріне қарама-қайшы мағыналардың бірлігі, тұтастығы болуы; 5) сол тектес мағына да, қайшы мағына да бөлек-бөлек белгілі грамматикалық формалар арқылы берілуі және 6) олардың белгілі парадигмалық жүйе құрауы арқылы мағыналық талаптар мен шарттарға сәйкес келетін тілдік құбылыс қана грамматикалық категория болып таныла алады» [77, 56-б.].
К.Аханов еңбектерінен де тіл мен ойдың қатынасы, тілдік сана, грамматикалық мағына мен лексикалық мағынаның арақатынасы туралы тұжырымдар кездеседі: «Грамматиканың өзінің ережелерін жасағанда, сөздер мен сөйлемдердің мағыналық нақтылығынан дерексізденеді, сөздердің өзгеруі мен сөздердің сөйлемге тіркесуінің жалпылық нәрсені негізге алады. Грамматикалық абстракцияның ерекшелігі, міне, осындай»... «Қатынас жасау, пікір алысу – ой жұмысы нәтижелерінің сөйлемдегі сөздер мен сөз тіркестеріне негізделіп, соларға орнығып тұрақталуы мүмкін болады. Грамматика адам ойлауының ұзақ абстракциялаушы жұмысының нәтижесі болумен бірге, ойды материалдық тілдік қабыққа енгізуге, өзара пікір алысуға мүмкіндік береді»... «Сөздің лексикалық мағыналарынан басқа әртүрлі грамматикалық мағыналары болады. Грамматикалық мағыналар септік, тәуелдік, сан (число), шырай, шақ, жақ, рай т.б. грамматикалық категорияларды қамтиды. Бұл категориялардың мағыналары түбірдің лексикалық мағыналарын нақтылайды, оны саралап айқындайды немесе сөздердің лексикалық мағыналарының бір-біріне өзара қатысын білдіреді. Сонымен, түбірдің лексикалық мағынасын нақтылай түсетін, оны саралап айқындайтын немесе сөздердің лексикалық мағыналарының бір-біріне өзара қатысын мағыналар грамматикалық мағыналар деп аталады.
Грамматикалық мағыналар тілде әртүрлі тәсілдер арқылы көрінеді. Атап айтқанда, грамматикалық мағыналар тілддерде аффикация тәсілі, ішкі флекция, қосарлану, көмекші сөздер, сөздердің орын тәртібі, екпін, интонация тәсілдері арқылы беріледі» т.с.с. [71].
А.Ысқақов еңбектерінен де мағынаның түрлері, грамматикалық категория, ұғым мен мағынаның арақатынасы, грамматикалық мағынаның өзіндік ерекшелігі т.с.с. мәселелер сөз болады: «Сөздер тілдің грамматикалық заңдары бойынша қолданылған күнде ғана айтылатын ой әрі түсінікті, әрі көрікті болатынын көреміз. Сонымен қатар, сөздерсіз, жалаң грамматикалық форма лар арқылы, ешқандай ойды хабарлауға да, түсіндіруге де болмайды. Сондықтан сөздік пен грамматикалық құрылыс үнемі бірлікте жұмсалады. Олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері мен қызметтері бар негізгі элементтер болып саналады. Сөйтіп, сөздерді тілдің материалы деп грамматикалық құрылысты тілдің материалын (сөздерді) бір-бірімен ұштастырып, олардың бастарын құрастырып, көріктендіретін жамылыш деп қарауға болады» [78, 5-б.]. «Сөздің дыбыстық жағы белгілі бір ұғымның сыртқы материалдық жамылышы (формасы) болса, сол арқылы біздің санамызда белгілі бір ұғым байыпталып отырады. Сөздің сыртқы дыбыстық құрамы мен сөздің ішкі мағынасы үнемі бірлікте болады»... [78, 7-б.]. «Сөз айналамыздағы зат я құбылыс жайындағы ұғымның аты я атауы болса, әрине, ол атаудың қоғамдық өмірде өзіне телінген мағынасы да, сол ұғымды білдіретін белгі (таңба) я сол ұғымның мазмұнының бейнесі ретінде қалыптасқандықтан, бір тілде сөйлейтін адамдардың бәріне бірдей түсінікті болады. Мысалы, тас, ағаш, топырақ деген сөздерді алсақ, олардың әрқайсысы – әрі нақтылы, әрі жалпы атау. Өйткені ағаш деп көз алдымыздағы (я қолымыздағы) белгілі бір нақтылы ағашты да, сондай-ақ, жалпы ағаш атаулыны да атай береміз»... «Сөздің лексикалық мағынасына тікелей байланысатын, осындай жалпы грамматикалық мағыналарын, сондай-ақ, сол жалпы грамматикалық мағыналарды білдіретін формаларды грамматика ғылымы зерттейді. Лексикалық мағына да, грамматикалық мағына да бір сөздің бойында жарыса өмір сүре береді. Мысалы, көршіні көрші шақырды (Абай) деген сөйлемдегі үш сөзді алсақ, алғашқы екі сөздің лексикалық мағынасы бір де, соңғы сөздің лексикалық мағынасы өз алдына басқа. Алғашқы екі сөздің лексикалық мағыналары бір болғанымен, грамматикалық мағыналарында өзгешеліктер де бар. Бұл екеуінің грамматикалық мағыналардағы жалпы ұқсастықтар мыналар: екеуі де – зат есім, екеуі де – жекеше мағынаны білдіреді. Ал ол екеуінің грамматикалық мағыналарындағы өзгешелік сол екі сөздің сыртқы түрлеріндегі (формаларындағы) айырмашалыққа байланысты»... [78, 9-б.]. «Сөздің бөлшектері мен мағыналарын, олардың арасындағы қарым-қатынастарын және сол қарым-қатынастар мен құбылыстардың жүйе-жүйелерін зерттеудің нәтижесінде әрі сөздің морфологиялық құрамы мен құрылысы, әрі алуан түрлі грамматикалық категориялардың сыр-сипаттары айқындалады. Сөздің сыртқы жамылышы (формасы) ретінде қызмет ететін дыбыстық құрамның (комплекстің) әрбір ұсақ дыбыстық бөлшегі, сол сөздің белгілі бір грамматикалық мағынасын білдіретін әрбір ұсақ бөлшегінің сыртқы жамылышы (формасы) ретінде қызмет етеді. Екінші сөзбен айтқанда, сөздің әрбір грамматикалық бөлшегінің өзіне тән дыбыстық көрсеткіш болады» [78, 10-б.]. «Морфология сөзді оқшау қарамайды, оны басқа сөздермен байланысты қарап барып, олардың қарым-қатынастарын анықтайды. Бірақ морфология сөздерді, олардың қарым-қатынастарын сол тілдің жүйесінің қалыпты бір көрінісі, бөлшегі ретінде талдап, оларды бір-бірімен ұштастырып қарайды. Өйткені сөзден сөз тудыру, сөзді түрлендіріп өзгерту, сөз бен сөзді жалғастыру сияқты амал-тәсілдер – әрі әбден қалыптасып орныққан, әрі үнемі қолданылатын дағдылы, жүйелі құбылыстар. Сол себептен морфологиялық тіліміздегі әрбір жұрнақты, әрбір жалғауды я болмаса басқа бір морфологиялық құбылысты және олардың әрқайсысының формасы тілдің жүйесімен байланысты, сол жүйеден тарайтын және сол жүйеге барып қосылатын заңды құбылыс деп қарайды» [78, 12-б.].
Ғалымдардың тұжырымдарын келтіріп отыруымыздың себебі – көтеріліп отырған мәселе қазақ тіл білімі үшін мүлде тың, соны мәселе еместігін көрсету мақсатынан туындаған. Морфологиялық концептілердің тілдегі репрезентациясы арнайы зерттеу нысаны болмағанмен, осы уақытқа дейін мақала көлемінде, сондай-ақ басқа мәселелермен сабақтастықта сөз болып келген.
Сонымен, концептуалды жүйенің морфология деңгейіндегі категориалды бөлігі әмбебап сипаттағы негізгі концептілер арқылы көрініс табады. Әмбебап сипаттағы негізгі концептілер, бір жағынан морфологиялық категориялар мен тұлғалар арқылы берілетін білімдер бірлігі («уақыт», «сан-мөлшер») болса, екінші жағынан, морфологиялық категорияларға негіз болатын, нақты грамматикалық мағыналар (грамматикалық шақ, көптік, рай, шырай) берілетін концептілер болып табылады. Осыған орай әмбебап сипаттағы негізгі концептілер тілдегі ғалам туралы білімнің морфология деңгейіндегі бірлігі болып табылады, яғни тілде энциклопедиялық білімнің берілу жолы, тілдік білімнің бірлігі болып табылады. Әмбебап сипаттағы негізгі концептілер бірігіп, морфологияның концептуалды кеңістігін құрайды, ол тілдегі морфологиялық репрезентацияның когнитивті негізі болып табылады. Олар морфологиялық категориялар түзіп, морфологиялық тұлғаларды мағынаны айқындай отырып, категориялар мен топтарға жіктейді.
Концептуалды ақпаратты тіркеуде грамматикалық, әсіресе морфологиялық концептілердің маңызы ерекше. Морфологиялық концептуалдану және категориялану сияқты танымдық үдерістерді жүзеге асыра отырып, концептуалды мазмұнға ие болып, әр тілде өзінше көрініс табады. Концептуалды сипаттамалар тілдің түрлі деңгейлерінде көрініс табатындықтан, морфологияны оқшау қарастыруға болмайды. Қандай да бір концептуалды белгі тілде бір ғана түрде репрезентациялана алмайды. Бір белгі тілдің түрлі деңгейлерінде көрініс табуы мүмкін, сол сияқты бір тілдік форманың бірнеше белгісі болуы мүмкін. Әмбебап сипаттағы негізгі концептілер белгілі бір тілдегі концептуалды мазмұн мен тұлғалар арқылы морфологиялық категориялардың қалыптасуына ықпал етеді. Әмбебап сипаттағы негізгі концептілердің мазмұнында негізгі концептуалды сипаттамалар болады.
Концептілер лексикалық, фразеологиялық бірліктер арқылы, грамматикалық жолдармен берілуіне қарай жіктеледі. Адамның когнитивті (таным) тәжірибесі мен ғаламды түйсіну тәсілдері арқылы ойлау тәсілдері арқылы ойлау құрылымдары (концепт, концептуалды жүйелер мен категориялар) қалыптасып, олардың тілдік құрылымдарға (тілдік таңба мен категорияларға) жіктелуі белгілі бір этнос үшін маңызды болатын болатын ерекшеліктер негізінде жүзеге асады. Ендеше, морфологиялық категорияларды ғаламның концептуалдануы тұрғысынан қарастырудың мәні зор. Бұл морфологиялық категориялардың ерекшелігі мен қолданысын сипаттап, оған негіз болған концептуалды құрылымдарды анықтауға, сол арқылы морфологиялық жолмен берілген, яғни морфологияның концептуалды кеңістігі арқылы көрініс тапқан тілдің бүкіл концептуалды жүйесін сипаттауға мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |