Жедел өткен шақ сөйлеп тұрған мезеттің алдында, сәл бұрын болған іс-әрекетті білдіреді. Ол етістіктің түбіріне -ды/-ді жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады. Жедел өткен шақ көрсеткіштері морфологиялық жолмен берілетін уақыт концептін активтендіре отырып, оның мазмұнындағы «сөйлеу сәтінің алдындағы іс-әрекет» мәнін айқындайды, сол арқылы «сөйлеу сәтінен сәл бұрынғы қимыл-әрекет» морфологиялық мәні түзіледі.
Жедел өткен шақ мәні сөйлем-сөйлесімде оқиғаның қашан болғанын білдіретін мезгіл пысықтауыштардың қатысуымен, мәнмәтін факторының көмегімен нақтыланып отырады. Мысалы: Қарашаттағы құйын соққандай астан-кестен күндер заматта көз алдынан шапқан аттай бұлдырап өтті (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Ы.Маманов жедел өткен шақ формасы (-ды/ -ді) басқа шақ формалары сияқты, өткен шақтық мағынадан басқа үстеме мағына білдірмейтінін, ол сөйлеу кезінен бұрынғы қимыл, іс туралы хабарлау түрінде баяндайтынын айтады [76, 107-б.].
Зерттеушілер арасында жедел өткен шақ атауының өткен шақтың бұл түрінің мәнін ашып бере алмайтыны, оның сөйлеу сәтінің алдындағы қимыл-әрекетті білдіру үшін қолданыла бермейтіні туралы сөз болады. Мұндай ұстаным Т.Қордабаев, Ж.Түймебаев, «Современный казахский язык» т.б. еңбектерінде сөз болады. Осыған байланысты Ж.Түймебаев: «Между тем, если мы обратимся к контекстуальным оттенкам прошедшего времени на -ды или сравним эту форму в казахском языке с аналогичными формами в других тюркских языках, то не трудно убедиться что аффикс -ды, хотя и употребляется в целом для выражения конкретного действия, имевшего место в прошлом, тем не менее он имеет ряд оттенков в основном своем значении. Так, например, глагол с этим аффиксом, иначе говоря, форма на -ды, употребляется не только для обозначения недавно происходившего действия, скажем совершенного несколько дней, несколько часов и т.д. назад, но и передает такое действие, которое имело место давно или очень давно. Поэтому следует признать, что термин принятый в казахском языкознании «жедел өткен шақ» соответствующий по значению принятым в тюркологических работах, написанных на русском языке, терминам «достоверное», «категорическое», «определенное», далеко не является наиболее подходящим и единственно приемлемым» [123, 21 б].
«Современный казахский язык» атты еңбекте оны «незаконченное прошедшее время» деп атаған [123]. Т.Қордабаев өткен шақтың бұл түрі «іс-әрекеттердің жақында болған емес, хабаршының сол іс-әрекеттердің болғандығына өзінің көзі әбден жететіндей, өзі соның басы-қасында болғандай сенімді етіп беруінде» екенін айта келіп, оны «айғақты өткен шақ» деп атау керектігін айтады [133, 56-б.]. Ғалым жедел өткен шақ пен бұрынғы өткен шақтың мағыналық ерекшеліктерін талдай келіп, былай дейді: «-ды /-ді аффиксті айғақты өткен шақтың жеделді түрі дегенде, мұндағы жеделділік мағынаны тек жақында болғанына көп уақыт болмаған іс-әрекеттерді білдіру үшін қолданылатындығынан деп қарауға болмайды. Асылында, шақтық көрсеткіштердің қай-қайсысы болса да, болып өткен немесе болашақ іс-әрекеттерді жалпы білдіргені болмаса, олардың болған я болатын мезгілін нақты білдіре алмайды. Ондай нақтылық – шақтық көрсеткіштердің емес, мезгіл үстеулерінің міндеті. Өткен шақ көрсеткштерінің мағыналарынан байқалатын жеделділік я бұрынғылық ұғым іс-әрекеттердің болу мезгіліне байланысты болмайды, оның не динамикалық күйде, не статикалық күйде берілуіне байланысты болады. Мысалы, Ол кеше жиналыста болды деп те, Ол кеше жиналыста болған деп те айтуға болады. Осындағы болды мен болғанның екеуі де – бір мезгілдегі іс-әрекеттің көрсеткіштері. Бұлардың алдындағысы жақында болған істі білдіріп тұр да, соңғысы одан бұрын болған, баяғыдағы істі білдіріп тұр деу шындыққа үйлеспейді» [133, 57-б.].
Бұл орайда «жедел өткен шақ» терминінің өткен шақтың осы түрінің мәнін толық ашып бере алмайтынын атап өткіміз келеді. Мұнда істің өту сапасы – тез өтуі, кенеттен өтуі, жай өтуі т.б. мүлде сөз болмайды. Мысалға қарады, сөйледі, тұрды, көрді, бастады, күлді т.с.с. етістіктерді алсақ, мұнда істің жедел, тез өткен сипатынан гөрі бұл процестің әлі аяқтала қоймағанын, яғни әлі қарап тұрғанын, әлі сөйлеп тұрғанын, әлі тұрғанын, әлі көріп отырғанын, әлі күліп жатқанын т.с.с. түсінеміз. Сондықтан амалдың әлі де өтіп жатқанын немесе жуық арада ғана өткенін білдіретін өткен шақ түрін «жедел өткен шақ» дегеннен гөрі «аяқталмаған өткен шақ» деп атаған түсініктірек әрі өткен шақтың осы түрінің мәнін аша түсетін сияқты. Ал оның көрсеткіштеріне -ды/-ді қосымшасы мен жоғарыда келтірілген – отыр, тұр, жатыр, жүр + еді формасын жатқызуға болады деп ойлаймыз.
Сонымен, жедел өткен шақты тануда ғалымдар бірнеше ұстанымды негізге алған. Бұл орайда С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, С.Жиенбаев, Н.Сауранбаев пен Ғ.Бегалиев, Ы.Маманов, С.Исаев, М.Серғалиев, А.Айғабылов, О.Күлкенова, «Қазақ грамматикасы» т.б. еңбектерде жедел өткен шақтың сөйлеу сәтіне жақын арада болып өткен амал-әрекеттің өту мерзімін білдіруі негізгі жіктемелік белгі ретінде алынса, Т.Қордабаев, Ж.Түймебаев, А.Ысқақов еңбектерінде жедел өткен шақ қимылдың нақты болғаны, сөйлеушінің сенімділігі сияқты модальдық реңктеріне сүйене отырып, модальдық ұстаным басшылыққа алынған. Соның негізінде жедел өткен шақтың бұл түрін А.Ысқақов анық өткен шақ деп атаса, Т.Қордабаев айғақты өткен шақ деп атаған. «Современный казахский язык» атты еңбекте аспектілік ұстаным негізге алынған.
Достарыңызбен бөлісу: |