Жұбаева О. ҚАзақ тілінің когнитивті грамматикасы



бет64/85
Дата23.06.2022
өлшемі1.82 Mb.
#459438
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   85
Жұбаева монография

Кеңістіктік қатынастар: Ала ат мінген терең шаттың дәл аузына аттанғанда алақ-жұлақ қаранды да, тоқтады (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Бұл үйір де бір кезде сонау күнгей жақтағы сеңгір-сеңгір қара қошқыл таудың теріскейіндегі көк тасты көп аңғар, көп қолтықтың біреуінде матау алып, жылмиып жатқан сары барқын жазықтың салқын беліне кеп құралай өргізетін (Ә.Кекілбайұлы, Ор теке).
Әсіресе ілік септік тұлғасы активтенуі арқылы географиялық атаулар жиі жасалады: Сол Алтайдың бөктерінде жам жолменен жандамайлап ала ат мінген жалғыз адам келе жатыр бейсауат (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Оралдың ақар-шақар таулары бірінің иығына бірі басын сүйеп, жасыл жамшы жамылып, тамылжып алдымыздан шықты (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
С.Исаев ілік септігінің жалғаулы және жалғаусыз түрлерін өзара салыстыра келіп, ілік септік жалғауынсыз байланысқан тіркестер нақты меншіктілік мағынадан гөрі қатыстық, абстрактілік, атауыштық мәнді басымырақ білдіретінін, көбіне тұрақты, терминдік атауыштық сипатқа ие болып қалыптасатынын айтады да қазіргі қазақ тілінде мәндегі тұрақты тіркестер мен күрделі терминдердің көбі ілік септік жалғауынсыз қолданылғанын (тап күресі, космос кеңістігі, Абай көшесі, күкірт қышқылы, күн сәулесі, тап тартысы, тауар айналымы т.б.) ескерте келіп: «Изафеттің алдыңғы ілік септігіндегі сөз қосымшалы түрде қолданылса, оның иелік мағынасы нақты болады. Ал ілік септігіндегі сөз қосымшасыз – нөлдік формада қолданылса, оның иелік мағынасы жалпылана түседі. Колхоз малы, өзен суы, адам ойы деген тіркестерде меншіктілік мағына абстракцияланған. Бұлар біртұтас екпінмен айтылады да, арасына сөз қосуға болмайды. Егер алдыңғы ие сөз нақты біреудің не бір заттың ұғымын білдірсе, онда ол қосымшалы түрінде айтылады да, меншіктілік мағына нақтыланады. Төменгі колхоздың малы, «Алға» колхозының малы. Ерболдың ойы, мына жігіттің ойы. Іле өзенінің суы, біздің өзеннің суы. Бұл тіркестің арасына сөз қосып айтуға болады, бірақ онымен олардың арасындағы байланыс үзілмейді. Изафеттік тіркестің құрамында алдыңғы сыңары жалқы есім болса, онда бұл тіркес үш түрлі қатыстық мағына білдіреді. Абайдың балалары, Абай балалары, «Абай» колхозы дегенде, бірінші тіркесте Абайдың өз балалары екенін түсінеміз. Мұнда меншіктік мағына анық көрініп тұр. Екінші тіркесте (Абай балалары) меншіктілік, иелік мағына солғындап, жалпылық сипатқа енген. Яғни мұнда Абайдың өз балалары ғана емес, оның ішінде немерелері де, жақын туыстарының балалары да бар екендігі аңғарылады. Үшінші тіркесте («Абай» колхозы) ешқандай меншіктілік, иелік мағына жоқ. Онда Абай сөзі колхоздың атын білдіріп, атаулық қатынаста қолданылған. Қазақ тілінде жер, су, қала, тау және басқа да географиялық атаулар тәуелді формамен тіркесіп, атаулық қатынаста қолданылады, – дейді [76, 158-б.].
Ілік септік тұлғалары морфологиялық жолмен берілетін септік концептін актив қолданысқа түсіре отырып, посессивтілік сипатын актуалдандырады. Сол арқылы морфологиялық мән қалыптасады. Ол морфологиялық репрезентацияда семантикалық фактор арқылы нақтыланып отырады. Локативті қатынастарды білдіруде түрлі географиялық атаулар, тұрақ атаулары ілік септік тұлғасында қолданылады.
Түркі тілдеріндегі изафет құбылысын талдай отырып, З.К.Дербишева бұл құбылыстың сырын былайша түсіндіреді: «В тюркских языках существует постоянная потребность соотносить любое имя или предмет с лицом: апам, китебим, окууņ , жüргöņ , кöчöсü и т.д. В основе этой категории лежит идея обладания одного объекта другим. В менталитете тюркского человека изначально заложено стремление подчеркнуть принадлежность и одушевленного объекта, и неодушевленного предмета определенному лицу. Без конкретизации такой принадлежности предметы как бы не существуют. Все вокруг должно кому-то принадлежать. «Бесхозным» не может быть ничто и никто. По-видимому, такое состояние в языке, оформленное в грамматическую категорию принадлежности, обусловлено социально-экономическими устоями жизни тюркских народов, которые на протяжение многих веков жили по законам частной собственности, где центральной фигурой был собственник-обладатель. Каждый предмет, одушевленный или неодушевленный, имел своего обладателя, эти отношения всегда были принципиально важными в социально-экономической жизни тюрков» [65].
Сонымен, морфологиялық репрезентацияда ілік септік тұлғалары арқылы лексика-грамматикалық мәндер түзілген кезде әсіресе семантикалық фактор маңызды орын алады. Мәнмәтін факторы арқылы морфологиялық жолмен берілетін септік концептінің посессивтілік мәні актуалданып, қатынас негізгі концептінің мазмұнында қосымша сипаттар пайда болады. Лексика-грамматикалық мәндер түзілуі барысында концептуалды мазмұн қалыптасады. Морфологиялық жолмен берілетін септік концепті – септік морфологиялық категориясы мен оның көрсеткіштері арқылы берілетін концептуалды деңгей бірлігі, сонымен қатар осы категорияға негіз болған, «посессивтілік» морфологиялық мәні арқылы көрініс табатын концепт болып табылады. Ол жалпылық мәнге ие және сөйлем-сөйлесімде қосымша лингвистикалық факторлардың көмегімен нақтыланып отырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   85




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет