Жатыс септігінің (S0) негізгі мағынасы іс-қимылдың орнын, мекенін білдіру. Мұндай жатыс септіктегі сөз қайда? неде? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: Қазақстанда тастақты беткейлер мен далалық жерлерде, шалғындықтар мен егіс алқаптарында, бақша дақылдарының арасында, өзен жағалауларындағы жайылымдарда өсетін 11 түрі бар. Ең көп тарағаны: жабысқақ желімсабақ және ақ желімсабақ (ҚҰЭ). Ащы өзеннің бір мүйісінде ақ борықтай ауыр қотан ақтылы қой жатыр (Ж.Аймауытов, Шығ.).
Жатыс жалғаулы сөз мезгіл мәнін білдіреді: Соңғы уақытта өзі қартайып, балалары ержеткен соң бұрынғы ел ақтап өлең айтқанды қойған (I.Жансүгіров, Шығ.). Айналайын Тарланым, Сен құлында емдің, тайда емдің, Құнан жаста арда емдің… Бес жасыңа келгенде, Белдің қызығын көрсін деп, Бес бедеуге салдырдым. Алты жаста ақтаттым, Аттай мұрның тонаттым, Алшақтатып ойнаттым, Арпа-бидай асаттым (Батырлар жырыДәл жанында үлкен биік шелекке ашытып қойған түйенің қымызы бар еді. Ұлжанның күз уақытында Зере мен балаларға әзірлеп отыратын ағы осы болатын (М.Әуезов, Шығ.).
Жатыс септігі көбінесе есімше тұлғалы сөзбен келіп, іс-әрекетті нақтылап, айқындай түсіп, мезгіл мәнінде қолданылады: Өлген мал үшін жауап бергенде өз басына келетін айыпты ең болмаса ауыр жағынан алмай, ақталуға, дауласуға, [түптің түбінде] айтысуға боларлық жеңіл жағынан мойындауды оңайырақ көрген (М.Әуезов, Шығ.). Ай, Абылай, сені мен көргенде, Тұрымтайдай ұл едің, Түркістанда жүр едің, Әбілмәмбет деген кісіге, Қызметкер болып тұр едің, Үйсін Төле билердің, Түйесін баққан құл едің, Сен жиырмаға жеткенде, Ақсұңқар құстай түледің, Алыстан тоят тіледің, Қылышыңды тасқа біледің (Бұқар жырау). Көне көңілінің ішін жарып, шер тарқатып, қырындысын қалдырмай ішек-қарнын ақтарып отырғанда мыналардың күлгені Ырайға ауыр тиді (I.Жансүгіров, Әңгім.).
Жатыс септік тұлғасындағы сөз адамдар арасындағы қатынасты білдіру үшін де жұмсалады: Баласында жұмысым жоқ (Ж.Аймауытов, Шығ.).
Жатыс жалғаулы сөз адамның сын-сипатын білдіру үшін жұмсалады: Басында сәлде, Аузында –Алла, Молдаларда не ғамал? Көздерін сүзіп, Жүздерін бұзып Алдап жұртты жинамақ мал. Жұмақ молда қолында, сауда-саттық жолында (А.Байтұрсынұлы, Шығ.).
Ғалым С.Исаев «жатыс септігінің басты мағынасы – істің, қимылдың болу орнын, мекенін, мезгілін, көлемін, тұрағын білдіру» екенін айтады. «Жатыс септігінде қолданылған сөз әдетте мезгіл, мекен пысықтауыш және жанама толықтауыш қызметін атқарады. Сонымен бірге жатыс септігінде зат есім жіктеліп келіп баяндауыш қызметін де атқарады: Мен қазір үй-де-мін; қызым үйде, қылығы түзде. Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы да жатыс септік тұлғасында есімшеден немесе кезде, уақытта сияқты сөздерден де бола береді: мен келген-де, ол үйде екен. Жатыс септікті сөздердің ішінде де адвербиалданып, үстеуге айналып кеткендері аз емес: кейде, жазда, іңірде, осында, ақыр аяғында, аңдаусызда, атам заманда, оқта-текте, лезде, қоға берісте, қапыда, іңірде т.б.» [34, 89-б.].
Септік жалғауларының ішінде жатыс септігі ғана ғы/-гі жұрнағын қабылдай алады. Қ.Кемеңгерұлы -ғы/-гі қосымшалары жатыс септігіне қосылғанда, сөз тудырушы емес, форма тудырушы жұрнаққа айналатынын, -ғы/-гі жұрнағының екі түрлі қызметі барын көрсетеді [73]. Ғалым сөз тудырушы жұрнақтардың мәнін түсіндіре отырып, -ғы/-гі жұрнағының екі түрлі қызметі барын көрсетеді:
есімдерге қосылып, мекені мен уақытын білдіретін сөз тудыру;
жатыс септігінің үстіне жалғанып, мекенін білдіру.
Түркологияда бұл көрсеткіш (-да+ғы) түрліше анықталып жүр. Мәселен, А.Н.Кононов [188] пен М.З.Закиев [189] оны туынды сын есім тудырушы құранды аффикс деп түсіндірсе, Э.В.Севортян [190] мен М.А.Хабичев [191] -дағы/-дегі қосымшасын барлық сөз таптарына ортақ форма жасаушы аффикс деп қарайды. Сол сияқты Н.А.Баскаков [192] та бұл жұрнақты зат есімнің атрибуттық-анықтауыштық формасын жасаушы аффикс деп түсіндіреді. «К вопросу о категории падежа в тюркских языках» деген тағы бір еңбегінде М.З.Закиев [193] оны мекендік-мезгілдік септік жалғауы деп алу керектігін айтады. Ал қазақ тіл білімінде бұл көрсеткішті тануда алшақтық жоқ. М.Балақаев [194], Ы.Маманов, В.А.Исенгалиева, Қ.Шаяхметов [195] т.б. ғалымдар -дағы/-дегі қосымшасы сөз тудырушы жұрнақ бола алмайтынын дәлелдей отырып, оны форма жасаушы жұрнақ деп түсіндіреді. С.Исаев жатыс септігінің мағынасы мезгіл, мекенге байланысты болғандықтан да, соған қатысты жатыс септік жалғаудың үстіне кейде функциялық сипаттағы -ғы, -гі қосымшасы да үстеліп қолданыла беретінін айтады: ауыл-да-ғы үй, кісі-де-гі дүние, базар-да-ғы мал, кісі-де-гі-нің кілті аспанда.
Достарыңызбен бөлісу: |