АҚҚУ1 з а т. 1. Ұзын мойынды, ақ қауырсынды өте сымбатты құс. Қыс өтер, мезгілімен жаз да болар, Қар еріп, ойпаң жерлер саз да болар. Теңіздей толқындаған шалқар көлде, Түрлі құс: үйрек, аққу, қаз да болар (М.Жұмабаев, Шығ.). Астыма жорға мінгізді. Үстіме торқа кигізді, Оқытып білім білгізді, Қызық дәурен сүргізді. Ақ тұйғын беріп қолыма, Көлінен аққу ілгізді. Бай мен ханның баласы Бәрімен бірге жүргізді (Бақтыбай ақын, Жел қобыз). Аққу – құстың төресі, Жалғыз жатып отамас, Қас жақсының белгісі – Қара сөзді жақтамас (Мақал-мәтел). 2. зоол. <лат. cugnus>. Үйрек тұқымдасына жататын көбінесе қауырсыны шымқай ақ түсті болатын үйрек. Аққудың дене тұрқы 155–180 см, салмағы 7–10 кг (кейде 10–12 кг), мойны ұзын, қауырсыны шымқай ақ (тек Австралияда кездесетін бір түрі ғана шымқай қара). Аққу су өсімдіктерінің тамыр-сабақтарын, сондай-ақ ұсақ жәндіктерді жейді (ҚСЭ). Мәселен, мұндағы «Аңдысай» мемлекеттік заказнигін бөкеннен бөлек құлан, арқар, елік, қарақұйрық сияқты тұяқтылар: аққу, қырғауыл, бұлдырық, дуадақ, аққұйрықты орлан сияқты құстар – барлығы 33 түрлі аң-құс мекендейді («Соц. Қаз.») [217, 252-б.].
Мұнда жекеше тұлғадағы зат есімдер санауға көнбейтін, зат есімдердің белгілі бір тобына түгелдей қатысты болатын заттарды білдіреді.
Дерексіз немесе деректі зат есімдер санауға көнетін заттар мен құбылыстарды білдіре алады. Мысалы: Ақсексеуіл – биіктігі 5 метрге дейін жететін ағаштар (М.Қажымұратов, Пайдалы өсімдік.). Адамның сынған сүйегі омырылған жерінен етті тесіп шығып, ақсиып көрініп тұрса, ондай сынық ашық күрделі сынықтар қатарына жатады (А.Апсатаров, Дәрігер.).
Жалпыланған көптік мәнін беруде мәнмәтін факторы қосымша фактор ретінде қызмет етеді. Бұл мағына көптік жалғау арқылы да берілуі мүмкін. Мысалы: Ақ қырау тұрған ақпанда, Ағаштар сырға таққанда. Бозарып тұрып ақ таңда, Есіңе мені алғайсың, Есіңе мені алғайсың! (М.Мақатаев, Шығ.). Екі жігіт бір шидің жоғарғы жағынан, екіншісі орта белінен ұстап көмектеседі. Жағаға шығарып шиді жазғанда балтасап шорағай, ақтабан, алабұға, ақшабақтар тулап жатады (С.Әсіпұлы, Аңшы баланың әңгімелері). Сыртқы саясатты тәуелсіз мемлекетіміздің жетістіктері, көкейкесті мәселелері туралы ақпараттық-насихаттық жұмыстардың өршілдікпен жүргізілмеуінен кейде шетелдің бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан туралы жағымсыз ақпараттар да қылаң беріп жататынын кім жоққа шығара алады («Егемен Қазақстан»).
Мұнда нақты зат есім мағынасының сигнификативті аспектісі ерекше мәнге ие болады.
Жекелік көптік қосалқы мағынасы морфологиялық жолмен берілетін сан-мөлшер концептінің мазмұнындағы жекелік мәні мен сан-мөлшер негізгі концептінің мазмұнында морфологиялық репрезентацияда қосымша түзілетін «дискретті емес» мәнінің тоғысуы нәтижесінде пайда болады. Мұнда семантикалық фактордың, яғни зат есімдердің лексикалық мағынасының орны ерекше болады. Бұл мән антропоним, топоним, сондай-ақ жеке-дара қолданылатын заттар мен құбылыстардың атауларын білдіретін зат есімдермен беріледі. Мысалы: Келген ақ таң тіріні алдамайды, Көңілділік жайлайды бар маңайды, Ай қалқыды, сәуле аспаннан сорғалады, Ағаштар ерке арудай ырғалады. Арудың аққу мойны бұрылғанда, Жұлдыздай жарқ-жұрқ етіп сырғалары (М.Жұмабаев, Шығ.). Ұшпалы сұр бұлттар оңтүстікке қарай жылжып ұшып, күннің көзі біртіндеп ашыққа шығып, жылы шырайлы нұрын шаша бастайды (Б.Майлин, Шығ.). Оятады тауықтар Күннің өзін, Құйқылжыған даусымен жанға жайлы (Т.Молдағалиев, Шақырады көктем).
Бұлардың денотаттары біреуден артық болуы мүмкін емес. Сол себепті оларды ұқсас құбылыстар мен заттарға теңестіру мүмкін емес. Олардың көптік тұлғасының болмауы шынайы болмыспен, яғни аялық біліммен де байланысты.
Нақты жекелік морфологиялық жолмен берілетін сан-мөлшер концептін актив қолданысқа түсіретін және оның мазмұнында жекелік мәнін актуалдандыратын жекеше тұлға арқылы беріледі. Морфологиялық репрезентацияда ол семантикалық және мәнмәтін факторы арқылы нақтыланады. Мұнда деректі зат есімдер қолданылады. Мұнда басқа заттардың арасынан бір зат не құбылыс ерекшеленеді. Мысалы: Маңайында ел болмағанға бұл көлде неше түрлі қаз, аққу, ғайыр құстар биқисап көп еді (М. Дулатов, Шығ.). Мұнда мәнмәтін факторы қосымша қызмет атқарады. Мұнда тәуелдік жалғаулы зат есімдер, сілтеу есімдіктері, табыс септік жалғауы т.с.с. қолданылып, затты басқалардан ерекшелеп тұрады.
Сонымен, сан-мөлшер концепті жекеше және көпше тұлғаның актив қолданылуы арқылы жекелік және көптік морфологиялық мәндерінің жалпылануы нәтижесінде қалыптасады. Олар сөйлем-сөйлесімде қосымша лингвистикалық факторлардың көмегімен нақтыланады. Мұнда әсіресе семантикалық фактордың орны ерекше. Бұл сан-мөлшер категориясының сөздердің лексика-грамматикалық топтары арқылы берілуіне байланысты. Сондықтан лексика-грамматикалық мән зат есімнің мағынасына байланысты болады. Сан-мөлшер лексика-грамматикалық мәнін қалыптастыруда морфологиялық мәндерді нақтылау үшін қосымша фактор ретінде мәнмәтін факторы қызмет етеді. Қосымша факторлардың көмегімен сан-мөлшер негізгі концептінің мазмұнында дискретті және дискретті емес мәндері пайда болады. Олар морфологиялық жолмен берілетін сан-мөлшер концептімен өзара тоғысуы арқылы концептуалды мазмұн құрап, лексика-грамматикалық мәндер түзіледі.
Көптік форманың табиғатын айқындау жағынан Қ.Кемеңгерұлы, С.Исаев, А.Айғабылов сынды ғалымдардың ұстанымдары басқа ғалымдардан ерекше. Қ.Кемеңгерұлы жалғаудың 3 түрін ғана көрсетіп (септеу, тәуелдеу, жіктеу), көптік жалғауын жалғаулар қатарында танымайды. Ғалым көптік мән үстейтін қосымша ретінде -лар/-лер аффиксін ғана атайды да, оның жинақтау ұғымын білдіретін сөздерге жалғанбайтынын айтады. Көптік мәннің берілу жолдарын түсіндіруде де ғалымның Н.Ильминский, М.Терентьев, П.Мелиоранский, И.Лаптев, Н.Созонтов еңбектерімен таныс болғаны байқалады. Алайда Н.Ильминский, П.Мелиоранский, Н.Созонтов еңбектеріндегі көптік жалғау халық, ру аттарына, жануар, дене мүшелерінің атауларына, қос сөздерге (бала-шаға) жалғанбайтыны туралы ойларын ғалым өз еңбектерінде келтірмейді. Бұл орайда Қ.Кемеңгерұлы мұндай сөздерге көптік жалғауының жалғана алатынын, алайда оның өзіндік стильдік жүгі, мағыналық ерекшелігі болатынын ескеріп, көптік қосымшасын жалғаулар қатарында қарастырмаған деп ойлаймыз.
Көптік жалғауын жұрнақ деп тануынан Қ.Кемеңгерұлының грамматикалық категорияның өзіндік ерекшелігін терең түсінген («категория» атауын өзі де қолданған) ғалым болғандығын аңғаруға болады. Қазақ тілінің өзіндік ерекшелігіне сәйкес‚ жалпы есімдер көптік жалғауы жалғанбай-ақ заттардың атын жинақтап көрсетіп‚ көптік ұғымды білдіре алады (ағаш‚ қағаз т.с.с.). Сол себепті көптік жалғаулы сөз бен көптік жалғауы жалғанбаған сөз бір-біріне қарама-қайшы жұп (оппозиция) құрай алмайды. Осындай ерекшелігіне байланысты зерттеуші көптік тұлғасын – септік‚ тәуелдік‚ жіктік жалғаулардың тобынан бөлек алып‚ оны форма тудырушы жұрнақтар қатарына қосқан.
Ғалымның көптік форманы жалғау емес, жұрнақ деп тану кейін профессор С.Исаевтың еңбектерінде де сабақтастық тапқан. Бұл орайда ғалым: «Көптік жалғау қазақ тілінде жалғау деп аталғанмен, тікелей көптік мағынаны білдіргенге, басқа жалғаулар сияқты қосымшаның жалғау деп аталатын түріне тән сөз байланыстырушылық қызмет атқара алмайды. Көптік жалғау бұл жағынан, қосымшаның жалғау түрінен гөрі форма тудыратын жұрнақтар қатарына өте жақын... Көптік жалғау қазақ тілінде затты көптігін білдіргенде (зат есімге жалғанғанда), сол затқа көптік мән үстейді де, сөз байланыстыру қызметін атқармайды. Көптік жалғаудың сөз байланыстырғыштық қызметі бірінші және екінші жақта предикаттық қатынасқа түскен сөздерде ғана байқалады. Бұл жағынан келгенде көптік жалғау тәуелдік, септік, жіктік жалғаулармен бір қатарда тұра алмайды, жалғау болып аталуы шартты деп ұғу керек, шындығында, бұл жағынан форма тудыратын жұрнақ қатарына қосуға болады», – дейді [25, 65-б.].
Сонымен қатар А.Айғабылов «Қазақ тілінде грамматикалық сан-мөлшер категориясы бар ма?» деген мақаласында көптік жалғауының сөздерді байланыстырушылық қасиеті жоқтығын айта келіп, оны форма тудырушы жұрнақтар қатарына қосу керектігін айтады. Сан-мөлшер категориясы категория ретінде танылуы үшін оның ішінде біртектес‚ мәндес кем дегенде екі грамматикалық мағына‚ тұлға болуы қажет. Ал көптік форманы білдіретін -лар/-лер‚ -дар/-дер‚ -тар/-тер қосымшалары – бір жұрнақтың варианттары ғана. Яғни‚ ол парадигма құрай алмайды. Оның үстіне жалғаулардың негізгі қызметі – сөздерді байланыстыру болса‚ көптік жалғауы (жіктік жалғауының ІІ жағынан басқа жағдайда) ондай қызмет атқара алмайды: бала келді - балалар келеді т.с.с. Бұл – көптік жалғаудың емес, жіктік жалғаудың қосымша мағынасы. Сондықтан көптік форманы жалғаулар қатарында тану біраз талас тудырып келеді.
Ендеше, қазақ тіліндегі сан-мөлшер категориясы – тіл білімінде әлі де талас тудырып жүрген күрделі мәселелердің бірі. Сондықтан -лар/-лер қосымшасының мәні мен қызметін әлі де нақтылай түсу қажеттігі байқалады. Сонымен қатар «көптік ұғымның морфологиялық, синтаксистік тәсілмен берілуі» сияқты қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан үңіліп, көптік қосымшасының морфемалар жүйесіндегі орнын айқындау қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |