Өлекседегі өзгерістер. Миокардиттің даму түрлері, көпшілігінде негізгі аурулардың ерекшеліктері мен өту жайына көп байланысты болады. Алдыңғы жалқықтанудың басым болған кезеңінде, жүрек етінің домбыққандығы, кесіп қарағанда түсінің қызғылттанып, кейде теңбілденіп, қанталағаны көрінеді. Қоректенуі бұзылып азғындаған кездерінде (дамудың екінші кезеңінде) жүрек еті бозарады, бұдырланады, кесіп қарағанда өзіне тән кескіні жойылады. Азғындағаны айқын білінгенде жүрек етінің түсі піскен етке ұқсап божырап, ыдырағыш келеді. Жүрек етін аурудың әр түрлі кезеңдерінде гистологиялық әдістермен зерттегенде, өзгерістер ет талшықтарында, миокардтың дәнекер ұлпаларының тұлғасында, тамырларында жане жүйкелерінде болатыны айқындалынады. Ет талшықтарында, көбінесе, ағзатталынған немесе майланған азғындау, дәнекер ұлпаларында ісік – негізі заттардың бұзылып өзгеруі, лимфа түйіршіктерінің (лимфоцит), кезген торшалардың, кейде түйір лейкоциттердің (гранулоцит) шоғырлануы көрінеді. Тамырлардың өзгеруі оның төңірегіне инфильтраттың (клеткалық элементтердің, қанның, лимфаның ұйысуы) жиналуымен, майда тамырлардың қабырғалары гиалиноздануымен (шыны тәрізденіп жылтырауы), кейде тамырдың ішінде қанның ұйыумен (тромб) бейнеленеді.
9
Белгілері – аурудың даму кезеңдерінде, басты аурулардың өту жайы мен барысына байланысты болады. Дененің қызуы, дағдылы түрде көтеріледі. Мал самарқауланады. Азыққа тәбеті төмендейді немесе тартпайды. Малдың өнімділігі мен жұмысқа қабілеттілігі күрт төмендейді.
Жіті миокардиттің дамуының бірінші кезеңінде жүрек соғуы жиілейді, қосымша жиырылу пайда болып, тамыр толқыны үлкейеді, жүрек тұсын тексергенде ауырсынады, жүректің түрткісі күшейіп, кейде қатты қағып кетеді, жүрек дыбыстары, әсіресе, бірінші үні күшейеді. Артерияда қысым көтеріліп қан айналысы тездетіледі.
Клиницистердің көпшілігінің мәліметтері бойынша жіті миокардиттің дамуының алдыңғы кезеңінде электрокардиограмма (ЭКГ) Р, R әсіресе Т кертештері күрт биіктейді. PQ мен QT аралықтары қысқарады, кейде ST бөлігі білік бойы орнынан жылжиды. Келтірілген жүрек қызметіндегі өзгерістер миокардтың әлі де болса зақымданып, жұмысының күшейіп, ширақ істеуін байқатады.
Аурудың екінші кезеңінде, жүрек етінің қоректенуі бұзылып – азғындауына байланысты, ылғи да жүрек қызметінің жеткіліксіз жұмыс істейтінін көрсететін негізгі белгілері: ентігу, көгеру, ісіну және жүрек жиырылу ырғағының бұзылғандығы болып табылады. Жүрек ырғағының өзгеруі, көбінесе қарыншалардың қосымша жиырылуы, құлақшалардың дірілдеуі, кей кездерде Гис тармағының аяқтарында бөгелістер пайда болуы, құлақшалар мен қарыншалар аралығында жартылай не толық бөгелістердің болуы арқылы білінеді. Тамыр соғуы бәсеңдеп, оның толуы азаяды. Жүрек түрткісі әлсірейді. Жүрек дыбыстарының бірінші үні күшейеді, кейде екіге бөлінеді немесе жарықшақтанады. Жүрек дыбыстарының екіге бөлініп не жарықшақтануы, ең алдымен, жүрек етінің импульс өткізгіш жүйесінің ауруға шалдыққандығының немесе жүрек қарыншаларының біреуінің қызметі нашарлағандығының белгілері болып есептелінеді. Жүрек дыбысының екінші үні бәсеңдейді, себебі, қарыншалар әр жиырылған сайын жиырылу жылдамдығының бәсеңдеуімен бұлшық етінің жиырылу қабілетінің әлсірегендігінен қолқаға қанды әдеттегіден кем өткізеді де, соның салдарынан артерияда қысым азаяды. Жүрек етінің құрылымы қатты бұзылғанда шоқырақ ырғағы, эмбриокардия пайда болады немесе дыбыстары күрт бәсеңдеп, екі үннің екеуі де көмескіленеді. Бәсеңдеген және көмескіленген үндер көбінесе, жүрек етінің жайылма түрінде зақымдалғанын көрсететін белгілер.
Миокардиттің дамуының екінші кезеңінде, көбінесе, жүректің ішкі, астар қабына қатысы бар ағзалардың қызметтері нашарлағанынан – қарыншалардың кеңеюінен, құлақшалар мен қарыншалардың аралықтарындағы қақпақшалардың кемістігінен және қарыншалардың қолқаға не өкпе артериясына шығатын тесіктерінің бұлшық еттерінің серпіліс күші әлсіреп, кеңейіп кетуінен шығатын ішкі қабыттық (эндокардиалды) шуылдар пайда болады. Жүрек еті жайылмалы түрде азғындап өзгергенде, кейде тамыр соғысында ырғақсыздық пайда болады. Жүрек қызметіндегі кемшіліктер дамыған сайын артериядағы қысым азайып, венадағы қысым көбейеді, сөйтіп қан айналысы бәсеңдейді, лобелин немесе цитотонмен сынағанда қан ағымының жылдамдығы ірі малда 35-45 секундке дейін азаяды (В.Т.Мухин, Н.З.Обжорин, Н.Р.Семушкин т.б.).
Жіті миокардиттің дамуының екінші кезеңінде электрокардиограммада кертештердің QPs жиынтығының биіктігі біраз кішірейеді. Ол жалпақтанады және түрі өзгереді, Т кертеші қаттырақ жалпақтанады, PQ және QT аралықтары ұзарады, ал ST бөлігі білік бойы жылжиды. Аурудың осы даму кезеңіндегі электрокардиограммадағы өзгерістері жүрек етінің бұзылып – азғындауының дәлелі болып саналады.
Еске сақтайтын бір жайт, миокардпен ауырғанда әр түрлі дәрежеде басқа да ағзалар мен жүйелердің - өкпе мен бауырдың, бүйректердің, ас қорыту жүйесінің қызметтері бұзылады.
10
Олар ентігу, көгеру, тері мен кілегей қабының сарғаюы, несептің аз шығуы, ісіну, ас қорыту процесінің бұзылуы белгілерімен көзге түседі. Барлық жағдайда да жүйке жүйесінің қызметі өзгереді.
Қанды тексергенде, ядросының ығысуы регенеративті немесе дегенеративті түрде кездесетін дақты (нейтрофилді) ақ қан түйіршіктері көбейеді, сонымен қатар, ылғи да аллергия текті (сезімталдықтың күшеюінен болатын) ауруларына тән белгілер – эозинофилдер көбейеді.
Достарыңызбен бөлісу: |