«Жеміс шаруашылығы» пәні бойынша ДӘрістер жинағы тараз 2021 ж


Дәріс-8: Жеміс өсімдіктерінің екпе көшеттерін өсіру



бет27/49
Дата27.01.2022
өлшемі293.91 Kb.
#454887
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   49
4 дәріс

Дәріс-8: Жеміс өсімдіктерінің екпе көшеттерін өсіру.

1. Аналық-сұрыптық бақтар туралы жалпы түсінік.

2. Тұқымбақтың бірінші танабы (көзшелеу танабы).

3. Тұқымбақтың екінші танабы (біржылдықтар танабы).

4. Тұқымбақтың үшінші танабы (екіжылдықтар танабы).

Аналық-сұрыптық бақты ең жақсы тұқымдық телітушілерге немесе суперэлиталы өсімдіктердің клондық телітушілеріне телінген элиталы екпе көшеттерден өсіреді. Элита – осы сұрыпқа, клонға тән морфологиялық және шаруашылық сапаларды иеленеді, вирустық аурулардан, карантинді және тағы да басқа қауіпті аурулардан таза болады. Элиталы екпе көшеттерді ғылыми-зерттеу мекемелері және ауылшаруашылық жоғары оқу орындарының оқу-тәжірибе шаруашылықтарында өсіреді.

Элиталы аналық-сұрыптық бақ телімін өндірістік баққа таңдағандай таңдайды, тек басқа өндірістік бақтар мен жабайы өсетін жемістік өсімдіктерден кеңістікте оқшаулануын ескеріп: ол сүйектілер үшін 0,5 км кем болмауы қажет, шекілдеуіктілерде – 1км. Топырақты дайындау – өндірістік бақтардікіне ұқсас, тек жұмырқұрттармен – вирус таратушылармен қосымша күреседі. Аналық ағаштарды қатараралығын 4-5 м, қатар бойында 2-3 м қашықтықпен отырғызады. Аналық-сұрыптық бақтың жеміс салуы қажет емес, ал сүйектілер үшін тіпті де керегі жоқ, себебі вирустар тозаңданумен таралуы мүмкін. Мұндай бақтарда, өсінділерін қалемшеге кесу жаппай жүретіндіктен, ағаштар қуатты болып өспейді.

Қалемшелерді ағаш отырғызғаннан 2-3 жыл өткеннен кейін дайындай бастайды, әр ағаштан 5-10 қалемше кесіледі. Бес-алты жылдық бақтардан 20-25 қалемше дайындайды, 8-10 жылдықтардан – 30-50. Қалемшелерді ұзындығы 20-25 см болатындай етіп кеседі және астыңғы-үстіңгі кесіктері бүршікке жақын болуын қадағалайды. Көзшелеу үшін әр қалемшеден орташа есеппен 5-6 көзше алынатынын ескеріп, аналық бақты - толық пайдалану кезінде 1 га 150-400 мың көзшелер алуға болады. Көзшелеуге, шекілдеуікті жемістілерде өркеннің орта бөлігінде анық байқалатын иінінің буынындағы ірі, жақсы дамыған бүршіктерін пайдаланады.

Элиталы аналық-сұрыптық бақтағы топырақты қара сүрі жер күйінде немесе көп жылдық шөптер себілген егістік түрінде ұстайды.

Өркендердің жақсы өсіндісін алу үшін зиянкестермен күресуді мұқият жүргізеді. Өсу үдерістерін күшейту үшін 2-3 рет азотпен (1 га 30-40 кг ә.з.), көктемде және жаздың басында үстеп қоректендіреді. 3-4 жылда бір рет фосфорлы және калийлі тыңайтқыштар (бір га әр қайсысынан 60-100 кг ә.з.) енгізіледі.

Апробацияны, қалемшені бірінші жылы дайындағанда және әрбір 3 жылда, морфологиялық белгілері бойынша жүргізеді. Аналық-сұрыптық бақты 10-12 жыл пайдаланады.

Көзшелеу үшін, қалемшелерді көзшелеу алдында қалыпты дамыған пісіп-жетілген өркендерден дайындайды. Өркендерден жапырақтарды аластайды, қалқаншаны орналастырғанды қолайлы болуы үшін ұзындығы 1 сантиметрдей қалемше қалдырылады. Қалемшенің бүршіктері жетілмеген жоғарғы ұшын шырпиды. Қалемшелерді 50-100-ден бумаға байлайды және сұрпы көрсетілген құлаққағаз ілінеді. Қалемшелерді салқан жайларда, жертөледе дымқыл мүкте немесе ағаш үгінділерінде сақтайды. Көзшелеуді танапта жүргізгенде оларды шамалы су құйылған шелектерде немесе дымқыл мүк немесе ағаш үгіндісі салынған жәшіктерде ұстайды.

Автокөлікпен тасымалдағанда, поштамен жіберілгенде қалемшелерді, олар жолда құрғамауы үшін, мұқият орап байлайды. Судың жоғалуының алдын алу үшін қалемшелердің төменгі және жоғарғы ұштарын ерітілген парафинге малып алады.

Қыста телу жүргізу үшін қалемшелерді күзде жапырақ түскеннен кейін аяздар басталғанша дайындайды. Оларды ертөлеге қалап немесе пленкалы қаптарда, контейнерлерде 0оС температурада сақтайды. Сақтау барысында қалемшелердің солмауына, суланбауына, ал бүршіктерінің бөртпеуіне бақылау жасалынады.

Тұқымбақтың бірінші танабын салудың 4 тәсілі бар: сеппе көшеттер мектепшесінде өсірілген телітушілерді отырғызу; тұқымды тұрақты орнына себу немесе сеппе көшеттерді тұрақты орнына көшіріп отырғызу; шымтезек – қара шірінділі құмырашықтарда өсірілген көшеттерді отырғызу; қысқы телумен жақсартылған екпе көшеттерді отырғызу. Негізгі тәсіл – үлгіқалыпты телітушілермен салу, себебі қуатты телітушілер тұқымбаққа отырғызылған жылы-ақ көзшелеуге дайын болады және отырғызылатын толыққұнды материалдармен қамтамасыздандыра алады. Сонымен бірге телітушілерді қазып алғаннан кейін сұрыптауға және отырғызар алдында іріктеу мүмкіндігі бар.

Сеппе көшеттер мектепшесінде өсірілген телітушілерді отырғызу. Тұқымбақтың бірінші танабындағы жұмыстар негізінен топырақты дайындаудан, телімді орамдарға бөлуден, телітушілерді отырғызудан және телумен жақсартудан, топыраққа күтім жасаудан, өсімдікті аурулардан және зиянкестерден қорғаудан тұрады.

Тыңайтқыштарды сүдігер көтерудің тереңдігіне енгізеді. Органикалық тыңайтқыштың енгізу мөлшері 40-50 т/га (азотты, фосфорлы және калийлы тыңайтқыштардың әрқайсысынан 60 кг/га ә.з. қосып). Топырақты ПП-40, ППУ-50 плантажды соқалармен жаздың екінші жартысында жыртады. Егер топырақ қатты тығыздалған болса, танапты 15-20 см тереңдікке қайта жыртады. Телітушілерді отрғызар алдында алаңды тегістейді және культивациялайды.

Телітушілер отырғызылуға тұқымдары, шығу тегі, өсу қуаты (тамыр мойнының жуандығы), тамыр жүйесінің тарамдалу деңгейі және шашақтануы бойынша сұрыпталып келеді. Телітушілердің әр сұрпы әртүрлі телімдерге немесе орамдарға отырғызылады. Отырғызылатын алаңдағы қатарлардың бағыты осы телімнің ұзын жағымен жарыспалы (параллель), ал көршілес орамдардың қатарлары дәл келіп, бір сызықтың бойында жатуы керек. Соңғысы кейін топырақты өңдеуге және өсімдікті қазып алуға қолайлы болуымен байланысты.

Телітушілер көмбеден немесе тоңазытқыштан отырғызуға мұқият байқаудан өткеннен соң әкелінеді, әсіресе тамырларына ерекше көңіл бөлінеді. Тамырдың қураған және зақымданған бөліктерін, оның ішінде тамыр ісігіне шалдыққандарын, дертсіз бөлігіне дейін кесіп, аластайды. Сақтау кезінде тамырлары, діңшігі және тамыр мойны елеулі зақымдалынған телітушілер отырғызуға жарамсыз деп есептелініп, шығынға шығарылады.

Сау телітушілердің тамырларын, ұзындығын 15-20 см қалдырып кеседі, діңшігінің биіктігін 25-30 см қалдырып (клонды телітушілерде 40-45 см) қысқартады.

Тамырларды құрғаудан қорғау үшін, оларды отырғызар алдында топырақ, балшық және сиыр қиының қоспасын сумен быламық күйіне дейін сұйылтып (сұйығы тамырды тек жуса, аса қоюы тамырдың ұсақ тамыршаларына жұқпайды), батырып алады. Ол үшін ор қазып, оған топырақты, сазды, қиды салады және су құяды. Қоспаны быламық күйіне жеткізеді. Телітушілердің көндігуін жақсарту үшін быламыққа өсуді ынталандырғышты (гетероауксиннің 0,002 % ерітіндісі) қосады. Телітушілерді көктемде отырғызады. Отырғызу, әдеттегідей көктемгі танаптық жұмыстар басталғаннан 5-7 күн өткен соң аяқталуы тиіс. Көктемгі отырғызуды кешеуілдетуге болмайды, себебі ол телітушілердің көндігуін нашарлатады, көптеп қурауына әкеледі және өсімдіктер көзшелеуге нашар дайындалады.

Телітушілерді СШН-3, СПН-4, СКН-6А машиналарымен отырғызады, шамалы алаңға – қолмен немесе гидробұрғымен. Машинамен отырғызылғанда еңбек өнімділігі, қолмен отырғызғанмен салыстырғанда 10 есе артады.

Сеппе көшеттік телітушілерді отырғызғанда тамыр мойынын топырақ бетінен 5-6 см-ге тереңдетсе, өсінді жолымен көбейтілгендердікін – 18-20 см дейін. Мұндайда, сүңгекте өркеннің ұзақ және қуатты өсуін, көзшелеуге жақсы жетуін, телінген көзшелердің жақсы бітісуін қамтамасыздандыратын, қосымша тамырлар пайда болады. Кейіннен мұндай телітушілерде біржылдықтар және екіжылдықтар жақсы өседі.

Отырғызу кезінде түйіскен, тұтасқан немесе бүктелген тамырлар болмауы үшін, оларды мұқият жайып орналастырады. Тамырлардың арасындағы бос жерлерді борпаң және дымқыл топырақпен толтырады және тамыр маңайында қуыс қалмауы үшін сәл нығыздайды. Отырғызылған телітушілер ептеп тартқанда жұлынбауы керек. Солай қуыстың жоқтығын білуге болады. Отырғызғаннан кейін қисық отырғызылған телітушілерге түзетулер жүргізіледі.

Бойшаң өсетін екпе көшеттер жақсы дамуы үшін қоректік алаңының үлкенірек болғанын тілейді – 0,3-0,4 м2, ал сүйектілердің біржылдықтарын өсіргенде оларға 0,2-0,3 м2 алаң жеткілікті. Шекілдеуіктілер мен сүйектілердің бойшаң өсетін телітушілеріндегі екі жылдық екпе көшеттерін өсіргенде қатарлардың арақашықтығы 80-90 см, ал қатарда – 25-35 см болады. Шекілдеуіктілердің шамалы және орташа бойшаң телітушілердегі екі жылдық екпе көшеттеріне – 80х20-30 см. Барлық тұқымдықтардың бір жылдық екпелерін 70-80х20-25 см сұлбасымен отырғызады. Екі жылдық екпе көшеттерді тым жиі отырғызу бөрікбастардың бір жақты қатараралықтарға қарай өсуін туындатады.

Отырғызысымен телітушілерді суландырады және 10-12 см биіктікке дейін түптейді. Түптеу үшін топырақты қатараралықтың ортасынан алады. Отырғызғаннан және түптегеннен кейін қатараралықтарды культивациялайды, клонды телітушілерді түптемейді, себебі олар қосалқы тамырлар құрастыруы және негізгілерін әлсіретуі мүмкін.

Өсінді кезеңде топырақты 3-4 рет қопсытады. Суландырумен топырақ дымқылдығын ЕТСС 75 % төмендетпейді. Арамшөптермен күресу үшін гербицидтерді қолданады (800-1000 л суда ерітілген симазин мен атразиннің 1 га 8-10 кг ә.з.). Гербицидтерді телітушілердің бүршіктері ашылғанша бүркеді, сондай-ақ арамшөптер өскеннен кейін де бүркуге болады.

Телітушілердің белсенді өсу кезеңінде (мамыр айының ортасы – аяғы) азотты тыңайтқыштармен үстеп қоректендіреді (аммиак селитрасының 30-40 кг/га ә.з.). Қажет болса аурулармен және зиянкестермен күресу шаралары қолданылады. Отырғызылған өсімдіктерді күтіп-баптау шараларының барлығы жаңа тамырлардың жедел қалыптасуына бағытталуы керек.

Қазақстанның солтүстігінде көзсабақтауды тамызда жүргізеді. Бұл кезде телітушілер қарқынды өсуін жалғастырады, ал сүңгектің камбиальді жасушалары белсенді бөлінеді және қабығы осыған орай сүрегінен жеңіл аршылады. Телінуге арналған сұрыптарда бұл кезде жеткілікті дамыған бүршіктері болуы тиіс. Көзсабақтауды кеш жүргізгенде қалқаншалар қоректік заттарды жинап үлгермейді және қыста опат болады. Топырақта ылғал тапшы болғанда камбийдің белсенділігін арттыру үшін көзсабақтаудан 10-15 күн бұрын суландыру жүргізеді.

Өндірістік тұқымбақтарда көзсабақтаудың екі тәсілін қолданады: қабық астына және жапсыра, көзсабақтауға қолайлы болу үшін телітушілерде 15 см биіктікке дейінгі барлық тарамдарды, олар шөптесін кезінде мытып, аластайды.

Қыс кезеңінде өсімдікті тышқандардан берік қорғауды ұйымдастыру керек.

Шымтезек – қарашірінділі құмыраларда өсірілген көшеттерді отырғызу. Бұл тәсілде тұқым үнемделеді және отырғызу материалдарын өсіруге қажет уақыт бір жылға қысқарады. Телітушілердің көшеттерін өсіруге танаптық жұмыстар басталғаннан бір ай бұрын кіріседі. Осы үшін арналған тұқымды әдеттегі уақытынан бір ай бұрын стратификациялайды. Көшеттерді көлденең қимасы 6х6 см және биіктігі 9-10 см шымтезектен – қарашіріндіден дайындалған құмыраларда өсіреді. Көшеттерді булыжайларда, пленкалы жылыжайларда өсіреді. Тұқым себер алдында құмыраларды жақсылап суландырады және оларға мұртын жара бастаған 1-2 тұқым себеді және қарашіріндімен толтырады.

Көшетті баптау дүркін-дүркін суландырудан, арамшөптерді жұлудан, желдетуден және тышқандарды жоюдан тұрады. Көшіріп отырғызудан 10-15 күн бұрын көшетті шынықтырады. Көшеттерді қорғаулы жерде болғанда 1-2 рет аммиак селитрасымен (бір шелек суға 2 г аммиак селитрасы) немесе сумен 7-8 есе сұйылтылған көң садырасымен үстеп қоректендіреді.

Көшетті маусымның бірінші жартысынан кешіктірмей, өсімдіктің биіктігі 10-15 см болғанда танапқа отырғызады. Көшіріп отырғызуды таңертеңгі және кешкі мезгілдерде жүргізеді, бұлыңғыр ауа райында күні бойы. Көшеттерді қалыптастыру танаптарына тән 90х25-30 см сұлбасымен отырғызады. Қолмен отырғызғанда құмыралардың қабырғаларын жаншиды және топырақпен жан-жағынан қысады. Үлкен алаңдарда құмырадағы көшеттерді РПМ-9, МРП-5,4 көшетотырғызғыш машиналармен отырғызады. Отырғызысымен суды мол беріп суландырады және құмырамен отырғызылған көшеттерді қарашіріндімен немесе шымтезекпен жабындау керек. Өсімдіктерді кейінгі баптаулар, қалыпты телітушілердікінен гөрі мұқият болуы тиіс.

Маусымда өсімдіктерді үстеп қоректендіреді, ал шілденің басында сүңгектің төменгі бөлігінде қосымша тарамдардың болуының алдын алу және қабықтың иілгіштігін сақтау үшін қосымша түптейді.

Аталған жұмыстарды агротехникалық жоғары деңгейде жүргізу, өсімдікті отырғызылған жылы көзсабақтауды қалыпты жүргізуді, тамыр жүйесі тарамдалған және топырақ үстілік бөлігі қуатты телінген үлгіқалыпты екпе көшетті алуды қамтамасыздандырады.

Тұқымбақтың бірінші танабын қысқы телулерден салу. Бұл тәсілде екпе көшеттерді өсіру үдерісі бір жылға қысқарады. Одан басқа, жабайыны жазғы телуден қысқы-көктемгі кезеңге ауыстыру экономикалық жағынан тиімді. Телу үдерісі жеңілдейді, себебі бұл жұмысты үй-жайда үстел басында отырып орындайды. Қысқы телуді енгізу телу жұмыстарын механикаландыруға мүмкіндік береді. Телуші МПП-1 машинасы еңбек өнімділігін қол тәсілімен салыстырғанда 2-3 есе арттырады.

Қазақстанның оңтүстігінде алманы өсіргенде қысқы телулерді қолдану үлгіқалыпты біржылдықтардың шығымын 50%-ға дейін қамтамасыздандырады (Б.Г. Матаганов, К.Д. Аяпов, 1997).

Қысқы телулерге бір және екі жылдық екпе көшеттерді, сұлатпа сабақтарды және кіндік тамырлардың ұзындығы 12-15 см кем емес, жуандығы 6 мм артық емес кесінділерін пайдаланады. Дайындалған телітушілер мен тамырларды жертөледе, ертөлеге қалап немесе жәшіктерде, сондай-ақ жеміс қоймаларында -3оС-дан +2оС-ға дейінгі температурада, полиэтиленді қаптарда немесе контейнерлерде сақтайды.

Телітуші ретінде мәдени сұрыптардың бір жылдық өсіндісін пайдаланады. Қалемшелерді аналық-сұрыптық бақтан күзде, аяздар басталғанша дайындайды. Оларды жертөледе ертөлеге қалап немесе жеміс қоймаларында пленкалы қаптарда немесе контейнерлерде 0оС жуық температурада сақтайды.

Телуді қараша айының ортасынан ақпан айының соңына дейін жүргізеді. Телінген жерлерде топыраққа отырғызғанша каллюстік шор пайда болады және түтікшелі ұлпалар пайда бола бастайды.

Телітуші және телінуші материалдарды телу жүргізілетін шеберханаға телуден бір күн бұрын немесе сол күні әкеледі, жуады, ылғалын дегдітеді және тамырын құрғаудан қорғайды. Нақ телу алдында оларды құрғақ шүберекпен сүртеді. Телудің әртүрлі тәсілдерін қолданады: жақсартылған қиыстыруды, жанастыра тілшелеп телуді. Телінушінің қалемшесін үш бүршігімен кесіп алады.

Телінгендерді кейін, 65о-75о дейін балқытылған парафинге малып алады да жәшікке салып, дымқыл ағаш үгіндісімен немесе шымтезекпен қабаттастырады және температурасы 20-22оС және ауасының дымқылдығы жоғары жайға орналастырады. Бұл тәсілді телулерді стратификациялау дейді, ол телінген құрауыштардың бітісуін жеделдетеді.

Ұластырылғандарды стратификациялауды, ауалануы үшін саңылауы бар полиэтиленді қаптарда жүргізуге болады. Қаптарды қатты ыдыстарға орналастырады (суланбайды). 12-15 күннен кейін жақсы шор пайда болады, кейін температураны 5-10оС дейін төмендетеді. Екі аптадан кейін ұластырылғандарды топыраққа отырғызғанша 0оС-да сақтауға қояды.

Ерте көктемде телінген өсімдіктерді тұқымбақтың бірінші танабына қабылданған сұлба бойынша отырғызады. Отырғызуды шөнектерге қолмен, гидробұрғының көмегімен және СШН-3, СКН-6А машиналарымен отырғызады. Отырғызуды телінушінің жоғарғы бүршігі топырақ үстінде болатындай етіп жүргізеді. Отырығызылған өсімдіктерді суландырады және түптейді.
Тұқымбақтың екінші танабы (біржылдықтар танабы)

Екінші танапта, өткен жылы телінген мәдени өркендердің бүршіктерінің жақсы өсуі және дамуы үшін жағдай қалыптастырады. Мұнда біржылдықтарды өсіреді. Шекілдеуікті дақылдардың біржылдықтары бөрікбас қалыптастыруға дайын болуы тиіс, ал сүйекті дақылдардікі – баққа отырғызуға.

Жұмысты ерте көктемде, ұластырылғандарды түптелген топырағынан аршудан және көзсабақтарды байлаудан, оны қарсы жағынан кесіп, босатудан бастайды. Бітіскен қалқандардың беті тегіс, қабықтары серіппелі және жақсы жетілген бүршікті болуы тиіс.

Телінген көзшелердің уақытында өсуін қамтамасыздандыру және қоректік заттар тек телінген бүршіктерге бағытталуы үшін телітушінің топырақ үстілік бөлігін сөл қозғалғанша өткір бақ қайшысымен немесе бақ пышағымен кеседі. Көзшелері қыста опат болған немесе көзсабақтаудан кейін бітіспеген телітушілерді кеспейді. Кейінірек оларды жиі қалемшемен бүйірлік тілікке немесе өскінденген бүршікпен телиді.

Телітушілерді аластатудың екі тәсілі бар: көзшеге және тірекке (тікенге) (13-сурет). өзшеге кесу көбірек қолданыс тапқан. Мұндайда телітушінің діңшігі телінген бүршіктің үстінен 30оС бұрышпен, кесуді көзшеден 2-3 мм жоғарырақ жүргізеді. Тірексіз телуде телітушіні қалыптастыратын түбірлік бұтақшалар саны күрт азаяды, сондықтан оны аластауға жұмсалатаын шығындар да кемиді. Бірақ бұл тәсіл желдің есуі баяу және жақсы қорғауы бар жерлерде қолдануға жарамды. Көзсабақты тірексіз өсіргенде олар кейде бір жағына ауытқиды; олардың тік өсуі үшін түптеу жүргізеді. Сабақтары иілуге бейімді тұқымдықтардың өсімдіктеріне, биіктігі 40-50 см қадалар қағады және соларға біржылдықтарды байлайды. Қысыңқы, пирамида тәрізді бөрікбасты сұрыптарды тіреуішсіз (тікенсіз) өсіруге болады, ал бөрікбасы қаумалы, иілгіш келетін сұрыптарды тіреуішпен өсіру қажет.

Қатты желдері көп Қазақстанның солтүстігінде телітушілерді сүңгегінің бір бөлігін, ұзындығын 15-18 см етіп тікенге қалдырады. Телінген бүршіктерден 4-5 нағыз жапырақтары бар биіктігі 6-8 см өркендер өсіп шыққанда, оларға тіктік күй беру және сынудан қорғау үшін тікенге байлауды жүргізеді. Екінші рет байлауды өркенінің биіктігі 20-25 см жеткенде және 8-10 жапырақ пайда болғанда жүргізеді (14-сурет). Бірініші байламды шешеді және тікеннің жоғарғы бөлігіне екінші байламды байлайды.

Жазда (шілде-тамыз), мәдени өркеннің телітушімен берік жымдасуы жүргенде, буданның төменгі бөлігі ағаштанғанда тікенді өткір бақ пышағымен немесе тікенкескіш-пен кеседі. Жуан тікендерді аралайды, ал тілігін пышақпен тазалайды. Кесу алдында өсімдікті түптеген топырақтан аршиды және кесу тұсындағы тікенді сумен жуады.

Тікенді пышақпен кескенде сол аяқтың ұшы бір жылдықтың түбінен демеп тұрады. Сол қолдың алақанымен буданды ұстап, бас бармақпен тікеннің ұшынан басып, өзінен алға және солға қарай қозғайды. Тікенді пышақты 45о бұрышпен өзіне және оңға қарай бағыттап, кесу соңында оның жүзін жоғарыға қарай бұрып кеседі. Жараға батпақ жағады, ұлпалардың кебуін болдырмас үшін телітушіге түптеу жүргізеді.

Топырақты күтіп-баптау қатараралықтарды өңдеуден, қатар бойындағы арамшөптерді жоюдан, суландырудан тұрады. Мамырда, маусымда 4-5 рет суландырады және соңғы рет тамыздың ортасынан кешіктірмей. Әр суландырудан кейін топырақты қопсытады.

Көзшеден өсірілген өркендерді күзге қарай біржылыдықтар дейді. Өркен жайғыштығы жоғары және бүршіктері тез жетілетін сүйекті тұқымдықтардың біржылдықтарын өсіргенде, тұқымбақтың екінші танабында бөрікбасты қалыптастыру мүмкіндігі туындайды. Мұндайда бүйірлік тарамдардың пайда болуын ынталандыру үшін маусымның соңы – шілденің басында біржылдықтарда (биіктігі 70-80 см болғанда) жазғы шырпуды қолданады. Бұл сиретілген – қат-қабат тип бойынша 4-5 қаңқалы бұтақтарды алуға мүмкіндік береді (Б.Т.Матаганов, К.Д.Аяпов, 1997).

Тұқымбақтың екінші танабындағы жұмыстарды, өсірілген біржылдықтарды қыс кезінде елеулі зақымдар келтіретін кеміргіштерден (қояндар, тышқандар) қорғау шараларын жүргізумен аяқтайды.

Тұқымбақтың үшінші танабы (екіжылдықтар танабы)

Тұқымбақтың үшінші танабындағы негізгі және жауапты міндет болып – екпе көшеттерді қалыптастыру саналады. Өсірудің жоғары агротехникасын сақтағанда үшінші танап өсімдіктерден күзде босауы керек.

Алғашқы қалыптастырудың міндеттеріне жатады: тұқымдықтың және сұрыптың биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келетін бөрікбас пішінін қалыптастыру, өсімдіктің ертерек жеміс салуын қамтамасыздандыру, жемістерінің сапасы жақсы жоғары өнімді алуды, жоғары өнімділікте ағаштардың беріктілігін, ағаштардың жергілікті жердің климатына төзімділігін қалыптастыру, ағаштарды және топырақты күтіп-баптауды механикаландыруға мүмкіндік беретін бөрікбастарды қалыптастыру. Әйтсе де қалыптастыру бойынша кейінгі жұмыстар жеміс бағына қалдырылады және жеміс өсімдігінің алғашқы жас шағында жалғасады.

Ағаштың берік қаңқасын қалыптастыру үшін мынадай талаптарды орындау қажет:

1. Негізгі қаңқалық бұтақтардың діңнен жеткілікті бұрышпен (45-60о) таралуын, себебі бұталар діңнен аз бұрышпен өссе жемістердің салмағымен жеңіл сынатын болады.

2. Бөрікбастың тепе-теңдігін сақтау және ауа-жарық қорегімен біркелкі қамтамасыздандыру үшін қаңқалы бұтақтарды кеңістікте біркелкі орналасуын (негізгі қаңқалы бұтақтардың өзара тарамдалу бұрышы 72о кем болмауын).

3. Көршілес қаңқалы бұтақтардың дің бойымен бірінен-бірінің қашықтығы жеткілікті болуын.

4. Қаңқалы бұтақтардың діңге бағынуын (бұтақтардың таралу орнының диаметрі діңнің диаметрінің 0,6-нан аспағаны дұрыс); егер бүйірлік тарамның диаметрі 0,6 асса, онда бұтақтардың бекуі әлсірейді және сыну қаупі туындайды.

5. Қаңқалы бұтақтардың өзара бағынқылығында, төменгілері жоғарғыларынан қуаттырақ дамуын.

6. Бұтақтардың жоғарғы реттегі бұтақтануын төменгі реттегілеріне бағынқылау, олардың өзара байланысын бекітеді және бөрікбастың сынуын болдырмайды.

Қалыптасатын өсімдіктер сүңгектерінің биіктігі, орталық өткізгіштің бар-жоғы, дің бойындағы негізгі қаңқалы бұтақтардың саны мен орналасуы, әртүрлі реттегі қаңқалы бұтақтардың өзара қатар бағыну деңгейі бойынша өзгешеленеді.

Сүңгектің биіктігі климат жағдайына, телітушінің, тұқымдықтың және сұрыптың құрамына, сондай-ақ өсірілетін материалдың өсіру мақсатына байланысты болады. Сүңгегінің биіктігіне қарай ағаштар: биік сүңгекті (150 см артық), орташа сүңгекті (70-150 см), аласа сүңгекті (50-70 см), түптенетін (50 см кем) және сүңгексіз, сондай-ақ бүкіл бөрікбасы топырақ бетінде орналасатындар, төсемелілер болады.

Қазақстанның солтүстігінде, өсімдіктер күюден және діңі мен ірі қаңқалы бұтақтардың негізі басқа да зақымдардан зардап шегетін қоңыржай климатында, аласа сүңгек ерекше бағалы. Аласа дің бөрікбаспен жақсы көлеңкеленеді және қармен қорғалына түседі. Бөрікбасы бұталы болғанда сүңгектің биіктігі 5 сантиметрден 30 см-ге дейін болады (В.К.Путий, 1984).

Орталық өткізгіш. Бөрікбасты қалыптастыру жүйесіне, сондай-ақ дақылдың биологиялық және сұрыптық ерекшеліктеріне байланысты, ағаштың орталық өткізгішін оның бүкіл тіршілігі бойы сақтайды немесе тек өсімдікті қалыптастыру кезіне қалдырылады немесе оны қалыптастырудың басында аластайды.

Пирамидальды немесе жетекші бөрікбастарды жақсы орталық өткізгішпен қалыптастырады да, оған бүйірлік бұтақтарды жақсы бағындырады. Бөрікбас мұндайда берік, әрі ұзақ өміршеңді болады, бірақ тым бойшаң және күтіп-баптауға қолайсыз ағаш дамиды. Осылай алмұртты және тәттішиені (соңғы ұзын кесуді көтере алмайды), оңтүстікте алхорыны қалыптастырады.

Қалыптастырудың екінші түртегінде ұластырушы сабақбұтақшаны ұзын кесумен басыңқылайды немесе негізгі қаңқалы бұтақтар пайда болғаннан кейін түгелдей аластайды. Бұл бөрікбас берік, бүйірлік бұтақтары діңге бағынады, бірақ пирамидальдімен салыстырғанда азырақ деңгейде, ағаштарының көлемі ықшамды, бөрікбасының ортасы жақсы жарықтанатын болады.

Қалыптастырудың үшінші түртегінде ұластырушы сабақбұтақшаны қалыптастырудың басында аластайды және бөрікбастың ортасын ашық қылады (қазан, табақша, сауыт тәрізді бөрікбастар). Мұндай бөрікбасты баптау жеңіл, бөрікбас ішінің жақсы жарықтануын және жапырақтануын қамтамасыздандырады, нәтижесінде айқын түсті жеміс пайда болады. Мұндай бөрікбастың кемшілігі –бұтақтарының берік бекімеуі және сынғыштығы. Бұл бөрікбасты шабдалыны өсіргенде жиі қолданады.

Негізгі қаңқалық бұтақтарды орналастыруды тұқымдықтардың және сұрыптардың биологиялық ерекшеліктерін, ағаштарды күтіп-баптаудың және өнімді жинаудың қолайлы болуын ескеріп жүргізеді.

Негізгі қаңқалық бұтақтарды орналастырылуына қарай қат-қабатты және қат-қабатсыз бөрікбастар болады. Қат-қабатты бөрікбаста негізгі бұтақтар қабаттармен орналасады және көршілес (күлтелі – қат-қабатты бөрікбас) немесе жақын орналасқан бүршіктен (сирек қат-қабатты) пайда болады. Қат-қабатсыз қалыптастыру жүйесінде негізгі қаңқалық бұтақтар бірінен-бірі біршама алшақ орналасады.

Жеміс ағаштарының бөрікбастарын қалыптастырудың көптеген әртүрлі жүйелері бар, бірақ өндірісте ең көбірек қолданылатындары мыналар: күлтелі – қат-қабатты, сирек – қат-қабатты, бұталы пішінді, сауыт тәрізді

Барлық жүйеде де бөрікбасты қалыптастыруды біржылдықтарды кесуден (бөрікбастандырудан) бастайды. Бөрікбастандыруды көктемде сөл қозғалғанша, бүршіктер жандана бастағанда жүргізеді. Бөрікбасты сау, бірқалыпты дамыған, сүңгектің қажетті биіктігін және болашақ бөрікбасты құруға жеткілікті толыққанды бүршіктерді құрастыруға қабілетті біржылдықтарда құрастырады.

Бүршіктердің біржылдықтарда орналасу орнына қарай құндылығы (сапасы) бірдей еместігі ескеріледі. Ағаш текті өсімдіктерде жақсы дамыған бүршіктері әдетте бір жылдық өркеннің орталық бөлігінде, өркеннің орталық білігіне күрт шығыңқысында (дөңесінде) орналасады. Бүршік орналасқан жер неғұрлым дөңестеу болса, соғұрлым бүршік жақсы дамыған болады, бұдан дамыған өркен де қуаттырақ және оның негізгі біліктен тарау бұрышы да үлкенірек болады.

Қалыптастыру жүйесіне қарамай бөрікбасты жақсы дамыған бүршіктің маңайында құрастырады. Бұтақтардың діңмен берік бекуі таралу бұрышына байланысты: дің мен бұтақ арасындағы бұрыш неғұрлым үлкен болса, соғұрлым байланысы берік келеді. Міне, сондықтан бөрікбастың негізгі бұтақтарын көбінесе ортаңғыларынан алады, себебі біржылдықтардың жоғарғы бүршіктерінен сүйір бұрышты бұтақтар пайда болады. Кейін мұндай бұтақтар жеңіл сынады.

Бөрікбастың сирек-қат-қабатты қалыптастыру жүйесін, бөрікбастың күлтелі-қат-қабатты қалыптастырудың жақсартылған нұсқасы ретінде П.С.Гельфандбейн ұсынған. Бұл ағаш тектес өсімдіктердің бөрікбастарын қат-қабаттап қалыптастыру заңдылығына сүйенеді және ағашты қалыптастыруды жеделдетеді. Сирек – қат-қабатты бөрікбасты төменгі қат-қабатты, көбінесе көршілес үш бұтақтан жасайды. Кейінгі бұтақтарды екі бұтақты немесе бір бұтақты қат-қабат қылады. Қат-қабаттардың ара-қашықтығы – 8-15 см. Бөрікбастарды ерте көктемде, бүршіктер жандана бастағанда қалыптастырады. Біржылдықтардың жоғарғы бөлігін бүршікке немесе тікенге (тірегішке) кеседі, осыдан кейін ұластырушы сабақбұтақшаны байлайды.

Өлшемнің көмегімен үлгіқалыпқа сай сүңгектің биіктігін белгілеп және сонымен бөрікбастың төменгі бұтағының орнын анықтағаннан кейін, бірінші қат-қабатты жасауға және ұластырушы сабақбұтақтарды шығаруға қажет алты ең қуатты, жақсы дамыған бүршіктерді санап алады.

Буынаралықтары қысқа сұрыптардан бөрікбас құрау үшін 10-11 бүршік таңдалады да, олардың барлық жұп немесе керісінше, дара бүршіктерін аластайды, сонда бөрікбастың бұтақтарының еркінірек орналасуы қамтамасыздандырылады. Ұластырушы сабақбұтақтар дамитын жоғарғы бүршікті, діңнің тікенді аластау орнынан түзету мақсатында, телітушінің тікен жағынан таңдайды. Бөрікбасты қалыптастыруға бүршіктерді таңдағанда сүңгектің белгіленген биіктігін 5-7 см биіктетуге немесе аласартуға рұқсат етіледі. Барлық жағдайда да ұластырушы сабақбұташықтар үшін таңдалған бүршіктер біржылдықтың ұшынан 25-30 см алшақ болғаны дұрыс.

Бөрікбасты қалыптастыруға жарамды бүршіктерді біржола таңдағаннан кейін, ұластырушы сабақбұтақшаларды байлауға және түзетуге тікенек болуы үшін, біржылдықтың өркенін жоғарғы бүршіктен 8-10 см биігірек кеседі. Тікендегі бүршікті бөрікбасты құру кезінде өткір пышақпен кеседі.

Бөрікбасты құрумен қатар сүңгекте жазғы ең ірі, диаметрі 0,75 см және одан жуандау жазғы өркендерін сақиналап кеседі. Сондай-ақ телітушідегі тікенді, егер ол тұқымбақтың екінші танабында аластатылмаған болса және түбірлік жас бұтақшаларды да кеседі. Төмен орналасқан жас бұтақшаларды, аластау алдында топырақтан ағаш күрекпен аршып алады.

Бөрікбас құруға қажет бүршіктердің дамуына бақылау жүргізеді. Ұластырушы сабақбұтақшалар жарақаттанғанда, сынғанда немесе әлсіз өскенде оны жақынырағымен, ең қуатты жоғарғы өркенімен, оны тіктеп тікенге байлап, алмастырады. Бөрікбастау аймағында гүл бүршіктері байқалса шанақтарды сындырады. Шекілдеуікті тұқымдықтарда жеміс бүршіктерін құрудың аралас сипатты болуының арқасында өсу нүктесінің қалпына келуі, сол бүршіктен бір мезгілде өсінді бөліктерінің өсуінің ретінен жүреді.

Өсінді кезеңде ұластырушыны қалдырылған тікенге байлайды, сонда ұластырушы сабақбұтақшаның басыңқылығы қамтамасыздандырылады, сондай-ақ бөрікбасты құруға таңдалған өркендердің өсуін реттейді. Ұластырушыны, оның ұзындығы 8-10 см жеткенде, тіктеп байлайды.

Екіжылдықтардың бөрікбасында, ұластыруға жақын орналасқан жоғары өркендері қуаттырақ, бөрікбастың төменгі бұтақтары әлсіздеу болады. Міне, сондықтан бөрікбастың жекелеген бұтақтарының біркелкі өспеуін болдырмас үшін шілденің басында шырпу қолданылады. Ұшы аса жоғары орналасқан өркендерді қаттырақ шырпиды, сондай-ақ сүйірлеу бұрышпен өскен өркендерді де. Жас жапырағы молырақ өсу нүктесін аластату шырпылған өркеннің өсуін 14-17 күнге тежейді де, шырпылмаған өркендердің өсу жағдайын жақсартады. Мұндай тәсіл бөрікбасты құрайтын өркендердің өсуін біркелкілендіруге мүмкіндік береді.

Жекелеген қуатты өскен өркендерді шырпудан басқа, бөрікбастың өсуін реттеуді, салбыраңқы, баяу өскен бұтақтарды байлаумен жүзеге асырады. Жаздың екінші жартысында бәсекелес бұтақтарды аластайды. Өсімдіктердің бұтақтануы әлсіз жүргенде және бөрікбасты құруға бәсекелес қажет болғанда, оларды қалдырады және кергіштердің көмегімен үлкен бұрыш жасап кереді.

Ұластырушыдағы және бөрікбастың бұтақтарындағы барлық жаздық тарамдарды шырпиды. Бұл олардың жұмыстарын бұтақтардың жуандануына ауыстырады, ұштық бүршіктердің қалыптасуын жақсырақ қамтамасыздандырады және өсімдіктерде отырғызғанда тамырлануын және көндігуіне мүмкіндік жасайтын қоректік заттардың жиналуына бағыттайды. Сүңгек маңайындағы барлық өркендерді, оларды жуандату үшін шырпиды. Өсінді кезеңнің соңында бөрікбасты түпкілікті қалыптастырады.

Әлсіз, дертті және зақымданған, қалыптастыруға жарамсыз біржылдықтарды кері өсуге кеседі, яғни 20-25 см-ге немесе сау жеріне дейін қысқартады – қуатты біржылдық өсіру үшін. Бүйірлік өркендері өсудің басында аластатылған екпе көшеттерде тегіс, жарасыз сүңгекшесі болады. Таңдалынған қаңқалы бұтақтар бірінің үстіне бірі орналаспағаны және өсу қуаты бойынша бірінен-бірі аса өзгешеленбегені дұрыс.

Топырақты күтіп-баптау тұқымбақтың екінші танабынікіне ұқсас. Сүректің жақсы жетілуі үшін қатараралықтардағы және қатар бойындағы топырақтарды қопсытуды, суландыруды, арамшөптермен күресуді жаздың бірінші жартысында жүргізеді; жаздың екінші жартысында өңдеулерді тоқтатады. Қатараралықтарды өңдеуге қосымша құралдары бар жоғары клиренсті Т-25 тракторын пайдаланады.

Бұталы пішін сүңгегі аласа және ұластырушы сабақбұтақшалары аса елеулі емес өсімдіктерге тән. Бұталы пішінді бөрікбас ағаштың қалыптасуының тез аяқталуына және ертерек жеміс байлауына мүмкіндік жасайды.

Бұталы бөрікбасты 5-7 негізгі бұтақтар құрайды. Бөрікбаста бұтақтар қат-қабаттанып, топтармен орналасады. Әр қат-қабат 2-3 бұтақтан тұрады. Қат-қабаттардағы бұтақтар жақын, біркелкі жан-жағында орналасады. Қат-қабаттардың арақашықтығы 40 см, жекелеген бұтақтардікі – 15-25 см. Бөрікбасты қалыптастыруды тұқымбақта бастайды. Бақта қалыптастыруды жалғастырады. Бұта пішіндес бөрікбас ағашты аязды қыстарда үсуден және діңдер мен қаңқалы бұтақтарды күюден қорғайды.

Жеміс дақылдарының екпе көшеттерін қазып алу, сұрыптау, сақтау және жүзеге асыру

Ағаштың бөрікбасында бірінші реттік 6-7 бұтақ және екі есе көп екінші реттік бұтақтар болуы тиіс. Сүңгектің биіктігі 10-15 см. Бөрікбастардың төселгіш түртектерінің кемшілігі – көп еңбекті қажет етуі. Төселе өсетін ағаштардың көлемін кеміту және еңбек шығынын азайту үшін оларды қысқа төзімді ерегежейлі телітушілерге телу.

Қазудан 1-1,5 ай бұрын, жапырақтары түспегенде және олар түсін өзгертпегенде, ағаштарға түгендеу және мақұлдау (апробация) жүргізеді. Бұл қазылып алынатын өсімдіктердің сапасы мен санын жеке дақылдар, помологиялық сұрыптар бойынша анықтауға мүмкіндік береді. Сұрыптық қоспаларды жаппай қазуға дейін аластайды. Мақұлдаумен қатар қазуға қажет машиналар мен құралдарды, тасымалдаушы көліктерді, буып-түйуші материалдарды, екпе көшеттерді көмуге қажетті жабдықтарды дайындайды.

Екпе көшеттерді қазып алу. Қазуға өсінді кезеңнің соңында (қыркүйектің соңы-қазанның басында), өркендер бойлап өсуін және ағаштануын аяқтағанда, ұштық бүршіктерін қалыптастырғанда және жапырақтарын түсіре бастағанда кіріседі. Тұқымдықтардың басым бөлігінде жапырақтарын түсіруі кеш аяқталады. Сондықтан түспей қалған жапырақтарды екпені қазардан 2-3 күн бұрын үзеді (жұлады). Жапырақтарды әдетте қолғап киіп жұлады. Бүршіктері жеңіл сынатын тұқымдықтар мен сұрыптарда (шие, тәіттішие, алмұрт) жапырақтарды жұлуды өркеннің төменгі жағынан оның ұшына қарай жүргізеді, сонда бүршіктері бүлінбейді. Басқа тұқымдықтарда үзуді үстінен астына қарай жүргізеді. Бұл жұмыс қол күшін көп қажет етеді. Жақсы нәтижені химиялық дефолиация береді (жапырақтардың 70-100% түсуі) – екпе көшеттерді қазып алудан 15 күн бұрын хлорат магнийдің 0,4-1 % немесе эндоталдың 0,075 % ерітіндісімен бүрку. Ерітінді шығыны 800-1500 л/га (1 га 20-30 адам-күн үнемделінеді).

Таңдап қазудың қажеттілігі туындаса, күрекпен қазып алады.

Күрекпен қазғанда қатар бойымен, екпе көшеттерден 20-25 см қашықтықта, тереңдігі 2 күрек бойы шұңқыр қазады және тік тамырларын кеседі. Қатардың екінші жағынан өсімдікті тамыр мойнынан ұстап, күрекпен топырақ кесегін тіледі және сонымен бірге екпе көшетті топырақтан қазып (суырып) алады.

Екпе көшеттерді сұрыптауды салалық үлгіқалыптың техникалық жағдайына сай жүргізеді. Оны қазу маңайына жақынырақ және тез, тамырларды күн көзінің тікелей әсеріне шалдықтырмау және құрғатпау үшін, дұрысы лапас астында жүргізу.

Сұрыптағанда екпе көшеттерді екі сұрыпқа және жарамсыз деп бөледі. Бағалағанда екпе көшеттің жасына және даму қуатына, тамыр жүйесінің, діңнің, бөрікбасының сапасына, сондай-ақ фитосанитарлық күйіне көңіл қояды. Сұрыптық тазалық 100 % болуы тиіс.

Бірінші сұрыпқа тамыр жүйесі жақсы дамыған, ең кемі үш негізгі қаңқалы тамырлары бар, жан-жағына біркелкі бағытталған, ұзындығы 35 см кем емес, механикалық және басқа да зақымсыз екпе көшеттерді жатқызады. Мұндай екпе көшеттердің діңдері тегіс, дертсіз, зақымсыз (аяздан, күн көзінен күюсіз, кеміргіштерден, өңдеу құралдарынан, т.т.), өсімдікті қалыптастыру кезінде жуандану өркендеріндегі, тікенге кескен кезде алған жарақаттарының бәрі жазылған немесе жартылай жазылған болуы тиіс. Бөрікбастары дұрыс қалыптасуы керек. Сирек – қат-қабатты жүйеде бөрікбастарда ұластырушы сабақбұтақтардан басқа, даму қуаты бойынша жақсы реттелген және дұрыс орналастырылған 5 қаңқалы бұтақтары болуы тиіс. Сүңгектің жуандығы 1,5-2 см, негізгі қаңқалы бұтақтардың ұзындығы 40-50 см.

Ұластырушы сабақбұтақша қалыптастыру жүйесіне қарамай, қуатты дамыған және бөрікбаста тік орналасуы тиіс. Ол негізгі қаңқалы бұтақтардан ұзын болуы тиіс. Ұластырушы сабақбұтақтардың барлық «бәсекелестері» тұқымбақта уақытында кесілуі тиіс.

Екінші сұрыпқа тамырының ұзындығы 30 см кем емес екпе көшеттерді жатқызады. Діңнің төменгі бөлігі сәл майысқан (15-20о-қа дейін) болуы мүмкін. Бөрікбасты қалыптастыру үдерісінде пайда болған жараның бетін каллюстік шорлар жартысына жуығын жауып тұруы мүмкін. Бөрікбастағы бұтақтардың саны екпе көшеттердің бірінші сұрпымен салыстырғанда біреуіне кем, ал олардың ұзындығы 10 см-ге қысқарақ болуы мүмкін.

Жарамсыздарға дамуы әлсіздерді, нашар қалыптасқандарды, механикалық жарақаттары ауқымдыларды, тамырлары қысқаларды, қаңқалы тамырларының негізінде және тамыр мойынында ісік өсігі барларды жатқызады. Бұл өсімдіктер жойылады.

Калифорния сымыры немесе қызыл биті бар тұқымбақтардан жөнелтілетін екпе көшеттер уландырылады (фумигацияланады). Тамыр ісігінің өсігі жеңіл аластатылатын (егер ісік тамырдың негізіне 20-25 см жақын болмаса) екпе көшеттердің тамыр жүйелері тотыяйнның 5 %-ды ерітіндісімен зарарсыздандырылады да, сумен шайылады.

Екпе көшеттерді көму (көме тұру) – топырақтан қазып алынған өсімдіктердің тамыр жүйесін құрғаудан және теріс температураның әсерінен қорғау тәсілі. Тұтынушыға жөнелтудің алдында немесе сол шаруашылықта күзде отырғызғанша және тұрақты жерге – баққа немесе тұқымбаққа көктемде отырғызу үшін көму уақытша болуы мүмкін. Тұрақты көмуге құрғақ, су жиналмайтын, желден қорғалған жерден көмбе телімін алдын ала дайындайды: арамшөптерді жояды, жаздың екінші бөлігінде сүрі жер күйінде баптайды. Телімнің маңайында ені және тереңдігі 0,5 м суағар қазылады. Солтүстіктен оңтүстікке қарай, біріне-бірін қатарластыра (параллель) және жолға көлденең, ұзындығы 50 м аспайтын, ені 2 м, тереңдігі 50-60 см көмбе ордың, орналастыру арасынан жүру үшін ені 1,5 м жол қалдырып, қазады.

Көмер алдында бақ қайшысымен немесе пышақпен өсімдіктің зақымданған тамырларының және бұтақтарының бөліктерін қияды. Көмуді ордың оңтүстік жағынан бастайды, оның алдыңғы қабырғасын 45о бұрышпен көлбеулеп қазады да, оның кемеріне ордың енінен әжептәуір енді тақтай төсейді. Ордың түбіне қалыңдығы 20 см борпаң топырақ салады. Осы топыраққа, орға көлденең, көлбеулеу, бөрікбастардың ұшын оңтүстікке (діңін аяз ұрудан қорғау үшін) бағыттап өсімдіктерді біріне-бірін тығыз бір қатармен орналастырады және сүңгектің 1/3-1/2-на дейін борпаң топырақпен, тамырлардың арасындағы барлық қуыстарды толтыра отырып, жабады. Сосын толтырылған топырақты тығыздайды, ал өсімдіктер қатарын, тақтайдың ұшынан ептеп өзіне тартып тегістейді. Құрғақ ауа райында көмілген өсімдіктерді суландырады және құрғақ топырақпен себелейді. Өсімдіктерді су басудан қорғау үшін оларды телім бетінен 10-15 см жоғарырақ көмеді. Өсімдіктердің жекелеген түрлері мен сұрыптарын жеке-жеке, бір қатарда бірдей өсімдіктер санын көмеді. Көмуді плантажды соқамен жүргізуге болады. Алдымен бір немесе екі рет жүргізіп терең шөнек (атыз) жасайды. Соқаның келесі өтуінде өсімдіктерді сүңгегінің ортасына дайын көмеді. Егер екпе көшет өте ірі болса, келесі өсімдік қатарын орналастырудан бұрын соқамен тағы бір рет өтеді. Бір орға бір помологиялық және тауарлы сұрыптың екпе көшеттерін көмеді.

Көмгеннен соң орлардың, тұқымдардың, помологиялық және тауарлық сұрыптардың нөмірлері және көмілген өсімдіктер санын көрсетіп телімнің жоспарын жасайды. Өсімдіктерді тышқандардан қорғау үшін ұландырғыш еліктіргіштерді, шырша бұтақтарын қолданады, қарды тығыздайды, ал қояндардан көмбе телімдерін темір тормен қоршайды.

Екпе көшеттерді орап-байлау және тасымалдау. Тұқымбақтан екпе көшетті отырғызу орнына, алыс қашықтыққа ешбір зақымсыз жеткізу үшін арнаулы орауларды қолданады. Мұқият орау әсіресе күзде және көктемде болуға тиіс, екпе көшет төмен температурадан (тоңазуы) немесе керісінше, жоғары температурадан (қызуы, көктеуі, қурауы) зардап шегуі мүмкін. Ірі екпе көшеттер тасымалдауға төзімдірек және орап-байланған күйінде, ұсақтарға қарағанда азырақ зақымданады, себебі теңдерде бос байланады.

Орама (буып-түюге) ретінде сабанды, қамысты пайдаланады; теңді сыммен, жіппен, тал шыбығымен орап-байлайды. Теңнің топырақ бөлігін қаптамалауға қаптарды пайдаланады. Ішінен орауға күздіктердің сабаны жақсы, себебі жаздық дақылдардың сабаны, әсіресе сұлы мен арпаның, тез ыдырайды да температураны көтереді және өсімдікті опат қылады.

Екпе көшетті буып-түюге дайындау, оларды мұқият байлаудан, құлаққағазын ілуден, теңдеуден бұрын тамырын балшық пен сиыр қиының быламығына малып алудан басталады.

Будаға: екі жылдық екпе көшеттерді 5-тен, біржылдықтарды 10-нан байлайды. Біржылдықтарды екі жерден байлайды: тамыр мойынынан және одан 60-70 см жоғарырақ. Сүңгектегі екі байлаудан басқа (тамыр мойынынан жоғарырақ және сүңгектің үстінен), екі жылдықтар байламында үшіншісі болады – бөрікбасты қысып тұратын. Әр байламға помологиялық сұрыптың аты жазылған екі құлаққағаз ілінеді. Екпе көшеттің әр тобына карантинді зиянкестер мен аурулардың жоқтығын куәләндірәтін сұрыптық куәлік пен кепілдік сертификат беріледі.

Бөрікбасы осал сұрыптардың бөрікбасының ішіне, тиеу және тасымалдау кезінде жекелеген бұталарын сынудан қорғау үшін, сабан салады.

Автомашиналарда тасымалданса оның шанағының түбіне дымқыл сабан төселеді, ал жақтауларына қамыстан немесе сабаннан тоқылған бойралар ілінеді. Байланған екпе көшеттерді біріне-бірін тығыз тіктеп қояды. Өсімдіктердің тамырының астына дымқыл сабан төселеді. Екпе көшеттерді күннен қорғау үшін үстінен жөкемен немесе брезентпен жабады да, жіппен шандиды. Жолда сабан құрғаған сайын оларға міндетті түрде үстінен су құяды. Міне осындайда екпе көшеттер 1-2 күндік тасымалдауға шыдайды. Белгіленген жеріне жетісімен екпе көшетті жедел дымқыл топыраққа көме тұрады.

Тұқымбақ кітабы. Әр тұқымбақ шаруашылығында, тұқымдық және телітуші материалдардың шығу тегі көрсетілетін, тұқымбақ кітабы жүргізіледі. Бұл кітап өсіру кезінде отырғызылатын материалдарының опат болу себебін білуге мүмкіндік береді. Бұл кітапты Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен пішінде жүргізеді. Мұнда жылда аналық өсімдіктердің күйі көрсетіледі: өсімі, өнімі, аурулардан, зиянкестерден, төмен температуралардан зақымдануы. Бұл байқаулар өзінің құндылығын жоғалтқан аналық өсімдіктерді көбейтуді уақытында тоқтатуға мүмкіндіктер береді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   49




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет