«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы №125-vi кодексі


-бап. Ұстап тұру мәртебесі ұғымы және оны беру негіздері



бет38/45
Дата26.01.2022
өлшемі325.71 Kb.
#454843
түріКодекс
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   45
zher koinaui zhane zher koinauin paidalanu turali kr kodeksi

222-бап. Ұстап тұру мәртебесі ұғымы және оны беру негіздері

1. Ұстап тұру мәртебесі деп осы Кодексте көзделген шарттарда және тәртіппен жер қойнауын пайдаланушының көрсетілген учаскеде (немесе оның бір бөлігінде) кендік пайдалы қатты қазбаларды өндіруді бастамау немесе тоқтата тұру құқығын көздейтін, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесінің айрықша құқықтық режимі танылады.

Осы тараудың ережелері пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның қолданылу мерзімі кезеңінде қандай уақытта да қолданылуы мүмкін.

2. Жер қойнауы учаскесіне ұстап тұру мәртебесін беру жер қойнауын пайдаланушыны ұстап тұру мәртебесінің қолданылу кезеңіне осы Кодекстің 210-бабында көзделген міндеттерді, сондай-ақ онымен байланысты есептілікті беру бойынша міндеттемелерді орындаудан босатады.

Өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесінің бір бөлігіне ұстап тұру мәртебесін беру жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекстің 208-бабының 2) тармақшасында көзделген міндеттемелерінің мөлшерін пропорционалды түрде азайтуға алып келеді.

3. Ұстап тұру мәртебесі кейінгі бес жылға дейінгі мерзімге ұзарту мүмкіндігімен қатарынан бес жылға дейінгі кезеңге беріледі. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесіне қатысты ұзарту мерзімі ескеріле отырып, ұстап тұру мәртебесінің жалпы мерзімі он жылдан аспайды.

4. Ұстап тұру мәртебесін беру жер қойнауын пайдаланушыға ұстап тұру мәртебесі қолданылатын жер қойнауы учаскесінің аумағы және осындай мәртебенің қолданылу мерзімі көрсетіле отырып қайта ресімделген өндіруге арналған лицензияны беру арқылы расталады.

5. Ұстап тұру мәртебесі мынадай негіздердің кез келгені болған кезде беріледі:

1) анықталған минералды ресурстарды өндіру келешектегі бес жыл ішінде рентабельді болуы мүмкін деп пайымдауға ақылға қонымды негіздер болған кезде қолайсыз нарықтық жағдайларға байланысты мұндай өндірудің жер қойнауын пайдаланушы үшін рентабельсіз болып табылуы;

2) экологиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды өндіруді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін технологияның болмауы;

3) еңсерілмейтін күштің, яғни осы жағдайларда төтенше және ырық бермейтін мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар және тағы сол сияқты) болуы;

4) жер қойнауын пайдаланушыға оңалту рәсімін қолдану туралы сот шешімінің күшіне енуі.

 

223-бап. Ұстап тұру мәртебесін беру тәртібі



1. Ұстап тұру мәртебесі жер қойнауын пайдаланушының не оңалтушы басқарушының өтініші бойынша беріледі.

2. Өтініште ұстап тұру мәртебесін беру үшін жер қойнауын пайдаланушы өтініш жасауға негіз болатын мән-жайлар көрсетіледі және сипатталады.

3. Өтінішке мыналар қоса беріледі:

1) осы Кодекстің 222-бабы 5-тармағының 1) - 4) тармақшаларында көзделген мән-жайлардың болуын растайтын құжаттар;

2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен жұмыстар бағдарламасы.

4. Құзыретті орган өтінішті қарайды және осы Кодекстің 224-бабы 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көзделген ұстап тұру мәртебесін беруден бас тарту үшін негіздер болмаған кезде, сондай-ақ жұмыстар бағдарламасын келіскеннен кейін өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде өтініш иесіне консервациялау жобасын ұсыну қажеттілігі туралы хабарлама жібереді.



Консервациялау жобасын өтініш иесі хабардар етілген күннен бастап төрт айдан кешіктірмей құзыретті органға ұсынуға тиіс. Өтініш иесі құзыретті органға көрсетілген мерзімді ұзартуға, мұндай ұзартудың қажеттілігін негіздей отырып, өтініш жасауға құқылы.

Егер мұндай ұзарту қажеттілігі өтініш иесіне байланысты емес мән-жайлардан туындаса, құзыретті орган осы мерзімді осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен күннен бастап төрт айдан аспайтын кезеңге ұзартады.

5. Құзыретті орган өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін береді және осы Кодекстің 226-бабында көзделген тәртіппен әзірленген консервациялау жобасы ұсынылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қайта ресімделген лицензияны жер қойнауын пайдаланушыға береді. Өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беруге байланысты қайта ресімделген лицензияда ұстап тұру мәртебесі бар осы учаскенің (оның бір бөлігінің) аумағы көрсетіледі.

 

224-бап. Ұстап тұру мәртебесін беруден бас тарту



1. Құзыретті орган мынадай негіздердің бірі болған кезде:

1) өтініш немесе оған қоса берілетін құжаттар осы Кодексте көзделген талаптарға сәйкес келмесе;

2) өтінішке осы Кодексте талап етілетін құжаттар қоса берілмесе;

3) өтініш иесі осы Кодекстің 223-бабында көзделген тәртіппен әзірленген консервациялау жобасын құзыретті органға ұсыну мерзімін сақтамаса;

4) жер қойнауын пайдаланушы келтірген негіздер мен ұсынылған құжаттар өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беру үшін негіз болып табылатын мән-жайлардың болуын растау үшін жеткіліксіз болып табылса, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беруден бас тартады.

2. Өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беруден бас тарту жазбаша нысанда шығарылады, ол уәжді болуға және өтініш иесіне ұстап тұру мәртебесін беру үшін көзделген мерзім ішінде берілуге тиіс.

3. Құзыретті орган өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беруден бас тарту туралы өтініш иесін бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде хабардар етеді.

4. Өтініш иесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беруден бас тартуға өтініш иесіне бас тарту туралы хабарланған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей шағым жасауы мүмкін.

5. Өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беруден бас тарту өтініш иесін өтінішті қайта беру құқығынан айырмайды.

 

225-бап. Ұстап тұру мәртебесі жөніндегі жұмыстар бағдарламасы



1. Жұмыстар бағдарламасы жер қойнауын пайдаланушы өндіру учаскесін (оның бір бөлігін) ұстап тұру мәртебесінен шығару және онда өндіру жөніндегі операцияларды қайта бастау мақсатында әзірлейтін құжат болып табылады.

2. Жұмыстар бағдарламасында:

1) ұстап тұру мәртебесі берілетін өндіру учаскесіндегі (оның бір бөлігіндегі) консервациялау жөніндегі іс-шаралардың;

2) жер қойнауын пайдаланушы өндіру учаскесін (оның бір бөлігін) ұстап тұру мәртебесінен шығару және өндіру жөніндегі операцияларды қайта бастау үшін қолданатын іс-шаралардың;

3) жер қойнауын пайдаланушы ұстап тұру мәртебесі берілетін өндіру учаскесінде (оның бір бөлігінде) жұмыспен айналысатын жұмыскерлерге қатысты қолдануға міндеттенетін әлеуметтік-экономикалық сипаттағы қолдау шараларының (басқа жұмысқа (басқа жұмыс учаскесіне) ауыстыру, жаңа мамандықтарға (кәсіптерге) оқыту мақсатында қайта даярлау, біліктілікті арттыру және басқалары) сипаттамасы мен мерзімдері қамтылады.

3. Ұстап тұру мәртебесі бойынша жұмыстар бағдарламасын әзірлеу жөніндегі нұсқаулықты құзыретті орган бекітеді.

 

226-бап. Жер қойнауы учаскесін консервациялау



1. Пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды қайта бастау кезінде өндірістік құрылысжайларды және өзге де объектілерді болашақта пайдалану үшін оларды жарамды жай-күйге келтіру мүмкіндігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерін азайту және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жер қойнауы учаскесінде пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі жұмыстарды уақытша тоқтату кезінде жүргізілетін іс-шаралар кешені пайдалы қатты қазбаларды өндіру учаскесін консервациялау болып табылады.

2. Жер қойнауы учаскесін консервациялау жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органмен келісілген жұмыстар бағдарламасы негізінде әзірленетін консервациялау жобасына сәйкес жүргізіледі.

3. Консервациялау жобасы қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдармен келісіледі.

4. Консервациялауды жобалау және іске асыру жер қойнауын пайдаланушының есебінен жүзеге асырылады.

5. Консервациялау бойынша жұмыстар жер қойнауын пайдаланушы және қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдардың өкілдерінен құзыретті орган құратын комиссия, сондай-ақ егер консервациялау жеке меншіктегі, тұрақты немесе ұзақ мерзімді уақытша өтеулі жер пайдаланудағы жер учаскесінде жүзеге асырылса, жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы консервациялау актісіне қол қойғаннан кейін аяқталды деп есептеледі.

 

227-бап. Ұстап тұру мәртебесінің шарттары



1. Өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесі берілген кезде жер қойнауының осы учаскесі (оның бір бөлігі) бойынша өндіру кезеңі осы мәртебенің бүкіл қолданылу мерзіміне ұзартылады.

2. Жер қойнауын пайдаланушы ұстап тұру мәртебесіндегі жер қойнауы учаскесін жұмыстар бағдарламасына сәйкес пайдалануға міндетті.

3. Ұстап тұру мәртебесіндегі жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын барлауды, жұмыстар бағдарламасында мұндай барлау көзделген жағдайда жүргізуге құқылы.

4. Жер қойнауын пайдаланушы есепті кезеңнен кейінгі айдың жиырмасыншы күнінен кешіктірмей тоқсан сайын жұмыстар бағдарламасының орындалуы туралы есепті құзыретті органға ұсынуға міндетті.

 

228-бап. Ұстап тұру мәртебесін ұзарту



1. Ұстап тұру мәртебесін ұзарту жер қойнауын пайдаланушының ұстап тұру мәртебесінің бастапқы мерзімі аяқталғанға дейін ұсынылатын өтініші бойынша жүргізіледі.

2. Ұстап тұру мәртебесін ұзарту жер қойнауы учаскесіне ұстап тұру мәртебесін беру үшін көзделген тәртіппен жүргізіледі. Ұстап тұру мәртебесін ұзартқан кезде жер қойнауы учаскесін консервациялау жобасы жасалмайды.

3. Жер қойнауын пайдаланушы ұстап тұру мәртебесін ұзарту туралы өтініш берген жағдайда, ұстап тұру мәртебесі жер қойнауын пайдаланушыға ұстап тұру мәртебесінің ұзартылған мерзімі көрсетіліп, қайта ресімделген лицензия берілгенге дейін жер қойнауы учаскесіне қолданылуын жалғастырады.

Ұстап тұру мәртебесін ұзарту мерзімін есептеу ұстап тұру мәртебесінің алдыңғы мерзімінің соңғы күнінен кейінгі күннен басталады.

 

229-бап. Ұстап тұру мәртебесінің тоқтатылуы



1. Ұстап тұру мәртебесі өзінің қолданысын берілген мерзім өткеннен кейін немесе жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылады.

2. Ұстап тұру мәртебесін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтінішті жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға ұстап тұру мәртебесін беру үшін негіз болып табылған мән-жайлар ендігі жерде болмаған жағдайда береді.

3. Ұстап тұру мәртебесін тоқтату өндіруге арналған лицензияны қайта ресімдеу және жер қойнауын пайдаланушыға осы Кодекстің 208-бабы 2) тармақшасының талаптарын толық көлемде қолдану үшін негіз болып табылады.

 

230-бап. Ұстап тұру мәртебесінің құзыретті органның талап етуі бойынша тоқтатылуы



1. Құзыретті орган жер қойнауы учаскесіне ұстап тұру мәртебесі берілген күннен бастап алты ай өткен соң кез келген уақытта жер қойнауын пайдаланушыдан ұстап тұру мәртебесін беру үшін негіз болып табылған мән-жайлардың әлі де бар екендігін растайтын құжаттарды ұсынуды талап етуге құқылы.

Жер қойнауын пайдаланушы осы құжаттарды хабарламаны алған күннен бастап қырық жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ұсынуға міндетті. Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға көрсетілген мерзімді ұзартуға, мұндай ұзартудың қажеттілігін негіздей отырып жүгінуге құқылы. Егер мұндай ұзарту қажеттілігі жер қойнауын пайдаланушыға байланысты емес мән-жайлардан туындаса, құзыретті орган осы мерзімді жиырма жұмыс күнінен аспайтын кезеңге ұзарта алады.

2. Егер ұсынылған құжаттарды қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган ұстап тұру мәртебесін беру үшін негіз болып табылған мән-жайлар ендігі жерде болмайды деп белгілесе не осы құжаттар көрсетілген мерзімде ұсынылмаса, құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыны ұстап тұру мәртебесін тоқтату және ұстап тұру мәртебесіндегі жер қойнауы учаскесінде пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды қайта бастау туралы жүгіну қажеттілігі туралы хабардар етеді.



Бұл жағдайда ұстап тұру мәртебесін тоқтату туралы өтінішті жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органнан хабарлама келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнінен аспайтын мерзімде беруге тиіс.

Егер көрсетілген мерзімде жер қойнауын пайдаланушы ұстап тұру мәртебесін тоқтату туралы өтініш жасамаса, құзыретті орган осы Кодекстің 221-бабының 6-тармағында көзделген тәртіппен өндіруге арналған лицензияны қайтарып алады.

 

 

30-тарау. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндірУ



 



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   45




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет