«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы №125-vi кодексі


-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім ұғымы



бет41/45
Дата26.01.2022
өлшемі325.71 Kb.
#454843
түріКодекс
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   45
zher koinaui zhane zher koinauin paidalanu turali kr kodeksi

242-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім ұғымы

1. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім шарт болып табылады, ол бойынша Қазақстан Республикасы пайдалы қатты қазбаларды өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын (құқықтарын) иеленушіге преференциялар беруге міндеттенеді, ал жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу (қайта өңдеу туралы келісім) жобасына инвестициялар салуды өз тәуекеліне алып жүзеге асыруға міндеттенеді.

Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу бойынша жаңа өндірістер құруды, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуді немесе жаңғыртуды көздейтін іс-шаралар кешені пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу жобасы болып табылады.

2. Қазақстан Республикасының атынан қайта өңдеу туралы келісімді инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган жасасады.



Қайта өңдеу туралы келісім пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу жобалары бойынша жасалуы мүмкін, олар бойынша жер қойнауын пайдаланушы инвестицияларының көлемі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және келісім жасасу күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде 7000000 еселенген мөлшерін құрайды.

3. Қайта өңдеу туралы келісім жасасу пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беру шарты болып табылмайды.

4. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеудің сол бір жобасы бойынша немесе өндірістік объект бойынша бір ғана қайта өңдеу туралы келісім жасалуы мүмкін.

 

243-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімді жасасу тәртібі



1. Қайта өңдеу туралы келісім жасауға ниеті бар жер қойнауын пайдаланушы инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға ол бекітетін нысан бойынша өтініш береді.

2. Өтінішке мыналар қоса беріледі:

1) жер қойнауын пайдаланушыны заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;

2) заңды тұлға жарғысының заңды тұлға басшысының қолымен және мөрімен (болған кезде) куәландырылған көшірмесі;

3) қайта өңдеу жобасының қаржылық-экономикалық моделі;

4) инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес жасалған қайта өңдеу жобасының бизнес-жоспары;

5) пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімнің жобасы.

3. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган өтінішті тіркейді және өтініш иесін келіссөздердің басталу күні туралы хабардар етеді, ол күн өтініш алынған күннен бастап бір айдан кеш болмайды.

4. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган тарапынан келіссөздерді жұмыс тобы жүргізеді. Жұмыс тобы туралы ереже мен оның құрамын инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.

5. Келіссөздер жүргізу мерзімі алты айдан аспайды. Келіссөздер қорытындысы хаттамамен ресімделеді.

6. Жер қойнауын пайдаланушы келіссөздерден және қайта өңдеу туралы келісім жасасудан, бұл туралы инвестициялар жөніндегі уәкілетті органды жазбаша хабардар ете отырып кез келген уақытта бас тартуға құқылы.

7. Келіссөздер нәтижелері бойынша келісілген қайта өңдеу туралы келісім жобасы құқықтық және экономикалық сараптамалар ұйымдастыру үшін инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға ұсынылады.



Сараптама қорытындылары оң болған жағдайда, инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган қайта өңдеу туралы келісім жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге жібереді.

Сараптама қорытындылары теріс болған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы сараптамалар ескертулерін жою мақсатында қайта өңдеу туралы келісім жобасын пысықтайды.

Көрсетілген ескертулер жойылғаннан кейін сараптамалар қайта жүргізіледі.

8. Құқықтық сараптаманы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі қайта өңдеу туралы келісім жобасының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жүргізеді.



Қайта өңдеу туралы келісім жобасына құқықтық сараптама жүргізу үшін инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мынадай құжаттарды ұсынады:

1) келіссөздер жүргізу нәтижелері бойынша келісілген, қазақ және орыс тілдеріндегі қайта өңдеу туралы келісім жобасы;



2) осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттар;

3) қайта өңдеу туралы келісім шарттары бойынша келіссөздер қорытындылары туралы хаттаманың көшірмесі.

9. Экономикалық сараптаманы мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті орган қайта өңдеу туралы келісім жасасудың экономикалық тиімділігін және орындылығын, қайта өңдеу жобасын іске асыру кезінде жер қойнауын пайдаланушының жоспарланатын салымдары мен шығындарының негізділігін, жобаны іске асырудың әлеуметтік маңыздылығын бағалау тұрғысынан жүргізеді.



Қайта өңдеу туралы келісім жобасына экономикалық сараптама жүргізу үшін инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

1) келіссөздер жүргізу нәтижелері бойынша келісілген, қазақ және және орыс тілдеріндегі қайта өңдеу туралы келісім жобасы;

2) осы баптың 2-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттар;

3) қайта өңдеу туралы келісім шарттары бойынша келіссөздер қорытындылары туралы хаттаманың көшірмесі.

10. Осы бапта көзделген сараптамалар сараптама жүргізу үшін қажетті тиісті құжаттар алынған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жүргізіледі.

11. Сараптамалардың оң қорытындыларын алған қайта өңдеу туралы келісім жобасы сараптама қорытындылары күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге жіберіледі.

12. Қайта өңдеу туралы келісімге инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган оның жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей қол қоюға тиіс.

13. Қайта өңдеу туралы келісім барлық тараптар оған қол қойғаннан кейін жасалды деп есептеледі.

14. Қайта өңдеу туралы келісімді инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган қайта өңдеу туралы жасалған келісімдер тізілімінде есепке алуға тиіс.

 

244-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімнің мазмұны



1. Қайта өңдеу туралы келісімде мыналар қамтылуға тиіс:

1) келісім нысанасы;

2) жер қойнауын пайдаланушыда бар, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге негіз болған құжатқа нұсқау;

3) жер қойнауын пайдаланушының инвестициялық және әлеуметтік міндеттемелері;

4) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес берілген инвестициялық преференцияның (преференциялардың) түрі;

5) берілген инвестициялық преференцияны қолдану мерзімі;

6) келісімге сәйкес құрылған, кеңейтілген немесе жаңғыртылған өндірістік мүлікті пайдаланудан шығару, оны демонтаждау, кәдеге жарату және бүлінген жерді рекультивациялау бойынша міндеттемелер;

7) қайта өңдеу туралы келісім шарттарын бұзғаны үшін жауаптылық.

2. Қазақстан Республикасының заңнамасы қайта өңдеу туралы келісімге қолданылатын құқық болып табылады.

3. Қайта өңдеу туралы келісімде өндіруге арналған ең төмен шығыстар және жер қойнауын пайдаланушының оқытуды, Қазақстан Республикасындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық қызметті қаржыландыру бойынша міндеттемелері туралы осы Кодексте және пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияда (лицензияларда) көзделген шарттардан өзге шарттар көзделуі мүмкін.



Көрсетілген шарттарды өзгерту немесе алып тастау қайта өңдеу туралы келісім жасасу күні лицензияны тиісінше қайта ресімдеуге алып келеді.

4. Қайта өңдеу туралы келісім тараптар айқындайтын басқа да ережелерді де қамтуы мүмкін.

5. Қайта өңдеу туралы келісім жер қойнауын пайдалану құқығын беру және тоқтату туралы ережені қамтымайды.

6. Қайта өңдеу туралы келісім мерзімі осындай келісімде көзделген өндіруге арналған лицензия мерзімінен аспайды. Егер келісім пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған екі немесе одан көп лицензияға сілтеме жасаса, онда келісім мерзімі солардың біреуінің мерзімінің аяқталатын ең соңғы күні аяқталады.



Қайта өңдеу туралы келісімде көзделген пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның (барлық лицензиялардың) қолданылуын тоқтату осы келісімді тоқтатуға алып келеді.

7. Қайта өңдеу туралы келісім қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Тараптардың келісуі бойынша қайта өңдеу туралы келісімнің мәтіні өзге тілге де аударылуы мүмкін.

8. Қайта өңдеу туралы келісімді жасасу, орындау және тоқтату жөніндегі қатынастарға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы осы тарауда реттелмеген жағдайларда қолданылады.

 

245-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім бойынша инвестициялық преференциялар



1. Инвестициялық преференциялар пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізетін, Қазақстан Республикасында құрылған заңды тұлға болып табылатын жер қойнауын пайдаланушыға Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес басым инвестициялық жобаға жататын, Қазақстан Республикасының аумағында пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу жобасын іске асыруы кезінде беріледі.

2. Инвестициялық преференция жер қойнауын пайдаланушының әлеуметтік және инвестициялық міндеттемелерін, оның ішінде:

1) өндіру және (немесе) қайта өңдеу өндірістерінде Қазақстан Республикасының азаматтары үшін жұмыс орындарын ашу және сақтау жөніндегі;

2) қайта өңдеу өндірісін құру, кеңейту және (немесе) жаңғырту жөніндегі;

3) пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу көлемі мен деңгейі жөніндегі;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылатын тұлғаларға шикізат ретінде ішкі нарықта өткізу үшін шығарылатын өнім көлемі жөніндегі;

5) ғылыми-техникалық саланың, қоршаған ортаны қорғау саласының және қолданбалы ғылым саласының мамандарын даярлау бойынша қазақстандық оқу орындарының бағдарламаларын қаржыландыру жөніндегі;

6) әлеуметтік және (немесе) мәдени мақсаттағы объектілерді салуды және (немесе) реконструкциялауды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерін көздеуі мүмкін өзара түсіністік қағидаттарында беріледі.

 

246-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімді тоқтату салдары



Жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған ең төмен шығыстары бойынша міндеттемелерін және (немесе) өндіруге арналған лицензия бойынша оқытуды, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық қызметті қаржыландыру бойынша міндеттемелерді өзгертуді немесе алып тастауды көздейтін қайта өңдеу туралы келісімді тоқтату осы келісімді жасасқанға дейін қолданылған лицензияның шарттарын қолдануға алып келеді.

Қайта өңдеу туралы келісімді тоқтату берілген инвестициялық преференцияларды тоқтатуға да алып келеді.

 

247-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтар мен міндеттерді басқаға беру



1. Жер қойнауын пайдаланушының қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтары мен міндеттерін көрсетілген келісім жасауға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының тиісті ауысуынсыз басқаға беруіне тыйым салынады.

2. Қайта өңдеу туралы келісімді жасауға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуы көрсетілген келісім бойынша құқықтар мен міндеттердің міндетті түрде басқаға берілуіне алып келеді.

 

248-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтарға ауыртпалық салу



1. Кепілді қоса алғанда, қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтарға ауыртпалық салуға, көрсетілген келісімді жасасуға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ауыртпалық салынбай жол берілмейді.

2. Кепілді қоса алғанда, қайта өңдеу туралы келісімді жасауға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ауыртпалық салу осы келісім бойынша құқықтарға міндетті ауыртпалық салуға алып келеді.

 

 

Х БӨЛІМ. ЖЕР ҚОЙНАУЫ КЕҢІСТІГІН ПАЙДАЛАНУ, КЕН ІЗДЕУШІЛІК, ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР


33-тарау. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операциялар

 



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   45




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет