- 2.2 Мұрагерлік құқықтарын рәсімдеу
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1072-бабына сәйкес мұралық мүлікті иелену үшін мұрагер оны қабылдауы тиіс. Бұрын, ҚазКСР-ның Азаматтық кодексі қолданыста болған кезде (1999 жылғы 1 шілдеге дейін) мұралық құқықтарды мұра қалдырушы адам қайтыс болғаннан кейін алты ай өткеннен кейін кез келген уақытта ресімдеу мүмкіндігі болатын. Қазір де тұрғындар осы тәртіп қолданылады деп ойлайды. Бірақ мына жағдайларды түсіндіріп өту қажет. Егер мұра қалдырушы адам 1999 жылғы 1 шілде мен 2007 жылғы 3 ақпан аралығында қайтыс болса, алты айдың ішінде нотариусқа мұраны қабылдау туралы арыз беру міндетті емес. Ол арызды мұра ашылғаннан соң алты ай өткеннен кейін де, бірнеше жыл өткеннен кейін де беруге болатын, тіпті қазір де беруге болады. Өйткені, осы кезеңде ешқандай мерзімдер белгіленген жоқ болатын. Егер мұра 2007 жылғы 3 ақпаннан кейін ашылса, жағдай басқаша. Қолданыстағы Азаматтық кодекстің талаптарына сәйкес мұра қалдырушы қайтыс болғаннан кейін алты ай ішінде мұрагерлер міндетті түрде нотариалдық кеңсеге мұраны қабылдау немесе мұраны қабылдаудан бас тарту туралы арыз берулері керек
1999 жылғы 1 шілге дейін немесе 2007 жылғы 3 ақпаннан кейін ашылған мұраны азамат белгіленген алты айлық мерзімде қабылдап үлгермесе, ол мерзімді сот арқылы қалпына келтіруге тура келеді. Және сот бұл мерзімді кез келген жағдайда қалпына келтіре бермейді. Ол үшін мұрагер себепті жағдайлар салдарынан мұраны уақытында қабылдай алмағанын (мысалы, науқастанып қалу, ұзақ мерзімді іс сапар және т.б.) дәлелдеуі қажет. Сонымен бірге, мұрагер сотқа мұраны қабылдауға кедергі болған себепті жағдайлар жойылғаннан кейін алты айдың ішінде жүгінуі тиіс.
ҚР Азаматтық кодексінің 1051- бабының 1-3-тармақтарына сәйкес нотариалды түрде куәландырылған өсиеттi өсиет қалдырушы өзі немесе өсиет қалдырушының айтуымен куәнің қатысуы арқылы нотариус жазуы тиiс. Өсиет қалдырушының айтуы бойынша нотариус жазған өсиеттi өсиетке қол қойылғанға дейiн нотариус пен куәнің қатысуы арқылы өсиет қалдырушы толық оқып шығуы тиіс. Егер өсиет қалдырушы дене кемiстiктерiне, науқастығына немесе сауатсыздығына байланысты өсиеттi өзi оқи алмайтын болса, ол үшiн оның мәтiнiн нотариустың қатысуымен куә оқып бередi, ол туралы өсиет қалдырушының өсиеттi өзi оқи алмауының себептерi көрсетiлiп, өсиетте тиiстi жазба жасалады. Егер нотариалды түрде куәландырған өсиет куәнің қатысуымен жасалса, өсиетте куәнің тегi, аты және тұрақты тұратын жерi көрсетiлуге тиiс. Осындай мәлiметтер өсиетке өсиет қалдырушының орнына қол қойған адамға қатысты да енгiзілуi тиiс.
Достарыңызбен бөлісу: |