Елбасымыз 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарымызды анықтаған тарихи Жолдауында: «Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру» деді.
Елбасы идеясымен Астанада өмірге келген жаңа «Оқушылар сарайының» бір бөлігі біздің Инновациялық парк жәрдемімен Ғылыми-танымдық орталыққа айналып, баламалы энергетика, техникалық физика, ақпараттық технология, биотехнология, т.б. зертханалардың негізі қаланды. Бұл балаларды жасынан ғылымға тартуға ықпал етеді. Ғалымдарымыз Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен, «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыруға кірісті. Бұл жобалардың ішінде таза ауыз су мен бұзылған топырақты залалсыздандыру сияқты елге аса пайдалы қолданбалы зерттеулер бар.
«Инновациялық зерттеу университеті» деген ұғымды инновациялық даму анықтайды. Ал инновациялық даму дегеніміз – әлемдік деңгейде өнім шығару және жаңа нарық пен бәсекеге қарай тоқтаусыз ұмтылу деген сөз. Ал бұл ұмтылыс бар жұмысты ғылыми-техникалық және технологиялық қамтамасыз ету арқылы ғана жүзеге аспақ. Елбасымыз 2050 жылға дейінгі Стратегияда: «Табысқа жету үшін ғалымдардың талай буынының тәжірибесіне, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептердің арнаулы ақпарат және білімдерінің көп терребайт көлеміне негізделген дербес ғылыми база қажет болады» деп елеулі мақсаттарды белгіледі. Білім және ғылым саласындағы инновациялық қызмет мемлекеттік және өңірлік ғылыми және ғылыми-техникалық саясаттың басымдықтарымен орайласуы қажет. Іргелі және қолданбалы зерттеулердің күшімен жоғары технологияларды дамытуға қол жеткізе отырып, соның нәтижесі негізінде өнімдерді сыртқы және ішкі нарыққа шығару, инвестиция тартуға қолайлы жағдай туғызу – бүгінгі инновацияның алғышарты. Қазіргі заманғы ЖОО инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы білім берудің, ғылыми жұмыстардың сапалы деңгейіне қол жеткізіп, оларды оқу үдерісіне тиімді енгізе алуы тиіс. Сонымен қатар, бүгінгі университет жаңашыл бағдарламалары арқылы мемлекет пен қоғамның қажетін толық қанағаттандырып, олардан қаржылық қолдау тауып, экономикалық, әлеуметтік және ғылыми салалардың дамуына айтарлықтай үлес қоса алуы керек.
Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»
21