Сонда мына дүниеде тірі қалу үшін не істеу керек?
«Қазақпен» байланысты барлық нәрседен арылу қажет» - деп жауап береді сол уақыттағы күнделікті өмір тәжірибесі бұл сұраққа. Тіл, дін, ұлттық рух, салт-дәстүр, әдет-ғұрып дейсіз бе? Бәрінен де бас тарту керек! Өйтпеген жағдайда кеңес өкіметі билеген мына аласапыран заманда өркендеу тұрмақ, тірі қалудың өзі екіталай нәрсе. Міне осындай ұғым халық бейсанасында мықтап қалыптасты деп ойлаймын.
Ендігәрі қазақ сапалық өлшемдерден сандық, немесе мөлшерлік өлшемдерге ауысты. Бұдан былай қазақта бұрынғы әке махаббатынан ана махаббатына бетбұрыс басталды.
Мен сапалық өлшемдерді әке махаббатымен байланыстырамын (ана және әке махаббаттары жайлы мен «Ана» және «әке» архетиптерінің кейбір философиялық аспектілері» атты мақалада толығырақ жазған едім; қараңыз: «Қазіргі қоғамдағы отбасы: ахуалы және болашағы» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. - Талдықорған: Принтланд, 2007. -202-206 беттер). Өйткені әке махаббаты шартты: ол баланың алдына түрлі талаптар қояды және әке баласын тек сол талаптарға сай болғанда ғана сүйеді. Әке махаббатының басты формуласы: «Балам, егер қойған талаптарыма сай болсаң ғана мен сені сүйемін». Сол себепті де әке тек ең озық балаларын сүйеді, ал озбаған балалары әке үшін «шешесіне» немесе «нағашыларына тартып кеткен» болады. Әке махаббатын иелену үшін еңбек сіңіру қажет.
Ашаршылыққа дейін қазақ өмірінің негізін әке махаббаты құраған деп ойлаймын. Оның айғағын Абайдың «Рақымшалға» атты өлеңінің келесі сөздерінен келтіруге болады: «Бал болатын бала бар, бал болар ма Рақымшал?! Бүйтіп берген балаңды, берген Құдай, өзің ал!» Міне осылай, аз да, көп те емес: талапқа сәйкес келмеген баланың әкеге керегі жоқ – ол тіпті өліп қалсын! Сапалық қатынас дегеніміз, міне, осы.
Ал ана баласын ешқандай шарт пен талап қоймай сүйеді. Ана үшін баланың бар болғаны жеткілікті, ана махаббатының формуласы: «Балам, мен сені қандай болсаң да сүйемін!» Басқаша сөзбен айтқанда, «Жақсы бол, жаман бол, - бірақ аман бол!» қағидасы ана махаббатының басты мазмұны болып табылады. Мұнда сапа жоқ, тек қана мөлшерлік өлшем бар: бала қандай болса да – мейлі көрінгеннің жетегінде кететін әлжуаз болсын, өз күнін өзі көре алмайтын, жұртта қалған жасық болсын, мейлі қырық жасқа дейін әке-шешесінің мойнында отырған парықсыз масыл болсын, мейлі арақтан аузы босамаған маскүнем болсын, мейлі көзі бейнеттен ашылмаған бейшара болсын – ана оны бәрібір сүйеді, мүсіркейді, аяйды да аялайды. Ана махаббатының қасиеттілігі осында жатыр...
Ашаршылықтан кейін қазақ халқы да осындай мөлшерлік қатынасқа ауысты: өмірлік басты мәселе сапа хақында емес, сан жайында болды. Құрып кетпей, тарих бетінде тірі қалу - қазақ үшін ендігәрі ең басты мақсат болып табылды. Қалай болса да тірі қалу керек, ол үшін тіпті өзіндік қасиеттер мен ерекшеліктерден айрылса да! Құрып кетпеу үшін керемет бейімшілдік көрсету керек: «Жақсы бол, жаман бол, - бірақ аман бол!» деген қағиданың аясында тіпті ана тілін ұмытып, басқа дінге өтіп кету де әбестік емес, бөтен халықтардың дәстүрлерін де қабылдау ерсі көрінбес. Баяғы биік талап та, асқақ рух пен зәулім идея да жоқ: олардың орнын тек аман қалу, қу тіршілікке бейімделу, - яғни еш шарықтауы мен самғауы жоқ әрекеттер басты.
Осылайша, менің ойымша, ашаршылықтан кейін қазақтың өршіл әрі қайсар мінезі де, заңғар идеясы да, асқар рухы да өзгеріп сала берді. Бұдан бастап қазақ қара басының қамын жыртуға кірісті. Осылайша бізде ұлттық нигилизм белгілері орныға бастады...
Бүгінгі күні өз жерімізде қожайын атанып, еңсемізді көтеріп отырсақ та, жоғарыда айтылғандай, бізде әдет-ғұрыптарымызға, тілімізге, дінімізге деген немқұрайдылық табы сезіледі. Қазақта «Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама» деген аталы сөзі бар. Қырық күніміз әлі де өтпеген бе? Аш өзегімізге түскеннен әлі де айыға алмай келеміз бе?..
Нигилизм дегеніңіз жүйке дерті іспеттес. Біз, қазақ, жүйке ауруына шалдыққанбыз деп айтуға тұрарлық. Әйтпесе, өзімізді-өзіміз жақтырмау, менсінбеу, өзімізге деген немқұрайдылық әдеті қайдан туған?
Жақтырмау ғана емес, тіптен бір-бірімізге деген өшпенділік бар секілді қазақ арасында. Біз ашаршылық кезінде бір-бірімізді жегенімізді естен өшіре алмаған сыңайдамыз, сол сұмдықты әлі бір-бірімізге кешпеген секілдіміз. «Адам жеген шұбартаулықтар» деген сөз бар. Алайда бірін-бірі жеу тек Шұбартауда ғана болмаған, ашаршылықтың ол кеселі барлық жерде болды десек, қателеспеспіз. Менің деректерім бойынша, каннибализм Жетісуда, Арқа өңірінде, оңтүстікте, Семей жақта, Батыс Қазақстанда кең етек алған... Біз бәріміз де не жегендердің, не желінгендердің ұрпақтарымыз...
Мектепте бірге оқыған жолдасым Рапбек кезінде әскери борышын Забайкальедегі Даурия стансасы маңында өткерген еді. Сол досым әскери өмірдің оңай еместігін айта келе, ең басты пәле егеуқұйрықтар (крыса) болғандығын әңгімелеуші еді. «Тіпті ұйықтағанда, аяғымызға етігімізді киіп жататынбыз, өйткені егеуқұйрықтар түнде аяғыңды тістелеп кетуі жиі кездесетін» деп айтатын Рапбек. Олардан құтылудың ең тиімді, алайда адам түршігерлік амалы келесідей екен: 7-8 егеуқұйрықты ұстап алып темір бөшкенің ішіне салып, оларға су да, жем де бермей қояды екен; біраз уақыт өткеннен соң әбден ашыққан тышқандар бірін-бірі жей бастайды екен де, аяғында ең мықтысы қалғандарын жалмап, жалғыз қалады екен; оны орыстар «Крысобой» деп атайды екен; сол Крысобойды түзге жібере салады: ол анталай жетіп, аш бөрідей өзі шыққан егеуқұйрықтар ұясын түгелімен қырып шығады екен. Крысобой ақылынан адасып, құтырған секілді болып, оның миында өзі секілділерге деген өшпенділік пайда болады: ендігәрі ол тек солармен ғана қоректенеді екен. «Осылайша ғана кеміргіштерден құтылады деп еститінбіз. Алайда өзіміз ондайды жасап көрмедік»,- деп әңгімелейтін Рапбек досым.
Біз де құдды сол крысобойлар секілді емеспіз бе?.. (Я, Алла! Я, Жаратушы Ием, кешіре гөр мен секілді құлыңды осындай ойлары үшін!)
Философ Эрих Фромм махаббаттың бес объектісін ажыратады, олар: бауырлық махаббат, ана махаббаты, Аллаға деген махаббат, эротикалық махаббат және өзіңе деген махаббат (Э.Фромм. Душа человека. – М.: Республика, 1992. - С.134-152). Осылардың ішінде өзіңе деген махаббат басқа махаббаттардың негізін құрайды: өзін-өзі сүймеген басқаларды да сүймейді деп есептейді Э.Фромм. Басқаша сөзбен айтқанда, әр адам мен қоғамның өзіне деген сүйіспеншілігі болуы шарт. Ал бізде осындай ыстық сезім бәсең емес пе?..
Достарыңызбен бөлісу: |