1937-39 репрессия жылдары 66 мың қазақ (кейбір деректерге қарағанда) «халық жауы» айыбымен өлім жазасына кесіліп, атылды, қаншасы итжеккенге айдалды. Бұл да бір нәубет еді қазақ басына төнген...
Ұлы Отан соғысында, ресми деректерге қарағанда, орыстардың 6%, украиндардың 8%, белорустардың 25%, ал қазақтардың 12% қаза тапқан екен. Алайда славян тектес халықтардың барлығы да оккупацияда болған емес пе? Мәселен, немістер бүкіл Белоруссия мен Украинаны, Ресейдің еуропалық бөлігін толығымен дерлік басып алды ғой, демек, қырылғандардың қатарында тек солдаттар ғана болмай, сонымен бірге бейбіт тұрғындар да болған ғой (балалар, әйелдер, қарттар). Ал қазақ арасында кілең дерлік еркек кіндік шейіт болды. Қандай да болмасын ұлттың гендік қорын еркектер құрайтындығы баршаға мәлім...
Алайда ең ауыр қырғын 1931-1933 жылдардағы АШАРШЫЛЫҚ болды...
Бұл нәубет кезінде, тағы да сол тарихшы Қ.Данияровтың айтуы бойынша, халықтың 70% қырылған (басқа деректер бойынша, ашаршылықта қазақтың 40-тан 75 % дейіні опат болған).
Қазақтың басына қара түнек туған кез осы еді... Бұл зұлматта қаншама қазақ аштан бұралып, жеуге нан түйіршігін таба алмай, өліп кетті, қаншама қазақ жанұшыра бөтен жерге ауып кетті десеңізші! Тіпті осы жылдары қазақтың ұлт ретінде жер бетінен жойылып кету қаупі де туды емес пе?!
Бірақ ашаршылықтың салдары тек халық санының күрт төмендеуімен ғана шектелген жоқ, оның ең басты әсері қазақтың санасын түбегейлі түрде өзгертіп жіберуінде. Міне, жоғарыда көрсетілген ұлттық мінездің келеңсіз жақтары мен ұлттық нигилизмнің бастауы осы ашаршылықта жатыр деп есептеймін.
Ашаршылықтан кейін қазақ жалтақ та жасық болып кетті, ашаршылықтан кейін қазақ бейімшіл болып кетті, ашаршылықтан кейін қазақ өзіне немқұрайды болып кетті, ашаршылықтан кейін қазақ рухы әлсіреп кетті! Ашаршылықтан кейін біз кім екендігімізді, қандай екендігімізді, қайда бара жатқынымызды ұмытып қалған секілдіміз...
Тап сол кезде халық санасында емес, бейсанасында «қазақ» атының өлімнен, тағдыр тауқыметінен арашалай алмайтындығы туралы тұжырым қалыптасты деп ойлаймын. Өйткені айналаға көз жүгіртсең, қырылып жатқан кім? Қазақ! Кең далада жосып, тентіреп кеткен кім? Қазақ! Аштықтан есі адасып, бірін-бірі – кішкентай нәрестелерін, бірге туғандарын, тіпті сегіз жолдың торабын аңдып, әрлі-берлі өткен жүргіншілерді - бауыздап жеп жатқан кім? Қазақ!..
Ашаршылық басқа халықтарға тап осындай ауыр да аянышты халде көрінді ме екен?!
Бұл не деген сөз? Бұл дегеніңіз, «қазақ» атаулының жаңа өмірге деген еш бейімділігі жоқ екендігін аңғартты, «қазақ» есімі тек өлім мен қасіретпен ғана байланысты, «қазақ» ұғымы адамды құтқара алмайды екен бұл дүниеде азаптан» деген ой қазақ бейсанасында мықтап орын алды. «Қазақ – жүрген жерің азап!» деген сөз сол жылдардан қалған шығар...
Достарыңызбен бөлісу: |