Сол ойларымдыортаға салсам деймін, қазақ жанды, Алаш рухты оқырман! Менің ойымша, мұндай ұлттық нигилизмнің, мәңгүрттіктің,рухани әлсіреудің (басқаша айтуға да болмас!) негізінде әлеуметтік-саяси себептер жатыр. ХХ ғасырда қазақ халқы секілді тағдыр тауқыметіне ұшыраған халық кемде кем шығар. Нендей нәубет пен зұлматты кешпеді дейсіз қазақ?!
Тарихшы Қалибек Данияровтың пайымдауы бойынша, 1911 жылы қазақтардың саны 8,4 млн.болған екен (Данияров К. История казахского государства. ХV-ХХвв. В 2-х ч.- Алматы: Жібек жолы, 2000. - ч.2, с.86). Сол санға Қазақстанда араға жүз жыл салып біз енді ғана жеттік. Кейініректе, 15 жыл өткен соң, 1929 жылғы санақ бойынша қазақ саны екі есеге кеміп қалған екен – 4,2 млн. Ал 1939 жылғы санақ бойынша халық саны 1,9 миллионға дейін кеміген. Яғни, ширек ғасыр аясында халқымыз 6,5 миллион перзентінен айрылып қалған!(Егер осыншама халықтың табиғи өсімін де ескеретін болсақ, бұл санның біршама өсіп кететіндігі айдан анық)... Қазақтың саны сонда қалайша азайған? Оның себебі ХХ-ғасырдың саяси-әлеуметтік дүрбелеңдері.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы аяусыз жаншылды патша жендеттерімен, талай ауылдар мен ру-тайпалар үдере көшіп, шет елдерге ауып кетті. Бұдан кейін азамат соғысы қазақ ұғымында «ақ-қызыл орыс соғысы» болған емес пе? Бейбіт өмір сүріп жатқан қазақты ақтар келіп бір қырып кетсе, іле-шала қызылдар да ауыл ойранын шығарып отырды. Әлі де социалистік реализмге ден қойып, партияның темір қыспағына түсе қоймаған, әлеуметтік ащы шындықты бүкпесіз жазған ХХ-ғасырдың 20-шы жылдарындағы орыс әдебиеті бұған куә. Әсіресе, Вс. Иванов, Б.Лавренев, т.б. жазушылардың әңгімелерін оқып қараңыз - азамат соғысының басты құрбаны қазақ болған сияқты.
Бұдан кейін қазақ 1921-23 жылдары болған ашаршылық кезінде тағы да қырылды. Біз бұл әлеуметтік зұлмат туралы тіпті де білмейміз десек болады. Қалың жұртқа жария қылып, ол туралы ешкім де тіс жарып, мардымды ешнәрсе айтпады. Бұл ашаршылықтың қасіретін біз тек орта мектептің 4-сыныбының әдебиет кітабына қырық жылдан астам уақыт еніп келген Бейімбет Майлинның «Күлпәш» әңгімесінен ғана сезінуімізге болады.
Кейінірек қазақ кәмпеске кезінде жан-жаққа тарыдай тағы бір шашылды. Өзбекстан, Ресей, Түркменстан ғана емей, сонымен бірге Қытай, Иран, Ауғанстанға дейін қандастарымыз ауып кетті. Шекарадан өткенде талайы қырылды да ОГПУ жендеттері қолынан. Мәселен, Жәркент өңірінде (жаңылмасам, Шежін ауылының маңында) «Жалайыр қырылған» атты жер бар, халық аңызы мұнда 1929 жылы Қытайға өтеміз деп келе жатқан жалайыр руының бір көшін қызыл әскерлер бала-шаға, қатын-қалаш, шал-кемпіріне қарамай, пулеметтермен кескілеп, турап тастаған дейді. Ал кәмпеске мен ұжымдандыруға қаншама қазақ ауылы наразы болып, көтеріліске шыққан! Олардың барлығын кеңес өкіметі аяусыз жаншып тастаған. Алысқа бармай-ақ қояйық, Алматы облысында Кәстек көтерілісі, Қызылағаш көтерілісі, Қапал өңіріндегі Бөрібай (Бәрібай) көтерілісін есімізге алайық. Ал мұндай көтерілістер бүткіл қазақ жерінде кеңінен өріс алды емес пе?! Тіпті А.Солженицин өзінің атақты «Архипелаг ГУЛАГ» шығармасында «30-жылдан бастап лагерлерге кең даласымен Буденныйдың атты әскері жеңіспен жүріп өткен қазақтар түсе бастады» деп жазды емес пе?