Орынбай Шәйкенов,
журналист,
Талдықорған
Ертай Айғалиұлы
XX ғасырда орыс империясы жасаған қанды нәубеттерді, зұлматтарды, қырғындарды ұмытуға қақың жоқ, Алашым!
Біз тәуелсіздігімізді алдық. Бір аллаға шексіз шүкіршілік айтамыз. Өзімізше бүкіл әлем мойындаған мемлекет болдық. Тәубе, тәубе! Бірінші бетте беріліп отырған қанды нәубеттер мен зұлматтардың тізімін бекерге беріп отырған жоқпыз. Кейінгі ұрпақ білсін, есте сақтасын, тәуелсіздігіміздің оп – оңай келмегендігін сезсін деген ниетпен тізбеледік. XX ғасыр қазақ үшін қанды қырғын ғасыры болды. Тек қана шыбындай қырылған жоқпыз, рухымыз сынды, денемізге қан жүгіртіп тұрған рухани байлықтан айрылдық. Орыс империясы жүздеген ұлттар, ұлыстарды жойып жібергенінтарихтан жақсы білеміз. Сол ажал құрсауы, тұзағы біздің мойнымызда да тұрды. Қазақтың жаназасын шығаруға сәл-ақ қалғанда тәуелсіздігіміз келді күндей күліп!
Бүгін назарларыңызға ұсынылып отырған қаратізімнің ішінде ең ауыры, ең зұлматы 1931-33 жылдардағы аштық. Осыдан біраз күн бүрын бір азамат біздің сайтымызға «Геноцид: қазақтың тағдыры бүкіл азаматқа сабақ болсын немесе исі қазаққа үндеу» деген алпыс бетттік мақала жіберіпті. Алып оқыдық. Азаматтың аты-жөні Асхат Әлімов екен. Талдықорған қаласындағы Жолдасбеков атындағы академияның ректоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Кәдімгі шұбалыңқы материалдардың бірі ғой деп онша мән берген жоқпын. Бастап оқи бастағаннан бұл мақала өзге, ерекше екенін байқадым. Аштық, репрессия туралы жай ғана мақалаға ұқсамайды.Мұндағы басты ерекшелік аштық жылдарындағы жан төзгісіз оқиғаларды ерінбей жинақтаған. Республикамыздың түпкір-түпкірінде тұратын студенттерді осы адами игі іске жұмылдырған. Міне, азамат! Әрине, біздің тарихшыларымыздың, Үкіметіміздің зор күш бөліп істейтін, жүзеге асыратын игі ісін Асхат жалғыз өзі бастаған. Сол зұлматтың куәгері тәуелсіздік алған кезімізде-ақ сиреп қалғаны шындық болатын. Бірақ бар еді ғой, тірі еді ғой. Жер бетінде миллиондап адамы құрған мұндай зұлмат, қанды қырғын зарды бастан кешкен қандай, қай мемлекет бар. Кейінгі ұрпақ бұл зұлматты білуі, жан дүниесімен сезінуі тиіс екендігі айдан анық нәрсе. Мелекетіміз бұл жөнінде ештеңе жасаған жоқ деп айтуға толық хақымыз бар: 31 мамырды «саяси қуғын-сүргіндерге ұшырағандардың күні» деп жариялады. Алматы қаласының Наурызбай мен Қабанбай көшелерінің қилысына тас қойдық осыдан оншақты жыл бұрын. Астанада, басқа облыстарда да көзге көрінбес орындар, музейлер аштық. Бітті, осыменен. 31 мамырдағы қасірет күні бір автобус адамды тиеп алып Жаңалық ауылындағы арыстарымыз атылған жерге барып келеміз. Бұл біздіңше өте аз.Бүкіл халқымыз болып қаралы күн ретінде атап өтетін, егіле есіңе алатын күн атаусыз өтеді десекте болады.
Асхат бауырымыз, міне осы көкейкесті мәселені түп тамырымен көтерген. «Ұлттық нигилизнің немесе мәңгүрттіктің себебі қайда жатыр? Сонда халқымыз әу бастан осындай ма еді, жоқ әлі де қасиетсіздік кейін жабысқан кесір-кесапат па? Менің ойымша, мұндай ұлттық нигилизнің, мәңгүрттіктің, рухани әлсіреудің (басқаша айтуға болмайды) негізінде әлеуметтік-саяси себептер жатыр»,-деп ол оның себептерін ашуға тырысады. Студенттермен сырласып, олардың осы тұрғыдағы ойларын білгісі келеді.Міне соның бірін келтіре кетелік: «Қазақ қонақжай ,кішіпейіл көнбіс, шыдамды, сабырлы, білімге құштар, кеңпейілді, алайда ол өзіне-өзі немқұрайды, басқаға бейімшіл және өз дәстүрлерін ұстанбайтын халық».
Асхаттың мақсатынан тағы бір үзінді: «Осылайша менің ойымша ашаршылықтан кейін қазақтың өршіл әрі қайсар мінезі де, заңғар идеясы да, асқар рухы да өзгеріп сала берді. Бұдан бастап қазақ қара басының қамын жыртуға кірісті. Осылайша бізде ұлтттық нигилизм белгілері орныға бастады. Нигилизм дегеніңіз жүйке дерті іспеттес. Біз қазақ жүйке ауруына шалдыққанбыз деп айтуға тұрарлық. Әйтпесе өзімді - өзім жақтырмау әдеті қайдан туған? Жақтырмау ғана емес, тіптен бір-бірімізге өшпенділік бар секілді қазақ арасында».
Асхаттың айтып отырғаны орынды дер едім. Сонау биіктен бастап қарапайым бұқарамызға дейін жалтақпыз.Көршіңмен тату бол! Бұл адами заң. Елбасымыздың жүргізіп отырған саясаты дұрыс. Бірақ қазақтың «Еңкейгенге еңкей, шалқайғанға шалқай» деген әпсанасы бар емес пе? Елбасымыз қазақтың өткен ащы, қасіретті тағдырын білетін биліктегі бірден-бір адам.Ал айналасындағы ше?Үкімет басшысы Мәсімов біле ме?Әй, қайдам. Тілін менсінбейтін адам тарихын қайтсын.Қалғандары ше? Олар да Мәсімовпен шамалас. Егер тарихты білсе, қазақтың басынан өткен зұлматтар мен нәубеттерді жүректен өткізе білсе, олар осыларды кейінгі ұрпақты тәрбиелеуге игі шаралар ұйымдастырмас па еді? Өкінішке орай өткен тарихынан мақрұм, халқының басынан кешкенін таразылай алмайтындар қазір билікте отыр. Бірақ бұдан әрі олай өмір сүруге болмайды. Бір мемлекеттің негізгі халқы, өзегі болып отырған ұлттың тағдырына қалай болса солай қарау қылмыс деп есептейміз. Елбасымыз жанына өзінде қазақы адамдарды жанына топтастыру керек.
Ұлтты құрметтеудің жөн жосығы осы екен деп жасанды театрландырылған көріністерді жасаудан қашып, соншама нәубеттерден дертке шалынған қазақты емдеуіміз тиіс.
Асхат айтпақшы, Жер атты ғаламшар бетінен Қазақ ұлты жойлып кетпесін десек, аруақтар алдында кешірілмес күнәға батқымыз келмесе, болашақ ұрпақ алдында еңсеміз биік болсын десек рухымызды көтеру жолында батыл қимылдарға бару керек. Алдымен ұрпағымызға өткен тарихымызды ұмыттырайық. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыста 6 млн. Еврей қырылды. Олардың Яд Вашем атты мемориалдық кешенін аралап өткен адамның жан дүниесі жылап, түбегейлі өзгеріп шығады екен. Сталинградтағы алып ананың ескеткіші, Санкт-Петербургтағы соғыс мемориалдық кешені адам баласының тәубеге келтіреді.1932-33 жылдардағы ашаршылық Асхат айтқандай ұмытылып барады. 3 млн қазақтың басынжұтқан зобалаңды қалай ұмытуға болады. Ең құрығанда бір күнді аштықтан көз жұмған миллиондарға арнайық, қара жамылайық, қайғырайық. Алып мемориалдық кешен салсақ. Украйындарда да сұмдық ашаршылық болған. Олар бір күнді еске алу күні деп беогілеп, сол күні бүкіл Украина қара жамылады.
Бүгін нөмірімізде ықшамдап жариялап отырған Асхаттың мақаласы үлкен ой салады, толғандырады, көзіңе жас алдырады. «Енді ондай зұлмат қайталанбаса екен»,- деп шын жүрегіңмен бір Алладан тілейсің, тәубеңе келесің.Бұл зұлматты жасағандарға лағынет айтасың. Тәуелсіздігімізді аялайық. Оны сақтау әрбір қазаққа аманат. Сақтау үшін ұлан-ғайыр жұмыстар жасау қажет. Алаш рухын аспандату үшін ешкімге жалтақтамай ұлттық идеялогияны қалыптастырған абзал. Бұдан басқа жол жоқ. Сонда ғана CC ғасыр, одан бұрында кінәсіз шейіт болған бауырларымыздың алдында парызымызды ақтаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |