Ал біз болсақ ашаршылық туралы аракідік сөз қозғамасақ, оны ҰЛТТЫҚ ТРАГЕДИЯ деңгейіне шығара қоймадық. Ашаршылыққа кеңес өкіметі ұйымдастырған қазақ халқының ГЕНОЦИДІ деп баға бермедік. Аза тұтып, қара жамылмаймыз. 31 мамырда біз 1937-1939 жылдардағы саяси репрессия құрбандарын еске алуға басты назарымызды аударып, ашаршылықта қаза тапқандар жайында көп әңгіме көтермейміз.
Қазақтың көбі қырылған нәубет туралы біздің білетініміз де шамалы. Мүмкін бұл туралы тарихшы ғалымдар талай зерттеулер жүргізген де шығар, алайда олар кең жұртшылыққа беймәлім, өйткені халық санасында ашаршылық кесапаты, оның қазаққа келтірген кесірі мен залалы мықтап орын алмаған.
Жалпы қоғамда төл тарихымызға деген немқұрайдылық орын алған деп айта алмаймыз. Талай өткен күндер деректері жан-жақты зерттелген. Репрессия жылдары атылған 66 мың қазақтың аты-жөні бәрімізге де белгілі: олардың есімдері басылған мартиролог баяғыда жарыққа шыққан. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан 280 мыңнан астам қазақ жауынгерлерінің есімдері де баршаға аян: әр ауданда «Боздақтар кітабы» басылып шыққан.
Ал ашаршылық туралы осындай кітаптар мен тізімдер бүгінгі күні әлі де жоқ. Неліктен осы біз ашаршылық туралы айтқымыз келмейді?
Бір жағынан ол түсінікті де: бастан өткен қайғы-шерді кім жадында ұзақ сақтағысы келеді дейсіз? Ал қазақ дегеніңіз болашағына жарқын үмітпен қарайтын, оптимистік көзқарас ұстанған халық. Мүмкін біздің 75 жыл бұрын бастан кешкен ұлт трагедиясын жадымызда сақтағымыз келмейтіндігінің себебі осы да болар? Біз болашаққа ұмтыламыз, ертеңгі күнді болжаймыз. Сол себепті де өткенге көз жүгірткенде, біз көбіне-көп тарихымыздың айбынды да қаһарман беттеріне ұңіліп, ата-бабаларымыздың ерлігі мен абыройын паш етеміз, олармен рухтанамыз...
Алайда кешегі күннің келеңсіз мезеттерін де ұмытуға болмас. «Өлі риза болмай, тірі байымас». Ашаршылықта қырылғандардың көз жасы мен төгілген қаны бізге серт болып тұрған жоқ па деп ойлаймын. Біз олардың алдындағы борышымызды толық өтедік пе?.. Әй, қайдам...
ХІХ-ғасырдағы бельгиялық атақты жазушы Шарль де Костердің кейіпкері Тиль Уленшпигель түнде ұрланып барып, инквизиция жалған айып тағып, отқа өртеген әкесі Клаастың мәйітінің жүрек тұсынан күл алып, оны тұмар қылып мойнына іліп алады. Бүткіл өмірін инквизиция мен олардың қолдаушысы болған испан басқыншыларымен күреске бағыштаған Тиль әрқашан да «Клаастың күлі менің жүрегімде соғып тұр!» деп өзін-өзі жігерлендіріп, рухтанып, қайраттанып тұрған. Бұл сөз тіпті Фландрияда азаттық күресінің басты ұранына айналып кетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |