ЖҰмыс бағдарламасы семей 2013 глоссарий аллювий өзен тасығанда шығып қалған құмдар, қиыршық тастар және т б


Тау етегіндегі шөл даланың, құрғақ субтропиктердің топырақтары



бет20/22
Дата09.06.2016
өлшемі1.92 Mb.
#124545
түріЖұмыс бағдарламасы
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22

Тау етегіндегі шөл даланың, құрғақ субтропиктердің топырақтары

Оңтүстік тау етектеріндегі шөлді даланың сұр топырақтары.

Бұл топырақтар ТМД елдерінде негізінен Орта Азия республикалары мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының тау етектері мен тау баурайларында орын алған. Бұл топырақтардың аздаған көлемі Әзербайжан республикасындағы таулар аралығы мен етектеріндегі Кура-Аракс ойпатында кездеседі. Субтропикалық белдеуге жатқызылу себебі бұл топырақтар зонасында жаз ыссы әрі ұзақ болумен қатар, қысы да суық емес. Тіпті, Орта Азия мен Әзербайжанда қыстың өзі жылы. Зонаның көлемі 32 млн гектар, яғни ТМД елдерінің 1,5%-ы. Бұл зонаның терістікке қарай орналасқан шөл зонасының ерекшелігі ерте көктемде ылғалдың мол түсуі. Сондықтан ылғалдың басым мөлшері ауаға буланбай жерге жақсы сіңеді.

Топырақ көбіне таулы алқаптарда орын алатындықтан, табиғаттың, оның ішінде топырақтың биіктік белдеулігі (зонасының) ең төменгі сатысы болып табылады. Сұр топырақтардың құрамын алғаш зерттеп, оған осы терминді қолданған орыстың дарынды топырақ зерттеушісі С. С. Неуструев (1910). Ол 1908–1914 жылдары патшалық Ресейдің халықты жаңа жерлерге қоныстандыру басқармасында қызмет істеп жүрген кездерінде Шымкент қаласының төңірегінде осы топырақ типін анықтаған.

Орта Азияның сұр топырақтарын жан-жақты терең зерттеген профессор А. Н. Розанов (1951).

Табиғи жағдайда ерте көктемгі ылғалды жақсы пайдалануға бейім, тез пісіп жетілетін өсімдіктер (эфемерлер) қалың бітік өседі. Топырақтағы гумус: мөлшері 1,5-3,0% шейін болады. Әдетте, сұр топырақтар типі, үш зонашаға бөлінеді: күнгірт, кәдімгі және ашық сұр топырақтар. Неғұрлым тауға жақынырақ болған сайын онда жауын-шашын да молырақ түсіп, өсімдіктер қалыңырақ өседі, бұл зонашада күңгірт сұр топырақтар түзілуін қамтамасыз етеді. Таудан алыстаған сайын жауын-шашын мөлшері кеміп, оның шөл зонасына өту шекарасындағы зонашада ашық сұр топырақтар түзіледі. Ескеретін жай, барлық тау етектерінде осы айтылған топырақ зонашалары түгел кездесіп, бірін-бірі ауыстыра бермейді. Кейбір зонашалар аймақтың табиғи жағдайларына, ең бастысы таулардың көлемі мен биіктеріне, т.б. байланысты түсіп қалады.

Сұр топырақтар жербеті және жерасты ағындарымен жақсы қамтамасыз етілгендіктен, олардың құрамында зиянды тез ерігіш тұздар болмайды.

Әдетте, сұр топырақтар пішіні төмендегідей:

А 0-15-20 см шымды-қара шірінді қабат. Көктемгі жауын әжептәуір мол болғандықтан, эфемер шөптер қалың өсіп, топырақ бетінде 0-5-7 см шымды қабат түзеді. Қабат биігірек жатса, күңгірт сұр, ал таудың ең алысырақ шетінде орналасса, ашық сұр түсті келеді. Механикалық құрамы шаңды-сазды. Құрылымы бос. Шөптері жақсы тамырланған.

В 20-60 см иллювиалды-карбонатты, түсі ашық сұр, көбіне, карбонатты қосылыстар кездеседі, құрылымы бос. Механикалық құрамы шаңды-сазды. Өсімдіктері шамалы тамырланған.

ВС 60-80 см сары түсті, шаңды-сазды. Құрылымы бос, карбонаттармен қатар гипс те кездеседі.

Ауыспалы-ылғалды құрғак-шөпті-орманды және субтропикалық саванналы облыстардың топырақтары.

Бұл алқаптардын зоналық топырақтары қоңыр және сұр-қоңыр түсті. ТМД елдеріндс бұл топырақтар негізінен таулы аудандардың құрғақ шөпті-орманды жәнс сирек орманды жерлерінде кездеседі. Бұл зонаға негізінен Жерорта теңізі аймағына тән климат, яғни ылғалды, жылы қыс, құрғақ, жазы ыстық, ал қар жамылғысы өте аз немесе тіпті, жоқ. Сонымен қысы мен жазының гидротермикалык режимдері әрқалай. Қысы ылғалды әрі жылы мерзімде алғашқы минералдар белсеңді түрде үгіліп, балшықты гидрослюдалы монтмориллонитті-илитті құрамды екінші минералдар түзіледі.

Жалпы қоңыр (қызыл қоңыр) топырақтардың морфологиялық пішіні төмендегідей:

А – 0-35 (50) см қара шірінді қабаты, түсі қоңыр, кесекті-капролитті құрылым. төмендеген сайын кесекті-жаңғақты құрылымға ауысады, механикалық құрамы төмендеген сайын ауырлана бастайды.

В1 – 40-80 см қатты балшықтанған, кальцийде қаныққан, түсі ашық қоныр немесе тіпті, қызыл қоныр, құрылымы кесекті-жаңғақты.

Балшықтанған, карбонаттар шоғырланған қабатта түсі ашық, қоңыр-құба, тығыз, құрылымы жаңғақты, карбонатты жаңа түзілістердің қосындылары бар.

С – 100-120 см сары түсті, механикалық құрамы жеңілденеді, карбонаты да азаяды. Балшықтану процесі сұр қоңыр топырақтарда ылғалдың азаюына байланысты тежеледі.

Жалпы қоңыр және сұр қоңыр топырақтар – табиғи күйінде құнарлы топырақтар. Олар тез пісетін. Азықтық, әсіресе, жемісті дақылдар үшін егіншіліке кең пайдаланылады. Ал жазда құрғақшылықта қосымша суарған жағдайда бұл топырақта егілетін дақылдар өнімі арта түседі. Онда мақта, жүзімдіктер, бау-бақша, темекі, көкөністер, т.б. дақылдар өсіп, жақсы өнімдер береді. Тіпті, Өзбекстанның Бостандық ауданының қоңыр топырақты тау беткейлерінде жабайы жемісті ағаштар, оның ішінде қымбатты жаңғақ ағаштары өсіп, жемістер береді.


Ылғалды-субтропикалық және ормандардың топырақтары

Ылғалды-субтропикалық және тропикалық орманды белдеу. Мол ылғалды субтропикалық зонаның қызыл және сары топырақтары. ТМД елдерінің оңтүстік субтропикалық кейбір аудандарында өте аз көлемді алқапта, дәлірек айтсақ, Грузияның батыс – Қара теңіз жағалаулары мен (Аджария мен Абхазияда) Әзербайжанның оңтүстік-шығыс шетінің Каспий жағалауларының біраз жерлерінде (Ленкорань ойпатында) табиғаттың ерекше кызыл және сары топырақтары кездеседі, көлемі не бары – 0,6 млн гектар. Бұл алқаптарда жылу да, ылғал да мол. Жылына түсетін ылғал 1000-2500 мм-ге жетеді. Ауаның жылдық орташа температурасы 16-20, қыстың ен суық айы қаңтарда орташа температура 8-І0-тан кемімейді. Осындай қолайлы жағдай биологиялық тіршіліктің жыл бойына үзіліссіз дамуын қамтамасыз етеді. Ағаш пен шөп түрлері де мол әрі олар басқа аймаққа қарағанда мұнда жылдам өсіп, мол қалдықтар қалдырады. Өсімдік қалдықтары микроорганизмдерлің және басқа майда жәндіктердің көптігінен тез ыдырайды. Ауа райы жылы болғандықтан өсімдіктер, тірі жәндіктер мен микроорганизмдер мұнда жыл бойы өмір сүруін тоқтатпайды. Тіпті өсімдіктер қыста да гүл ашады.

Күннің жылылығы мен жауын-шашынның мол түсуінен тау жыныстары мейлінше үгіліп, балшықтанып суға қатты шайылған. Мұндағы тастар да «шіріп» кеткен секілді. Тіпті, қатты дауалы тау жыныстарын пышақпен кесуге болады. Жыныстардың құрамында фосфор, күкірт, кальций, магний , калий. натрий толық, ал кремний тотығы біршама шайылып кеткен топырақ қабатында темір, алюминий, марганец тотықтары мол, олар бүкіл топырақ – тау жыныстарының 50-70% түзеді. Осылар топырақтарға ашық қызғылт түс беретіндіктен, оны қызыл топырақ немесе латериттер деп атайды.

Бұл топырақтар пішіндері төмендегідей:

А1 – 0-2 см ағаштар жапырақтарынын қалдықтары.

А – 2-25 (35) см сұр қоңыр, төмендеген сайын қызара бастайды, құрылымы кесекті-жаңғақты, өсімдіктер тамырлары мол.

В – 80-100 см өзгертілген құба қызыл түсті қабат, тереңдеген сайын түсі ашық қызылға ауысады, қабатта темір конкрециялары кездеседі, механикалық құрамдары ауыр балшықты, қатты үгілген.

Топырақ ортасының реакциясы қышқыл, рН 4-5,5. Топырақтағы басты негіздер шайылып кеткендіктен, топырақтардын сіңіру көлемі шамалы. 100 г топыраққа не бары 12-15 мг экв.

Сіңірілген негіздер құрамында Аl – 60-80% орын алса, қалғаны сутегі (Н) үлесіне тиеді. Екеуі қосылып, сіңірілген негіздердің 85-90%-ын түзеді. Өсімдік қалдықтары тез шіритіндіктен, пайда болған қарашірік топырақ құрамындағы темірмен қосылып, берік қосылыс құрайды да жауынға шайылмай, топырақта ұсталынып қалады, сондықтан да қарашірік мөлшері бұл топырақтарда едәуір (7-8%), бірақ тереңдеген сайын кеми түседі. Алайда, оның құнарлылығы жақсы. Қарашірінді құрамында фульво қышқылы басым. Сондықтан мұны фульватты-темірлі топырақ деп те атайды. Бұл аймақ бұрынғы КСРО-ның негізгі субтропикалық дақылдар (шай, лимон, апельсин, мандарин) өсірілетін бірден-бір ауданы.

ТМД елдерінде кездесетін негізгі зоналық топырақтарға қысқаша сипаттама бердік. Бұл топырақтар түрлері кейбір табиғи жағдайлардың ерекшеліктеріне қарай аздап өзгеруі ықтимал. Ал таулы жерлердегі топырақтардың тік белдеулік өзгерулері ол таулардың қай зоналарда, зоналардың қай секторларында орналасуларына байланысты (43-сурет).


43-сурет. ТМД елдерінің батыс бөлігінің негізгі көлденең зоналық топырақтарының сызбанұсқасы. КСРО топырақ атласынан (1971)
Зоналар: 1 – тундра зонасының глейлі тундра топырақтары; 2 – орманды тундра мен терістік орманды зонасының күлгінді-глейлі топырақтары; 3 – орталық орманды зонасының күлгінді топырақтары; 4 – оңтүстік орманды зонасының шымды-күлгінді топырақтары; 5 – орманды дала зонасының орманның құба, сұр топырақтары мен даланың шалғынды және сілтісізденген қара топырақтары; 6 – дала зонасының қара топырақтары; 7 – құрғақ даланың қара қоңыр топырақтары; 8 – жартылай шөл мен шөл зонасының құба және сұр құба топырақтары; 9 – таулы аймақтардың топырақтары.
Тау аймақтарының топырақтары

Таулы алқаптың топырақтары. Қазақстан территориясында жазық жерлердің көлемі таулы алқаптармен салыстырғанда көп. Дегенмен, республиканың шығысы мен оңтүстік шығысында біраз жерлерді таулар алып жатыр. Олар – Шығыс Қазақстандағы Алтай таулары, Алматы облысының оңтүстігіндегі Жоңғар және Іле Алатаулары, Жамбыл облысындағы Қырғыз Алатауы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт пен Қаратау таулары. Енді Іле Алатауы мысалында тау етегінен жоғарылаған сайын топырақ түрлерінің сипаттамасына тоқталайық. Себебі Іле Алатауы биік, онда табиғаттың белдеулік зоналары түгел кездеседі. Бұл жайындағы алғашқы толық мәлімет Аболиннің (1930 ж.) Ленинградта шыққан «Балқаш өңірінің шөл даласынан Хан Тәңірінің қарлы биіктігіне шейін деген классикалық еңбегінде келтірілген (А. Р. Аболин 1930). Сондықтан топырақтың биіктік зоналығы жайындағы халықаралық жиналыстар мен экскурсиялар Алматы аймағында өтетін.

Таулы алқаптарда ені әр жерде әртүрлі батыстан шығысқа қарай созылған тау етегіндегі шөлді дала зонасы белдеуі орын алған. Жазықтағы шөлді дала зонашасына қарағандатау етектерінде жатқандықтан, бұл аймақтың табиғи жағдайы өзгеше келеді. Бұл белдеу – таулық белдеулік зоналығының ең төменгі сатысы. Сондықтан бұл алқапты пайдалану жағдайы да басқаша.

Тау етегіндегі шөлді далалы аймақтағы ылғал мөлшері жазық территориядағы шөлді дала зонасына қарағанда әлдеқайда мол. Ылғалдың орташа мөлшері 250-360 мм-ге дейін жетеді. Ылғал көбінесе, жылдың көктемгі және қысқы айларында түседі де, жаз, күз айлары құрғақ болады. Бұл аймақта қысқы, көктемгі ылғалды дұрыс пайдаланып, ерте пісетін астық дақылдары – күздік және жаздық бидай, арпа егіледі. Ал суармалы жерлерде астықтан басқа бағалы дақылдар: қант қызылшасы, мақта, жүгері, беде мен көкөністер, бау ағаштары мен жүзімдіктер, темекі жақсы өседі.

Қалған жерлері көктемгі, күзгі мал жайылымдары. Бұл аймақтың топырағы негізінен таулы алқаптан қаншалықты қашықтығына, осыған сәйкес түсетін ылғалдың мөлшеріне байланысты, топырақ түсі де өзгеріп, бірнеше зонашаға бөлінеді, таудан алыс жерлерде топырақтың ашық сұрғылт түсті зонашасы жатады, одан кейін кәдімгі сұрғылт түсті топырақ, ал тауға ең жақын аймақта күңгірт сұрғылт түсті және ашық қара-қоңыр топырақтар зонашалары кездеседі. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Батыс Тянь-Шань тау етектерінде күңгірт-сұрғылт топырақтар мен ашық қара-қоңыр топырақтар орнына қоңыр және сұр-қоңыр топырақтар кездеседі. Осы үш зонашаның соңғысында ғана, яғни күңгірт-сұрғылт түсті және ашық қара-қоңыр топырақтар таралған алқапта ғана суарылмайтын егіс өседі, ал сұрғылт және ашық-сұрғылт топырақ таралған аймақта егістікті қолдан суармайынша жақсы өнім алынбайды. Негізінен алғашқы екі зонашада Алматы, Жамбыл облыстарының қант қызылша егістері, суармалы жерлердегі астықтары, темекі, көкөніс, бау-бақша, жүзімдіктері, Оңтүстік Қазақстан облысының мақтасы мен дәрілік шөптер, бау-бақша, жүзімдіктер орын алған. Тау етегінің шөлді далалы зонасының көлемі 14 млн гектардай, яғни республика жер көлемінің 5,2%-ғы жуығы.

Тау етегі шөлді далалы белдеуінен биігірек алқапта аласа таулы-дала белдеуі басталады. Бұл аймақта таулардың топырақ-климат жағдайларына тигізетін әсері үлкен. Ауадан түсетін ылғал мөлшері 500-800 мм-ге жетеді. Мұндай мөлшердегі ылғал терістік жақтың жазық жерлеріндегі ешбір аймағында кездеспейді. Ылғал көп түсетіндіктен шөп жақсы өседі. Топырақтары да құнарлы, негізінен таудың қара қоңыр топырағы мен қара топырақ, ал Батыс Тянь-Шаньда таудың қоңыр топырақтары. Бұл аймақта суарылмайтын егіс егіледі, көбінесе астықты дақылдар өседі, мал жайылымына да қолайлы. Аймақ таулы, жыралы болып келетіндіктен, жаппай егістікке қолайсыз, сондықтан көбіне табиғи мал жайылымы, шабындық ретінде пайдаланылады. Бұл алқапта суарылатын және суарылмайтын жемісті ағаштар, бұталар көп өседі. Алматының әйгілі «Апорт алмасы да осы аймақта өсіп, жақсы өнім береді. Бұл зонаның көлемі 10 млн гектарға жуық.

Орташа-таулы, шалғынды-орманды белдеуі аласа таулы-далалы белдеуінен жоғары алқапта жатыр. Бұл аймақта түсетін ылғал мөлшері жылына 850-900 мм-ге дейін жетеді. Шалғынды шөптер аса биік болып өседі. Топырағы аса құнарлы қара топырақ пен күңгірт- қара түсті орман топырағы. Таудың қара топырағындағы қарашірінді мөлшері 10-12%-ғе жетеді. Жер бетінің бедеріне, аймақтың суықтығына байланысты егістік жері өте аз. Жері негізінен жазғы жайлау мен шабындыққа қолайлы. Көп жері орман ағаштары, негізінен Тянь-Шань шыршасы. Көлемі 4 млн гектардай.
Тарау бойынша өзін -өзі тексеру сұрақтары

1. Топырақтың табиғи зоналдылығын қалай түсінесіз?

2. Топырақтың көлденең зоналдығы деген не?

3. Топырақтың тік белдеулік зоналдығы деген не?

4. Интразоналдылық топырақтар және олардың ерекшеліктері қандай?

5. Полярлы, бореальды, субборияльды, субтропикалық, тропикалық белдеулердің топырақтарын айтыңыз.

6. Әлемнің топырақ қорлары.

7. ТМД топырақтары, олардың түзілуінің экологиялық жағдайы.

8. ТМД топырақ зоналары.

9. Арктикалық және тундралық зоналарының топырақтары қандай болады?

10. Орманды-дала зонасының орманды сұр топырақтары қандай болады?

11. Тайгалы-ормандық топырақтары.

12. Батпақты топырақтар

13. Шалғынды даланың қара топырақтары.

14. Құрғақ дала топырағы қандай?

15. Жартылай шөл даланың топырақтары қандай?

16. Сор топырақ қандай болады?

17. Тау етегіндегі шөл даланың, құрғақ субтропиктердің топырақтары қандай?

18. Терістік суық шөлді зонаның топырақтарын айтыңыз.

19. Сұр топырақтар.

20. Ылғалды-субтропикалық және тропикалық орманды белдеу.

Дәріс 15.

Қазақстанның топырақ қорлары.

1 Қазақстан топырақтары және олардың қалыптасуының экологиялық жағдайы

Қазақстанның барлық жер қоры ауданы 272 млн 490 мың гектар. Жер кодексінің 1 бабына сәйкес Қазақстан Республикасы жер қоры  нысаналы мақсатына сәйкес келесідей санаттарға (категорияларға) бөлінеді және 2006 жылғы есеп бойынша олардың алатын ауданы төмендегідей:

1) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер – 85,0 млн. га;

2) елді мекендердің (қалалардың, кенттер мен ауылдық елді мекендердің) жері – 21, 2 млн, га;

3) өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жері және өзге де ауылшаруашылық мақсатына арналмаған жер – 2,5 млн.га;

4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері, сауықтыру мақсатындағы, рекриациялық және тарихи –мәдени мақсаттағы жер – 3,3 млн. га,

a) орман қорының жері – 23,4 млн. га;

b) су қорның жері – 3,7 млн. га;

c) босалқы жер – 122,0 млн га.

Қазақстанның жер қорының 222,6 млн. гектары ауыл шаруашылығы алқаптары (барлық жер ауданының 81,7%-ы). Оның ішінде:

- егістіктер ( жыртылған жер) –23,2 млн. га;

- көпжылдық екпелер егілген жер – 115,5 мың га;

- тыңайған жер – 5,4 млн га;

- шабындықтар – 5,5 млн га;

- жайылымдар – 189 млн. га.

Еліміздің жер қорының топырақ жамылғысы алуан түрлі болып келеді (26-кесте). Еліміздің топырақ жамылғысы ішінде құнарлылығы төмен, пайдалану үшін оларды жақсарту (мелиорация) жұмыстарын іске асыру қажет кейбір, кебірленген, сорланған, су және жел эрозиясына төзімсіз топырақтар түрлеріде мол тараған. Қазақстанның жер қоры өте мол, оның топырақ жамылғысы құрамында құнарлылығы жақсы, егіншілікте қолдануға тиімді топырақтармен қатар егіншілікке тиімсіз құнарлылығы төмен топырақ түрлері кездеседі.

Сондықтан еліміздің жер қорын экологиялық жағынан негізделген бағдарлама бойынша тиімді пайдалану қажет. Қазіргі уақытта жер қорын пайдалануда байқалған келесідей келеңсіз жайттар қалыптасқан: өндіріс орындарының қалдықтарымен ластанған, бүлініп істен шыққан 169,7 мың гектар  жер;  жер қойнауындағы пайдалы  қазбаларды барлау өндіру,  оларды тасымалдап, байыту кезінде  қалыптасқан карьерлер, үйінділер жердің топырақ жамылғысын  жойған. Топырақ өзінің басты экологиялық  қызметтерін – биологиялық масса өндіруін  және атмосфераның  химиялық құрамын реттеуге қатысуын  жоғалтқан. Яғни топырақ өлі денеге айналған. Сөйтіп бұл жерлердің экологиялық – санитарлық жағдайы төмендеген.

Елімізде «қорғаныс» мақсатына бөлінген, ядролық қару-жарақтарды сынау, ғарыш кемелерін ұшыру кезінде оның қалдықтарымен немесе олардың сәтсіздіктен жерге жарылып қайта құлауынан радиацияға шалынып, бұзылған, улы заттармен ластанған жерлер ауданы 20 млн. гектардан асып түседі. Бұл жерлердің басым бөлігі Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан.

Жер қорының экологиялық жағдайын қарастырғанда Қазақстандағы шөлейттену құбылысы туралы мәселе ерекше орын  алады. «Шөлейттену» деген ұғым әртүрлі факторлар әсерінің, климат өзгеруінің және адам әрекетінің нәтижесінде жартылай құрғақтау және құрғақ климатты аудандардағы топырақ деградациясын білдіреді.



26-кесте

Қазақстанның негізгі топырақтарының ауданы (ықшамдалған түрде)

 Топырақтар

Мың га

Барлық топырақ жамылғысынан үлесі, %

жазықтық

таулы өлке

Ормандық сұр топырақ

76,0

440,8

0,2

Кәдімгі қара топырақ

9297,9

11,99,8

4,5

Оңтүстік қара топырақ

11346,9

9555,5

5,2

Сілтісізденген қара топырақ

-

310,9

0,1

Күлгенденген  қара топырақ

-

424,9

0,2

Күңгірт қара топырақ

21380,4

4602,3

11,0

Нағыз қара топырақ

18007,5

1,8

7,7

Ашық қара қоңыр

29249,1

2343,6

13,5

Қоңыр топырақ

33539,2

457,3

14,6

Сұр қоңыр топырақ

27230,6

654,8

11,9

Тақыр және тақыр тәрізді топырақтар

8085,4

118,4

3,5

Боз топырақтар

-

7729,9

3,3

Сұр күрең топырақ

-

1235,1

0,5

Күрең топырақ

-

539,4

0,2

Таулық топырақтар

-

7623,6

3,2

Шалғындық  қара топырақ

1653,2

65,6

0,7

Шалғындық қара-қоңыр топырақ

9272,8

278,6

4,1

Шалғынды қоңыр топырақ

1535,6

29,5

0,7

Шалғынды боз топырақтар

-

2641,1

1,1

Шалғынды топырақ

4674,4

860,2

2,3

Жайылманың және орманның шалғынды топырақтары.

3955,8

679,5

2,0

Шалғынды – батпақты, батпақты

2917,8

203,6

1,3

Кебірлер

9884,0

330,3

4,3

Ал топырақ деградациясы – егістік жерлердің, шабындықтар мен жайылымдардың, орманды жерлердің топырақтарының жел және су эрозиясына шалдығуын, топырақтың физикалық, биологиялық немесе экологиялық қасиеттерінің төмендеуін, сонымен бірге оның табиғи өсімдік жамылғысының ұзақ мерзімге жойылуы нәтижесінде биологиялық және экономикалық өнімділігінің төмендеп, жойылуын көрсететін ұғым.

Қазақстан жер көлемі жағынан ірі ел – Англиядан 11 есе үлкен. Ұлан байтақ территориясы терістіктен оңтүстікке қарай 1600 км, шығысынан батысына қарай 3000 км жерге созылып жатқан кеңістікті алып жатыр. Республика ТМД елдері ішінде Ресейден кейінгі екінші орында. Бұл – оның жері бұрынғы Ресейден басқа 13 одақтас республиканың жер көлемінен артық деген сөз. Бейнелеп айтқанда, Қазақстан жеріне Армения сияқты 90 республика еркін сыйып кетеді, халқының саны жөнінен әлемде 80-ші орында болып, жер көлемі жөнінен 9-орында, дәлірек айтсақ, Ресей, Канада, Қытай, АҚШ, Аустралия, Бразилия, Үндістан, Аргентинадан кейінгі Қазақстан жер шарының екі пайызын алып жатыр.

Қазір ғылыми-техникалық үдеу заманында адам коғамының барлық тірлігі саналы қимылының нәтижесінде жасалып жатыр деп айта алмаймыз. Мұндай жағдай, әсіресе, біздердің табиғат қорларын пайдаланудағы көрсетіп жүрген енжарлығымыздан, немқұрайды қарауымыздан анық байқалады. Кезінде дарынды орыс оқымыстысы академик В. И. Вернадский (1944) аңсаған адам қоғамының саналы қимылының нәтижесінде биосферадағы тіршілік жаңа сатыға "ноосфераға" (ақыл-еркіне) көшу жолының әзірше жүзеге аспай тұрғанын мойындауымыз керек.

Ескеретін жай, казіргі әлемдегі 6,3 миллиард халық үшін жоғарғы қажетті көрсеткіш көптен бері-ақ кеміген. Мысалы, жер жүзіндегі әр адамға қажетті 0,6 гектар жыртылған жер орнына 0.3 гектар-ақ келеді. Дегенмен, бұл көрсеткіш әр мемлекеттерде әртүрлі. Соңғы жылдарға шейін бұрынғы орталық Мәскеу Қазақстан өндірісінің 93%-на қожалық етіп, жерімізге, қоршаған ортамызға өте үлкен нұқсан келтірді. Себебі республикамыз Одақтың нұсқауымен негізінен шикізат өндірумен шұғылданып келді, ал шикізат өндіру - өндірістің ең "лас" саласы. Өктемдігі күшті империя 70 жылдан астам қазақ жерінің барлық байлықтарының беткі "қаймағын" ғана алып, экологиялық зиянды қоқыстарын қалдырып отырды.

Қазақстанда бүкіл Д. И. Менделеев кесте жүйесіндегі элементтердің барлығына жуығы табылғаны белгілі. Халық шаруашылығымызға қажетті барлық пайдалы қазба байлықтар, құрылысқа қажетті құрылыс материалдары да осы өзімізге мекен болып отырған жеріміздің қойнауында, оның әртүрлі тереңдігіндс жатыр. Осы байлықтарды барлау, қазып алу, байыту, тасымалдау кезінде жерімізге көптеген - "жарақаттар" түсті. Оның үстіне олардың көбісін ең "арзан" ашық әдіспен қазып алғандықтан, бұл аймақтардың экологиялық жағдайы нашарлады. Мұндай бүлінген жерлер қатарына негізінен кен карьерлері және оларды казу кезінде кен байлықтарды басып жатқан жамылғы топырақтар мен тау жыныстарын басқа алқаптарға жылжытудан пайда болған құрамы әр түрлі тау жыныстарынан тұратын үйінділер жатады. Бұған байыту фабрикаларынан шығарылған қалдық қоқыстарды, жылу электростанцияларынан шыққан күл мен шлактарды, мекенді орындар мен өндірістік мекемелерден тасталынған металл қалдықтары, резиналар, шыны-әйнектер, бетондар, т.б. тұрмыстық қоқыс-қалдықтарын қосыңыз. Ескеретін жай, бұл қалдықтарды көбінесе тез арада ыдыратып, минералдандыратын бірден-бір жәндік немесе микроорганизмдер жоқ. Сондықтан олар бірнеше ондаған, жүздегсн жылдар бойы жатуы да мүмкін. Бұл қалдықтар пайдасыз өнім ретінде өзі жатқан жердің шөбін өсірмейді, өлі жердің көлемін арттырады, алқаптың санитарлық жағдайын нашарлаталы. Міне сондықтан да өз қолымызбен табиғатқа енгізген зиян әрекеттерімізді өзіміз қолымызбен жақсартып, бүлінген жерлерімізді қайта культивациялап, ал өнімді жерлерімізді басып жатқан қоқыс-қалдықтардан тазалап, оның құнарын қалпына келтіруіміз қажет. Қазақстан ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, өндірісіміз бүлдірген жер көлемі санитарлық зонаны қоспағанда 200 мың гектардай екен.

Ескеретін жай, республикамызда мұндай қазба байлықтарды алған кезде "таза бұзылған" жерлерден басқа әскери-өндірістік кешендерден бүлінген жерлер қаншама. Олардың басым көпшілік жерлері ядролық қару-жарақтарды сынау, ғарыш кемелерін көкке ұшырған кездерде бұзылып, зақымданып, оның ішінде радиацияға шалынып, "ғарыш" қоқыстарымен ластанады. Бұл мәліметтердің көп уақыт құпия болып келгені мәлім. Қазақстан Жоғарғы мәжілісінде депутаттар тобы кейінгі кездерде анықтағандай, еліміздің "қорғаныс" мақсатына бөлінген жер көлемі 20 млн гектардан асады. Бұл "қорғаныс" мақсатындағы объектілердің қазақ жеріне, халқына тигізген және болашақта да тигізетін кесапат зияндарын нақтылап есептеу – келешектің ісі. Қынжылатын шындық, Жер планетасында тек Қазақстанда ғана ядролық-стратегиялық бағдарлама толық жүзеге асты. Оларға қажетті шикізат осында табылып алынды, ядролы қондырғылар осында дайындалып, осында сыналды, ракеталы-ғарыштық кешендер осында сыналып, осында көзі жойылды. Мұның барлығы 40 жыл бойы жүр. Жалпы Қазақстанда 500-ден астам атом бомбасының жарылысы болды, оның 20-дан астамы Семей полигонынан басқа аймақтарда. Уран кеніштерінің аймақтарында экологиялық жүйенің барлығы да қатты ластанды. Батыс Қазақстан аймағындағы Азғыр, ал осы облыстармен шектес жатқан Ресейдегі Капустин-Яр полигондарының қазақ жеріне тигізген экологиялық зияндары ұшан-теңіз екені даусыз.

Біздің шамалауымызша ол жерлердің кемінде жартысы бүлінген және ластанған жерлер. Бұл жерлер негізінен Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында орын алған.

Бұзылған, шаңы шыққан жерлер қатарына бүлінген жайылым жерлер де жатады. Жайылымдардың тарлығынан олардың біркелкі суландырылмағандығынан қыстау мен мал суаратын және елді мекендер төңірегіндегі миллиондаған гектар жайылымдар "тұяқ тесті" алқаптарға айналған. Ауылшаруашылығы айналымына жарамай қалған жайылымдар көлемі академикі А. Асановтың (1991) мәліметіне қарағанда, 15 млн га, ал өнімі көп кеміп, бүлінген жайылымдардың жалпы көлемі 60 млн гектардан асады.

Өнімділігі көп кеміп, бүлінген жерлер қатарына біздер тағы да ауыр техника мен транспорт салмағымен бұзылған және мұнай-битум қалдықтарымен ластанған Каспий өңіріндегі жайылым жерлерді де жатқызамыз. Шамамен, олардың көлемі 4-5 млн гектардай. Сонымен құнары қатты кеміп бұзылған, ластанған жерлер көлемі республикада 85-90 млн гектарға жетеді. Олардың құнарлығын қалпына келтіру үшін әртүрлі топырақты қайта құнарландыру шараларын қолдану қажет. Бұл шаралардың күрделілігі, мерзім ұзақтығы әр жерде әртүрлі болады.

Ескеретін тағы бір жай, жерді қайта құнарландыру объектілеріне су тасқынынан кейін сайлы-салалы, құм-тасты болып қалған алқаптар және су астынан жаңа босаған жерлер де жатады. Республикамыздағы мұндай бүлінген жерлерді қайта құнарландыру жұмыстары жайында кітаптың соңғы бөлімінде тоқталмақпыз.

Қазақстандағы экологиялық апат аймақтары Балхаш көлі аймағы, Арал теңізі аймағы, Каспий теңізінің терістік-шығыс алқабын айтуға болады. Бұлардың ішіндегі экологиялық апатқа өте қатты ұшырағаны Арал теңізі бассейні орналасқан жер.

Арал мәселесі, оның тағдыры, оған суын құятын екі үлкен өзендермен – Әмудария жәнс Сырдариямен байланысты. Сонымен күдіреті күшті Орталықтың су министрлігінің тікелей араласуымеи Орта Азия республикалары мен Қазақстанда мақта, күріш, т.б. егістерін өрістету кездерінде өзен бойларында бірнеше су қоймалары салынып, екі өзен сулары ауыздықталып егіс алқаптарына пайдаланылды. Сонымен, 1960 жылға дейінгі сақталып келген, өзендер құятын сумен Арал айдынынан булану тепе-теңдігі бұзыла бастады. Әрине, Арал қасіретін толық сипаттап жату мүмкін емес, сондықтан тек бұл жайындағы қорытынды мәліметтерді келтірейік. Арал деңгейі осы жылдар арасында 17-18 метрге төмендеді, теңіз жүздеген шақырымға шегінгендіктен, су астынан босаған алқаптар теңіздің бұрынғы көлемінің жартысына жуықтады. Теңізге құятын тұщы судың күрт кемуінен теңіз суының тұздылығы көп артты. Бұрынғы 1 литрдегі 8-11 г тұз енді 30-35 г-ға жетті. Теңізде балық құрыды. Құрғаған теңіз табанынан жел суырып ұшыратын тұз бен шаңның зияны тек Қызылорда облысы, Қазақстан ғана емес, әлемнің талай түкпірлеріне баратыны туралы деректер келіп түсуде. Сондықтан Арал қасіретін тек жергілікті емес, дүниежүзілік қасірет деп түсіну керек.

Арал қасіретіне тікелей ұшыраған Қызылорда облысы түгелдей, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының Арал бассейнімен шектескен аймақтары үкіметіміздің шешімі бойынша экологиялық апат аймағы болып жарияланды. Арал апатын халық бұрынырақ сезген еді, бірақ оған араша түсу орталықтың құдіреті күшті кезде мүмкін болмады. Оның үстіне "шегініп бара жатқан Аралды жуырда келетін Сібір суымен «толтырамыз» деген үміт бар еді. Тек 1986 жылы орталык көптен айтылып келе жатқан мол сулы Сібір өзендерінің суын Орта Азия мен Қазақстанға бұру жөніндегі жобаларды үзілді-кесілді тоқтатқаннан кейін бүкіл Арал аймағындағы халық "Аралға араша", "Арал тағдыры – адам тағдыры" деген ұрандарды айта бастады. Бірақ бұл тілектің орындалу уақыты өтіп кеткен еді. Арал аймағы экологиялық апатқа көптен ұшыраған-ды. Енді Аралды бұрынғы қалпына келтіру іс жүзінде мүмкін емес. Әңгіме – экологиялық жағдайды әрі қарай ушықтырмау үшін ең болмағанда теңіз деңгейін осы қалыпта сақтау жайында болып жүр. Арал апатының халық шаруашылығына, адам өміріне тигізген зияны көптен бері айтылып келеді. Сырдария суы Аралға шамалы жеткенімен, жалпы Қызылорда облысының халық шаруашылығына, оның күріш тағы басқа егістеріне, мұқтаждарына негізгі өзек болып отырғаны шындық. Бірақ "су басындағылар су ішеді, су аяғындағылар у ішеді" дегеннің кері келіп, дарияның суы бүкіл Өзбекстан, Оңтүстік Қазақстан жерлерін басып өтіп, ондағы мақта, тағы басқа егістіктерді "химияландырудың" әсерлерін өзімен бірге ала келеді. Аралға жақындаған сайын дария суына облыстың жоғарғы аудандарындағы күріш, тағы басқа егістіктерді "химияландыру" әрекеттерінің "жемістері" қосыла береді. Судың тұздылығы артып, оның химиялық құрамы нашарлап адамнан бастап бүкіл тіршілікке, жер экологиясына қатты зиянын тигізуде. Ол туралы нақтылы материалдар баспасөзде айтылып жүр.

Арал бассейніндегі апат теңіздің шегінгенінен, Каспий аймағындағы апат, керісінше, теңіз деңгейінің биіктеуінен, құрғақ жерлерді басып, өзінің көлемін ұлғайтуға байланысты болып отыр. Осыған қарап, табиғатта тепе-теңдік заңы жоқ деп қалай айтасың? Егер біз Аралға құятын суларды ауыздықтап, егістік суаруға мол жұмсағандықтан, теңіз деңгейі төмендейді десек, ал Каспий теңізі туралы болжам ақталмады. Бұрынғы Одағымыздың көптеген ғалымдары Каспийге құятын Еділ, Жайық т.б. өзендердің суларын ауыл шаруашылығына мол пайдалану таяу болашақта бұл теңіздің де деңгейін төмендетеді деп болжам жасаған еді. Бұл жағдайдың алдын алу үшін мол сулы терістік өзендерін (Печора, Солтүстік Двина) Еділгс қарай бұру туралы кезінде жобалар да жасалды.

1970 жылдың соңынан бастап теңіз денгейі төмендеуінің орнына, керісінше, біртіндеп биіктей бастады. Сонымен 1978 жылдан бері қарай теңіз деңгейі 2 м-ден астам биіктеді, ал оның көтерілуі тоқтар емес. Кейбір ғалымдардың болжауынша, теңіздің биіктеуі XXI ғасырдың ортасына дейін созылмақ. Сонда мұндай таңғажайып оқиғаны немен түсіндіруге болады? Бұл жайында әр түрлі көзқарастар бар. Біздің ойымызша, бұл жайында көңілге қонарлық мәліметті геология-минералогия ғылымының докторы, Түрікмен Ғылым академиясының толық мүшесі К. Н. Аманниязов келтіреді (1999). Ғалымның пікірлерін, Орталық Каспий Жерорта теңізі белдеуінің салалас аймағына жатады. Ол Үлкен Кавказ бен Үлкен Балқан құрылымымен жалғасып, су астындағы жер қабатының тектоникалық әсері салдарынан біртіндеп көтеріліп келеді. Теңіз денгейінің көтерілу "құпиясы" осында. Қазірдің өзінде жағалауы жайпақ Атырау, Астрахань, Ленкоран, Манғыстау аймағын және Түркіменстан мен Әзербайжанның біраз жерлеріне су жайыла бастады. Ал теңіз одан әрі көтерілген сайын су басқан жер көлемі де молайып келеді.

Теңіз денгейі пәлен метр көтерілді деп айтуға ғана жеңіл. Шын мәнісінде көтерілген әрбір метр түгілі әр сантиметрінде халық тағдыры жатыр. Себебі көптен қалыптасқан теңіз жағалауында каншама халықтың мекен-жайы, өндіріс орындары, халық шаруашылығының құрылыстары, қазба байлықтар, ауыл шаруашылығына пайдаланатын қаншама жерлер бар. Осылардың су астында қалуы нағыз экологиялық апат. Бұл апаттан жеңілірек құтылудың жолдары К. Аманниязовтын еңбегінде баяндалған. Бұған қоса Каспий өңіріндегі экологиясы бүлінген жерлерден басқа мұнай мен газ барлау, өндіру кездерінде топырақ қабаттары бұзылған, ластанған жерлерді де қосу керек.

Енді Балхаш көлінің аймағы туралы біраз сөз. Балхаш көлінің су режимі өзін оңтүстік пен оңтүстік шығыстан қоршаған Іле, Жетісу, Кетпен, т.б. таулардан және Қытай территориясынан басталатын жеті өзенмен тікелей байланысты. Сондықтан бұл алқапты халық көптен "Жетісу" алқабы деп атайды.

Ірі жеті өзенмен бірге суын Балқашқа құятын басқа да майда өзендер толып жатыр. Дегенмен, Балқаш тағдырын шешетін негізгі күре тамыр – Іле өзені. Басын Қытайдан алатын бұл өзен осы өңірдегі ең мол сулысы. Балқаш көлін көрген академик Л. С. Берг оны "табиғат таңғажайыбы" деген болатын. Осындай шөлді аймақта бірнеше ғасырлар бойы тұщы көлдің сақталуы, академикті таңғалдырған еді. Кейінірек бұл құпиялық оқиғаның кейбір сырлары шешілді. Біріншіден, Балқашка құятын өзендер өз бастауын таудың мұздары мен қарларынан алады. Жол-жөнекей көп тұздана қоймайды, бастауымен құятын көлге дейінгі ара қашық емес. Екіншіден, көлдің барлық айдыны (акваториясы) түгелдсй тұщы емес екені анықталды. Оның шығыс бөлігі әжептеуір тұзданған, ал оңтүстік батыс бөлігі – мол сулы Іле өзені келіп құятын аймағы тұщы.

Ал 1960 жылдан бастап Іленің төменгі сағасын суармалы егіске, оның ішінде суды көп қажет ететін күріш өсіруге пайдалануға байланысты Балқаш өңірінің экологиясы нашарлай бастады. Іле суын ауыздықтап, Қапшағай су қоймасын жасау Іленің төменгі сағасындағы аймақтарды құрғатып, сол аймақтағы мал шаруашылығына, ондатра, балық шаруашылығына өте үлкен зиян келтірді. Балқаш көлінің деңгейі төмендеп, суы тұздана бастады. Көлдің арғы бетінде орналасып, оның тұщы суын қажетке жаратып отырған республикамыздың ірі өндіріс орталығы – кен-металлургия комбинатына, Балқаш қаласына көп нұқсан келтіре бастады. Құрылысы 1970 жылы бітіп, суға толтырыла бастаған Қапшағай су қоймасының жобалық көлемі 28 шаршы шақырым болатын, 1987 жылы, яғни 17 жылдың ішінде көлдегі су деңгейі 2 м төмендеп, оның Балқаш қаласы тұсындағы тұздылығы 2 еседей артты. Сөйтіп Балқаш көлін жоғалтып алу каупі туды. Нәтижесінде "Балқашты сақтайық!" деген ұран баспасөзде, теледидар мен радиода көтеріле бастады. Жұртшылықтың бұл әрекеті елеусіз қалған жоқ. Сол кездегі әкімшілік, басшы органдар Балқаш деңгейін одан әрі төмендетпеу үшін біршама игі істерді жүзеге асырды. Біріншіден, су қоймасындағы су көлемін жобадағы 28 шаршы шақырымға жеткізбей, сол 1987 жылғы деңгейде – 13,5 шаршы шақырымда қалдыру. Екіншіден, бұдан әрі суды көп қажет ететін күріш шаруашылығын өрістетуді тоқтату. Оның орнына су аз жұмсалатын мал азықтық шөптер егіп, мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар ұйымдастыру. Осындай шараларды жүзеге асыру нәтижесінде көл деңгейі орта есеппен 340,7 м өлшемде қалыптасты. Ал Балқаш өңіріндегі экологиялық жағдай одан әрі онша төмендеген жоқ.

Біз бұл Қазақстан территориясындағы экологиялық апат аймақтары туралы қысқаша шолуымызда республикамыздағы барлық экологиялық мәселелерді қамтыдық деп айта алмаймыз. Тың игеру кезіндегі жіберілген кейбір экологиялық қателер жайында сол аймақтардағы жерлерімізді егіншілікке пайдалану бөлімінде сөз болды ма? Ал атом жарылыстары мен "ғарыш қоқыстарының" Қазақстанның экологиясына тигізетін әсерлерін толық зерттеу болашақтың ісі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет