Қорытынды
Қазіргі кезде әртүрлі сала, мамандықтар бойынша шығып жатқан оқулықтар, оқу құралдары баршылық. Алайда солардың қайсыбірінде жанрлық ерекшеліктер композициялық түзілім көбіне-көп ескеріле бермейді. Сондай-ақ, монографиялық үрдісте жазылған еңбектер оқу құралдары, құрылымы жағынан оқу құралдары сипатындағы, әдебиеттер монография делініп жүреді. Ғылыми тіл мәдениетіне қатысты бұл мәселелерді өз алдына бөлек, әңгіменің жүгі ретінде қарай отырып, оқу әдебиеттерінің композициялық құрылымы жөнінде мынаны айтқан жөн. Әдетте оқулықтар мен оқу құралдарының сыртқы композициясы дәстүрлі схема бойынша құрылады: кіріспе, мен негізгі бөлім, негізгі бөлімнің тараулары, параграфтары, олар бойынша жасалатын қорытындылар. Оқулық құрылымының курс бағдарламасы бойынша кұрылуы жеткіліксіз, ол белгілі бір пәннің ұғымдарын жүйелі түрде бейнелеп қарастыру керек, сонда ғана ғылыми пәннің жалпы сұлбасы танылады. Оқулықтың әрбір бөлімі, тарауы өзіне мына элементтерді қосады: 1) нысанның сипаттамасы; 2) нысанның қасиеттерін мысалдар арқылы түсіндіру, негізгі қызметтерін айту, жаңа білімді логикалық тәсілмен анықтау; 3) тақырыпқа қатысты ұғымдарды талдау, салыстыру, салғастыру, сондай-ақ бағалау арқылы жинақтау.
Сонымен, бұл тармақты қорыта келгенде, ғылыми тілді жанрлық тұрғыдан саралау өзінің мақсат-мүддесіне қарай тілден тыс факторлардың қатарынан саналады. Қарым-қатынастың белгілі бір аясындағы әрбір мәтін функционалдық стильдің бір түріне жататындығымен сипатталады және сол стильдің мазмұндық-құрылымдық белгілерінен туындайтын өзіне тән тілдік құралдармен рәсімделеді. Мұндай өзіндік тілдік құралдар стилистикалық нормалар жүйесін құрайды. Бұл стилистикалық нормалар жүйесінен уәжді ауытқу саналы түрде жүзеге асады, автор мақсатты ауытқу арқылы оқырмандармен тығыз қарым-қатынас орнатуды көздейді, мәтіннің жоғары деңгейдегі ақпараттылығына жетуді мақсат етеді.
Жанр ұғымының лингвистикалық мәні оның сөйленісті ұйымдастыратын прагматикалық категория екендігінен көрінеді. Жанрлық ұйымдасу, сол арқылы туындайтын стилистикалық біртектілік белгілі бір мәтінді біртұтас қабылдаудың қажет талабы болып табылады. Бір қарағанда, жанр мен функционалдық стиль ұғымдары ұқсас болып көрінуі мүмкін, алайда бұл екеуі бір нәрсе емес, көптеген жақтары арқылы олар ажыратылады. Айталық, стильді таңдау қарым-қатынас аясына байланысты болса, ал жанр – қарым-қатынас ситуациясына байланысты жүзеге асады.
Ғылыми тілдің жанрлары басқа жанрлық құрылымдардан, мысалы, құжаттық жанр түрлерінен ерекшеленіп тұрады. Кұжаттарда әрбір сөз, сөйлем ешқандай ауыспалы мәнсіз тура мағынасында жұмсалатын болса, оларға қарағанда ғылыми тіл жанрлары босаңдау келетіні рас, соңғысы өзінің құрамына көптеген тілдік нұсқаларды (оппозициялық құрылымдарды, синонимияны т.б.) енгізуі мүмкін. Сонымен ғылыми тіл жанрларының да қолданылу дәстүріне сәйкес өзіндік талаптары болады
Достарыңызбен бөлісу: |