Жоспар Кіріспе Негізгі бөлім


Өлкетану және ғылыми-зерттеу ұйымдарының қызметі



бет6/7
Дата09.04.2024
өлшемі36.68 Kb.
#498065
1   2   3   4   5   6   7
Документ (2)

Өлкетану және ғылыми-зерттеу ұйымдарының қызметі
1887 жылы Орынбор ғылыми мұрағат (архив) комиссиясы құрылды. Комиссия мұрағат ісін тәртіпке келтіруді, өлкенің өткен тарихын зерттеуді, археологиялық және этнографиялық материалдар жинауды өзінің негізгі міндеті деп санады. Комиссияның «Труды» деген баспасөз органы болды. 1894-1917 жылдарда бұл басылымның 34 саны жарық көрді. Мұрағат комиссиясы Қазақстанның өткен тарихын зерттеуге зор көңіл бөлді.
Өлкетанудың тағы бір орталығы Орал болды. Онда жиналған әр түрлі материалдар өңделіп, «Памятные книжки», «Уральские областные ведомости» жөне «Уралец» газеттерінде мақала түрінде жарияланып отырды. Бүл аймақты зерттеушілер катарында Н.Бородинді, В.П.Кранихфельдті, Н.П.Огановскийді, М.К.Курилинді жөне басқа адамдарды атап айтқан жөн. Батыс Қазақстанды зерттеуде антрополог А. А.Харузин, этнограф М.-С.Бабажанов елеулі рөл атқарды. Зерттеулердің нысанасы қазақтардың тарихы мен шаруашылығы, балық аулау кәсіпшілігі, шаруалардың қоныстануы болды.
Омбы маңызды мәдени және ғылыми орталық болатын. Мұнда XIX ғасырдың орта шенінде зерттеушілер Н.М.Красовский, Н.А.Абрамов, кейініректе Н.Н.Балкашин жұмыс істеді. Жергілікті ғалымдар мен саяси жер аударылған зерттеушілер Ақмола статистика комитетінің жанындағы Географиялық қоғамның бөлімшесіне бірікті. Қоғам жұмысына белсене катысушылар арасында Ф.А.Щербина, Г.Н.Потанин, Н.Петропавловский, А.И.Сведенцев, Л.К.Чермак, Д.Клеменц, В.Остафьев, Н.Я.Ядринцев, И.Я.Козлов, Н.Я.Коншин, Г.Е.Катанаев, С.Гуляев, И.Я.Словцов, Н.А.Золотов, Ю.А.Шмидт және басқалар болды.
Батыс Сібір өлкетану қоғамдарына қазақтар М.Шорманов, Ш.Уәлиханов қатысты. Ә.Бөкейханов өз қызметін сонда бастады.Өлкетанушылардың күш-жігерінің арқасында этнография, жергілікті өсімдіктер және жануарлар дүниесі, минералогия бойынша бай экспонаттар жинақталған жергілікті мұражай құрылды. Бұл Қазақстанда ғана емес, бүкіл Сібірге де мәлім мұражайлардың бірі болатын. Сонымен бірге, статистика комитетінің кітапханасы ашылды. Оған Ертіс өңіріне қатысты кітаптар, көркем әдебиет жинақталды, балалар кітабы бөлімі жұмыс істеді. Кітапхана ондаған газеттер мен журналдар алып тұрды. Өлкенің мәдени өмірінде статистика комитеті зор рөл атқарды. Географиялык, қоғамның Семей бөлімін ашу туралы мәселе қойылды. Семей өлкетанушылары өз мақалаларын «Семипалатинские областные ведомости», Семей облысының «Памятные книжки», «Восточное обозрение», «Сибирская газета» газеттерінде жариялап тұрды.
Ташкенттің ғылыми мекемелері Оңтүстік Қазақстанды зерттеу орталығына айналды. Онда халықшылдар П.И.Пашино, Г.С.Загряжский. Д.Иванов, В.И.Межов, Г.Усов, И.Гейер, Е.Смирнов және басқалар ғылыми кызметпен айналысты. Алайда отаршылдық әкімшілікте маңызды қызметтер атқарғанН.И.Гродеков,С.А.Идаров,Н.А.Маев,Г.А.Арендаренко,А.П.Хорошхин,М.А.Терентьевтерде жергілікті мәселелерді зерттеумен шұғылданды. Жергілікті өлкетанушылар олармен тығыз байланыста болды. «Материалы для статистики Сырдаринской области», «Туркестанские ведомости» газеттерінде өлкетанушылык сипаттағы көптеген зерттеулер жарық көрді. Қазақстан проблемалары бойынша бірнеше арнаулы зерттеулер басылып шықты. Сонымен бірге мұнда да ғылыми қоғамдардың қызметіне казақтар мен татарлар катысты. Е.Букин, Н.Жетпісбаев, Ә.Диваев, Қ.Костанаев ерекше зерттеулер жүргізді.
Зерттеу қызметі орталықтарының бірі Жетісу болды. Мұнда П.П. Семенов-Тян-Шанский, кейініректе А.Н.Краснов, А.Ф.Голубев, М.И.Венюков экспедициялык сапарлар жасады. Н.А. Аристов, Ф. Костенко, Н.Н. Пантусов, Г.С. Загряжский, Р.И. Метелицын, В.А. Монастырский, А.Флеров және басқалар ғылыми қызметпен айналысты.
Оңтүстік Қазақстан зерттеушілері материалдарын әр түрлі басылымдарда, атап айтқанда, «Туркестанские ведомости», «Семиреченские областные ведомости» газеттерінде, үздіксіз шығып тұрған «Материалы для статистики Туркестанского края», «Материалы для статистики Сырдаринской области», «Памятные книжки Семиреченской области» атты сериялық еңбектерде, ведомстволық басылымдарда жариялап отырды.
Жетісу мен Оңтүстік Казақстанды зерттеумен Ташкент қаласындағы Түркістандағы әр түрлі ғылыми қоғамдарына біріккен адамдар айналысты. НЛ.Зеланд, Н.И.Маев, А.П.Хорошхин, В.И.Межов, Г.А.Дрендаренко, Е.Т.Смирнов, И.В.Аничков, И.Гейер, Н.П. Остроумов осындай өлкетану коғамдарының қатысушылары болды.
Сонымен қатар, жергілікті жерден шыққан, «Қазактардағы дене және ақыл-ой тәрбиесі», «Орыс-қазақ және қазақ-орыс сөздігі» деген мақалалардың авторы Ешмұхамед Букиннің өлкетанушылык еңбектерін атап өту кажет. Құдабай Костанаев «Перовск және Қазалы уездері қазақтарының этнографиялық очеркі» деген еңбек жариялады. Ноғайбай Жетпісбаев археологиялық жұмыстармен айналысты. Мұнда Ш.Ибрагимов те жұмыс істеді. Әбубәкір Диваев казақ фольклористикасы жөнінде алуан түрлі материалдар жинап, жариялады.
1896 жылы «Дала облыстарын зерттеу жөніндегі экспедиция» жұмыс істей бастады. Далалық өлкенің барлық уездерін зерттеу жөніндегі бұл экспедиция құрғанда Мемлекеттік мүлік министрлігі зерттеу нәтижелерін Қазақстанда жер саясатын жүргізуге пайдалануды көздеді. Экспедицияның міндетіне аумақты табиғи-тарихи жағынан зерттеп, суреттеу, жер түрлерін, бұл мәселедегі ауылдар мен болыстардың маңызын, шаруашылық жүргізу, жерді пайдалану тәсілдерін анықтау кірді. Ресейдің Орталык губернияларынан әкелінген шаруаларды қоныстандыру мақсатында шаруашылық-статистикалык зерттеуге баса көңіл бөлінді.
Экспедицияның кұрамына Ф.А.Щербина, Ә. Бөкейханов, Л.К. Чермак, П.А. Васильев, Н.Ф. Гусев, Н. Белев, В.А. Владимировский, Н.Ф. Дмитриев, қазақ зиялыларының үлкен тобы - Ү. Базанов, Т. Жалмұхамедов, И. Жақсылықов, И. Құдайкұлов, И. Тілекеев, Г. Саркин, Р. Мөрсеков, Е. Итбаев, М. Бекетаев, М.Шомбалов, Д.Сатыбалдин, XIX ғасырдың екінші жартысында зерттеушілер статистикалық деректерді жинап, өңдеу барысында көлемді жұмыс жүргізді. Мәселен, XIX ғасырдың 70-80-жылдарында Қазақстанда халық санағь жүргізілді. Е.Михаэлис пен А.Тилло Семей қаласы және бүкіл Қостанай уезі бойынша халық санағын жүргізді. Статистика комитеттерінің күшімен халық және түтін санағы, әскери ат санағы жүзеге асырылды Мәселен, 1888-1892 жылдарда әскери ат санағы ішінара Ақмола жәні Семей облыстарында да жүргізілді.
Қазақстан жөніндегі ғылыми материалдардың қомақты қорын жасауда облыстық статистика комитеттері едәуір рөль атқарды. Статистика комитеттері туралы ережеде былай делінген: «Бұл комитеттердің басты мақсаты жергілікті әкімшілік статистиканы дұрыс ұстау, атап айтқанда: әрбір губернияда немесе облыста үкіметтің талап етуімен және Орталық статистика комитетінің нұсқауымен сол губернияның немесе облыстың жер мөлшері мен жерінің сапасы, халық саны және өндіргіш күштері туралы дәл статистикалық мәліметтер жинаудың мейлінше дұрыс әдістерін белгілеу және бұл мәліметтерді тексеру мен өңдеу болып табылады...». Бұл орайда халықшылдар көп күш жігер жұмсады. 1878 жылы Ақмола, 1896 жылы Орал, 1895 жылы Торғай, 1879 жылы Жетісу, 1887 жылы Сырдария облыстық статистика комитеттері ашылды.
Статистика комитеттерінің басылымдарында облыс бойынша өндіргіш күштер, халық шаруашылығы, суландыру жүйелері, қатынас жолдары, тұрғындар және олардың кәсіптері, алым-салықтар, оқу-ағарту жөне т.б. туралы егжей-тегжейлі мәліметтер жинақталған шолулар ерекше орын алды.
Бұл шолуға қоса, жиынтық статистикалық кестелер беріліп отырды. Бастапқыда мұндай шолулар «аса мәртебелі» губернаторлардың жыл сайынғы есептеріне косымша ретінде жазылатын. Уакыт өте келе шолуларда статистикалық материалдармен қатар, жекелеген авторлардың мақалалары да жариялана бастады. Түркістан өлкесінде ұзын саны 100-ге таяу шолу басып шығарылды, соның ішінде: «Жетісу облысы бойынша шолулары» 1882 жылдан 1913 жылға дейін үнемі шығып тұрды, Сырдария облысы бойынша «Шолулар» 1885 жылдан 1895 жылға дейін шығарылды. Бұған қосымша Сырдария облыстық статистика комитеті 1891 жылдан 1907 жылға дейін «Сырдария облысының статистикасына арналған материалдарды» жыл сайын шығарып тұрды.
Комитеттер облыстық шолуларға қоса өз еңбектері мен басқа басылымдарды да шығарды. Мысалы, Сырдария комитеті өз еңбектерінің бір томын, «Сырдария облысының статистикасына арналған материалдар жинақтарының» 13 санын басып шығарды. Жетісу облыстық статистика комитеті «Жетісу облысының ескерткіш кітапшалары мен мекенжай-күнтізбелерінің» (1898-1905) 5 томын жариялады.
Саяси айдауда жүргендер қазақ халқының өткені мен бүгінін халықшылдық тұрғыда зерттеді. Мәселен, этнографиялық зерттеулерде олар әрқашанда әлеуметтік және саяси мәселелер көтеріп отырды. Олардың өз зерттеулері мен мақалаларында либералдық және реформистік бағыт ұстанды. Халықшылдар қазақтардың өмір шындығын экзотика ретінде қарастыруға қарсы шықты. Тұтас алғанда халықшылдар қазақ қоғамының күрделі құрылымын ақырына дейін түсіне алмаса да, олар біреулердің екіншілерін қанауы көңіл аударды, орыс және қазақ халықтарының еңбекші бөлігінің езілген жағдайына қоғамның назарын аударуға тырысты. Патша самодержавиесін сынап, бостандық идеяларын насихаттады.
Қазақстанда саяси айдауда жүргендер өздерінің ғылыми қызметінде халықшылдықтың жалпы идеялық негіздерін басшылыққа алды, бірақ әлеуметтік-экономикалық және коғамдық жаңа нақты жағдайлар оларды көбінесе күтпеген тұжырымдар жасауға мәжбүр ететін. Олар шет аймақтардың әлеуметтік-экономикалық өміріне капитализмнің енуін аңғара отырып, осыған байланысты өлкедегі шаруалардың қоныстануына және жұмысшылардың жағдайына, өңдеуші және таукен өнеркәсібінің дамуына ерекше ден қойды. Халықшылдар жазған еңбектер патша әкімшілігінің ресми басылымдарымен салыстырғанда шыншыл және ғылыми жағынан орнықты болды.
XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстан аумағында көптеген тарихи-статистикалық, этнографиялық, геологиялык, географиялық экспедициялар жұмыс істеді. Әдетте, олардың белсенді қатысушылары халықшылдар болды. Әрбір экспедицияға жергілікті ұлт өкілдері, көбінесе қазақтар жолбасшы және тілмаш болып қатысты.
Жолбасшылар мен тілмаштар халықшылдармен тығыз байланыста болды. Тілмаштар көп нәрсеге қанығып қана қойған жоқ, сонымен қатар, өздерінде бар мәліметтерді беруге де әзір тұрды. Олар білімді, өз халкының материалдық және рухани мәдениетін насихаттаушылар болды, дала аңыздарын, билердің аса маңызды билік шешімдерін, дағдылы құқық ережелерін, рәсімдер мен әдет-ғұрып, мал шаруашылығын жүргізу жүйесін, кешіп-қону жолдарын және т.б. жақсы білді. Кейіннен бұл мәселелердің көбісі халықшылдардың ғылыми еңбектерінде көрініс тапты.
Екі халық өкілдерінің мұндай өзара катынастары, олардын арасындағы байланыстар қазақтар мен орыстардың жақындасуына себепші болды. Қазақ және орыс өкілдерінін шығармашылық достастығы қазақ қоғамдық ой-пікірінің дамуында демократиялық негіз қалады. Орыс отаршылдарына қарама-қайшы, орыс демократиялық және революцияшыл ой-пікірінің өкілдері қазақ және орыс зерттеушілерінің арасында достық қатынастардың дамуына жәрдемдесті.
XIX ғасырдың екінші жартысында Казақстанда ғылыми қоғамдардың дамуы көптеген қазақ зерттеушілерінің калыптасуына әсер етті. Олар қазақ ағартушыларының озық идеяларын қабылдап, саяси жер аударылғандардың ғылыми көзқарастарымен және методологиясымен танысты. Қазақ зерттеушілері өз халқының тарихы, әдебиеті мен өнері жайлы құнды деректер жинастырып, көптеген еңбектер жариялады.
XIX ғасырдың екінші жартысында қазақтың ұлттық баспасөзі дүниеге келді. 1870-1882 жылдарда Ташкентте «Түркістан уәлаяты газеті» шығып тұрды. Ол алғашында 500 дана таралыммен шыкқан «Түркестанские ведомостиге» қосымша ретінде шығып, кейіннен дербес органға айналды. Шартты басылымның негізі патша әкімшілігінің әр түрлі өкімдері мен нұсқауларын тарату болды. Сонымен бірге, өлкенің әр түрлі жерлеріне сипаттама берілді. Саяхаттар, егіннің шығымы, ауыл шаруашылығының жай-күйі - мал аурулары, эрозия, су пайдалану туралы жекелеген мәліметтер айтылды. Газет беттерінен кеніштердің ашылуы, өңдеуші өнеркөсіптің жай-күйі, телеграф жүргізу, әйел мәселесі және этнография жөніндегі әр түрлі мәліметтер көрініп отырды. Басылымды Ш.Ибрагимов пен Х.Жанышев редакциялады.
1888-1902 жылдарда Омбыда казақ тілінде «Дала уәлаятының газеті» атты газет шығып тұрды. Бұл «Акмолинские областные ведомости» газетіне қосымша болатын. Оның беттерінде ағартушылық идеялары насихатталды. Ресми бөлімде әкімшіліктің әр түрлі қаулылары мен әкімдері жарияланды. Оның беттерінде белгілі бір дәрежеде қазақтардың тұрмысы, мәдениеті жөніндегі әр түрлі мәселелер көтерілді. Қазақ тарихи аңыздарының және «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Камбар батыр», «Бозжігіт», «Еңлік-Кебек» эпосының нұсқалары, Қожанасыр, Алдаркөсе туралы, әнші Жиренше туралы әр түрлі сюжеттер және баска да материалдар жарияланды. Сондай-ақ казақ көсем сөзшілері мен зерттеушілерінің мақалалары басылып тұрды.
Н. Жетпісбаев, Ш. Ибрагимов, А. Айтбакин, М. Бабажанов, X. Қаржасов, С. Батыршин, Б. Дауылбаев, М. Шорманов, Ә. Диваев, Е. Букин, С. Нұрмүхамедов, Т. Сейдалин, А. Сейдалин, С. Жантөрин сияқты зерттеушілер өз қызметімен және мақалаларымен қазақтар арасында ғылым мен қоғамдык ой-пікірдің дамуына жәрдемдесті. Сөз жоқ, олардың бәрі ғылыми қоғамдардың жұмысына түрліше қатысты, алдыңғы қатарлы орыс мәдениетінің идеяларын өзінше кабылдады, бірақ қазақ зерттеушілерінің Омбы, Семей, Ташкент, Орал және басқа қалалардың қоғамдық өміріне араласуы XIX ғасырдың 70-90-жылдарындағы Қазақстанның қоғамдық саяси өмірінің құрамдас бөлігі болды.
Қазақ ағартушы-демократтарының революцияға дейінгі Казақстандағы ғылыми қоғамдардың жұмысына қызу араласуы қазак, халқының демократиялық орыс мәдениетімен, орыс азаттық қозғалысына қатысушылар - саяси жер аударылғандармен байланыс жасауына кең жол ашты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет