Үн дыбысы – қалыңдай түскен толқын және тітіркендіріш түрінде жайылатын ауа бөлшектерінің тербелісі. Дауыстың жоғарылығы - есту мүшелерінің тербелгіш қозғалыстарының жиілігін субъективті түрде қабылдауы. Ауа тербелісі неғұрлым жиі болса, солғұрлым дыбыс жоғары болып шығады. Дауыстың жоғарлығының сапасы дауыс перделерінің бір секунд үшінде түсетін тербеліс жиілігіне байланысты болады. Негізгі үн (тон) жиілігі герцпен өлшенеді. Жай сөйлеу тілінде еркектерде 85-тен 120 Гц-ке дейін, ал әйелдерде 160-тан 340 Гц-ге дейін өзгереді. Негізгі үннің өзгерістері сөйлеу тілінің мәнерлігіне әсер етеді.
Дауыстың күші,қуаты дауыс шымылдығының діріл қарқынына байланысты болады. Децибеллмен өлшенеді. Дауыс перделерінің діріл қарқыны неғұрлым көп болса, солғұрлым дауыс күшті шығады. Дыбыс тембрі немесе дыбыс ренкі дауыстың сапасының маңызды сипаты болып табылады. Ол күрделі дыбыстардың акустикалық құрамын көрсетеді және тербеліс күші мен жиілігіне тәуелді болады. Дауыс үшін ең маңызды болып оны шығару тәсілі – «дыбыс шабуылы» деп аталатын тәсіл. Дауыс шығарудың үш түрін ажыратады: 1) алғашқыда жеңіл дем шығару, кейін дауыс перделері қабысып, тербеліске түседі. Дауыс болмашы шудан кейін естіледі. Бұндай тәсіл «қырылдақ (көмей) шабуыл» деп аталады; 2) дауыс перделерінің қабысуы мен дем шығару кезі қатар келеді. Бұл дыбыстың «жұмсақ шабуылы»; 3) алғашқыда дауыс перделері қабысып, содан кейін оларды тербеліске түсіріп дем шығарылады. Бұл түрі «қатты шабуыл» деп аталады. Көп қолданылатын және физиологиялық негізделген «жұмсақ шабуыл» деп саналады. Бірақ дыбыс шығарудың қалған екі тәсілін де қолдануға болады. Ол дауыс міндеттеріне және адамның эмоциялық күйіне байланысты болады. Сонымен қатар кейбір жағдайда түзету жұмысында дауысты қою мақсатымен пайдаланылады. Дауыс аппаратының қалыптасуы мен қызметінің биологиялық негіздері. Дауыс өмір әрекетінің интегралды биоәлеуметтік өнімі ретінде адамның биологиялық дамуының кезеңдерімен тығыз байланысты. Бұл категоряларды сәйкестендіре отырып, дауыс функциясының дамуында жеті кезең ажыратуға болады: - мектепке дейінгі (туылғаннан жеті жасқа дейін) кезең. Бұл кезең үшінде нәрестелік, ерте жас (3 жасқа дейін), мектепке дейінгі ересек жас кезеңі деп бөлінеді; - мутацияға дейін (жеті жастан он үш жасқа дейін) кезеңі; - мутация кезеңі (13 жастан 15 жасқа дейін); - мутациядан кейінгі (15-тен 17-ге дейін) кезең; - қарастырып отырған қызмет пен адам организмінің қалыптасу кезеңі (18 ден 35 жасқа дейін); - сенімді қызмет атқару кезеңі (35-тен 60 жасқа дейін); - басылу кезеңі – кәрілік дауыс (60 жастан кейін). Дауыс бұзылуының түрлері Дауыстың бұзылуы – дауыс аппаратының патологиялық өзгерістеріне байланысты фонацияның бұзылуы немесе мүлдем болмауы. Дауыс патологиясын негізгі екі терминмен атайды: афония (грекше «а» - теріс мағыналы қосымша, «phone» - дауыс) – сыбырлап сөйлеу сақталғанның өзінде де дауыстап және қатты сөйлеуге қабілетсіздік. Дисфония («dis» - бұзылу, «phone» - дауыс) – жарым-жартылай дауыс бұзылуы, осы кезде афониядан айырмашылығы дыбыс шығаруы сақталынып, бірақ ерекше тембр, әлсіздік немесе үзілмелілікпен сипатталады. Ю. С. Василенконың (1983) мәліметтері бойынша он мың қала тұрғындарының үшінде 60 дауыс аппаратының созылмалы ауырулары бар адамдар екен, ал дауысқа және сөзге қатысы бар мамандар дауысы бұзылған адамдардың 30-40 % құрайды. Әсіресе дауыстың бұзылуы мұғалімдер мен тәрбиешілер арасында жиі кездеседі. Дауыс патологиясын және оны қалпына келтіру тәсілдерін зерттеу логопедияның қарастыратын мәселесінің бірі болып табылады. Соңғы жылдары дауыс аппаратының бұзылыстарына педагогикалық ықпал ету аймағы кеңейіп, фонопедия деп аталды. Фонопедия — арнайы жаттығулар арқылы көмейдің жүйке-бұлшық ет аппаратын белсендендіруге және координациялауға, тыныс алуын және тұлғасын түзетуге бағытталған педагогикалық ықпал кешені. Бұл дауыс шығарудың физиологиясына, логопедияның негізгі дидактикалық және методологиялық қағидаларына негізделген педагогикалық процесс. Шеткі табиғи (органикалық) бұзылуы дауыс шымылдықтарының фибромасы, папилломасының болуы кезінде туындайды, бұл олардың тығыз емес қабысуына әкеліп соғады. Дауыс қарлыққан түр алады, одан да ауыр жағдайларда афония дамиды. Сонымен, дауыс бұзылуына жататындар: афония, дисфония, фонастения.
Афония – дауыстың жоғалуы, сыбырлап қалу. Афонияны кәдімгі (ауруға байланысты) және функционалдық (психогендік, истериялық) деп екіге бөледі. Кәдімгі (көмейлік) афония жоғары тыныс жолдарына салқын тиюден, тұмаурату, не көмей параличіне, ісіктерге байланысты дыбыс сіңірлерінің жиырылып тербелуіне кедергі туудан пайда болады. Афония — дифтерия (күл) ауруының негізгі белгілерінің де бірі.
Гипотонусты дисфония (афония) екі жақты миопатикалық парездің салдарынан, яғни көмейдің ішкі бұлшық еттерінің парезімен шартталған. Олар кейбір инфекциялардан кейін (тұмау, дифтерия), сонымен қатар дауысқа артық күш салу нәтижесінде пайда болады. Дауыс перделерін тарылтатын бұлшық еттері зақымдалады. Бұл жағдайда дауыс перделері толығынан қабыспайды, олардың арасында саңылау қалады. Дауыс ауытқуы жеңіл қарлыққаннан дауыстың шаршауы, мойын бұлшық еттерінің, желкенің және кеуде қуысының ауыруымен білінетін афонияға дейін көрінуі мүмкін.
Фонастения («phone» - дыбыс, дауыс, «astheneia» - әлсіздік, дәрменсіздік)– сөйлеу қозғалу аппаратының табиғи зақымдануының болмауы кезіндегі дауыс қалыптасуының бұзылуы. Көбінесе шамадан тыс дауыс зорығу салдарынан болады. Психогендік сипат алуы мүмкін. Бұл бұзылыс «дауыс» мамандарында байқалады. Фонастения тыныс алу мен фонацияның үйлестігінің бұзылуымен, дауысты күшейту және төмендету мүмкіндігінің болмауымен сипатталады. Фонастенияның ауыр түрлері афонияға айлануы мүмкін.