«Картаны құрастыру, өңдеу және баспаға шығару»


Дәріс№ 3 Жердің пішіні мен өлшемдері



бет2/8
Дата12.06.2016
өлшемі4.12 Mb.
#129860
1   2   3   4   5   6   7   8

Дәріс№ 3 Жердің пішіні мен өлшемдері
1. Жер фигурасы туралы алғашқы қалыптасқан көзқарастар

Жердің фигурасы мен өлшемдері жайында бақылаулар мен есептеулер негізінде бірте-бірте түсінік бола бастады.

Ежелде Жер туралы түсініктің дөңесті диска ретінде кеңінен таралуы адамдардың көргенімен түсіндіріледі, олар горизонт сызығының дөңгеленіп тұрғанын көрген, одан барып кемелердің біртіндеп горизонт сыртына жоғалғанын, немесе керісінше горизонт сыртынан шығып келе жатқанын байқаған. Біздің эрамыздан жеті ғасыр бұрын Жердің дөңгелек екені белгілі болған, сол кездің өзінде-ақ оны өлшеуге әрекет жасалған. Біздің эрамызға дейінгі IV ғасырда Аристотель сол кезде Жердің шар тәрізді екендігі жөніндегі деректерді жинақтап, негізін қалаған.

Ал біздің эрамызға дейінгі II ғасырда Эратосфен Киренский Асуан (Сиена) мен Александрия аралығындағы меридианның кесіндісін (доғасын) градусын (бұрыштық қашықтығы) жергілікті жерде өлшеп, меридианның бір градусының ұзындығы 110,6км тең екендігін есептеп шығарған. Мұның өзі шын орташа өлшеміне (111,2км) жақын келеді.

Содан бері Жердің шар тәрізді екендігі жөнінде жаңа деректер шықты, мәселен, жер шарын айнала жүзулерде бұрыштарды анықтау методтары жетілдіріліп, жер қашықтығын өлшеудің жаңа методтары қолданылған. Француз ғалымы Жан Пикардің 1669—1670 жылдары өте жетілдірілген приборлармен триангуляция методын қолдануы меридианның градусының мөлшерін соған дейінгі өлшегендердің барлығынан дәл анықтауға жағдай жасаған. Жердің радиусы 6371,7 км тең. Алайда көп ұзамай Жердің шар еместігі дәлелденді, И. Ныотонның айналып тұрған дененің фигурасы міндетті түрде шардан ауытқиды дегені дұрыс болды. Бұл жайында Ришенің сағатпен (1672 ж.) жүргізген белгілі тәжірибесі анықтады,

Парижде (48°51' с. е) оның маятнигі Кайендегіге (4°56' с. е.) қарағанда тезірек жүрді. Кайендегі сағат Париждегідей жүруі үшін маятникті қысқарту керек болды. Қоңыржай ендіктен экваторлыққа ауыстырған кезде маятниктің жүруінің бәсеңдеуі осы бағытта оның Жердің центрінен қашықтығының артуынан екендігі анықталды.



2.. Деңгейлік бет.

ХІХ ғасырда Жердің нақты фигурасы белгілі болды, ол шарға да эллипсоидқа да ұқсас емес, үш осьті кардиоидқа жақын, дегенмен қандай да болмасын дұрыс геометриялық дене емес.

Геоид дегеніміз - материк астынан ойша жалғасатын тыныш жатқан мұхит пен теңіздердің деңгейлік беті

Геоидті неміс ғалымы И. Листинг 1873 ж. ұсынған. Жер фигурасының нақты шартты аты Ньютон Жердің сығылу себебін түсіндіріп қана қойған жоқ, ол оны есептеп шығарды. Ньютонның есебіне қарағанда Жердің полярлық жартылай осі экваторлыққа қарағанда 24 км қысқа болып шықты.

Жер айналмаған жағдайда ғана шар тәрізді болар еді. Онда бүкіл жер бөлшектері өзара тартылыс күшінің нәтижесінде жалпы тартылыс фигура центрінің айналасында біркелкі орналасқан болар еді. Шардың бетінде тартылыс күші барлық жерде бірдей және центрге бағытталған. Бұл тепе-теңдіктің беті. Дене айналған кезде центрден тебу күші пайда болады, ол айналу жылдамдығының квадратына тура пропорционал жәие айналу осінен қашықтыққа кері пропорционал (Центрден тепкіш күштің бағыты айналу осіне перпендикуляр. Орталықтан полюсте айналу жылдамдығы 0-ге тең болса, тепкіш күш те 0 болады; экваторда айналу жылдамдығы көп болса (жер үшін 464 м/сек) тепкіш күш те көп болады.

Центрден тепкіш күш тартылыс күшін азайтады. Осы екі күштің біркелкі әсер етуі ауырлық күші деп аталады. Полюстен экваторға қарай салмақ күші азаяды. Полюстерде және экваторда оның бағыты радиус бағытымен (яғни фигура центріне) сай келеді Полюс пен экватор аралығында бұл сияқты сай келу болмайды. Беттің тепе-теңдігі бұзылады, оны қалыпқа келтіруге тырысушылық массалардың экватор бағытына ауысуын тудырады. Бұл ауысу бет тепе-теңдікқе (ауырлық күшін бағытына перпендикуляр) жеткенге дейін созылады. Массалардың полюстен «шығып» экваторға «қосылуы» бірінші кезекте беттің төмендеуін (радиустың қысқаруын), ал екінші кезекте оның көтерілуін (радиустыд ұзаруын) болдырады. Сығылу пайда болып фигура айналу эллипсоидына ауысады.

Массаның ағуы нәтижесінде полюсте бетінен центрге дейінгі қашықтықтың қысқаруы салмақ күшін арттырады, экваторда керісінше ол азая түседі. Полюс пен экватордың арасындағы салмақ күшінің өзгеруі тең, мұнымен бірге массасының ағысына және центрден есептегенде қашықтықтың өзгеруіне кетеді.

Жер айналымы жылдамдығының әрбір өзгерісі оның полярлық сығылу дәрежесіне (массаньң ағуы жағдайына байланысты) әсер етуі тиіс. Планеталардың фигуралары олардың айналу жылдамдығына сәйкес келеді. Осінен айналу жылдамдығын 17 есе арттырған кезде 1,4 сағ. ішінде бір айналса біздің планетамыздың күл-талқаны шығуы керек.

Эллипсоидтық айналу — тығыздығы біркелкі тараған немесе біртекті дене айналған кезде түзілетін дұрыс фигура. Жер мұндай дене бола алмайды, оның денгейлік беті эллипсоидтың бетімен сай келмейді. Деңгейлік бетті әр деңгейде өте көп жүргізуге болады. Олар бір-бірін қиып өтпейді, бірақ олардың арасындағы қашықтық көп те, аз да болуы мүмкін, ол ауырлық күші өрісінің кернеуіне байланысты. Олардың ішінде, жер эллипсоиды бетіне жақын келетіні геоид беті деп аталады. Геоидті неміс ғалымы И. Листинг 1873 ж. ұсынған. Жер фигурасының нақты шартты аты («геоид» жер тәріздес). Геоидтің бетінің ауытқуы эллипсоидтың бетінен әрі кеткенде ± 100 м аспайды. Геоид дұрыс геометриялық дене емес. Оның формасын анықтау үшін арнаулы өлшеулер қажет, ал эллипсоид үшін оның бір меридианының қисығын өлшеудің өзі де жеткілікті.

Геоидтің беті Мұхиттың тыныш жатқан бетіне сай келеді, ал материктерде ол ауырлық күшін өлшеу нәтижесіне қарай шамалас анықталуы мүмкін. Жердің бетіне әсерін тигізетін ішкі және сыртқы күштер оның деңгейлік беттен ауытқуын болдырады. Олардың әрекеті тоқтаған кезде судың беті тез деңгейлік қалыпқа келеді, ал құрылық бетінің тегістелуі салыстырмалы баяу келеді. Біз көретін жердің беті сыртқы және ішкі процестердің әрекетімен күрделенген және ол Жердің нақты физикалық бетін құрайды. Ол эллипсоидтың бетінен кейбір жерлерде бірнеше километр ауытқиды.




2-сурет. Жердің пішіні. Тұтас сызықтар— жер эллипсоидысының бетіне түсі-рілген перпендиқулярлар. Геоид бетіне перпендикуляр түсірілген тіктеуіштердің бағыты пунктир сызықпен көрсетілген (Н.П.Неклюкова бойынша)
Ауырлық күші үнемі нақты физикалық бетті тегістеуге, оны деңгейлік бетпен теңестіруге бағытталған. Алайда геоидтің беті де өзгеріссіз қалмайды: оған Жердің айналу жылдамдығының өзгеруі және жер массасының қайта бөлінуі әсер етеді.

Геоид 1 : 298,2 сығылумен эллипсоидқа өте жақын. Оның эллипсоидтан ауытқуы заңды ақиқат. Оңтүстік полюс облысына қарағанда солтүстік полюс облысындағы геоид эллипсоидтан 20—30 м жоғары екен. Эллипсоидтан әсіресе қашыктай түсетін экваторлық белдеудің учаскелері: 6—10° б. б.,. 174—170° ш. б. Осы бағытта геоидтің үлкен экваторлық осі орналасқан. Геоид полярлық қана емес, сонымен бірге экватор бойымен сығылған екі ості емес, үш ості эллипсоидқа жақын тұратындығы анықталды.



Жердің фигурасы мен мөлшерінің географиялық манызы өте зор. Жер фигурасы экватордан полюстерге қарай бағытта күн сәулелерінің жер бетіне түсу бұрышын заңды түрде азайтып отырады. Сол бағытта жер беті қабылдайтын күн энергиясының мөлшерінің азаюы және географиялық қабықтың басты зандылығы — енді зоналылығы сонымен байланысты.

Жердің мөлшері географиялық қабықтың мөлшерін, онда болып жатқан процестердің кеңістіктегі масштабтарын анықтайды..

Физикалық бет (геологтардың айтуынша: күндізгі, топографиялық) жердің беті сыртқы және ішкі процестердің әрекетімен күрделенген.

Деңгейлік бет тыныш жатқан мұхит пен теңіздердің деңгейлік беті, ойша жерастында жалғасады. Бұл беттің кез-келген нүктесі ауырлық күш бағытына перпендикуляр болады.

Жер эллипсоиды беті Жердің фигурасына сәйкес келетін эллипсоид айналымы беті.

Жердің пішіні мен көлемін зерттеу жер бетін картада дұрыс кескіндеуге мүмкіндік туғызады және ол ғылым мен техниканың көптеген міндеттерін шешу (жасанды серіктерді жэне ғарыш кемелерін ұшыру, теңізде жүзу, авиация, радиобайланыс және т.б.)үшін қажет.

Жердің физикалық бетінің жалпы ауданы 510 млн км2-қа тең және геометрия жағынан алғанда пішіні күрделі. Орасан кеңістікті (жер бетінің 71%-ін) мұхиттар мен теңіз шұңқырлары алып жатыр, олардың тереңдігі 11000 м-ге дейін жетеді. Дүние жүзілік мүхиттың орташа тереңдігі -3800м-ге жуық. Құрылықта тау жоталары, шатқалдар, жазықтар,өзен алқаптары және жыра-сайлар бар. Кейбір таулардың, мәселен, Эверестің (Джомолунгма) биіктігі 9000 мге жуық. Құрылықтың теңіз деңгейінен орташа биіктігі 875 м-ге тең. Сонымен, құрлықтың көлемі дүние жүзілік мұхитқа қарағанда аз ауданды алып жатқандықтан, сондай-ақ құрлықтың мұхит тереңдігіндегі қыраттармен салыстырганда онша биік болмайтындықтан, мұхит деңгейін жердің фигурасы ретінде қабылдауымыз керек

3-ші сурет. Жер эллипсоиды ( Т.Қалыбеков бойынша)

Геоид пішіні күрделі, дегенмен осы фигура жалпы сфероидқа, яғни PQ1 P1Q (3-ші сурет) эллипстің РР1 төңірегінде айналуынан шығатын айналу эллипсоидына жақын. Сфероид бетін РР айналу осі арқылы өтетін жазықтықтармен қиғанда меридиандар деп аталатын эллипстер (РК Р1 К1) пайда болады. РР1 айналу осіне перпендикуляр жазыктық қималар параллель шеңберлерін түзеді. Сфероидтың центрі (0) арқылы өтетін жазықтық параллель QKQ1K1 экватор деп аталады. Экватордың QQ1 =а радиусы және ОР =b кесіндісі сфероидтың үлкен және кіші жартылай осьтерін құрайды. α= (аb)/а шамасы сфероидтың сығылушылығы деп аталады. а, b және α шамаларын градустық өлшеулер арқылы анықтауға болады, ол үшін меридиан доғасының ұзындығын әрбір 1° сайын өлшеу керек. Меридианның әр түрлі жеріндегі градустың ұзындығын біле отырып, жердің пішіні мен көлемін анықтауға болады.

Жердің фигурасына мейлінше жақын келетін эллипсоидты жер эллипсоиды деп атайды. Жер эллипсоидының көлемдерін анықтау үшін жер бетінің барлық жерінде геодезиялық өлшеулер жүргізілуге тиіс. Әзірше мұндай өлшеулер толық жүргізілмегендіктен, жер эллипсондының дәл параметрлерін анықтауға мүмкіндік болмай отыр. Осы орайда кейбір елдерде геодезиялық өлшеулерді өңдеу барысында геодезиялық жұмыстардың нәтижелері бойынша шығарылған өз эллипсоидтары колданы-лады; олар сол елдің немесе бірнеше елдің территориясын толық не ішінара қамтиды. Осындай эллипсоид референц-эллипсоид деп аталады. Референц-эллипсоид дегеніміз нақты бір елде геодезиялық елшеулерді өңдеу үшін қолданылатын, жер денесінде белгілі түрде бағдарланған, нақты көлемі анықталған эллипсоид.

Жер эллипсоидьшың көлемін әлденеше рет әр түрлі елдердің ғалымдары анықтады. 1946 жылға дейін ТМД-да 1841 жылы неміс ғалымы Ф. В. Бессель есептеп шығарған жер эллипсоидының көлемі қолданылды (а = 6377 397 м, b = 6356079 м, α =1:299,2). 1945 жылдан бастап геодезиялық және картографиялық жұмыстар үшін Ф. Н. Красовскийдің референц-эллипсоидының мынадай көлемдері бекітілді: а=6378245 м, b= 6356863 м, α = 1 :298,3. Батыс Европаның және АҚШ-тың гравиметриялық және астрономиялық материалдарының өңдеуден алынған градустық өлшеулері осы эллипсоидтың көлемдері қолданылған материалдардан аумағы жағынан да, оларды өңдеудің дәлме-дәлдігі жағынан да неғүрлым басымырақ болып табылады.

Көптеген есептерді шығарғанда сфероид сығылушылығының аз (α=1 :300) болғандығынан жердіқ фигурасы үшін радиусы 6371,11 км сфераны қолдануға болады. Кейбір жағдайларда, жер учаскелерінің ұзындықтары 20—30 км-ден аспаған кезде, жердің сфералылығын елемеуге де болады.

3.Эратосфеннің градустық өлшемдері

Ал біздің эрамызға дейінгі II ғасырда Эратосфен Киренский Асуан (Сиена) мен Александрия аралығындағы меридианның кесіндісін (доғасын) градусын (бұрыштық қашықтығы) жергілікті жерде өлшеп, меридианның бір градусының ұзындығы 110,6 км тең екендігін есептеп шығарған. Мұның өзі шын орташа өлшеміне (111,2 км) жақын келеді.

Бұрышты өлшеу Эратасфеннің өзі ойлап тапқан скафис аспабы арқылы өлшенді.Александриядағы күн сәулесінің құлау бұрышы зениттік бұрыштан 7°12'-қа ауытқыды. Екі қала аралығындағы меридиан ұзындығы анықталды. Ол кезде гректер ара қашықтықты стадиямен өлшейтін.(Стадия- ол 125 қос адымның немеме 192,2 м-ге тең өлшем бірлігі) Екі қала аралығы 5000 стадия болды. 5000 стадиядағы доға 7°12'-қа сәйкес келетінін біле отырып, үлкен доғаның 1° шамасын анықтау қиын емес еді, соңынан радиус пен меридиан ұзындығы есептелді. Эратасфен өлшеген Жер радиусы 6120 км (6371 км), экватордың ұзындығы 39 500 км.

Қазіргі кезде біз Жер өлшемін айтқанда Ф.Н. Красовскийдің эллипсоид өлшемін қолданамыз.


Ф.Н.Красовскй эллипсоиды өлшемдері

1-ші кесте

Жер эллипсоиды элементтері

Өлшемдері

Үлкен жарты шеңбер (экваториялдық радиус)- а

6 378 245 м

Кіші жарты шеңбер (полярлық радиус)-b

6 356 863 м

Сығылуы

1:298,3

Шар түріндегі, Жердің орташа радиусы

6 371 117,7 м

Меридиан ұзындығы

40 008 548 м

Экватор ұзындығы

40 075 704 м

Жер беті

510 083 000 км2

Жер көлемі

1 083 320 000 000 км3



4.Глобус-Жер моделі

Глобус –Жер шарының моделі, ол бүкіл Жер беті бейнесінің геометриялық ұқсастығы мен аудандарының арақатынасы дұрыс сақталып жасалады. Глобусты жасағанда 1:30 000 000, 1:80 000 000 масштаб жиі қолданылады. Картографиялық мазмұны жағынан Глобус алуан түрлі. Неғұрлым көп қолданылатындар: физгеографиялық және рельефтік. Алғашқы физгеографиялық глобусты 1492 жылы М.Бехайм жасады. 17 және 18 ғасырларда Глобусты теңіз саяхатшылары пайдаланды.



Дәріс № 4. Географиялық карталар туралы жалпы түсінік
4.1.Карта туралы түсінік

Географиялық карта -Жер бетіінің кішірейтілген жинақы күйде жазықтықта бейнеленуі. Бұлайша бейнелегенде, әуелі картаның қандай мақсатқа арналатыны ескеріледі, табиғат және қоғамдық құбылыстардың орны, олардың бір-бірімен ұштасуы, байланыстары осы тұрғыдан іріктеліп алынады. Географиялық картаны жер бетінің чертежі ғана деп есептеу жеткіліксіз, өйткені ол алуан түрлі табиғат және әлеуметтік-экономикалық құбылыстарды да бейнелейді. Географиялық карталарды жасаудың ерекше математикалық заңы болады. Географиялық картаның бірнеше ерекшелігі бар: Бірінші, картографиялық проекциялардың көмегімен карта жасау жер бетіндегі объектілердің орны, пландағы мөлшері және пішіні туралы дәл деректер алуға мүмкіндік береді.



Екінші, картографиялық белгілерді картаның ерекше тілі ретінде пайдалану:

а) жер бетінің бір бөлігін, немесе оны түгел қамту үшін қажетті масштабта кішірейтіп алуға мүмкіндік береді және картада алынған масштабта кішірейтіп көрсетуге келмейтін, ал өзінің маңызы жағынан қалдырып кетуге болмайтын объектілерді көрсетуге жағдай жасайды. ә) картада жер бедерін көрсетуді, яғни белгілі бір жердің ойлы-қырлы екендігін кескіндеуді жеңілдетеді;

б) Географиялық картада заттардың сыртқы бейнесімен қатар, олардың ішкі қасиеттерін де (мысалы, теңіз картасында судың физико-химиялық қасиеттерін, ағыстарды т. б.) көрсету оңайға түседі;

в) адамның сезім мүшелері қабылдай алмайтын құбылыстардың (магнит бұрылысы, ауырлық күшінің аномалиясы т. б.) таралуын, тікелей көруге қиын байланыстар мен қатынастарды (шикізат көзі мен оны өңдейтін кәсіпорындардың арасындағы) көрнекі түрде көрсетуге болады;

г) жеке объектілердің ұсақ-түйек жақтарын алып тастап, бәріне ортақ және ең маңызды белгілерін (елді мекендерді халқының саны мен әкімшілік маңызы жағынан сипаттау) көрсетуді оңайлатады, яғии абстракция әдісін қолдануға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, Географиялық картада көрсетілетін құбылыстарды іріктеудің және қорытындылаудың, ягни картографиялық генерализацлялаудың зор маңызы бар. Географиялық карта адамның тіршілік әрекетінің барлық саласынпа пайдаланылады. Ол — жол көрсеткіш, өнеркәсіп, энергетика, транспорт құрылыстарын барлау-іздеу, жобалау және инженерлік жобаны нақты іске асырудың негізі. Ауыл шаруашылығын жерге орналастыру, мелиорация және барлық жер қорын есепке алып, оны тиімді пайдалану ісіне керек. Халыққа білім беруде, дүние туралы білімді таратуда, жалпы мәдениетті көрсетуде өте маңызды көрнекі құрал. Территорияның картографиялық жағынан зерттелуі әскери іс үшін де маңызды. Халық шаруашылығының- көптеген міндеттерін шешу — географиялық жағдайларды дұрыс бағалау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қалпына келтіру және табиғатты өзгертудің жоспарларын жасау, өндіргіш күштерді дұрыс орналастыру, экономикалық аудандарды комплексті дамыту т. б.— Географиялық картаның өте сапалы болуын керек етеді. Географиялық карта ғылыми-зерттеу құралы болып табылады. Мысалы, геологиялық карта белгілі бір жердің геологиялық құрылысын көрсетумен қатар, қазбалардың таралу заңдылығын анықтауға мүмкіндік береді. Ол— құбылыстардың кеңістіктегі өзара байланысы мен дамуын зерттеуде және болжауда да аса қажетті құрал.

Картаның тақырыбы мен мақсатына қарай картографиялық кескіндеу бірқатар географиялық элементтерден тұрады. Мысалы, бір жердің толық картасының (топографиялық картасының) мазмұнына: жер бедері, суы, өсімдігі, топырағы, елді мекендері, жол қатынасы, байланыс құралдары, мемлекет және әкімшілік шекаралары, орталықтары және кейбір өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, мәдени объектілері кіреді. Географиялық картаның жиегі мен бос жерінде қосымша графиктер мен жазулар: картада қолданылған картографиялық белгілер және олардың түсіндірмелері; карта бойынша қашықтықты, бұрыштарды, объектілердің ауданын, жеке нүктелердің координаталарын, еңістікті т. б. өлшеуге қажет графиктер; картаның жасалған кезін, пайдаланған материалдарын т. б. көрсететін деректер; кейде көрсетілген объектілерді түсіндіріп, толықтыратын диаграммалар, таблицалар мен мәліметтер де болады.

Географиялық картаның құндылығы — олардың толықтығында, дәлдігінде, пайдаланылған деректердің жаңалығында, сонымен қатар Географиялық картаны жасаудың негізіне алынған ғылыми принцптер мен идеяларда. Ал бұл принцптер мен идеялар жаңа не ескі, дұрыс не бұрыс болуы мүмкін.

Географиялық карта планетамыздың және оның жеке бөліктері- құрылықтар мен мұхиттар, олардың географиялық жағдайы, табиғат байлықтары, халқы, экономикасы, мәдениеті және тарихи дамуы туралы жаңа деректерді алуда, таратуда, аса бағалы құрал болып табылады.

Сонымен қорыта айтқанда, географиялық карта жер бетінің жазықтықта кішірейтіліп, жинақталып кескінделуі. Географиялық обьектілер онда шартты белгілер арқылы көрсетіледі. Географиялық карталарда тұтас мемлекет, кейде бірнеше мемлекет, тіпті бүкіл жер шары да кескінделеді.

Қазіргі қолданылатын географиялық карталар алуан түрлі. Осы карталарды топтарға, түрлерге бөлгенде олардың мынадай ерекшеліктері еске алынады.

1) карталардың территорияны қамту жөніндегі айырмашылықтары;

2) карталардың мазмұны жөніндегі айырмашылықтары;

3) карталардың масштабына байланысты айырмашылықтары.

Карталардың территорияны қамту жөніндегі айырмашылығы төрт топқа бөлінеді:

а) дүние жүзінің картасы және бүкіл жер шарының бетін кескіндейтін жарты шарлар картасы;

б) жеке материктер картасы;

в) материктер аймақтарының (бөліктерінің) картасы, мысалы,Солтүстік, Оңтүстік Европа картасы;

г)топографиялық карталар.

Карталардың мазмұны жөніндегі айырмасына қарай жалпы географиялық, арнаулы және комплексті карталар болып бөлінеді.

Жалпы географиялық карталарда рельеф, өзендер, көлдер, теңіздер, қалалар қатынас жолдары, ал кейде мемлекеттердің шекаралары да көрсетіледі.Бұл карталарға топографиялық және материктердің көптеген оқулық карталары жатады.

Арнаулы тақырыптық карталарға табиғаттың белгілі бір компоненті (құрамдық бөлігі) немеме халықтың орналасуы, мемлекеттердің алып жатқан орны баса көрсетіледі, мысалы, климат, топырақ карталары, саяси карта ж.т.

Комплексті карталарға, жалпы географиялық элементтердің мазмұнынан басқа, халықтың шаруашылық әрекеті мәселесі, мысалы, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығыный негізгі салаларының орналасуы көрсетіледі. Артадағы әрбір сызықшаның , әрбір таңбаның атқаратын қызметі болады.Сондықтан картаны пайдаланбас бұрын оның шартты белгілерімен аңызымен (легенда) танысып алу керек.

Карталардың масштабына байланысты айырмашылығына қарай карталар ірі масштабты 1:200 000 және одан ірісіса 1:200 000-1: 1 000 000 орта масштабты карталар, масштабы 1: 1 000 000 нан ұсағы ұсақ масштабты карталар
4.2.Картаның қасиеттері мен элементтері

Карта дегеніміз – табиғи денелер мен құбылыстардың кішірейтілген сызықша моделі, немесе белгілі бір математикалық заңға сүйеніп құрылған, кішірейтілген, таңбаланған, генерализацияланған жер бетінің және элементтік табиғи құбылыстардың бейнесі.

Картаның қасиеттері:


  1. масштабтылығы – картографиялық бейнелеудің нақтылы мөлшері салыстырмалы түрде белгілі бір пропорцияда кішірейтілген;

  2. картографиялық бейнелеудің генерализациялылығы – ең басты типтік зерзат пен құбылыстардың картада көрсетілуі;

  3. картографиялық бейнелеудің таңбалануы (символикасы) – графикалық образды шартты белгілер көмегімен көрсету;

  4. математикалық нақтылығы – математикалық әдістермен бейнелу арқылы картаны құру (карт.практ. салу);

  5. картографиялық бейнелеудің алуан түрлілігі – кез келген зерзатпен табиғи құбылыстарды кеңістікке таралу ерекшелігіне қарай бейнелеу.

Жалпы географиялық карталарда: а) математикалық негіз; б) картографиялық бейнелеу; в) жәрдемші құралдар; г) қосымша мәліметтер болады.
Карта элементтері

Жалпы географиялық карталарда төменгідей элементтер ажыратылады:

1.Математмкалық негіз

2.Картографиялық бейнелеу

3.Көмекші құралдар

4.Қосымша мәліметтер



Матемаикалық негізге геодезиялық негіз, масштаб және проекциялар жатады, олардың көмегімен математикалық анықталған картографиялық бейне құруға болады.

Геодезиялық негіз. Жер беті нүктелер жүйесі, нүктелердің орнын жазықтықтағы координаталар жүйесі және биіктік бойынша анықтауға болады. Осы нүктелердің көмегімен күндізгі (топографиялықтан) беттен жер эллипсоидының теориялық бетіне математикалық «ауысуды» орындауға болады.

Масштаб зерттелетін затпен «тілдесуге» қолайлы және мүмкіндігінше ыңғайлы мөлшерге дейін эллипсоидты кішірейтуге жағдай жасайды.

ПроекцияЖер эллипсоидының немесе планетаның бетін математикалық тәсілдер арқылы жазықтықта бейнелеу- карталанатын құбылыстардың көрнекілік-таңбалы графикалық бейнелеуін құруға мүмкіндік береді

Картографиялық бейнелеу – шартты белгі, сызықтар, ареалдар т.б. түрінде карталанатын және бейнеленетін құбылыстар мен обьектілер (зерзаттар). Бұл обьектімен құбылыстарға: гидрография, рельеф, өсімдік жамылғысы , елді қоныстар, террирорияның геологиялық құрылымдары, ландшафтар, ылғалдану жағдайлары т.б. жатады.

Көмекші құралдарға карта аңыздары жатады (стандартты емес, мысалы, топографиялық карталар)

Қосымша мәліметтер кейбір карталарда карта түрінде -қима, кескін, сурет, график, кесте т.б. көрсетілуі мүмкін.

4.3.Географиялық карталардың жіктелуі:

Географиялық карталардың ішінен неғұрлым көп қолданылатыны — жер беті мен ондағы объектілер көрсетілетін жалпы географиялық карталар. Ал басқалары тақырыпық карталар деп аталады. Олар жалпы географиялық картаның мазмұнына кіретін белгілі бір элементті (мыс, жер бедерін) өте толық және жан-жақты баяндайды немесе жалпы географиялық картада жоқ құбылыстарды (белгілі бір жердің геоллгиялық құрылысын, климат жағдайын т. б.) көрсетеді.

Тақырыптық карталардың негізгі екі түрі бар:

а) табиғат құбылыстарының карталары, яғни физгеографиялық карталар;

ә)қоғамдық құбылыстардың карталары, яғни әлеуметтік-экономикалық (экономика, халық, мәдениет, саяся-әкімшілік, тарихи) карталар.

Тақырыптық карталардан арнаулы карталарды (оқулық, туристік, нави-гация, жобалау т. б.) айыра білу қажет. Арнаулы карталар жалпы географиялық (туристік) және тақырыптық (оқулық), климаттық, топырақ, экономикалық, т. б. карталар да болуы мүмкін. Бұл карталардың кейбірінің өзіне тән өзгешелігі болғандықтан, олар тақырыптық карталардың ерекшө бір тобы — техникалық карталар деп те аталады. Оларға теңіз навигациясына, ұшуға, жобалауға т. б. арналған карталар жатады. Географиялық картаны көбіне территориялық белгілері (кеңістікті қамтуы) бойынша ажыратылады. Мысалы, дүние жүзінің, мұхиттар мен теңіздердің, құрлықтардың, олардың ірі бөліктерінің, мемлекеттердің, облыстардың, аудандардың карталары.

Географиялық карталар тақырыбының кеңдігі жағынан да әр түрлі болады. Мысалы, кейбір климаттық карталар бір ғана метеорологиялық элементті (температура, жауын-шашын т. б.), енді біреулері бірнеше элементті (ауа қысымы мен желді) көрсетеді, немесе климатты тұтас сипаттайды. Бір ғана тақырыпқа арналған карталарды ж е к е немесе салалық (температура картасы) деп, ал құбылыстың толық сипатын беретіндерін ж а л п ы (жалпы климаттық карта) карталар деп атайды. Көптеген карталарда бірнеше құбылыс және олардың арасындағы өзара байланыс қатар көрсетіледі. Бұл — көп салалы карталар; оларды комплексті карталар дейді (мысалы, барлық метеорологиялық негізгі элементтерді көрсететін синоптикалық карталар).

Географиялық карта мазмұнының қорытылу дәрежесі жағынан бірдей бола бермейді. Кейбір карталарда жинақтап қорытылмаған немесе әлі аз жинақталған көрсеткіштер (нақтылы бір уақыттағы метеорологиялық элементтердің мәні) берілсе, басқа бір карталарда әбден жинақталған көрсеткіштер (көп жылдық деректердің негізінде алынатын айлық орташа, жылдық орташа темпралар) қамтылады.

Халықты сондай-ақ табиғаттың, экономиканың, мәдениеттің кейбір эле-менттерін, олардың касиеттерін немесе ерекшеліктерін ажыратып көрсететін карталар анализдік карталар деп аталады. Бірнеше көрсеткішті қосып, пайдалану негізінде құбылыстарды тұтас алып сипаттайтын сиитездік карталарға көрсеткіштер жинақталып алынады. Мысалы, жалпы климаттық карталарда климаттық аймақтар бірнеше көрсеткіштің жиынтығы (температура, жауын-шашын т. б.) бойынша көрсетіледі, бірақ олардың нақтылы көрсеткіштері берілмейді. Синтездік карталарда бірқатар жекө карталардың деректері жинақталғандай болады. Тәжірибеде нақтылы және жалпылама керсеткіштер, анализдік және синтездік сипаттамалар берілген карталар болады. Мысалы, жалпы экономикалық карталардың көпшілігінде өнеркәсіп үшін картографиялаудың анализдік, ал ауыл шаруашылығы үшін синтездік әдістері қолданылады.

Масштабына қарай карталардың жіктелуі

масштабтарына сәйкес:

а) ірі масштабты (1: 100 000);

б) орташа (1: 200 000 : 1: 100 000);

в) кіші (1: 1000 000).

Жалпы географиялық карталарда қолданылғанда бұл топтар төменгідей бөлінеді:

а) топографиялық;

б) көріністі топографиялық;

в) көріністік.

Географиялық атластар

Географиялық атлас- географиялық карталардың жүйелі жинағы ; ол бір тұтас шығарма ретінде жалпы программа бойынша жасалады. Ежелгі грек ғалымы Клавдий Птолемейдің (2 ғ.) географиялық карталар жинағы осы заманғы Географиялық атластың негізі саналады. «Атлас» деген атауды (аңызға қарағанда, аспан глобусын алғаш жасаған Либияның мифтік королы — Атластың есімімен аталған) географиялық карталар жинағына 1595 ж. тұңғыш рет енгізген картограф Меркатор болды, Географиялық атластар 15 ғасырдың аяғында кең тарай бастады. 16 ғасырдың соңында алғашқы арнаулы атластар шығарылды. Олардың ішіндө Л. Вагенардың (1584—85) теңіз навигациясы карталарының 2 томдық жинағы мәлім. 17 ғасырда атлас жасау көбіне Гол-ландияда басым дамыды. 1701 ж. С. Ремезов тұңғыш орыс географиялық атласын — «Сібірдің Чертеж кітабын» — жасады. 18 ғасырда Париж, Петербург, Берлин Ғылым Академияларында атлас жасауға көп көңіл бөлінді. 19 ғасырда тақырыптық атластар пайда болды.

1937— 40 ж Дүние жүзі Үлкен совет атласының (физикалық, экономикалық және саяси географияның комплексті атласы) жарық көруі—Географиялық атластың дамуындағы жаңа кезең болып саналады. Қазіргі Географиялық атластың ерекшелігі: -ондағы карталардың ішкі бірлігі, өзара үйлесуі және біріп-бірі толықтырып жатуы.

Географиялық атластың мынадай түрлері болады:



территорияны қамтуына қарай — дүние жүзінің, жеке елдер мен облыстардың т. б. атластары;

мазмұнына қарай — жалпы географиялық карталардың атласы;

тақырьптық карталардың (мысалы, геологиялық және климаттық, ауыл шаруашылық т. б.)

салалық атластары: көптеген өзара байланысты құбылыстардың (мысалы, дүние жүзілік мұхиттың климаты мен океанографиясының көрсетілетін территорияның толық сипатын беретін комплексті атластар;

арналған мақсатына қарай — ғылыми-анықтама, өлке тану, оқулық, туристік, көлемі жағынан бірнеше томдық үлкен атластан қалта атласына дейін болады.

Атластың көбінде түсіндірме текстер, таблица, анықтама-статистикадық деректер, географиялық атаулардың көрсеткіші келтіріледі.

Дүние жүзі атластарының ішінде советтік Дүние жүзілік атлас (1954; 2-басылуы, 1967; форматы 50X31,5 см, көрсеткішінде 200 мыңдай геогриялық атаулар бар; орыс, ағылшын тілдерінде); Дүниежүзінің физика-географиялық атласы (1964); 4 томдық Теңіз атласы (1-т., 1950; 2-т., 1953; 3-г., 1—2 бөлімдері 1958—63); авторларына 1971 ж. СССР Мемлекеттік сыйлығы берілген Антарктика атласы (1-т., 1966, 2-т., 1909) т. б. көрнекті орын алады. Шетелдеріндегі дүние жүзілік атластардан ең маңыздысы — Дүниежүзінің оксфорд экономикалық атласы.{1965).

Бір елді жан-жақты зерттеу не ол туралы толық анықтама алу үшін жеке елдердің ұлттық атластары өте пайдалы. Мұндай атластарға көптеген шетелдер мен СССР-дің кейбір одақтас республикаларының: Белоруссияның (1958), Арменияның;. (1961), Азербайжанның (1963), Қазақстанның комплексті атластары жатады.

Көптеген елдерде салалық, тақырыптық атластар шығарылады. Осьндай атластардың ішіндө СССР-дің климаттық атласы (1—2, 1960—63), СССР-дің ауыл шаруашылық атласы (1960), СССР-дің шаруашылығы мен мәдениетінің дамуы атласының (1967) маңызы зор. СССР-де аймақтық (автоном. республика, өлке, облыс) атластар да шығарылады. Олардың мынадай түрлері бар: ұлттық атластар секілді ғылми деректерді беретін ғылыми-анықтама атластар — Қостанай (1963), Қарағанды (1969), Қазақстанның солтүстік облыстарының (1970) т. б. атластары



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет