22-6-бап. Медициналық-санитариялық қамтамасыз ету
1. Арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі белгіленген санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы талаптардың сақталуын, кәмелетке толмағандардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.
2. Кәмелетке толмағандарға медициналық, оның ішінде психиатриялық көмек көрсетуді арнаулы мекемелер мен ұйымдардың медицина қызметкерлері жүзеге асырады.
3. Ауруханаға жатқызу қажеттілігі анықталған кезде кәмелетке толмаған тиісті медициналық ұйымға жіберіледі.
4. Кәмелетке толмағандар дене жарақатын алған жағдайда куәландыруды арнаулы мекемелер мен ұйымдардың медицина қызметкерлері шұғыл жүргізеді. Медициналық куәландыру нәтижелері белгіленген тәртіппен тіркеледі және жәбірленушіге, аумақтық қорғаншы және қамқоршы органға немесе ата-анасына не оларды алмастыратын адамдарға хабарланады. Арнаулы мекемелер мен ұйымдар әкімшілігінің немесе орган басшысының шешімі бойынша куәландыруды медициналық ұйымдардың қызметкерлері жүргізеді.
5. Кәмелетке толмаған ауыр сырқаттанған не қайтыс болған жағдайда арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі бұл туралы жақын туысқандарына, прокуратура органдарына, аумақтық қорғаншы және қамқоршы органға хабарлайды. Қайтыс болған адамның мәйіті патологиялық-анатомиялық зерттеуден, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген іс-әрекеттер жүргізілгеннен кейін оны сұраған адамдарға беріледі.
Қайтыс болып, мәйіті сұралмаған кәмелетке толмағанды жерлеу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
6. Кәмелетке толмағанның қайтыс болуы мүмкін ауыр науқасы байқалған жағдайда медициналық қорытынды болса арнаулы мекемелер мен ұйымдар әкімшілігінің кәмелетке толмағанды ұстау режимін өзгерту туралы, сондай-ақ емдеуден өту үшін оны денсаулық сақтау ұйымына жіберу туралы мәселе қоюға құқығы бар.
Ескерту. Заң 22-6-баппен толықтырылды - ҚР 2010.12.29 № 375-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
22-7-бап. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталушы кәмелетке толмағандардың міндеттері
1. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталушы кәмелетке толмағандар:
1) осы Заңда және ішкі тәртіп қағидаларында белгіленген арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұстау режимін сақтауға;
2) арнаулы мекемелер мен ұйымдар әкімшілігінің заңды талаптарын орындауға;
3) гигиена және санитария талаптарын сақтауға;
4) өз өміріне және басқа адамдардың денсаулығына қауіп төндіретін қасақана іс-әрекеттер жасамауға;
5) арнаулы мекемелер мен ұйымдар қызметкерлерінің ар-намысын қорлайтын іс-әрекеттер жасамауға;
6) арнаулы мекемелер мен ұйымдар қызметкерлеріне өз қызметтік міндеттерін атқаруына кедергі келтірмеуге;
7) өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға;
8) арнаулы мекемелер мен ұйымдардың мүлкіне ұқыпты қарауға;
9) оқу сабақтарына баруға міндетті.
2. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын кәмелетке толмағандарға адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін немесе қылмыстық құқық бұзушылық қаруы ретінде не кәмелетке толмағандарды осы мекемелерде ұстау мақсаттарына кедергі келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін нәрселерді, заттарды және тамақ өнімдерін өзімен бірге ұстауына тыйым салынады.
3. Кәмелетке толмағандарды оқу-тәрбие процесіне және әлеуметтік оңалтуға байланысты емес іс-шараларға тартуға тыйым салынады.
Ескерту. Заң 22-7-баппен толықтырылды - ҚР 2010.12.29 № 375-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), өзгеріс енгізілді - 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |