28-бап. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына қойылатын талаптар
1. Мынадай:
1) заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар;
2) қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деп күдік келтірілген немесе айыпталған;
3) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар;
4) судьялар, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер және әскери қызметшілер, сондай-ақ құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері;
5) психиатрда және (немесе) наркологта есепте тұратын адамдар ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары бола алмайды.
2. Қасақана қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылған; теріс себептер бойынша мемлекеттік немесе әскери қызметтен, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардан, соттардан босатылған немесе адвокаттар алқасынан шығарылған; адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиядан айырылған адамдар да ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары бола алмайды.
Ескерту. 28-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 01.04.2019 № 240-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
29-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының құқықтары
1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушысы:
1) алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдардың саны, осындай ұйымдардың саны және олардың орналасқан жері туралы ақпарат алуға;
2) алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жасауға, сондай-ақ оларды ұстау жағдайларына қатысты ақпаратқа қол жеткізе алуға;
3) алдын ала баруды құрылған топтардың құрамында белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға;
4) алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен куәларсыз, жеке өзі немесе қажет болған кезде аудармашы арқылы, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының пiкiрi бойынша тиiстi ақпарат бере алатын кез келген басқа адаммен әңгімелесулер өткiзуге;
5) алдын ала баруға жататын ұйымдарды кедергісіз таңдауға және оларда болуға;
6) азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы хабарламалар мен шағымдарды қабылдауға құқылы.
2. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы заңды қызметін жүзеге асырған кезде тәуелсіз болып табылады.
Ескерту. 29-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 01.04.2019 № 240-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |