4. Фразеологизм сыңарларының арасынан сынамалап сөз ендіру. Дистант құбылысы Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы фразеологизмдерде де кездеседі. Тісіңді алыс жауға көп қадайсың, Қас пен көздің, кірпіктің арасында; Құлақтың, естігенде, құрышы қансын; Шаһар жаққа түзейді енді бетті.
5. Фразеологизмдердің орнын алмастырып қолдану. Инверсия – сөйлем ішіндегі бір-біріне қатысты сөздердің, сөйлем мүшелерінің, күрделі сөз оралымдарының, әдеттегі орын тәртібінің бұзылып берілуі. Мәшһүр Жүсіп инверсияны тек ырғақ пен ұйқас талабынан ғана емес, сөзге логикалық екпін түсіру, негізгі идеяны алдыңғы тармақта немесе тармақ басында беру сияқты стилистикалық-прагматикалық мақсатты пайдаланады. Дүниеден қалған жан жоқ аяп күшін, Қайраумен шықыр-шықыр отыз тісін; Қызыл тіл, сен басымды салдың дауға; Отырмын бұ жалғаннан үзіп күдер.
Ақынның фразеологизмдерді жаңартып жұмсау тәсілі, халық тілі үлгісімен жасалған, өз қаламынан шыққан қанатты сөздері қазақтың ауыз әдебиеті тілімен ұштасып жатқандығын дәлелдейді. Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы фразеологизмдердің окказионалды қолданыстары жасалу тәсілі жағынан сан алуан. Ақын жалпыхалықтық тілдің тұрақты тіркес құрамынан ең қажетін талғай отырып, мүмкіндігіне орай оларды түрлендіріп пайдаланады. Тұрақты тіркестерді жаңғыртып, өңдеп, құбылтып, айшықты сөздермен толықтырып қолдану арқылы фразеологизмдердің мәнмәтіндегі мәніне экспрессивті-эмоционалды реңк беріп, көркемдегіш қасиетін құлпыртып, стилистикалық қызметін күшейтеді, прагматикалық мақсатын айқындай түседі.
2.2 Фразеологизмдердің символдық коннотациясы
Халық мәдениеті, танымы, өмір-тіршілігі негізінде қалыптасқан фразеологизмдер тұрақты символдық мәндерді игеруге өте қабілетті. Әлем, табиғат, адамның сыртқы түрі мен ішкі қасиеттері танымдық процесінде ерекше семиотикалық мағынаға – мәдени мағынаға ие болады. Әлем өзінің физикалық, материалдық табиғаты, негізі туралы мағынасынан босатылып, адам танымында әлеуметтік, рухани уәжділікке ие болады. Мәдени мағынасы бар материалдық әлемнің таңбалары мәдени таңбаларға айналып, адамда оның екіншілік қасиеті бойынша қолданыс табады. Осыған байланысты Р.Авакова: «Кез-келген халық санасында қалыптасқан символдар болады, ол символдар әрқашан уәжделеді, яғни олар дәлелді. Тіл-тілдің идиомасында фразема жасайтын символдық компоненттер болады, оларды кейбір ғалымдар ұйытқы компоненттер деп атайды» [4, 161б.].
Символдық коннотация Мәшһүр Жүсіп шығармаларында соматикалық фразеологизмдер, зооморфтық фразеологизмдер, түр-түстік және сандық фразеологизмдер арқылы беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |