Кіріспе 1 2-тарау. Қор мен ұйымдардың өзара іс-қимылы. Қордың ұлттық басқарушы холдинг ретіндегі рөлі 9



бет9/9
Дата08.06.2016
өлшемі0.82 Mb.
#122402
1   2   3   4   5   6   7   8   9

7-тарау. Ашықтық

1. Мүдделі тараптардың мүдделерін сақтау мақсатында Қор және ұйымдар қаржылық жағдайды, қызмет нәтижелерін, меншік құрылымын және басқаруды қоса алғанда, өз қызметінің барлық маңызды аспектілері туралы ақпаратты уақтылы және сенімді ашады.

2. Қор және ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында және ішкі құжаттарда көзделген ақпаратты уақтылы ашады. Қорда және ұйымдарда ақпаратты ашуға және қорғауға арналған қағидаттар мен тәсілдерді айқындайтын ішкі құжаттар, сондай-ақ мүдделі тараптарға ашылатын ақпараттың тізбесі бекітілуге тиіс. Қор және ұйымдар ақпаратты қолжетімділік санатына жатқызу тәртібін, ақпаратты сақтау және пайдалану шарттарын, оның ішінде коммерциялық және қызметтік құпияны құрайтын ақпаратқа еркін қол жеткізу құқығын иеленетін және оның құпиялылығын қорғау шараларын қабылдайтын тұлғалар тобын айқындайды.

Қор мен ұйым Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Кодекске және ішкі құжаттарға сәйкес мүдделі тараптар үшін өз қызметі туралы ақпаратты уақтылы ашуы қажет.

Қорда және ұйымдарда ақпаратты ашу жүйелілігін қамтамасыз ету үшін мүдделі тұлғаларға ашылатын ақпараттың тізбесін, ақпаратты ашу мерзімін, тәртібін, тәсілін, нысанын, функциялары мен міндеттері көрсетілген жауапты лауазымды тұлғалар мен қызметкерлерді, сондай-ақ ақпаратты ашу процесін реттейтін басқа ережелерді айқындайтын ішкі құжаттар бекітілуі қажет.

Коммерциялық және қызметтік құпияны құрайтын ақпаратты қорғау мақсатында Қор мен ұйым Қазақстан Республикасының заңнамасына және жарғыға сәйкес ақпаратты қолжетімділік санаттарына жатқызу тәртібін, ақпаратты сақтау және пайдалану талаптарын айқындайды. Қор және ұйым коммерциялық және қызметтік құпияны құрайтын ақпаратқа еркін қолжетімділік құқығына ие адамдар тобын айқындайды және оның құпиялылығын қорғауға шаралар қабылдайды. Коммерциялық және қызметтік құпияны құрайтын ақпаратты заңсыз әдіспен алған, ашқан немесе пайдаланған адамдар келтірілген шығынды өтеуге міндетті және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікте болады.

Акцияларына қор биржасында баға белгіленетін ұйымдарда құзыретіне ұйымның Интернет-ресурсына орналастырылатын ақпаратты жинау, талдау, дайындау кіретін акционерлермен және инвесторлармен байланыс бойынша құрылымдық бөлімше құру (немесе құрылымдық бөлімшеге функцияларды бекіту) ұсынылады. Қаржы саласында практикалық жұмыс тәжірибесі бар, ұйым жұмыс істейтін саланың ерекшелігін жақсы түсінетін адамды осы бөлімшенің басшысы етіп тағайындау ұсынылады.

Қорда және ұйымда мүдделі тараптарға ақпаратты ашқаны үшін бақылау жүзеге асырылуы қажет.

3. Қор, компания және акциялары немесе облигациялары қор биржасында саудаланатын ұйымдар ҚЕХС сәйкес дайындалған аудиттелген жылдық қаржылық есептілігін, сондай-ақ ҚЕХС сәйкес дайындалған, есепті кезеңнің бірінші тоқсаны үшін, жартыжылдығы үшін және алғашқы тоғыз айы үшін қаржылық есептілігін өзінің интернет-ресурсына уақтылы орналастыруға тиіс. Қаржылық есептіліктің негізгі нысандарынан басқа Қордың, компаниялардың және акциялары немесе облигациялары қор биржасында саудаланатын ұйымдардың қаржылық жағдайы туралы қосымша ақпаратты ашу ұсынылады.

Қаржылық есептілік ҚЕХС сәйкес келуі және жиынтық кіріс, бухгалтерлік баланс туралы есепті, ақша қаражатының қозғалысы туралы есепті, капиталдағы өзгерістер туралы есепті қамтуы қажет. Жылдық қаржылық есептілікте, оның ішінде өзгелерде қаржылық есептілікке түсіндіру болуы қажет және оны тәуелсіз аудиторлар растауы қажет.

Қордың, компаниялардың және акциялары қор биржасында сатылатын ұйымдардың қаржылық есептілігі тоқсан сайынғы негізде интернет-ресурста орналастырылуы қажет. Жылдық қаржылық есептілік Қордың, компанияның, акцияларына биржада баға белгіленетін ұйымдардың интернет-ресурсында есептік кезең аяқталған сәттен бастап 120 күн ішінде орналастырылуы қажет, ал жартыжылдыққа, бірінші тоқсанның қорытындылары бойынша және есептік кезеңнің алғашқы тоғыз айына қаржылық есептілік есептік кезең аяқталған сәттен бастап 60 күн ішінде Интернет-ресурсқа орналастырылуы мүмкін.

Қызметтің ашықтығын арттыру және қаржылық есептілікте берілген қорытындыларды түсіндіру мақсатында қаржылық-шаруашылық қызметтің қорытындылары туралы басшылық есебін ашу ұсынылады, мұнда оның ішінде қаржылық-шаруашылық қызмет қорытындыларына әсер еткен сол факторлар мен талаптар қамтылады.

Қаржылық есептілікке қосымша сегменттік талдауды, кірістердің егжей-тегжейлі құрылымын, операциялық және күрделі шығындар құрылымын, активтерді бағалау әдістерінің сипатын, өтімділік көрсеткіштері туралы ақпаратты, сондай-ақ мемлекеттің субсидиялары мен кепілдіктері болған жағдайда, олар туралы ақпаратты көрсету ұсынылады.

4. Қор және ұйымдар тараптық тұлға ретінде мүдделі тараптарға қаржылық есептіліктің дұрыстығы және оның ҚЕХС талаптарына сәйкестігі туралы объективті пікір беретін тәуелсіз және білікті аудиторды тарту арқылы жыл сайынғы қаржылық есептілік аудитін жүргізуге тиіс. Егер жылдық қаржылық есептілік аудитін жүргізу Қазақстан Республикасының заңнамасында және/немесе ұйымның ішкі құжаттарында көзделсе, жылдық аудит бөлігіндегі нормалар қолданылады.



Сыртқы аудиторды таңдау конкурс негізінде жүзеге асырылуы қажет. Іріктеу процесінде Директорлар кеңесінің Аудит комитеті маңызды рөл атқаруы қажет. Тартылатын сыртқы аудитор Қорға және ұйымға сыртқы аудитордың тәуелсіздігіне қауіп болуы мүмкін консультациялық қызметтерді көрсетпеуі қажет, аудиторлық команданың бұрынғы мүшелері аудиторлық ұйымнан босағаннан кейін екі жылдан ерте оларды басшы лауазымдарға жұмысқа қабылдау жағдайы практикада болмауы қажет. Қор мен ұйым тартылатын сыртқы аудитор туралы егжей-тегжейлі ақпаратты ашуы қажет. Қорда және ұйымдарда сыртқы аудиторды таңдау және өзара іс-қимыл жасау жөніндегі мәселелер регламенттелуі қажет.

Мүдделі тараптар мынадай өлшемдерге сәйкес келетін сыртқы аудиторды тарту арқылы Қордың және ұйымның қаржылық есептілігінің дұрыстығына сенімді болуы қажет: аудиторлық ұйым мамандарының жоғары біліктілік деңгейі, қазақстандық, сонымен қатар халықаралық нарықтағы жұмыс тәжірибесі; саланың бизнесін білуі; қазақстандық, сонымен қатар халықаралық нарықтағы оң беделі; Халықаралық Аудит стандарттары аудиторлық ұйымының аудиторлық қызмет саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, Халықаралық бухгалтерлер федерациясының кәсіби бухгалтерлерінің этика кодексін сақтауы; кемшіліктерді анықтау және қаржылық есептілікті дайындау процесі бойынша ішкі бақылауларды жетілдіру бойынша ұсынымдарды беру жөніндегі жұмыстардың тиімділігі.

Сыртқы аудитордың тәуелсіздігін айқындау кезінде мынадай негізгі өлшемдерді ескеру қажет: тәуелсіздігіне қауіп төндіретін мән-жайларды анықтау үшін аудиторлық ұйым қабылдайтын шаралардың болуы; аудиторлық ұйым бұрын көрсеткен қызметтердің сипаты; аудиторлық ұйыммен қаржылық немесе іскерлік қатынастардың сипаты; сыртқы аудитордың қызметтерді ұсыну мерзімі және сыртқы аудитордың мерзімді түрде ауысу қажеттілігі; ұйымда мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін басқа ұйымға аудиторлық ұйымның қызметтер көрсетуі.

Сыртқы аудиторды таңдау ашық конкурс негізінде жүзеге асырылуы қажет. Директорлар кеңесінің Аудит комитетінің мүшелері конкурстық комиссияның құрамына қосылуы қажет. Сыртқы аудиторды таңдау рәсімінің ашықтығы мыналар арқылы қамтамасыз етіледі: сыртқы аудиторды таңдау рәсімінің нақты регламенттелуі, Директорлар кеңесінің Аудит комитетінің сыртқы аудиторды таңдау рәсіміне қатысу, аудиторлық ұйымдарға қойылатын талаптардың қолжетімділігі және түсініктілігі, бағалау өлшемдері, ресми конкурстық ұсынысқа қойылатын талаптар.

Сыртқы аудиторды таңдау бойынша комиссия мүшелерінің тәуелсіздігін айқындау кезінде мынадай негізгі өлшемдерді ескеру қажет: сыртқы аудитормен комиссияның әр мүшесінің қаржылық немесе іскерлік қатынастарының сипаты; сыртқы аудитор өкілдерімен комиссияның әр мүшесінің туыстық байланысының сипаты.

Қор және ұйым аудитті жүзеге асыру тәртібін және сыртқы аудитормен өзара қарым-қатынастарын, оның ішінде сыртқы аудиторды таңдау процесін, конкурстық комиссияның өкілеттігі мен функциясын, қаржылық есептіліктің аудитімен және өзге ақпаратпен байланысы жоқ консультациялық көрсетілетін қызметтерді аудиторлық ұйымның көрсету мәселелерін, аудиторлық ұйымдардың және аудиторлық ұйымның аға персоналының ротация мәселелерін, аудиторлық ұйымның бұрынғы қызметкерлерін жұмысқа қабылдау мәселелерін реттейтін құжаттарды бекітуі қажет.

Қор мен ұйым үшін аудиторлық ұйымды таңдау тәртібін регламенттейтін бірыңғай құжатты Қор бекіте алады.

Егер аудиторлық ұйым Қорға және ұйымға қатарынан 5 жылдан астам аудиторлық қызметтер көрсеткен жағдайда, әріптестерді және қаржылық есептіліктің аудитіне жауапты аға персоналды ротациялау бес жылда кемінде бір рет жүзеге асырылуы қажет.

Аудиторлық ұйымның бұрынғы мүшелері аудиторлық ұйымдағы қызметінен босағаннан кейін екі жылдан ерте оларды Директорлар кеңесінің, атқарушы органның, ІАҚ құрамына қосу, бас бухгалтер, қаржы директоры лауазымдарына қабылдау жағдайлары практикада болмауы қажет.

Аудиторлық ұйым тәуелсіздігінің тәуекелдерін бағалау және қаржылық есептілік пен өзге ақпарат аудитін жүргізудің әлеуетті сапасын бағалау үшін аудиторлық ұйым төлейтін сыйақы туралы ақпаратты ашу қажет, оның ішінде аудиторлық көрсетілетін қызметтер мен қаржылық есептіліктің және өзге ақпараттың аудитіне байланысы жоқ көрсетілетін қызметтер үшін бөлек. Ақпарат іздеуді жеңілдету мақсатында ол Интернет-ресурста және ұйымның жылдық есебінде ашылуы қажет.

Ұйымның Директорлар кеңесінің Аудит комитеті аудиторлық процесс шеңберінде сыртқы аудитормен тұрақты түрде кездесуі қажет (аудиторлық қорытынды берген сәтке дейін кемінде үш рет).

Сыртқы аудитордың аудит бойынша мәселелерді талқылауы үшін Аудит комитетіне қолжетімділігі болуы қажет. Аудит комитеті болмаған жағдайда, сыртқы аудитор Директорлар кеңесімен және оның төрағасымен тікелей іс-қимыл жасауы қажет.

Сыртқы аудитор Аудит комитетіне аудит барысы және қорытындылары туралы ақпаратты беруі; тәуелсіздіктің сақталуын, ұйымда қаржылық мүдделердің болмауын, жалпы сыйақы сомасының сыртқы аудитордың қаржылық тәуелділігіне біршама әсерінің болмауын растауы қажет.

Қорға және ұйымға қаржылық есептіліктің аудитімен байланысы жоқ консультациялық қызметтерді көрсету бойынша сыртқы аудитордың ниеті болған жағдайда, сыртқы аудитор Аудит комитетінің осындай қызметтерді көрсетуге мақұлдауын алуы қажет.

5. Қор, компаниялар және акциялары немесе облигациялары қор биржасында саудаланатын ұйымдар жылдық есепті осы Кодекстің ережелеріне және ақпаратты ашудың озық практикасына сәйкес дайындауға тиіс. Жылдық есепті Директорлар кеңесі бекітеді.

Жылдық есеп мүдделі тараптар үшін негізгі ақпарат көздерінің бірі болып табылады. Жылдық есеп жақсы құрылымдалуы және қабылдау үшін қарауға ыңғайлы болуы, сондай-ақ мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде жариялануы қажет.

Жылдық есеп акционерлердің (қатысушылардың) жалпы жылдық жиналысын өткізгенге дейін әзірленуі және интернет–ресурста орналастырылуы қажет. Жылдық есепті бекітуді Директорлар кеңесі (қадағалау кеңесі) жүзеге асырады.

Жылдық есептің мазмұнына қойылатын талаптар мынадай ақпараттың болуын болжайды:

1) Директорлар кеңесі (қадағалау кеңесі) төрағасының өтініші;

2) атқарушы орган басшысының өтініші;

3) Қор немесе ұйым туралы ақпарат: жалпы мәліметтер; мынадай мәліметтерді қоса алғанда, жарғылық капиталдың құрылымы туралы ақпарат: шығарылған акциялардың (қатысу үлестерінің) саны және номиналды құны, акциялар беретін құқықтардың сипаттамасы, жарияланған, бірақ орналастырылмаған акциялардың саны және номиналды құны, акционерлердің (қатысушылардың) құрамы және оларға тиісті жай акциялардың (қатысу үлестерінің) саны және үлесі, меншік құқықтарын иелену тәртібі; миссиясы; даму стратегиясы, оны іске асыру қорытындылары; нарықты шолу және нарықтағы жағдай;

4) есепті жылға қаржылық және операциялық қызмет қорытындылары: қойылған міндеттерге қатысты қызметті шолу және талдау; қызметтің операциялық және қаржылық көрсеткіштері; негізгі маңызды оқиғалар мен жетістіктер; маңызды мәмілелер туралы ақпарат; мемлекеттен алынатын/алынған кепілдіктерді және Қор немесе ұйым өзіне қабылдаған мемлекет пен қоғам алдындағы кез келген міндеттемелерді (егер ҚЕХС сәйкес ашылмаса) қоса алғанда, кез келген қаржылық қолдау;

5) барлық деңгейдегі еншілес/тәуелді ұйымдарды, шолуды, олардың қаржылық және өндірістік қызметінің негізгі қорытындыларын қоса алғанда, активтердің құрылымы;

6) болашақ кезеңдерге арналған мақсаттар мен жоспарлар;

7) негізгі тәуекел факторлары мен тәуекелдерді басқару жүйесі;

8) корпоративтік басқару: корпоративтік басқарудың құрылымы; акционерлердің (қатысушылардың) құрамы және иелену құрылымы; біліктілігін, іріктеу процесін қоса алғанда, Директорлар кеңесінің (қадағалау кеңесінің) құрамы, оның ішінде олардың тәуелсіздігін айқындау өлшемдері көрсетілген тәуелсіз директорлар туралы; Директорлар кеңесінің (қадағалау кеңесінің) және оның Комитеттерінің қызметі туралы есеп; корпоративтік басқару практикасына осы Кодекс қағидаттарының сәйкестігі туралы ақпарат, ал олардың сәйкессіздігі кезінде қағидаттардың әрқайсысын сақтамау себептері туралы түсінік; атқарушы органның құрамы; атқарушы органның қызметі туралы есеп; лауазымды тұлғалардың сыйақы саясаты;

9) орнықты даму (орнықты даму саласында жекелеген есепті дайындау жағдайында, осы есепке сілтеме беруге болады);

10) аудитордың қорытындысы және ескертпелері бар қаржылық есептілік.

11) талдамалық көрсеткіштер және жылдық есепке қосылатын деректер салыстырмалы талдауды және өткен кезеңге қатысты қол жеткізілген прогресті (регресті) көрсетуі қажет (өткен жылдық есепте көрсетілген ұқсас көрсеткіштердің мәндерімен салыстыру). Ұқсас салада әрекет жасайтын халықаралық деңгейдегі компаниялармен көрсеткіштерді салыстыру мақсатында қызмет көрсеткіштерін жариялау ұсынылады, ол салалық бенчмаркинг-талдау жүргізуге мүмкіндік береді.

Холдингтік компанияда барлық топ бойынша шоғырландырылған негізде жылдық есепті дайындауға болады. Холдингтік компанияның ұйымы жеке жылдық есеп дайындау туралы шешім қабылдауға құқылы.

6. Интернет-ресурс жақсы құрылымдалған, навигация үшін қолайлы болуға және мүдделі тұлғаларға Қордың және ұйымдардың қызметін түсіну үшін қажетті ақпаратты қамтуға тиіс.

Интернет-ресурс жақсы құрылымдалған, навигация үшін қолайлы және барлық мүдделі тараптар үшін қолжетімді болуы қажет. Ақпараттың интернет-ресурстың жеке тақырыптық бөлімдерінде орналасуы ұсынылады. Интернет-ресурсты өзектендіру қажеттілікке қарай, бірақ аптасына бір реттен жиі емес жүзеге асырылады.

Қорда және ұйымдарда тұрақты негізде Интернет-ресурста орналастырылған ақпараттың толықтығы мен өзектілігін бақылау, сондай-ақ осы ақпараттың Интернет-ресурста орналастырылған мемлекеттік, орыс, ағылшын нұсқаларына сәйкестігі жүзеге асырылуы қажет. Осы мақсаттарда Интернет-ресурстағы ақпараттың толықтығы мен өзектілігіне жауап беретін жауапты тұлғалар (құрылымдық бөлімше) бекітілуі қажет.

Интернет-ресурста мынадай ақпараттар шамалы болуы қажет:

1) миссиясы, негізгі міндеттері, мақсаттары және қызмет түрлері, меншік капиталының мөлшері, активтерінің мөлшері, таза кірісі және персоналының саны туралы ақпаратты қоса алғанда, Қор немесе ұйым туралы жалпы ақпарат;

2) даму стратегиясы туралы ақпарат (кемінде стратегиялық мақсаттар); қызметтің басым бағыттары;

3) органдардың, комитеттердің, корпоративтік хатшының қызметін реттейтін Жарғы және ішкі құжаттар;

4) этикалық қағидаттар туралы ақпарат;

5) тәуекелдерді басқару туралы ақпарат;

6) дивиденд саясаты;

7) мынадай мәліметтерді қоса алғанда, Директорлар кеңесінің мүшелері туралы ақпарат: фотосуреті (Директорлар кеңесінің мүшесімен келісім бойынша), тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, азаматтығы, Директорлар кеңесі мүшесінің мәртебесі (тәуелсіз директор, акционердің өкілі), Директорлар кеңесі мүшесінің, оның ішінде Директорлар кеңесінің комитеттеріндегі мүшелігінің функцияларын көрсету немесе Директорлар кеңесі төрағасының функцияларын орындау, білімі, оның ішінде негізгі және қосымша білімі (білім беретін мекеменің атауы, аяқтаған жылы, біліктілігі, алған дәрежесі), соңғы бес жылдағы жұмыс тәжірибесі, негізгі жұмыс орны және басқа да қазіргі уақытта атқарып отырған лауазымы, кәсіби біліктілігі, Директорлар кеңесіне бірінші сайланған күні және жұмыс істеп тұрған Директорлар кеңесіне сайланған күні, аффилийрленген компаниялардың тиесілі акцияларының саны және үлесі, тәуелсіз директорлардың өлшемдері;

8) мынадай мәліметтерді қоса алғанда, басқарма мүшелері туралы ақпарат: фотосуреті, тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, азаматтығы, лауазымы және атқаратын функциялары, білімі, оның ішінде негізгі және қосымша білімі (білім беретін мекеменің атауы, аяқтаған жылы, біліктілігі, алған дәрежесі), соңғы бес жылдағы жұмыс тәжірибесі, кәсіби біліктілігі, қоса атқаратын лауазымы, аффилийрленген компаниялардың тиесілі акцияларының саны және үлесі;

9) қаржылық есептілік;

10) жылдық есептер;

11) сыртқы аудитор туралы ақпарат;

12) сатып алу қағидаларын, хабарландыруды және оның қорытындыларын қоса алғанда, сатып алу қызметі туралы ақпарат;

13) мынадай мәліметтерді қоса алғанда, жарғылық капитал құрылымы туралы ақпарат: шығарылған акциялардың (қатысу үлестерінің) саны және номиналды құны, акциялар беретін құқықтардың сипаттамасы, жарияланған, бірақ орналастырылмаған акциялардың саны және номиналды құны, акционерлердің (қатысушылардың) құрамы және оларға тиесілі жай акциялардың (қатысу үлестерінің) саны және үлесі, меншік құқықтарына иелік ету тәртібі;

14) қызмет саласы қысқаша көрсетілген барлық деңгейлердегі аффилийрленген компаниялар туралы ақпаратты қоса алғанда, активтердің құрылымы туралы ақпарат;

15) корпоративтік оқиғалардың жылдық күнтізбесі;

16) мәміле тараптары, мәміленің маңызды шарттары (мәміленің мәні, мәміле бағасы), мәмілені мақұлдау туралы шешім қабылдаған орган туралы мәліметтерді қоса алғанда, жасауда мүдделілік бар мәмілелер туралы ақпарат;

17) мәміле тараптары, мәміленің маңызды шарттары (мәміленің мәні, мәміле бағасы), мәмілені мақұлдау туралы шешім қабылдаған орган туралы мәліметтерді қоса алғанда, ірі мәмілелер туралы ақпарат;

18) орнықты даму саласындағы қызмет туралы ақпарат;

19) бекітілген дивидендтердің мөлшері туралы ақпарат;

20) жаңалықтар және баспасөз релиздері.



Холдингтік компанияда оның тобының барлық ұйымдарына бір ин­тернет-ресурстың болуына жол беріледі. Холдингтік компанияның ұйымы жеке интернет-ресурсының болуы туралы шешім қабылдауға құқылы.



____________________________________



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет