Қара жолдың қақ төсі қақыраған.
Қара суға қақ тұрған майысқақ мұз,
Шертіп қалсаң, быт-шыт боп шатынаған.
.. Ақынның "Өміріме" өлеңінде мынадай жолдар бар: "Қара аспаннан жалт еткен бір жасыным бар деуші едім. Қара көздің мөлт еткен бір жасымын ба деуші едім. Қара қарға ғұмырымен неге мені өлшедің?". Мұнда суреткер "қара аспан, қара көз, қара қарға ғұмыры" сөз тіркестерін қолданып, адам өміріндегі көңілсіздікті, жабырқаулықты, жайсыздықты көрсетеді. "Қара қарға ғұмырымен неге мені өлшедің?" жолы арқылы ақын өз өмірін қарқылдап ұшатын қара қарғаның түсімен салыстырып отырады. Ақын адамның басындағы күнделікті өмір ағынында өтіп жатқан көріністі қара сөзімен суреттейді.
Немесе, "Сезігу" өлеңінде "Қара түнек қайта тұр оралғалы, қапамен ой жіберсем туған айға" деген екі жолда да, "қара" — адам жанының жабырқаған сәтін, көңілінің жадаулығын көрсетеді. Келесі өлең жолдарында: "Қара баста қайғының бұлты тұр, қабыл алсаң, қанеки жауайын", - деп, "қара" — басына қайғы орнады деген мағынада жұмсалып тұрған тіркес.
Ал төмендегі берілген өлеңде қара сөзін омограф ретінде көруге болады. Ғалым Ә.Хасенов мұндайды орфографиялық омоним деп атайды. "Омографтар — біркелкі жазылып, екпіннің әр түрлі түсуіне байланысты түрліше айтылатын сөздер. Мысалы: алма-зат есім, алма-болымсыз етістік." [14,169]
Тура қара көзіме, тура қара,
Тура қара көзіме, тура қара,
Ашық айтқан сөзімді бұрмалама
... Тура қара көзіме, тура қара,
Арамдығың бұғынып тұр ма, бала?!
Мұнда қара сөзі — бұйрық райдың түрінде тұрған етістік, оны автор бірнеше рет қайталап, контактілі түрде қолданып, контактілі қайталамаға айналдырып тұрады. А.Қ.Утанова осы жайында:"Контактілі қайталамалар — лексикалық қайталамалардың позициялық түрі. Мұнда редупликат пен редупликатор тығыз байланыста орналасқан. Контактілі қайталамалардың негізгі қолданылатын жері — сөйлем, әрі кеткенде қатарлас орналасқан сөйлемдер жігі", - деп айтқан.[16,15]
Аулақ, аулақ,
Аулақ менің жанымнан!
Қара уайым қара шәлі жамылған.
"Қара" — бұл жерде мұң-зарды көрсету мағынасында жұмсалып тұр. Бұралаң-бұралаң жолы бар өмір соқпағында адам басынан небір қиындықтар өтіп жатады. Мұқағалидың жеке басында сондай сәттер басымдау болды, сондықтан өмір шындығы өлеңде айқын суреттеледі.
Ақын "қара" сөзін қайталау арқылы поэтикалық мәтіннің реңдік бейнесін толық ашады, автордың эмоционалдық-бағалық бағдарлауларын күшейтіп отырады.
Енжарлық, көңілсіздік езілемін,
Қалғандай қара жаяу сезінемін.
/Түс/
"Қара жаяу" — ақынның жалғыздығын, өмірден тарығуын, зарығуын, қиналған бір сәтін көрсетеді.
Қазақтың ежелгі сөз ұйқасы, өлеңнің бастапқы қалпы, байырғы өлең - қара өлең. Қазақ халқының фольклорындағы тақпақ, бір ауыз өлендерінің көбі осы ұйқаспен құрылған. Мұқағали осы ұйқас жайында былай айтқан: "Қазақтың қара өлеңі - құдіретім, онда бір сұмдық сыр бар естімеген". "Қара" бұл жерде "жай, қарапайым" мағынасында жұмсалған. Қара өлең ауыз әдебиетіне жатады. Оның иесі, авторы — халық. Сәбиді ана бесік жырымен тербетеді. Бала халықтан "Қара өлеңді" тыңдай жүріп ержетеді. "Жат жерді жастанғанда жазатайым, қанымен жазды, мүмкін, ағатайым... Қасиетіңнен қара өлең, айналайын, қазақтың дәл өзіндей қарапайым". Иә, қарапайым қара өлеңнің қүдіретті мағынасын, терең сырын білем деп ақын көп ізденді, көп толғанды, қазақтың қара өлеңінің одан әрі мәңгі өмір сүруін армандады.
Жоғарыда келтірілген өлең үзінділерінде қара сөзі лексикалық анафора мен эпифора және аллитерация тәсілінде қолданылған. Ойды өрбіту негізінде үстемелетіп, одан сайын асырмалатып суреттеу басым. Мәтін ішінде қара сөзін құбылтып түрлендіре отырып, бір ойды әр түрлі мағынамен беріп, сырлы да сиқырлы сөздер тізбегін тізіп, қазақтың қара өлеңінің қүдіретін биіктете түседі.
М.Мақатаевтың тілінде көп мағыналы сөздердің бірі — күн сөзі көп қолданылатынына көз жеткізуге болады. Түсіндірме сөздікте күн сөзінің бірнеше мағынасы көрсетілген. Мысалы, күн -мезгіл, уақыт ретінде немесе күн - өмір сүру мағынасында қолданылады. Мұқағали өлеңдеріндегі күн — символ (астарлы) сөз. З.Ахметов "Символ дегеніміз - балама бейне. Оған негізгі ойды, айтқалы отырған нәрсені, құбылысты, сол балама бейне, сурет арқылы тұспалдап көрсету тән" [1,87] — дейді. Символ — идеяның заттық нысаны, астарлы образы. Символ — поэтикалық образ. Мысалы, "Несіне асығады?!" өлеңінде Мұқағали күн сөзін астарлап, бейнелеп суреттейді. Күн "өмір сүру, тіршілік ету" мағынасында қолданылады, зымырап өтіп жатқан уақыттың көрінісін көрсетеді. Уақыт объективті категория секілді және өмір ағымының эмоциялық түйсігін беріп отыратын бейне сияқты көрсету үшін автор күн сөзін қайталап, яғни күшейткіштік (усилительный) қайталама ретінде қолданды. Соңғы шумақта "күнді" — тез өтетін уақыт бөлігі (жақсылық), ал "түнді" - ұзақ созылатын, керегі жоқ уақыт бөлігі (жамандық) ретінде бейнелейді.
Күн қайда асығады?!
Нендей күш күннің нұрын жасырады?!
Қызарып соңғы сәуле шашырады,
Күн түйе алмай барады шашын әлі.
Жетпедім ұшығына күнде ойланып,
Жер қайда асығады күнді айналып?!
Тірлікте қара түннің керегі не,
Кетпей ме онан дағы күнге айналып.
"Жарқырап шығып" өлеңінде мынадай жолдар бар: "Өмірім менің, Күнменен бірге жылжыған! Өте бер жайлап, несіне саған қынжылам. Ашылып күнмен, күнменен бірге тұнжырап, күнменен күліп, жыласа, бірге тұр жылап". Бұл жерде "күн" — жарық, ашық, қуанышты, көңілді оқиғаларға толы өмірлік болмыстың символын білдіреді, бұл оқиғалар өмір жолының межесін құрайды. Мұқағали күн сөзін адамның өмірімен, уақыт барысымен, күндердің ағымымен теңейді, ақынның өмірі "күнменен бірге жылжиды, күнменен бірге ашылады, тұнжырайды, күледі, жылайды". Бұл өлеңде автор "күн" сөзін 9 рет қайталау арқылы, уақыт пен өмір арасындағы байланысты күшейтеді, уақыт желісін жеделдетіп, үдетіп отырады.
Ей, менің өмірімнің күншуағы!
Көлеңкесіз осылай тұршы кәні.
... Талма түсті тайдыра көрмегейсің,
Ей, жарық күншуағым,
Достарыңызбен бөлісу: |