Аңса, жаным!
Мен сағынам.
Сен дағы сағын, жаным,..
Жақсыдан жайлап ескен жан самалын,
Жабықпай аңса, жаным,
Аңса, жаным!
"Жанымда менің" өлеңінде дауыссыз дыбыстар тіркес күйінде абсолют позицияда қайталанып келеді. Бұл қолданысты дыбыстық анафора деп атайды. Бұл жерде жан — дыбыстық анафора өлең мәтініне ырғақтық мән беріп, ұйқас қызметін атқарып тұр. Дыбыстық анафораның озық үлгілерін М.Шаханов, Ү.Есдәулет, Ж.Әбдірәшев сияқты ақындар өлеқдерінен кездестіруге де болады.
Жанымда менің
Жасырын жатқан вулкан бар,
Жалынын атпай,
Жасырын ғана бұрқанған.
Жайғасып алып,
... Жанымда менің
Атылмай жатқан жасым бар.
"Жан" сөзі ниет, ықылас, көңіл мәнін аңғартады. Бұл өлеңнің тағы бір.. ерекшелігі. Мұнда "саңылаулы қайталама", яғни орыс ғалымдарының айтуынша, "сквозной повтор" кездеседі. Саңылаулы қайталама алғашқы және соңғы жолдарды бір тұтастыққа тұтастыратын сөз және сөз тіркестерінің қайталануы арқылы мәтіннің бүкіл бөлімін қамтиды.
"Жанымда менің жасырын жатқан вулкан бар", "Жанымда менің атылмай жатқан жасын бар" өлең жолдары мәтіннің идеясын білдіреді, өлеңнің басында және соңында қайталанады. "Жанымда менің" сөз тіркесі авторлық ой-пікірді қалыптастырып, өлеңнің мазмұнын аша түседі. "Жанымда менің"сөз тіркесі мен "жасырын" сөзі анафораға айналған.
Сонымен біз "жан" көп мағыналы сөзі ақын өлеңдерінде бірнеше мағынада жұмсалғанын байқадық. Ақын жан сөзін кейде тура, кейде ауыспалы мағынада қолданып, адам, көңіл, сана, ниет, ықылас сияқты ұғымдарды білдіреді.
М.Мақатаевтың жырларында тілдің лексикасын саны емес, мағынасы жағынан ұлғайтатын, көбейтетін, кеңейтетін омонимдердің қолданылуына, қайталануына назар аударайық. Мысалы:
Осы бір көктемді көгерген,
Жүз жылдан кейін кеп көрер ме ем!
Осы бір қызғалдақ жас гүлді
Жүз жылдан кейін кеп терер ме ем!
немесе:
Жандарды жылы жүзді ұнатамын,
Барлығы баласындай бір атаның.
... Жүзіңнен, жаным, неге мұң атады,
Жаным-ау, қайтсем сені жұбатамын?
Осы шумақтың екеуінде "жүз" түбір омонимі қайталанылып отырады. Бірақ алдыңғы шумақтағы жүз - сан есім, кейінгі жүз -бет, ажар, түр, өң мағынасында қолданылып тұрған зат есім.
М.Мақатаевтың лирикалық өлеңдерін оқу үстінде жаңа оралым, тың тіркестер іздеп жүрміз. Ақын өзінің сол жайсаң да сезімтал, шымыр да шынайы болмысын өлеңге өзгепше түр іздемей-ақ жеткізе алады. Қарапайым тілде ұғысу қазіргі көркемөнердің өзгеше бір белесіне айналғандай. Ол көркем өнер жүгі жеңілдеді деген сөз емес, керісінше, көркемдеу құралдары нәзіктене түсті деген сөз. Сондықтан да өлендерінен артық-кем өлшем, басы артық сөз, "бөтен қылықты" іздесеңіз, таппайсыз. Мысалы, "Басыма менің бақ қондың" өлеңінде:
Орынсыз ойнап, күлгенде,
Опық жеп талай жүргенде,
Басыма менің Бақ қондың,
Байқаусыз шақта, бірдемде
Боларын бұлай білгем бе?!
Ақыры мына, Бақ, қондың,
Баянсыз емес, нақ қондың.
... Бақ қонды дағы тап болдым.
Мұнда ақынның сезім-күйі бірінші орынға шыға алғандықтан, өленде лирикалық сипат басым болып тұр. Бірінші, екінші жолда ақынның өкінішін көреміз, үшінші жолда автордың айрықша сезімі, құштарлығы оянады. Өлеңнің әсерлілігі де, ақынның құштарлығымен өзектес. Сезім динамикасын дәл бейнелеп, сезімді осынша жеткізе алу, өте-мөте Мұқағалиға тән қасиет.
"Бақ" сөзі — бақыт, қуаныш, шаттық мағынасында жұмсалған. "Бақ қонды" тіркесі өлең жолында бірнеше рет қайталанып, лексикалық эпифора жасайды. Ал, "Анау — аспан, мынау - бақ, аспанда бұлт, бақ жадау... Бақты кезіп тал-қайың, жалаңаяқ жылап жүр" деген өлең жолдарында "бақ" — ақ қармен жамылған, қараусыз қалған қысқы бақ мағынасында қолданылады. Бұлар да омоним сөздер.
Тағы бір "жас" туынды омоним сөзінің қолданылуына мысал келтірейік.
Көзіңнің жасын көрмесем екен мен сенің,
Көзіңнің жасын көрсетпе маған, еңселім.
/Көрмесем екен/ немесе:
... Жаралы жас жүректің толқынынан,
Еседі бетті аймалап нәзік леп.
Жас жүрек, асықпаған, жиі соқпа,
Өмірдің тайғанында тұрған жоқ па?
Бұл өлеңнің алғашқы екі жолында жас сөзі — адам жылаған кездегі жас мағынасында қолданылып тұрған анафоралық сөз. Екінші жолдағы жас — адамның жасына байланысты метафоралық мағынада жұмсалады.
Омонимдік қайталамалар өлеңнің әсемдігі, әсерлігімен қатар, өлеңнің композициялық құрылысында да ерекше қызмет жасайды. Мысалы:
Жастық маған от берді жалындат деп,
Жастық маған оқ берді жауыңды ат деп.
Жастық мені жалтарпай шыңға айдады,
Жастық менің жаныма жыр байлады.
Жастық мені шындады, шынықтырды,
Жастық, шіркін өмірді шын ұқтырды.
Бұл мысал Мұқағалидың "Жастық" атты өлеңінен алынған. Ақынның осы өлеңінде негізгі нысана айтар ой, ақындық идея тек жастыққа қаратылып, жастық сөзінің мағынасын күшейте түсу үшін, әр тармақтың басынан бастап әр қырынан келген. Міне, сол үшін де бұл шумақта анафоралық қайталама жасалып, "жастық" сөзінің мағынасын, мәнін айтар идеясына сәйкес бірте-бірте дамытып әкеліп, шумақтың соңғы жолында тұжырымды түйін жасайды. Сондықтан да мұны әдепкі қайталаудың үлгісіне жатқызамыз.
Ал келесі өлеңінде әуендік қайталама үлгісін көруге болады.
Жаңадан өскен жас қайың,
Қорексіз шөлдеп налып тұр.
Күтпесе егер жастайын,
Өсуден мәңгі қалып тұр.
Бұл жерде "жас қайың" сөз тіркесі мен "жастайын" сөзі эмоционалды дыбысталып, эвфониялық әуезділігі жағынан үйлесімдік жасайды.
Сөйтіп М.Мақатаевтъщ өлендеріңде тура және ауыспалы мағынада беріліп, өлеңнің эмоциялық-экспрессивтік әсерін күшейтіп тұрған көп мағыналы, омоним сөз тіркестері көп колданылған.
Көп мағыналы сөз, омоним тек тілдік құбылыс қана емес,көркем дүниенің бейне сырын ашудағы көрсеткіш екендігінбайқаймыз. Ақын тіліндегі көп мағыналы сөздер, түбір мен туынды омонимдердің арасындағы кайталану, лексикалық анафора мен эпифора, сатылы, контактілі, дистантты, тұйықты, сақина,саңылаулы, симплока, күшейткіштік, семантикалық қайталамалардың түрлері, әуендік қайталама, дыбыстық анафораның қолданылуы өлеңнің көркемдігіне, мазмұнына, мәнеріне, әсеріне қызмет етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |