Зерттеу жұмысының өзектілігі. Әлем туралы білім жүйесінің бір бөлігі болып табылатын концептілердің құрылымы – тіл білімінің күрделі де ауқымды мәселелерінің бірі. Қайғы және қуаныш адам өміріндегі күрделі эмоциялар болып, әлем бейнесінде әмбебап, яғни барлық халықтарға тән, барлығының басынан өтетін ортақ күй болғандықтан олардың себебін, мотивін түсіндіру, тілдегі көрінісін зерттеу, мән-мазмұнын ашу өзекті мәселе болып табылады. Өйткені ең бір ғажайып та, қыры мен сыры көп те құбылыстардың бірі болып адам ішкі табиғатында, жанында болып жатқан процестер есептеледі. Сондықтан да қуаныш пен қайғы сияқты адам өмірінде міндетті түрде кездесетін құбылыстар терең зерттеуді қажет етеді.
Зерттеу нысаны. Қазақ халқының танымындағы «қуаныш» пен «қайғы» концептілерінің қазақ мәдениетіндегі орнын айқындауға мүмкіндік беретін лексико-фразеологиялық, паремиологиялық бірліктер, халық ұғымында қалыптасқан ұғым-түсініктер, қазіргі көркем мәтіндердегі, т.б. «қуаныш» пен «қайғы» концептілерін дәлелдейтін деректерді зерделеу.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. «Қуаныш» пен «қайғы» концептілерінің ұлттық мәдениеттегі рөлі мен орнын, оны сипаттайтын тілдік деректерді лингвомәдени бағытта айқындау, «қуаныш» пен «қайғы» концептілерінің лексика-семантикалық, концептуалдық мазмұнын аялық білім деңгейі тұрғысында түсіндіру. Аталған мақсатты орындауда алға қойылатын міндеттер:
- «қуаныш» пен «қайғы» концептілерін антропоцентристік бағытта зерттеудің негіздерін айқындау;
- «қуаныш» пен «қайғы» концептілерінің «Ғалам бейнесі» контексіндегі концептілік аясын сипаттау;
- көркем мәтіндердегі, т.б. «қуаныш» пен «қайғы» концептілерінің бейнесін сипаттайтын деректерді концептілік жүйеде жинақтау;
- «қуаныш» пен «қайғы» концептілеріне қатысты тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдер, теңеу, метафора, символдардың мазмұнындағы концептілік өрісті анықтау.
Зерттеу жұмысының дереккөздері. Халық ауыз әдебиеті мұралары, белгілі ақын-жазушылардың көркем туындылары, фразеологиялық, түсіндірме, паремиологиялық т.б. сөздіктер, тарихи-этнографиялық, мифологиялық деректер, мерзімді баспасөзден алынған тілдік деректер.
Достарыңызбен бөлісу: |