Прототип – идеалданған эталонды үлгі, яғни типтік түсінік ретінде танылса, бейнелі түсінік – бейнелі гештальт-құрылым ретінде қарастырылады.
Когнитивтік модель (КМ) құрылымы:
КМ = ПРОТОТИП + БЕЙНЕЛІ ТҮСІНІК
↓ ↓
КОНЦЕПТ
Дж. Лакофф түсіндіруінше, «Гештальт- құрылым – мағынаның тілдік көрінісін белгілеу әдісі не форманың мағынаға ие болу амалы». «Гештальд» пен «бейне» дублет бола алмайды, оларды бірінің орнына екіншісін қолдана алмаймыз.
В.Телия «Орыс фразеологиясы» еңбегінде: «Прототип» пен «гештальд-құрылым» алғашқы түсінікті білдіреді» [20, 96-97 б.],– деп тұжырым жасайды. Яғни олар ұғымнан гөрі нақты форманың бейнеленуін көрсетеді. Бейнелі түсінік, яғни бейнелі гештальд- құрылым – бұл ықшамдалған бейне. Осыдан шығатыны: концепт – бұл әрі когнитивтік модель, әрі когнитивтік бірлік. Когнитивтік жүйе концептуалдық құрылымнан тұрады. Концептуалдық құрылым: ойдағы бейне, прототип, кесте (схема), фрейм, сценарий, тұжырымды метафора. Бұл құрылым – когнитивтік жүйе бөлшектері, когнитивтік ойдың сыртқы формасы.
Сонымен әлемнің концептуалды бейнесі және әлемнің тілдік бейнесінің шектері мәселесі тұрғысынан түрлі ойлар бар:
Әлемнің тілдік бейнесінің негізгі мазмұны әлемнің концептуалды бейнесін бүркейді; әлемнің тілдік бейнесі әлемнің концептуалды бейнесінің ядросын жетілдіріп аралық қызмет (переферия) атқарады (Брутян Г.А., Колшанский Г.В., Васильев С.А.);
Әлемнің тілдік бейнесіне қарағанда әлемнің концептуалды бейнесі кең және бай, себебі оның қалыптасуында түрлі ойлау типтері, соның ішінде вербальді емес түрлері де қатысады. Әлемнің тілдік бейнесі – тілдік формалар арқылы өткен және тілге «байланған» концептуалды әлемнің бөлшегі (КарауловЮ.Н., Кубрякова Е.С., Касевич М.В.);
Әлемнің концептуалды бейнесі мен әлемнің тілдік бейнесі бөлінбеген (не разграничны), себебі тек әлемнің концептуалды бейнесі ғана бар (Сүлейменова Э.Д).
Қорытындылай келе айтатын болсақ: «әлем бейнесі» – өмір шындығының нақты ақиқат құбылыстары, оның санадағы, адамдар ұғымындағы оймен жасалған бейнесі; «әлемнің тілдік бейнесі» – белгілі бір тілдік ұжымның күнделікті санасында тарихи түрде қалыптасқан және тілде бейнеленген әлем туралы түсініктердің жиынтығы, шындықты концептуализациялаудың белгілі бір тәсілі; «әлемнің ұлттық тілдік бейнесі» – әлем туралы кейбір түсініктердің ортақтығына қарамастан, оларға әр ұлт өзінше ерекше бір реңк үстеуі арқылы танылатын, көбіне ұлттық таным арқылы анықталатын әлем бейнесі; «әлемнің концептуалды бейнесі» – адам санасында жинақталған, белгілі бір тәртіпке түскен әрдайым жаңарып тұратын әлем туралы білімнің жүйесі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |