Жазбаша морфологиялық жаттығулар негізінде 5-7-сыныптарда морфологияның стильдік ерекшеліктерін анықтауға байланысты жүргізіледі. Мысалы, зат есімді оқыту кезінде зат есім сөздер мен формалардың мағыналық реңдерімен бірге стильдік қолданылуы туралы білім мен дағды беру көзделді. Ол жаттығу жұмыстарын орындаттыру арқылы игертіледі. Мәселен, зат есім сөздер мен формалардың функциональдық стильдердің тілдік құралдарындағы қолдану ерекшелігін білдіру мақсат етіледі.Ол үшін мынадай морфологиялық жаттығу жұмыстарын орындаттыруға болады:
1-жаттығу. Берілген мәтіндегі зат есімді анықта. Оны келесі зат есім сөздермен салыстыр. Бұл зат есім сөздердің қай стильдерде қолданылғандығын анықта: шағын көл – көлшік; кішкентай үй – үйшік; кішкентай нан – күлше.
Жауаптың үлгісі былай болуы тиіс. Зат есімдер көл, үй, нан. Ол қосымша жалғанған зат есім сөздерге қарағанда нақтылау мағынаға ие. Ал көлшік, үйшік, күлше заттардың өзін анықтап, көрсетіп қана қоймайды, кейбір ерекшеліктерін де анықтайды. (Бұл жерде көлеміне байланысты ерекшеліктері). Ал бұл кітаби жазба стильдерде сирек қолданады. Ол зат есім сөздер көбінесе ауызекі сөйлеу тілі мен көркем әдебиет стилінде жиі қолданылады.
Сондай-ақ оқушыларға сын есімді өтуде сын есім сөздердің стильдік қолданылуы мен тіл стильдеріне қатысын оқушыларға игерту үшін жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Мысалы:
2-жаттығу. Мына берілген сын есім сөздердің мағынасын салыстыр. Қай сын есім тіл стильдерінің түрінде қолданылатындығын сөйлем құрап дәлелдеңдер.
1. Сары – сарылау – сарғыш – сарырақ – сап-сары.
2. Ашулы – ашушаң – ашуланғыш.
Оқушыларға тіл стильдерінен білім мен дағды беру мақсатын да морфологияға байланысты, соның ішінде қосымшалардың қолданылуы, ондағы стильдік реңдері туралы мәлімет бере отырып, олардың тіл стильдеріне қатысы анықталады. Мысалы, сын есім жұрнақтарын өту барысында –дай, -дей жұрнақтарының қызметін, мағынасын, мәнін үйретумен қатар, ол жұрнақтардың тіліміздегі суреткерлік, бейнелілік жасау мақсатында жұмсалатындығы туралы мәлімет беру қажет. (үйдей, таудай, арыстандай). Ал ол жұрнақ жалғанған сөздер, суреттеме құралдар (теңеу сөз) көбінесе ауызекі сөйлеу мен көркем әдеби стильдерінде жиі қолданылатындығы айтылып, жаттығулар жүргізіледі.
Мектепте қазақ тілінің морфологиясын оқыту барысында стильді-морфологиялық жаттығулар жүргізуде мына сияқты тапсырмалар мен жұмыстарды орындатуға болады:
- морфологияға байланысты грамматикалық материалдардың (сөз таптары, қосымшалардың) стильдік қолданылуы туралы мәлімет беру, оны анықтай білуге жаттықтыру;
- тіл стильдеріне байланысты қолданылатын морфологиялық категориялар мен формалардың ерекшелігін тани білуге жаттықтыру;
- қазақ әдеби тіл стильдерінің тілдік құрамындағы морфологиялық ерекше-ліктерін тауып, ажырата білуге дағдыландыру. Оны тәжірибелерінде пайдалана білу.
Достарыңызбен бөлісу: |