Шығарма жаздыру. Шығарма – белгілі бір автордың өз ойынан жазған еңбегі. Шығармалар түрлі-түрлі болады: саяси, ғылыми, көркем әдеби, публицистикалық т.б. Қоғамдық үлкен мәні бар, жұртшылыққа танылған шығармалардан бастап газет-журналдарға жазылған кіші мақалаға дейінгі еңбек шығарма деп аталады. Сол сияқты мектеп оқушысының қазақ тілі әдебиетінен орындайтын шығармашылық жазба жұмысы да шығарма делінеді. Шығарма – мектепте орындалатын өте жауапты да күрделі жұмыс. Оқушының білім-танымдық дәрежесін, пікірін жүйелі жеткізе алуын, тәлім-тәрбиелік және қабілет шамасын байқататын жазбаша түрдегі ой еңбегі. Қазақ тілі мен әдебиетінен орта мектепке арналып жасалған жетілдірілген бағдарламада: «8-10-сынып оқушыларына жаздыратын шығарма түрлері тарихи курс мақсатына лайық тақырыптық (талдау), публицистикалық және әдеби-шығармашылық», - деп, үш салаға бөлетіндігі көрсетілген.
Бұл пікірлерге негіздеп, жазбаша тілді дамыту үлесін оқушы шығармасы тақырыбы мен мазмұнына қарай негізінен, екіге бөлуге болады:
1)көркем әдебиет туындылары бойынша шығарма;
оқушының өз іс-әрекеті және қоршаған орта жөніндегі шығарма.
Жоғары сыныптарда жиі жазылатын шығарманың түрі-көркем әдеби туындылар бойынша шығармалар. Оған көркем әдебиет кейіпкерлерінің образдарын ашуға және оның маңызын талдауға байланысты шығармалар жатады. Мысалы, белгілі бір кейіпкерге мінездеме беру; белгілі бір көркем шығарманың өзіндік ерекшелігі мен мәні, жазушы стилі мен оның тілі, композициясы, талданып отырған көркем шығарманың әдебиет тарихындағы орны, белгілі бір ақын я жазушының өз кезеңінде қазақ әдебиетіне қосқан үлесі т.б. Әдеби туындылар жайындағы шығармалардың дені мектеп бағдар-ламалық материалдарды қамтиды. Сол себепті мұндай шығармалардың мазмұны оқулық аясынан онша көп ауытқи қоймайды. Сондықтан жазбаша шығарма жазуға жаттықтыру түсініктеріне де байланысты жүргізіледі. Оқушының ой, іс-әрекеті: басынан кешкен оқиғасы, қоршаған орта жөніндегі өмірден көргені мен түйгені, олар жайында алған әсері, табиғат пен тұрмыс жайындағы ой-пікірлері, арман-қиялы т.б. қамтиды Мектепте оқушыларды шығарма жұмыстарына төселдіру көптеген жаттығу жұмыстарын жүргізуді, бәрінен бұрын жазба жұмысының өзіне тән ерекшелігін жете меңгеруді талап етеді. Өйткені оқушылардың жазба жұмыстары олардың шығармашылық еңбегі болып табылады. Шығармашылық жұмыс оқушылардан біріншіден берілген тақырыпты ашу үшін қажетті материалдарды жинақтап, таңдап ала білуді, екіншіден жиналған материалды тақырыптық ерекшелігіне сай дұрыс және жүйелі түрде орналастыруды, үшіншіден материалды әдеби тілде бере білуді талап етеді.
Оқушыларда бұл аталған дағдыларды қалыптастыру мақсатында дайындық жұмыстарын дұрыс жүргізуі тиіс. Демек оқушылар оқыту үдерісінде:
ұсынылған алғашқы кезеңдерде өздеріне етене таныс, оқушылардың қызығушылығын тудыруы;
2) берілген тақырып бойынша қамтылатын мәселелер анық, дәл көрсетілуі;
3) ұсынылған тақырыптың негізгі идеясын ашудың нақтылы жолдары көрсетілуі ;
4) оқушылар көркем әдебиеттен алған мәліметтерді басқа да білім көздерінен (газет, журнал т.б.) алынған материалдармен толықтыру икемділігіне қалыптастырылуы;
5) оқушылар берілген тақырыпқа сай материал жинақтау мақсатында табиғат құбылыстарына, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне т.б. бақылау жүргізуді игеруі;
6) берілген тақырыпта талапқа сай шығарма жазу үшін басқа да пәндерден алған материалдар мен мәліметтерін пайдалана білуге жаттықтырылуы тиіс. Ең соңында, оқушылардың алғашқы жұмыстарындағы байқалған қателіктер мен жетістіктер үнемі есепке алынып, кемшіліктерді түзету жолдарын үнемі көрсетіліп отырса, сонда ғана жұмыстан дұрыс нәтиже шығатыны сөзсіз.
3. Оқушылардың әдеби тіл стильдеріндегі мәтін бойынша
жазбаша сөйлеу әрекетін дамыту әдістемесі
Біз мәтіндердің қатысымдық тілдік ерекшелігіне қарай хабарлау, сипаттау және пікірлеу мәтіндері бар екендігін айтқанбыз. Мәтіннің хабарлау түрі белгілі бір уақытта болған себеп-салдарлық байланысқа түскен оқиғалар жөнінде баяндалады. Бұл да көркем әдеби жанрына жататын әңгіме сияқты сюжеттер жиынынан тұрады. Хабарлау мәтінінде персонаждардың (кейіпкерлер) іс әрекеттері, олардың арасындағы диалогтар келтіріледі.
Тағы бір ерекшелігі: мұнда ең басты оқиғалар мен фактілерге көңіл бөлінеді. Сондықтан бұл мәтінде зат есімдер мен етістіктер молынан кездеседі.
Хабарлау мәтінінде сипаттау мен пікір айту элементтері кездеседі.Мысалы кейіпкердің кейпі, түр-тұлғасы, табиғат суреттері сипаттауға жатса, себептік негіздер, ой қорытындылары пікірлеуге жатады.
Сипаттау мәтініне келсек, мұнда кейіпкерлер болмайды. Табиғат көріністері, заттар мен құбылыстар суреттеледі. Солардың елеулі және елеусіз қасиеттері жайында сөз болады. Сондықтан бұл мәтінде сын есімдер молынан пайдаланылады.
Кітаби стильдерді оқушыларға анықтап түсіндіруде көркем әдебиет стилін ғылыми, іс-қағаздары стилімен салыстыру әдісін қолдану керек. Өйткені әдебиетке қайшы келетін белгілер ғылыми және іс-қағаздары стиліне бір-біріне өте жақын әрі ұқсас. Ғылыми, іс қағаздары стилі тек хабарлау міндетін атқарса, көркем әдебиет стилі әрі хабарлау, әрі адамға әсер ету күшіне ие. Бірінші стиль бойынша тек заттар мен ұғымдар нақтылы дәлелдермен анықталса, көркем әдебиет стилі нақтылы образ арқылы, мәнерлі сөз қолданыс жолымен беріледі. Бұл стиль өзгешелігінің бір-біріне қайшы келетін белгілері: 1) дерексіздік-нақтылық; 2) образдық болмауы-образдылық; 3) заңдылық-субъективтік; 4) эмоциясыз-эмоциялық. Бұл қайшы белгілердің біріншілері іс қағаздары, ғылыми стилге тән болса, екіншілері әдебиетке тән. Міне, мәтінде жан беретін стилистиканы оқыту мектеп бағдарламасында екі басқышқа бөлініп берілген.
Бірінші басқышта оқушылар 5-6-сыныптарды функционалды стильдің барлық түрін оқиды. Мұнда оқушылар стиль түрлерін, олардың ерекшеліктерін айырып, тілдік құралдармен танысады.
Екінші басқышта 7-8-сыныптарда төменгі сыныптарда танысқан мәліметтерін кеңейтіп, өздерді де әртүрлі мәтін құрай алатын болады. Ал 10-сыныпта стиль түрлері арнаулы оқытылады.
Сондықтан 5-8-сыныптарда жазба стильдердің тілдік құралдары оқылып отырылған бағдарламалық материалдар арқылы үйретіледі.
Стильдермен таныстырудың ең тиімді әдісі – үлгілер көрсету мен шығарма-ларды талдау. Мысалы, эмоциональды-обрзды көркем әдеби стиль мәтіннің үлгісі. Оқушылардың әдеби тіл стильдері бойынша жазбаша тілін дамыту үшін, жазбаша стильдердің ерекшеліктері мен тілдік құралдарын игерту 5-10-сыныптарда әр тіл стильдердің ерекшеліктері бойынша жүргізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |