Мүшелер мен мүшелер жуйелерінің өсу мен даму қарқыны әртүрлі. Баланың алғашқы жылғы өмірінде миы тез өседі. Мұның себебі – баланың сыртқы ортамен байланысы ми арқылы іске асады, барлық мүшелердің қызметі жүйке жүйесінің, қызметіне тікелей байланысты. Ал лимфа ұлпаларының өсіп жетілуі 10-12 жаста күшейеді. 3. Өсу мен даму баланың жынысына байланысты. Бала ағзасының жыныстық айырмашылықтары қыздар мен ер балалардың денесінің өсіп дамуында, олардың қарқынында, жеке мүшелер жүйесінің жетілуінде көзге түседі. Айталық, жыныстық жетілгенге дейін ер баланың антропометрлік көрсеткіштері, әсіресе денесінің ұзындығы қыздардан жоғары болса, жыныстық жетілу кезінде, керісінше, қыздардың бойы, салмағы, кеуде шеңбері анағұрлым жоғары болады. Жыныстық айырмашылықты оқу-тәрбие, спорт, қара жұмысты ұйымдастырғанда еске алып, жынысына қарай мөлшерлейді. 4. Әрекеттік жүйелер мен мүшелердің қызметтерінің биологиялық беріктігі немесе мықтылығы. Қандай да болмасын мүшелер жүйесінің қызметі өмірдегі қажеттіліктен анағұрлым артық мөлшерде болады. Бұған қоса, көпшілік қызметтердің бірнеше мүшелерде қосарланып орындалуы байқалады. Мұндай ұйымдасу ағзаға қауырт жағдайларда тірлігін сақтап қалу үшін қажет. Дегенмен, балалар мен жастардың оқуын, дене еңбегін, спортпен шұғылдануын шектеп отырған жөн. Өйтпесе бала ағзасы жан-жақты дамымайды. 5. Өсу мен дамудың тұқым қуалау қасиеттері мен сыртқы ортаның жағдайларына тәуелділігі. Баланың өсу мен даму қарқыны, жыныстық деморфизм, жеке мүшелердің жетілуі тұқым қуалау қасиеттеріне байланысты. Дегенмен олар сыртқы ортаның жағдайына байланысты ауытқуы да мүмкін. 6. Өсу мен даму акселерациясы. Балалардың өсу мен дамуының олардың ата-аналарымен салыстырғанда жылдамырақ болуын акселерация деп атайды, яғни қазіргі балалар мен жастардың белгілі бір жас мерзімінде олардың ата-аналарының сол жасындағы денесінің ірі болып, ерте жетілуін айтады. Өсу мен дамудың акселерациясының себептері туралы бірнеше болжамдар бар (генетикалық, урбанизациялық, әлеуметтік-экономикалық ), бірақ олардың әрқайсысы жеке алғанда өсу мен дамудың акселерациясын толық дәлелдей алмайды. |