Жігер. Жігерлік үрдістер.
Жоспары:
1. Жігер дегеніміз не?
2. Адамның негізгі жігер сапалары қандай?
3. Күрделі жігерлік әрекеттерге нелер жатады?
4. Жігер сапаларына нелер жатады?
Өмірде біз адамның қалай жұмыс істейтінін, оқитынын, тынығатынын, сүйікті ісімен шұғылданатынын байқаймыз. Біз оның белгілеген мақсатқа жету жолында ұзақ уақыт талпынатынын, күш-жігер, ақыл-ойын жұмсайтынын, көптеген кедергілерден өтетінін, шаттық пен қанағат әкелмейтін, бірақ қажетті іс үшін кейбір жағымды жайттардан бас тартатынын көреміз. Осылардың бәрінде де адам еркі көрініс береді.
Алдыңа қойған мақсатқа жету үшін ішкі немесе сыртқы кедергілерді, адамда туатын күштің арқасында жеңіп өтудегі психологиялық процесс – ерік деп аталынып жүр.
Адамның жеңіп өтетін сыртқы кедергілері деп - сол істің өзінің объективтік қиындықтарын оның күрделілігін, әр қилы бөгеттерді, басқа адамдардың қарсылықтарын, жұмыс жағдайындағы қиыншылықтарды т.б. есептейді. Ішкі кедергілер - бұлар адам өзіне жұмыс істету қиынға соғатын, жалқаулық, шаршап-шалдыққандық, алдында тұрған міндетке ешқандай қатысы жоқ басқа бірдеңелермен шұғылдануға құштарлық ететін, белгіленген мәселелерді орындауға кедергі жасайтын субъективтік, жеке ниеттен туатын кедергілер. Ішкі кедергіге құштарлық, тілек сияқты жат әдеттер жатады. Адамдар олардан ерік күшінің арқасында құтылады. Ал «ерік» терминімен жеке адамның қасиетін де, қиындықтарды жеңе отырып табандылықпен және мақсатқа жету үшін әрекет жасау қабілетін де белгілейді.
Адам өмірінде еріктің маңызы орасан зор. Ерік кәдімгі күнделікті өмірде, әсіресе үлкен кедергілерді жеңудегі ауыр кезеңдерде керек. Соғыстағы немесе еңбектегі қандай да болсын жасаған ерлік адам еркінің күшті болуын керек етеді. Керісінше, еркі әлсіз адамдар үлкен іс бітіру түгіл, күнделікті өмір қойған міндеттерді атқара алмай, жұмысқа қабілеті нашар болып, басқалардан көмек күтіп, қамқорлығында болғысы келеді. Осындайлардың кейбіреулері жаман іске құмартып, керексіз әдеттердің құрбаны болады, бұларды жеңіп шығуға олардың ерік күші жетпейді.
Еркі күшті адам тек парасатпен, еңбегімен жақсы өмір сүріп қана қоймай, сондай-ақ шын мәнінде қаһармандық іс жасауға қабілетті болады. Ерік қуаты барлық психикалық процестердің әрекеттерін жинақтап және жандандырып қана қоймай, сондай-ақ ішкі органдардың жұмысын жақсартуы естің ауруын, тіпті өлімнің келуін де тоқтатуы мүмкін. Ұлы Отан соғысы кезінде өлімші болып жарақаттанған ұшқыш өліп бара жатқанын сезсе де қолынан ұшақтың штурвалын жібермеген. Ол ұшақтағы жарақаттанған жандардың өзімен бірге өлетінін түсінген. Міне сөйтіп ерік күшінің кереметтігінен ұшқыш ұшақты қондырған.
Адамды әрекетке итермелейтін негізгі мотив-оның түрлі қажеттері. Адам өз қажетіне байланысты алдына түрлі мақсаттар қояды. Ол мақсаттарды орындау үшін түрлі әдіс - амалдар қарастырады. Өйткені адам сыртқы дүниенің заттары мен құбылыстарын тек танып, не оған өзінің қатынасын білдіріп қана қоймайды, сонымен бірге, оны қажетіне орай өзгерткісі келеді. Бұл үшін ол қимыл-қозғалысқа, іс-әрекетке түсіп отырады. Адамда қимыл-қозғалыстар есепсіз көп. Бұларды үлкен екі топқа бөлуге болады. Оның бірін еріксіз қозғалыстар (яғни мақсат қойылмайтын қозғалыстар: көздің жұмылуы, жөтел шашалу, түшкіру т.б.), екіншісін ерікті қозғалыстар деп атайды. Мәселен, жерге түсіп кеткен нәрсені көтеріп алу қозғалыстың соңғы түріне жатады. Кез келкен қозғалыс арқылы сыртқы ортаны 1 өзгертуге, оған ықпал жасауға болмайды. Бұл үшін мақсатқа бағытталған қимыл-қозғалыстар жасау қажет. Ойланып істелетін, алға мақсат қоюды қажет ететін, түрлі кедергілерді жеңе білуден көрінетін қимыл-қозғалыстарды психологияда ерік амалдары немесе ерік деп атайды. Сонымен ерік дегеніміз адамның өз мінез-құлқын меңгере алу қабілеті.
Ерік пайда болу үшін ең алдымен себеп түрткілер болу қажет. Адам алдына мақсат қояды. Сол мақсатты жүзеге асыру үшін әр түрлі әрекеттер жасайды. Мақсатты жүзеге асыруда адамда пайда болатын бір көмескілеу түрткілер пайда болады. Оны психологияда тілек деп атайды. Адам көп нәрсені тілейді. Біреуін жақтырады, екіншісін жақтырмайды, қажеттісін орындасам, жүзеге асырсам дейді. Тілектен кейін бір түрткі қалау туындайды. Мұнда адам өзінің мүмкіншілігімен санасады. Адамда бірнеше қалау болады, бұлардың арамында күрес пайда болады. Адам керектісін алып, тоқтамға келеді, соңынан жүзеге асыруға тырысады.
Ерік қоғамдық еңбек процесінде пайда болып, қалыптасқан. Тек еңбек ету арқылы ғана адам өзінің әр түрлі амалдарын, қимылдарын көрсетіп, түрлі қажеттерін өтей алады. Адамның еріктік қимылдары оның өмір сүріп отырған ортасының, яғни сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының әсер етуіне байланысты көрінеді. Барлық тіршілік ерікке байланысты, ал ерік ешбір себеп дегенді білмейді, ешбір материалдық жағдайлармен байланысы жоқ рухани өзінше пайда болған күш, деп адмның барлық әрекеті, мұның ішінде еркі де, нақтылы айналасын қоршап тұрған дүниеге, жағдайларға байланысты болатындығына жете мән бермейді. Сөйтіп, ерік қимылдарын өзінен-өзі пайда болмайтын, керісінше, адамның өмір сүрген ортасына байланысты дамып отыратын, ми қызметі продуктысының бірі болып есептелінетін психикалық процесс деп түсінуімі қажет.
Ерікті қозғалыстарда орындау дегеніміз - еріктің ең қарапайым түрде сыртқа шығуы. Жас баланың еркінің дамуы осындай қозғалыстар жасауға үйрене бастаудан, өзінің денесін басқара алуынан байқалады. Қозғалыстарды тежей алу, тек алда тұрған мақсатқа ғана сәйке қозғалыс жасау-бірінші және екінші сигнал жүйелерінің өзара әрекеттестігінің нәтижесі Еріктің мағынасы кең. Мұның бірінші жалпы мағынасы адамның психологиялық өмірінің саналы түрде бір мақсатқа бағытталуын білдіреді. Сөйтіп, адамның дәл мағынасындағы ерікті амалы, бірішіден, әрбір адамның өзін-өзі билей алуынан, яғни мінез-құлқын меңгере алуынан көрінсе; екіншіден, оның түрлі ішкі және сыртқы кедергілерді жеңе отырып, алдына қойған мақсатын орындап, істі мұқият тындыруынан көрінеді. И.М.Сеченов: «Ерік қимыл-қозғалысқа ғана басшылық ететін өзіндік ерекшелігі жоқ агент емес, ақы мен моральдық сезімнің белсенді жағы, соны біріншісі немесе екіншісі үшін ол көбіне қимыл-қозғалысты адамның өзін-өзі сақтау сезіміне қарсы келе отырып басқарады»-, деп жазды. Ертеден-ақ ерік табиғаты женінде бір-біріне қарама-қарсы екі көзқарас - материалистік және идеалистік көзқарастар қалыптасты. Идеалистер ерікті ми қызметімен де, қоршаған ортамен де байланысы жоқ рухани күш деп санайды. Олар ерікті біздін санамыздың нұсқаушылық, қызмет атқаратын жоғары агенті деп санайды. Ерік ешкімге және ешнәрсеге де бағынбайды. Ол еркін. Олардың пікірінше, адам кез келген жағдайда ешкіммен есептеспей-ақ өзінің ойына келгенін істей алады. Ол еркін әрекет етеді. Баскаша айтқанда, адам не тілесе соны істейді, қалауына қарай қылық жасайды. Бәрі оның ерікті еркіне байланысты. Ерік еркіндігінің идеалистік концепциясы философиялық және этикалық көзқарас турғысынан да жалған. Идеалистердің ойынша рух бостандығы әрекет 2 бостандығына әкеледі. Бірақ қоғам мүшелерінің мүдделерімен санаспайтын жеке адам мінез-құлқы мораль және заң нормаларын менсінбеу, кейде оны бұзу болып табылады. Материалистік ұғым бойынша ерікті материядан-мидан бөліп алу мүмкін емес. Ерік адамның танымдық және практикалық әрекетінде көрініп, соларды жүзеге асырудан тұрады.
Адамның ерікті әрекетін жүзеге асу үшін мынадай шарттар қажет:
1) алға тұтқан мақсатты орындау;
2) жолда ұшырайтын кедергі, бөгеттерді жеңуі;
3)мақсатқа жету жолында қайраткерлік, ерлік, табандылық көрсету, қиыншылықтан жол табу, тәсілқой болу т. б.
4) Қиындықтарға қарсы тұрып, үрейленбеу, қорықпау т. б.
Осы шарттарды орындалған уақытта ғана адамды ерік-жігері жеткілікті, қажыр-қайрат бар кісі деп айтуға болады
Еріктің физиологиялық негіздері. Үлкен ми сыңарлары қыртысының төбелік бөлігінде қимыл-қрозғалыстарды басқаратын учаске бар. Ол ми қыртысының барлық учаскесінен, соның ішінде барлдық талдағыштардың ми қыртысы ұштарымен байланысып жатады. Бұл байланыс ми қыртысының белгілі бір учаскесіне жетіп, онда осындай процесс туғызу мүмкіншілігін қамтамасыз етеді. Қимыл – қозғалыс учаскесі үнемі талдағыштардың ми қыртысы ұштарынан келіп түсетін хабарлардың «атқылауы" астында болады. Хабар алған соң, қозғалыс клеткалары кез-келген сәтте қимыл жасау жөнінде бұйрық беруге мүмкіндік алады. И.М.Сеченов айтқандай, қандай іс-әрекет болса да оның болуының алғашқы себебі әрдайым сыртқы сезім беретін қозудан болады. Іс-әрекеттің детерменизмі осы болып табылады, соған қарағанда, адамның әрбір істеген әрекетінің өз себебі болады. Бұл жерде И.М. Сеченов алғашқы себеп туралы айтып отыр. Бірақ осыдан әрі көптеген іс-әрекетпен сезім беретін қоздырғышсыз-ақ немесе тіпті, оған қарсы, өмір тәжірибесіне сүйеніп туа береді. Айталық, сыртқы тітіркендіргіш, мысалы теледидар адамды қызықты хабарды көруге шақырады, ал адам ойында тұрған бір істі орындауға немесе сол жұмыс орындалмаса, одан туатын жағымсыз жағдайларды еске алып, жұмыс істеуге отырады.
Ерік әрекетінің физиологиялық негізі, өткен тәжірибенің нәтижесінде ми қыртысында бұрын құралған нерв байланысының екінші сигнал жүйесі толады. Ерік іс-әрекет жасау қарсаңында осы жүйелер қозғалысқа келеді, сөйтіп, шамалы күш жұмсауға мүмкіндік береді, сондықтан адам – теледидар өте қызықты нәрсе беріп жатса да, оны көрмей, өзін жұмыс істеуге мәжбүр етеді.
Күйзеліс туралы ілім. Күйзелістік жағдайлардың алдын-алу. Эмоциялық-жігер саласының бұзылысы.
Жоспары:
1. Күйзеліс дегеніміз не?
2. Күйзелістік жағдайлардың алдын-алу шаралары қандай?
3. Эмоциялық-жігер саласының бұзылысы нелер жатады?
Күйзелісті (стрессті) кез келген организмнің сыртқы ортадағы қандай да бір жағымсыздыққа негізгі реакциясы ретінде анықтауға болады. «Стресс» термині біздің күнделікті тіл оралымымыздағы үйреншікті сөзге айналып кетті. Бұл қысқа да ауқымды сөзге күрделі жағдайларда немесе жоғары қауіпте пайда болатын өз мінез-құлқымыздағы өзгерістер мен сезімдердің және толғаныстардың тұтастай гаммасы туралы елестетуімізді жинақтаймыз.
Организміміздің күйзеліс туындаған кезеңдегі жұмысын қоршауға алынған бекініспен салыстыруға болады. Оны қорғауға барлық күш-жігер жұмсалған, алайда мұның да шегі бар. Әлде жау жеңіледі және қоршау алып тасталады, әлде бекініс құлайды, өйткені ешкім мәңгі бақи қорғана алмайды. Дәл осы жағдайда күйзеліс кеселдері пайда болады.
Бұл ең алдымен жүрек-қан тамыр және тыныс алу жүйесінің дерттері (жүректің ишемиялық кеселі, инфаркттар, гипертония, демікпе). Кеселдің келесі санатын көбіне-көп дұрыс тамақтанбаумен байланыстырады. Бұл әрқашан дұрыс болып келе бермейді. Әңгіме әр түрлі өмір салтын ұстанатын адамдар жапа шегетін қарын мен ұлтабар, гастриттер жөнінде болып отыр. Стресс ауруларының үшінші санатына эндокриндік ауытқулар мен зат алмасу үдерісінің бұзылыстары жатқызылады.
Күйзелісті жеңудің әр қилы стратегиялары бар. Олардың бірі – эмоцияларды білдіру ептілігі. Екіншісі – жағдайды қайта бағалау, оқиғаның басқа суретін құрастыру және жағымсыз жағдайдың өзінен өзіңіз үшін көптеген пайдалы нәрсені таба білу машығы. Үшінші жол – қайта бағалауға келмейтін жағдайды өзгертуге мүмкіндік беретін мақсатты бағытталған әрекеттер.
Жағдай ықтималды қауіпті, күрделі немесе жаңа ретінде қабылдануын доғарғанда, стресс тиылады. Мұнда білуге тиіс жайт, негативтік (теріс) жай-күй тек біздің теріс ойларымызбен ұсталып тұрылады. Нақ солар барлық бәленің көзі болып табылады. Өз ойларыңызбен жұмыс істеуді үйреніп, сіз өз эмоционалдық жай-күйіңізді реттеуді үйренесіз.
Бірінші ереже - өз бойыңыздан теріс ойды қумау, керісінше оған оның басқа ойлар сяиқты өмір сүруге өз құқығының бар екеніне түсіністікпен қарау.
Екінші ереже – бұл ойға сыпайы түрде айналып өтуді ұсыныңыз, өйткені әр кезде өзіңізге қызықтырақ, маңыздырақ және пайдалырақ басқа ойлар мен тірліктер бар. Бұл кезде бірден бұл жаңа ойларды, тірліктерді ойлап іске кірісіңіз.
Өмірдегі теріс жағдайда жақсы және пайдалы нәрсені таба білуге үйрену әрқайсымызға маңызды. Себебі өмір қарама-қайшылықтардың бірлігі мен күресінен құралған.
«Депрессия» (жан күйзелісі) деген термин ХХ ғасырдың 20-30-жылдары пайда болыпты. Бірақ тарихқа үңілсек, жан күйзелісін емдеумен бұдан екі мың жылдар бұрын шұғылданғандар болыпты.
Ол ежелгі гректің атақты дәрігері, «медицинаның атасы» Гиппократ (б.э.д. 460-370 жж.). Шынын айтқанда, ұлы дәрігер күйзелісті емес, адамның төрт темпераментінің бірін білдіретін мелонхолияны сырқат есебінде зерттеп, емдемек болған. Яғни ол адам ағзасында қара өттің көбейіп кетуінен мелонхолия туындайтынын анықтаған. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының дерегіне қарағанда, жан күйзелісі сырқаттардың таралуы жағынан бірінші орында тұр екен. Атағы ХХI ғасырдың обасы саналатын қылтамақ ауруынан асып түспесе кем емес.
Сонымен жан күйзелісі дегеніміз не десек, ол – адамның мінезінің тұйықталып, өмірге деген қызығушылығының жоғалуы, болашағына сенбеушілік, ұйқысыздық, тамаққа деген тәбеттің жоғалуы, өзін-өзі өлімге дайындаушылық. Осындай жаман көңіл күй екі апта бойы байқалса, ол сол адамның жан күйзелісіне ұшырағанын білдіреді дейді мамандар.
Жан күйзелісінің себептері
Бұл сырқат таралуы жөнінен бірінші орында тұрғанымен, оның неден пайда болатыны туралы мамандар арасында келісілген нақты жауап жоқ: шығу себебін әр теория әрқалай түсіндіреді.
Биологиялық теория: кейбір зат алмасу процесі мен ми жұмысының бұзылуы.
Генетикалық теория: тұқымқуалаушылық.
Психологиялық теория: жақын адамын мәңгіге жоғалтудан туатын ауыр қайғы, үнемі жолы болмаушылықтан, арманына қол жеткізе алмаудан туындайтын жан күйзелісі.
Әлеуметтік теория: қоршаған ортамен келіспеушілік, жұмыс пен үйдегі ұрыс-керістен туатын қақтығыс, талас-тартыс, өзара қарым-қатынастағы шиеленіс, қарама-қайшылық.
Діни теория: адам күнәсінің артуының салдары.
Жеткіншек жас кезеңі адам тұлғасының қалыптасуындағы аса маңызды кезең екені белгілі. Психологияда бұл кезең «өтпелі», «бетбұрыс», «қиын», «сыналатын» кезең деп сипатталынады. Өмірдің бір дәуірінен екінші дәуіріне өтумен байланысты жастардың даму процесінде күрделілік туындайды. Осы кезеңде жеткіншектердің «Мен» деген қасиетін үлкендердің түсінуі оңайға түспейді. Жеткіншек айналасынан өзімен санасуды талап ете бастайды. Ересектердің өз құқығын үнемі шектеуіне қарсы туындайтын қарсылық бірте-бірте жеткіншекті жан күйзелісіне ұшыратуы мүмкін. Мектептегі оқушылар арасында жиі болатын дағдарыстың себебі осында жатыр.
Күйзеліс көбінесе ең алдымен үлкен қала тұрғындарына тән. Көптеген психолог мамандар депрессияның қалалы жерлерде басым екендігін айтады. Үлкен қаланың жақсылығы мен жамандығы қатар жүреді, оған қала тұрғындары төзіп, қымбатшылықта күнелтуге мәжбүр. Нарықтың басты құндылығы ақша болғандықтан, ақша табу үшін жанталаса өмір сүруге, сөйтіп әке-шеше, туған-туыстардан, құрбы, дос-жарандардан алыстау арқылы өз-өзінен тұйықталу адамның жүйкесін шаршатып, күйзеліске ұшыратады. Оның ойында сан түрлі сұрақтар туып, пәтерақының уақыты жақындауы, жұмыстың жүрмеуі, үйдің тірлігі, ақшаның жоқтығы, банктегі несие секілді сан сұрақтар туындап, сары уайымға әкеліп күйзелтеді. Қала тұрғындарының отбасын асырау үшін бірнеше жерде жұмыс істеп, кешкі тоғыз, онға дейін жұмыста болып, дұрыс демалмауы да бұған әсер етіп, күйзеліске ұшыратады.
Зерттеулерге қарағанда, таралуы жағынан бірінші орында күйзеліс сырқаты тұрғандығын айттық. Айта кетерлік жайт, наркологиялық диспансерлер мен ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдардың басым бөлігі белгілі дәрежеде жүйке жүйесінің қызметі ауытқығандар. Демек, депрессияның қауіптілігі біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі. Оның үстіне, суицид деген қасірет адамзатты қынадай қыруда. Бұл қасіреттен Қазақстан дүниежүзі бойынша алдыңғы орындардың қатарында тұр.
Күйзелістен арылудың жолдары
Кішігірім күйзелісті асқындырмай, депрессияның алдын алу үшін, кез-келген адам өзінің қажыр-қайратын қалыпты ұстауы керек. Мәселен, дер кезінде тамақтану, дұрыс демалу, спортпен шұғылдану.
Екінші, адам өмірде өзіне не керек екенін бағамдап алса, құба-құп. Жоқ дегенде, күнделікті уақытын тиімді, мақсатты пайдалануға дағдылану аса қажет. Сонда ғана өзінің ісі мен өміріне көңілі толып, қажетсіз ойдан арылады. Үшінші, әркім өзі бағалайтын құндылықтарды сақтауға күш салса, жақсылыққа бір табан жақындайтыны анық.
Адамның жан күйзелісіне ұшырамауы үшін тың күш жинап, сарқылған күш-қайратты қалпына келтіруі өте маңызды. Мүмкіндігінше әрине, тамақты ұйықтарда жемеу керек. Күш-қуатты қалпына келтіру үшін тойып тамақ ішу керек деген ойдағы адамдар қатты қателеседі. Керісінше жатарда тойып тамақ ішкен адамның бүкіл энергиясы түні бойы асты қорытуға кетеді де, таңертең ұйқысы қанбай, қалжырап тұрады. Ал аш жатқан, керісінше құр аттай болып, сергіп оянады
Күні бойы компьютер үстелінің басынан шұқшиып шықпайтын немесе көлік рулінен түспейтін жастардың көбісі сарқылған күш-қуатын қайта қалпына келтіру үшін түнгі клубқа барып немесе бір бокал сырасын алып, телевизор алдына жайғасқанды жөн көреді екен. Мұндай демалыс түрінің адамды тыңайтудың орнына, керісінше шаршата түсетіні күнделікті өмірде дәлелденген.
Адам күш-қуатты бойда дұрыс ұстап тұруы үшін таңғы асты тастамағаны абзал. «Таңғы ас – Тәңірден» делінген. Американдық ғалымдар үнемі таңғы ас ішіп жүретін адамдардың жұмыс істеу қабілеті мен ел-жұртпен араласуы басқаларға қарағанда әлдеқайда артатынын әлдеқашан тәжірибе жүзінде дәлелдеген.
Адамның жан күйзелісіне ұшырамауы үшін тың күш жинап, сарқылған күш-қайратты қалпына келтіруінің жолдары көп. Өмірлік жағымды энергия алу үшін ағын суға қарайсыз ба, жоқ лапылдап жанған отқа үңілесіз бе, әлде табиғат аясында жаяу қыдырасыз ба, патша көңіліңіз біледі.
Ислам діні бойынша, анығында, жан күйзелісі кірленген жүректен туады. Жүрек жаман ойлаудан, лас істерге үйір болудан кірленеді. Жүрек ауырса, адамның барлық мүшесі ауырады, жүрек тазарса, барлық мүше қалыпқа келеді. Жүрек ауырмау үшін иманмен нұрлануы керек. Иман көбейіп не азайып отырады. Иманның азаюы тек сырты көрініске ғана емес, ішкі ағзаға да әсер етеді.
Жан күйзелісі ішке жын кіріп кетуден туа ма?
Мұндай сұраққа діндарлар адамның теріс жолға түсуі, өзіне-өзі қолсалушылығы көбіне жынның бұйрығын орындаудан болатынын айтады. Адам бойынан жынды шығара алатын емші молдалар қазіргі күнде аз емес.
Жындардың адамдарға аурулардың емін және керекті дәрілерді білдіргендері, қояншық, талма аурулармен ауырғандардың денесіне кіріп, оған зиянын тигізгені, адамдарға көздерінің тиетіндігі туралы түрлі діни кітаптарда жазылған.
Жындардың мұсылманы да, мұсылман емесі де бар делінеді. Мұсылман жындардан адамдарға ешқандай зиян келмейді. Олар тек ғибадат жасайды. Оларды Әһли сүннет ғалымдары таниды. Салих (тақуа) адамдар секілді көрініп, сөйлеседі. Ал кәпір жындар адамдарға әртүрлі жолдармен зиян тигізеді. Адамнан айрылмай әртүрлі кейіпке енеді. Мысалы микроп пішініне еніп, адамның тамырларында жүреді. Тек мұсылмандардың жүрегіне кіре алмайды. Ешкі, жылан, мысық кейпіне кіргендері көп көрілген.
Кәпір жындар жақсы адам бейнесіне кіріп жақсы және пайдалы нәрселер де істеуі мүмкін. Жындар адамдардың кәпірлерімен және пасықтарымен жолдас болатын болса, оларға жабысып, оларды күпірге және күнәға сүйрейді.
Жындар мен шайтандар түсте де көріне алады делінеді. Әдемі, сұлу бейнеге еніп, жүніп болуға себеп болады екен.
Әр адамның қасында бір кәпір жын жүреді. Періштелер адамды жындардың зиянынан қорғайды. Аяттар мен дұға оқып, Алла тағалаға сыйынғандарға да жындар еш нәрсе істей алмайды.
Жын ауа және оттан жаралғандықтан, өте нәзік (жеңіл, көзге көрінбейтін) болады, жылдам қимылдайды, жеңіл бір соққы жасалса өліп қалады. Өмірлері өте қысқа, дін ілімдері аз және тәкаппар болады. Ылғи да бір-бірлерін төмпештеп, соғысып жүреді. Жынның өлімі жер бетінен жоқ болып кетуімен іске асады. Қартайғандары жасарып, балалық шағына оралады да өліп, жер бетінен жоқ болады делінеді.
Тұлғаның психологиялық құрылымы. Қабілеті, талабы. Темпераменті.
Жоспары:
1. Тұлға, жеке бас даралылық дегенді қалай түсінесіздер?
2. Тұлғаның қалыпты дамуы мен қалыптасуы неге байланысты?
3. Тұлғаның қабілеттері мен табиғи нышандарын қалай дамыту қажет?
4. Темпераменттің типтеріне анықтама беру.
Тұлға - әлеуметтік қатынастарымен саналы іс-әрекетті жүзеге асырушы, нақты қоғамның мүшесі, өзін басқалардан ажырата білетін, өзінің кім екенін түсінетін есі кірген ересек кісі. Адам қоғамнан тыс тәуелсіз өмір сүре алмайды, өйткені оның тәні де, жаны да айналадағылармен қарым-қатынас жасау процесінде, әлеуметтік жағдай әсерінде ғана кісілік мән - мағынаға ие болады. Мысалы, жаңа туған нәрестені адам деп атауға толық болады, бірақ әлі тұлға емес, себебі онда білім, тәжірибе, іс-әрекет, көзқарас жоқ.
Адам санасының дамып, өсіп жетілуі оның ортасымен (отбасы, мектеп, т.б.) тығыз байланысты. Сондықтан тұлға психологиясын дұрыс ұғыну үшін, ең алдымен, оның әлеуметтік жағдайын, яғни оның қандай ортаның өкілі екендігіне, сондай-ақ оның көзқарасы, наным-сенімі, бағыт-бағдары білімі мен іс-тәжірибесі, икем-бейімділігі, нақты кәсібі бар екендігіне назар аударуымыз қажет.
Қазіргі уақытта тұлға – психологиядағы ең көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр. Өйткені қоғамымыздың қарқынды әлеуметтік дамуы, жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыруға жоғары талап қояды.
Қоғамдық ғылымдарда және күнделікті тұрмыста «адам», «тұлға», «индивид» яғни, «даралық» ұғымдары қолданылады. Бұл ұғымдар бір мағынада не бір-біріне қарама-қарсы қойылады. Бұның екеуі де қате пікір. «Адам» бұл биологиялық тіршілік иесі, онда сана бар. «Тұлға» - қоғамда белгілі бір жағдайға ие және белгілі бір қоғамдық роль атқаратын, саналы индивид. Ал қоғамның қазіргі жағдайында, елдің саяси, мәдени, әлеуметтік-экономикалық жақтарын жаңарту кезінде - жас ұрпақтың болашақта ізгі ниетті азамат болып дамуына олардың тұлғасының дұрыс қалыптасу процесі үлкен ықпалын тигізетіні сөзсіз. Қабілет - іс-әрекеттің белгілі бір түрін ойдағыдай, нәтижелі орындауда көрінетін адамның жеке қасиеті. Қабілеттілік күнбе-күнгі тәжірибеде жиі кездеседі. Мәселен, оқуға бар ықыласымен берілетін оқушыларды біз «мынау оқушы қабілетті оқушы екен» дейміз, не болмаса оның кейбір пәндерді жақсы үлгеруіне байланысты бір оқушының математикаға, екіншісінің әдебиетке, үшіншісінің географияға қабілеті бар екен дейміз. Қабілеттердің дамып қалыптасуы әр түрлі деңгейде жүріп отырады. Мәселен, оның алғашқы деңгейі (жұрттың бәріне ортақ) репродуктивтік десе, екінші негізгі деңгейін шығармашылық қабілет дейді. Бірінші деңгейде адам білім игеруге, іс-әрекетті қажетті дәрежеде іске асыруда икемділік көрсетсе, екінші деңгейде жаңа, соны туынды жасай алу мүмкіндігін байқатады. Біркелкі тең жағдайда (дайындық деңгейі, білімі, дағды, білік, жұмсалған уақыт, ақыл-ой, дене күші) қабілетті кісі қабілеті төмендеу кісіге қарағанда істі орындауда жақсы нәтиже көрсетеді. Қабілеттің дамуы мен көрінісінің ең жоғары деңгейі - "талант", "дана" деген терминдермен аталады. Талантты және дана адамдар өнерде, ғылымда зор қоғамдық мәні бар нәтижеге жетеді. Дана адам әдебиет, өнер, өндіріс, ғылым саласында бұрын сонды болмаған, соңғы жаңалықтар ашады. Талантты адам да жасампаз, бірақ өзіндік жаңалықты белгілі идеялар, бағыттар, зерттеу тәсілдері шеңберінде жасайды. Талантты және дана адамдар практикада және өнерде, ғылымда бұрын соңды болмаған жаңалықтар ашады. Таланттылық - даналықтың қалыптасуына аса қолайлы жағдайлар, жеке адамның жан-жақты дамыған кезінде туады. Мәселен, Леонардо да Винчи, Гете, Ломоносовтар шығармашылық қызметтегі даналықтың және адамның жан-жақты дамуының үлгісі болып табылады.
Қабілет жалпы, арнаулы болып бӛлінеді. Жалпы қабілет бұл адамның ақыл-ой қабілеті. Арнаулы қабілет - іс-әрекеттің, мәселен, әдебиет, сурет өнері, музыка, сахна өнері т.б. арнаулы салаларда, жоғары нәтижеге жетуге жәрдемдесетін жеке адам қасиеттерінің жүйесі. Қабілеттің аталған осы екі түрінен басқа практикалық іс-әрекетке қабілеттілік дейтін үшінші түрін де атауға болады. Бұған конструктивті-техникалық, ұйымдастырғыштық, педагогтық қабілеттер кіреді. 2. Қабілеттер концепциясы. Қабілеттердің тұқым қуалау теориясы. Психологияда қабілеттердің үш концепциясы бар. Олардың бірі – қабілет тұқым қуалау арқылы дамып отырады деген концепция.Бұл қисын бойынша, адамның жеке дара қасиеті, соның ішінде қабілеті де атадан балаға мұра ретінде беріліп отырады. Мұндай пікірді психологтар ғана емес, сондай-ақ ғылым мен өнердің (математиктер, жазушылар, суретшілер) кейбір өкілдері де қуаттайды. Мұның біріншілері өз көзкарастарын нақты зерттеулерден алған деректермен дәлелдегісі келеді. Мәселен ХІХ ғасырда өмір сүрген Гальтон таланттың тұқым қуалаушылық жолымен болатынын көрнекті қайраткерлердің өмірбаяндарын зерттеу арқылы дәлелдегісі келген. Гальтонның көзқарасын Л. Котс ілгері қарай дамытты. Ол қоғамның айрықша жағдайлы топтарының ішінде мұндай мұра мол деген тұжырымға келген. Қабілеттілік туралы бірінші концепцияға қарама – қарсы екінші концепция қабілетті түгелімен орта мен тәрбие анықтайды дейді. Қабілеттілік тұқым қуалайды дейтін көзқарастың шындықпен сәйкес еместігін өмір шындығы көрсетіп отыр. Мұнымен бірге атақты адамдардың өмірбаяндарын объективті тұрғыдан талдау - көп жағдайда, көрнекті адамдардың ерекше дарыны жоқ отбасынан шыққандығын, сондай-ақ атақты адамдардың балалары мен немере-шөберелері дарындылық көрсетпегенін дәлелдейді. Бұған бірнеше музыкант пен ғалымдар отбасы ғана жатпайды. Көрнекті америка ғалымы У.Эшби қабілеттіліктің, данышпандықтың өзі өмірде жүре пайда болған қасиеттен, балалық шақта, одан кейінгі кезеңде қалыптасады дейді. Мың рет сәтсіздікке ұшырап, мың бірінші рет жаңалық ашқан адам қабілетті,ал екінші реттен соң мәселені шешпей тастайтын адам қабілетсіз дейді ол.1 Буржуазия идеологтары қабілет ортаға тәуелді болғандықтан жұмысшының балалары мәдениет және интеллектуалдық деңгейі төмен адамдар ортасында өсіп жетілгендіктен өздерінің қабілетін көрсете алмайды деген пікірді айтады. Сырт қарағанда екінші концепция да адамның дамуына шек қоймайды, адамның мүмкіншілігіне күмән туғызбайды. Бірақ бұл теориямен қазір де, бұрын да ғылыми келіспеушіліктер бар. Қабілеттегі табиғи және жүре пайда болатын қасиеттердің диалектикасы. Көптеген психологтар қолдайтын қабілет жөніндегі үшінші концепцияның өкілдері әлдеқайда дұрыс позицияда тұр. Ғалымдарының қабілет концепциясы табиғатынан барлық адамдарға адамдық даму мүмкіндіктері тән екендігін анықтайды. Осымен бірге кеңес психологтары белгілі бір қабілеттің қалыптасуына, дамуына дара табиғи нышандардың болуының да жақсы әсер ететіндігін мойындайды. Қабілеттер қолайлы әлеуметтік жағдайларда іс-әрекет үстінде қалыптасып отырады.Бұл концепция практика және арнаулы зерттеулермен дәлелденіп отыр. Темпераменттердің физиологиялық негіздерін ғылыми тұрғыдан дәйекті етіп түсіндірген академик И.П.Павловтың ілімі темперамент туралы түсінікті ғылыми сара жолға түсірді. Ол темпераменттердің осы қасиеттерінің туа үйлесуіне орай сипатталатындығын көрсетті. Павлов өзінен бұрынғылардан өзгеше жолмен, атап айтқанда, дененің сыртқы құрылымын зерттеген неміс психиатры Кречмерден, қан сауыттарының құрылымын зерттегендерден (П.Ф.Лесгафт) басқаша организмді біртұтас нәрсе деп қарап, ондағы ми қызметіне ерекше назар аударды. Нерв жүйесінің типтері ми қабығындағы қозу, тежелу процестерінің үш негізгі белгісінің (күші, тепе-теңдігі, қозғалғыштығы) жиынтығынан құрастырылады. И. П. Павлов шартты рефлекстер әдісі арқылы жоғары нерв қызметінің және нерв процестерінің негізгі қасиеттері - козу мен тежелудің заңдылықтарын ашты. Нерв процестерінің негізгі қасиеттері: 1) күші, 2) тепе-теңдігі, 3) қозғалғыштығы. Нерв процестерінің күшіне - нерв жүйесі мен нерв клеткаларының жұмысқабілеттілігін яғни сыртқы ортаның түрлі тітіркендіргіштерге төзімді келсе, әлсізі мұндайға шамасы келмей, «морт сынып» жатады. Нерв процестерінің тепе-теңдігі - бұл козу мен тежелудің өзара саймасайлығын көрсетеді. Бұл процестер кейде бір-бірімен тепе-тең болып, кейде тең келмей, біреуі екіншісінен күшті болып отырады. Нерв процестерінің қозғалғыштығы - бір процестің екінші процеспен алмасу шапшаңдығы. Бұл, мидың кездейсоқ және қолайсыз өзгерістерге бейімделуіне мүмкіндік береді. Осы қасиеттердің түрліше араласып, қосылуы жоғары нерв қызметінің түрлі типтерін сипаттайды. Осылардың ішінде төрт типі жиі ұшырасады. Бұлардың үшеуін И. П. Павлов күшті типке, біреуін - әлсіз типке жатқызады. 1.Күшті, тең емес (ұстамсыз) тип қозу процесінің күштілігі мен тежелудің әлсіздігімен сипатталады. 2.Күшті тепе-тең (қозу процесі тежелу процесімен сайма-сай болады), қозғалғыш тип. 3.Күшті тепе-тең, инертті (сырттай тыныш) тип. 4.Әлсіз тип қозу және тежелу процестерінің баяулығымен, олардың әлсіз қозғалысымен 2 (инертті) сипатталады. И.П. Павлов ашқан нерв жүйесінің негізгі типтері темпераменттердің физиологиялық негіздерін жақсы түсіндіреді. И.П.Павлов сангвиниктерді – ширақ, нерв жүйесі күшті, қозуы мен тежелуі тең, қозғалғыш адам; холериктерді – ұстамсыз, нерв жүйесі күшті, қозуы мен тежелуінен басым; флегматиктерді нерв жүйесі күшті, қозуы мен тежелуі бір-біріне тең болғанмен, қозғалысы баяу адамдар десе; меланхоликтерді – нерв жүйесі әлсіз типті адамдар деп сипаттады. И.П.Павлов осы айтылған негізгі типтерден басқа да аралас, өшпелі типтердің кездесетіндігін айтты. Соңғы жылдары көрнекті орыс психологы Б.М.Тепловтың (1896-1965) лабораториясында нерв жүйесінің типтері одан ары зерттеле түсті. Егер, И.П.Павлов өзінің тәжірибесін жануарға жасаған болса, Б.М.Тепловпен оның шәкірттері осындай экспериментті адамдарға жасады. И.П.Павловтың нерв жүйесінің типтері туралы ілімі бойынша әр түрлі темперамент өкілдері былайша сипатталады. Мәселен, нерв жүйесі күшті, бірі екіншісіне тең келмейтін адамдар көбінесе ұйытқымалы, қимыл қозғалысқа шапшаң келеді. Олар – ұстамсыз, күйіп-пісуге ылғи да дайын тұратын күйгелек адамдар. Істі бұрқыратып істегенмен, олардың кейде қолын бір сілтеп сылқ түсетін кездері де болады. Бұлар – холерик темпераментінің өкілдері. Сангвиник темпераментінің өкілі, Павловтың айтуынша, қуатты, тұрлаулы, ширақ тип ойнақы, еті тірі бірақ кез-келген істі бастап тастап жүре береді. Ол жұмысқа қабілетті, беріліп істейді, басқа адамдармен тез тіл табыса біледі, ұжым арасында өзін көңілді ұстайды, былайша айтқанда, ақ көңіл, қызу істің адамы. Оның осал жері - іс жоқ кезде сылбыр күйге түсіп кетеді, енді бірде жеңіл мінезділікке салынады. Нерв қызметі қасиеттерінің тұрақсыздығы. Нерв қызметінің типі адаммен бірге туады және оның түгелдей өзгеріске ұшырауы неғайбыл. Дегенмен И. П. Павлов нерв қызметі типтерінің жекеленген қасиеттерін өзгертуге болатындығын тәжірибе жүзінде дәлелдеген. Мәселен, козу процесі тежелуінен басым, күшті ұстамсыз тип машықтанып, жаттығу арқылы езінің тежелу процесі күшін біршама арттырып, оны қозу процесімен теңестіргені байқалған. Осыдан И.П. Павлов күшті қозғыш типтерді жаттықтыру арқылы тежелу процесінің күшін арттырып, бір-бірімен теңестіруге болады,- деген қорытындыға келеді. Холерик темпераменті. Бұл типтің өкілі аса қозғыштығымен, соған орай мінез-құлқының ұшқалақтығымен көзге түседі. Холерик қарым-қатыста - күйгелек, бір беткей, шабуылға жаны құмар, іс-әрекетте - пысық. Холериктер жұмысты үзіп-үзіп істегенді ұнатады. Олар айналысқан ісіне жан-тәнімен беріледі. Осы жолда кездескен қиындықтың бәрін жеңуге даяр тұрады, кедергілерді жеңіп, мақсатына жетеді. Қайрат-жігері мұқалып, өз сенімі кетсе, еңсесі түсіп, еш нәрсеге мойны жар бермей қояды. Көтеріңкі көңілді, көзі оттай жайнап, сөйлегенде жұртқа кезек бермейді. Бір сөзбен айтқанда ұстамсыз, құйындай адам. Сангвиник темпераменті. Бұл темпераменттің өкілін И.П.Павлов қызу қанды, іскер адам деп санайды. Ол адамдармен тез тіл тауып, шүйіркелесе кетеді, жұртты жатырқамайды. Ұжым ішінде сангвиник көңілді, ақ-жарқын, іске бар ықыласымен кірісетін, әуесқой адам. Іска зауқы болмаса, жұмыстан тез суынып кетеді. тап болғанда суынып қалады. Сангвиникте эмоция тез пайда болып, тез өзгереді. Оның осал жері іс жоқ кезде сылбыр күйге түсіп кетеді. Ол онша кек сақтамайды, қазір береумен ерегесіп қалса, біраздан кейін ашуы тез тарап кетеді. Көңіл күйі тез 3 өзгергіш, ойға жүйрік, өткір тілді, жаңаны тез қабылдағыш, зейінді келеді. Флегматик темпераменті. И.П. Павловтың сипаттауынша, бұл барлық уақытта да байсалды, ұстамды бір қалыпты, табанды және төзімді, еңбекқор адам. Нерв процестерінің тепе-теңдігі мен баяулығы флегматикке қандай жағдай да болмасын бір қалыпты тыныштықта болуға мүмкіндік береді. Флегматик - салмақты адам, ол күшін босқа сарп етпейді, бастаған істі аяғына жеткізеді. Ол бөспелікті сүймейді. Жұртпен қарым-қатынасы да бір сарынды жүріп жатады. Баяулық пен селқостық - флегматиктің осал жағы. Оған ырғалып-жырғалуға, жиналып, қамдануға біраз уақыт қажет. Дегенмен, бұл қасиет мінездің тұрақтылығын көрсетеді, істі аспай-саспай тыңғылықты аяқтауға мүмкіндік береді. Флегматиктер ұзақ уақыт жұмыс істеуге сабырлық пен әрекет етуге төзімді болады. Меланхолик темпераменті - бұл типтің өкілдері аса сезімтал соның салдарынан жаны тез жараланғыш келеді. Меланхоликтер тұйық, қиын жағдайлардан жол тауып шығуға олақ, адамдардан оқшау жүргенді ұнатады. Ол қауіпті жағдайлардан қорқады. Қозу және тежелу процестерінің әлсіздігі бұлардың бір-бірімен тең келмеуі (тежелуі басым болады), кез келген күшті әсер - меланхоликтің қимыл қозғалысын баяулатып, онда шектен тыс тежелу туғызады, Меланхоликті әлсіз тітіркендіргіштер де мазалайды, сондықтан да ол ұсақ-түйектің бәріне де қатты мұңаяды немесе қатты қуанады. Үйреншікті жақсы, тату ұжым арасында меланхоликтер өзін жақсы ұстайды, жұртпен қарым-қатысқа түсіп, алған ісін нәтижелі орындай алады, кедергілерді жеңіп, табандылық көрсетеді. Темпераменттердің осы 4 түрінің біреуі жақсы, біреуі жаман деп айтуға болмайды. Өйткені, олардың әрқайсысының да ұнамды, ұнамсыз жақтары бар. Егер сангвиниктің шнрақ болуы, көңілінде кек сақтамауы жағымды болса, көңіл күйінің бір қалыпты болмауы өзгеріп, құбылып тұруы, бір бастаған жұмысын аяқтап, ақырына жеткізбеуі жағымсыз жағы болып табылады. Холериктің өте жігерлі болуы жағымды болса, көңіл-күйінің ұйытқымалылығы, ұстамсыз-тұраксыздығы қолайсыз жағы болып табылады. Флегматиктің сабырлы, салмақты болуы жағымды болса, қимыл-қозғалыстарының баяулығы, шабан болып келуі жағымсыз жағы болады. Ал меланхолик адамның көңілінің тұракты болуы, қолына алған бір жұмысты аяғына дейін апаруы жағымды жағы болса, өте сылбыр болуы, көбінесе көпшіліктен бөлек жүріп, өзімен-өзі болып, өзінен-өзі жүнжіп кетуі жағымсыз жағы болып табылады. Міне, осы себептен бұл темпераменттердің мынаусы жақсы, мынаусы жаман деп айтуға болмайды. Темпераменттің негізгі төрт типінің өкілдері бір қалыпты жағдайдың өзінде өздерін түрліше ұстайды екен. Бірде темпераменттері әр түрлі төрт дос театрға кешігіп барады. Мұндай жағдайда олардан қандай мінез байқалған?Холерик билет жыртушымен айтысып партердегі өз орнына барып отыруға әрекеттенеді. Ол театрдағы сағат ілгері кеткен, деп салғыласып, билет тексерушіні итермелей бастайды. Сангвиник партерге жібермейтініне көз жеткен соң жоғарғы қабатқа көтерілудің қиынға соқпайтынын сезіп, баспалдаққа қарап жүгіріп кетеді. Флегматик залға жібермейтінін көріп: "Алғашқы көрініс онша қызық болмады, буфетке бара тұрайын" деп антракт болуын күтеді. Меланхолик "Менің әркез жолым болмайды. Өмірімде бір рет театрға келген едім, ол да сәтсіз болды"-, дейді де үйіне кетіп қалады. Осылайша темперамент адамның белсенділік сипатынан (жұмыс істеу қабілеттілігі, әлеуметтік қарым-қатынастағы тіл табыса алу мүмкіндігі), мінез- құлықтың түрлі қалпынан үнемі өзгерістегі сыртқы ортаға бейімделе алу жағдайынан көрініп отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |