Қылмыс жасаған кінәлі адамды қылмыстық жауаптылықтан босату осы тұлғаны жазаны өтеуден де босату болып табылады.
Осылайша "Әрбір кінәліге - әділетті жаза" қағидасы бұзылады. Бұл көзқарастан басқа тұрғыдан тереңірек қарап көрелік.
Жаза тым кешігіп орындалып жатса, ол өзінің ескертушілік әсерін жоғалтады. Қылмыскер жаза қолданусыз-ақ түзеліп кеткен жағдайда, жаза қайта тәрбиелеу құралы қызметін атқара алмайды. Мұндай жағдайда жаза әлде де жалпы ескертушілік сипатта болуы мүмкін, бірақ негізінен істелген іс-әрекет үшін кек қайтару секілді көрінеді. Қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату да ескертушілік роль ойнай алады. Яғни мемлекет өзінің осы әрекетімен қылмыс жасаған адамның өзінің кейінгі оң мінез-құлқымен келтірілген зиянын жойып, өз кінәсін жуып-шаюға мүмкіндік бар екендігі туралы жариялайды. Қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату институты қылмыс істеген адамды үлгілі мінез-құлық сақтауға тырысуға ықпал етеді.
Аталған инситуттың өмір сүруі нәтижесінде "жазаны кұр қорқыту құралына айналып қалу қауіпі туады" деп те күмәнденуге болар еді. Бірақ бұндай құбылыс орын алмайды. Өйткені қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату автоматты түрде емес, тек заңда көрсетілген шарттарды сақталған жағдайда ғана жүзеге асады.
Тіпті жазаны өтеп біткен немесе жазаны қысқартқан немесе неғұрлым жеңіл жаза түрімен алмастырылудан кейін де тұлға тиімсіз теріс салдарға душар болып отырады.
Тұлғаны соттың белгілі бір жаза түріне соттауы тәртіп бойынша аталған тұлғаны соттылығы бар деп тануға негіз болады. Сонымен бұл тұлға айыптау үкімі күшіне енген сәттен бастап, тағайындалған жазаны өтеу кезеңіңде және жазаны өтеп болған соң заңда көрсетілген белгілі бір уақыт кезеңінде соттылығы бар деп танылып жүреді. Кейбір жағдайларда соттылығы болуы тұлға үшін белгілі бір шектеулер туындатуы мүмкін. Мысалы, тұрғылықты жер таңдауда, жұмысқа орналасуда т.б.
Жаңа қылмыс жасаған жағдайда соттылығының болуы әдетте ауырлататын мән-жайлар катарына жатқызылады.
Сонымен, Қылмыстық жаза қылмыскердің сазайын тарттыру мақсатын көздемейді. Оның негізгі қолданылатын бағыты құқық бұзушыны түзету, қайта тәрбиелеу және жаңа қылмыстардың жасалуының алдын-алу бағыты. Егер осы гуманды мақсаттарға жету үшін өте катаң қылмыстық құқықтық ықпал ету, шаралар қолдану қажет болмаса, заң мұндай сотталған адамға мүмкіндігінше, тіпті жазаны өтеуден толық босатуға дейін жеңілдік беруге тырысады.
Қазіргі тарихи кезең жағдайды жазамен түзетуге болмайтындығын көрсетіп отыр, сондықтан да оқымыстылар бұл тығырықтан шығудың жолын іздестіруде. Осыған байланысты мәжбүрлеу және зорлық принципіне емес, сенімді мәжбүрлеумен ұштастырған принципке негізделген жаза теориясы ерекше маңыз алады. Бұл теория жаза қылмыскерлікпен күрестегі маңызды да және әзірше қажетті құрал болғанмен, ол жалғыз әрі басты құрал емес, тек қосымша ғана деген түсініктен туындайды.
Қоғамның әлеуметтік өміріндегі жазаның орыны, бәрінен бұрын, адамгершіліктен, адамға деген қамқорлықтан барып анықталуға тиіс. Мәжбүрлеудің қылмыспен күрес тәсілдерінің бірі екендігін ескере отырып, бірақ ақтық соңында тек мақсатты тәрбие мен сенім арқылы ғана адамға ықпал жасауға болатындығын, солар арқылы ғана адамның сезімі мен ойын, көзқарасын, идеясын, дағдысы мен мінез-құлқын өзгертуге болатындығын мойындау керек.
Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде бұл принциптер ескерілген және жаза түрлерінің тізімі бұрынғы заңмен салыстырғанда едөуір өзгерген. Жазаның кейбір түрлері сақталған, ал кейбіреулерін заң шығарушы алып тастаған. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстар, бостандықты шектеу, тағы басқадай жазаның жаңа түрлерінің жүйеге енгізілуі өте дәлелді. Жазаның кейбір түрлерінің атаулары да, оған сәйкес мазмұны да өзгерген. Әскери және арнайы атақтан айырудың орнына — арнайы әскери және құрметті атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградалардан айыру; бас бостандығынан айырмай түзеу жұмыстарына жіберудің орнына — түзеу жұмыстары. Тәртіптік батальонға жіберу түріндегі жаза тәртіптік әскери бөлімде ұстаумен ауыстырылған.
Қылмыстық жауаптылықтан босатудың құқықтық сипатын анықтау процесін, қылмыстық жауаптылық пен оның мән-мазмұны туралы бірегей көзқарастың жоқтығы қиындатады. Бұл мәселені шешудің негізгі екі бағыты бар. Бірінші бағытты ұстанушылар мәселені қылмыстық жауаптылықты қылмыстық жазамен байланыстырып қарау арқылы, сәйкесінше қылмыстық жауаптылықтан босатуды жазаны өтеуден босатумен байланыстырып карау арқылы шешеді. Екінші бағыт болса өзінің негізіне қылмыстық жауаптылық ұғымы мен басқа да заңда қылмыс жасаған тұлға үшін көзделген тиімсіз теріс салдарларды алады. Ал қылмыстық жауаптылықтан босату тек қылмыстық жазадан босатумен шектелмейді, және басқа соттылық т.б. сияқты тиімсіз салдарлардан босатуды да қамтиды.
Мен де осы көзқарасты ұстанамын. Яғни, менің ойымша қылмыстық жауаптылық тек жазаны өтеумен ғана шектеліп қалмауы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |