Кіріспе тақырыптың өзектілігі. Қазақ-жоңғар соғысы ішінде қазақ халқы үшін үлкен қасірет әкелген оқиға «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»


Қазақ-жоңғар күресіндегі Кіші жүз тұлғаларының тарихы



бет4/6
Дата15.02.2024
өлшемі75 Kb.
#491880
1   2   3   4   5   6
ЖОБА. АҚЖАЙЫҚ КОМАНДАСЫ. М.ӨТЕМІСОВ АТЫНДАҒЫ БҚУ

1.2 Қазақ-жоңғар күресіндегі Кіші жүз тұлғаларының тарихы

Әбілқайыр Мұхаммед Ғази Баhадүр-хан (шамамен 1680 – 17 тамыз 1748) – көрнекті қолбасшы, саяси және мемлекет қайраткері, Кіші орда ханы (1710 – 17 тамыз 1748), Ұлы, Орта және Кіші орда қазақтарының аға ханы (шамамен 1719 – 17 тамыз 1748), қазақтар арасында жаңа Шыңғыс әулетінің негізін қалаушы.


Тарих бізге Шыңғыстан тарайтын осынау тұлғаның қай жылы, қай күні, қай жерде туғаны туралы еш дерек қалдырмапты. Әбілқайырдың әкесі Қажы сұлтан мен оның бауырларының балалары жазда өздерінің ата қоныстары саналатын Жемге (Ембі) жақын Торғай мен Ырғыз өзендерінің бойын жайлап, қыста Сырдарияның төменгі сағасын, солтүстік Арал маңындағы Қарақұмды қыстайтын. Әдебиеттерде Әбілқайыр қазіргі Қазақстанның оңтүстік батысында 1680 жылы, немесе XVII ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысында, кейде 1693 жылы дүниеге келген деп көрсетіледі. Соңғы жорамал бойынша 1693 жылды атайды. Белгілі Шыңғыс әулетінің генеологиясын зерттеуші И.В.Ерофееваның пікірінше «кейінгі кездегі ханның жеке және отбасылық өмірбаянына қатысты нақты белгіленген тарихи кезеңдердің, кейбір хронологиялық ақпараттардың сәйкес келмеуі сенімсіздік тудырады», – дейді [48, С. 123-124].
Әбілқайыр әулеті XV ғ. ортасында Керей сұлтанмен бірігіп Шығыс Дешті-Қыпшақта, Жетісудың солтүстік батысында Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек сұлтанның сегізінші баласы қазақ сұлтаны Өсеке ұрпағынан тарайды. Ресей дипломаты, полковник Құтлұмбет (Мамет мырза, орысша – Алексей Иванович) Тевкелевтің 1748 жылы Ор бекінісінде Әбілқайырдың өз аузынан жазып алған дерекке сүйенсек, Шыңғыс тұқымының түп тармағы Өсеке сұлтанға төрт атадан барып қосылады: Қажы (әкесі) – Ырыс (атасы) – Айшуақ (бабасы) – Бөлекей-Қоян (арғы атасы) – Өсеке. Билеушінің ресми дәрежесінің толық нұсқасы – «Әбілқайыр Мұхаммед Ғази Баhадүр-хан, Қажы сұлтан ұлы» немесе оның қысқаша және хан мөрінде таңбаланған түрі «Әбілқайыр хан, Қажы сұлтан ұлы» [48, С. 121, 123].
Көшпелі тұрмыстың қатал шындығы, Шыңғыс тұқымының мінезін шыңдап, оның күш-қайратының, ой-өрісі мен адами қасиеттерінің қалыптасуына, билік шыңына көтерілу жолындағы жалғыздығы мен қиындықтарды қайыспай жеңуіне, ерік-жігерінің мұқалмай, өз ақылы мен күшіне ғана сеніп, өз абыройын әрдайым жоғары ұстауға үйретті. Өз басына тән жеке қасиеттері Әбілқайырдың әрі қарайғы саяси қызметі барысында, көшпелі қоғамның дәстүрі мен қарсыластарының пікіріне қарамастан, күрес жолында жалғыз қалып отырса да, билеуші ретінде әрдайым көздеген мүддесіне қол жеткізіп, өз билігін жүргізуде жарқын көрініс тапты.
Жаудың тап іргесінде, 1710 жылдың қысында Қарақұм алқабында Кіші орданың Алшындары «бір-бірін соңғы қасық қаны қалғанша жаудан бірауыздан қорғауды күшейтуге күш жұмылдыруды пайдалануға ақылдасу үшін» құрылтайға жиналды. Дәл осы жиынға келгендердің арасында рухы әлсіздер өз әлсіздігін байқаған болса, қонтайшының мейірімділігінен қауіпсіздік іздеуді ұсынды; кейбіреулері үй-жайын тастап Еділ асып қашуды ойластырған еді, ал кейбірі осындай қорқақ қояндарға жан-жаққа тарап кетуді тілеп көпшіліктің сенімділігіне іріткі салды. Алайда сол кезде батылдығымен танымал болған Бөкенбай қолбасшы олардың мұндай бастамасын түп-тамырымен жойып жіберді. Қырғыздар айтады: қызу пікір айтыс кезінде ол үстіндегі киімінің дал-дұлын шығарып, кеңесшілердің ортасына қылышын қадап, ышқына былай деген екен: «Жауларымыздан кек аламыз! Қолымызға қару ұстап мерт боламыз! Талан-таражға түскен көшімізді, айдауға кеткен балаларымызды сырт көз ретінде тамашаламайық! Қыпшақ жазығының батырлары жаудан тайсалып па еді?! Сақалыма әлі ақ кірмесе де, қарсыластарымның қанына өз қолымды боядым. Ендігі жерде жауларымның озбырлығына самарқау қарай аламын ба? Жарау аттарымыз жетерлік! Қынымыздағы өткір қылыштарымыздың жүзі мұқалған жоқ!» Осыдан кейін барлығы Бөкенбайдың кеңесіне құлақ асуға салтанатты түрде ант етті. Олардың құлшынысы шегіне жеткені соншалық, кейбір қолбасшылар анттарының берік екендігін көрсету мақсатында жараларының қанын сорғалатып орталарында жанып жатқан алаудың отына төседі. Ант қабылдағаннан кейін жалпылай құлшылық жасалды, содан соң құрбандыққа шалынған ақбоз аттың етінен дайындалған тағаммен бөлісті. Осы арқылы олар одақтарының мызғымас беріктігін көрсетпек болды. Ордалар осы уақытта Әбілқайыр сұлтанды, хан әулетінің үлкен ұлы ретінде сайлап, Бөкенбайды игі халқы жолбасшы етіп тағайындады» [8, с. 305].
Халық үшін ауыр соққан «Ақтабан шұбырынды» кезеңінің алғашқы айларында Әбілқайырдың әскери таланты байқалды. Ол «шын мәнінде, жаудың мың сан қарулы жасағының оңтүстік елдерге тұтқиылдан шапқан әрекетінен сансыраған, әбіржіген халықты тез арада есін жиғыздырған, сондай-ақ қысқа мерзімде қол астындағы тайпаларды жоңғар шапқыншыларына қарсы ұйымдастыра білген – шыңғыс тұқымынан шыққан жалғыз қазақ билеушісі еді», – деп ресей тарихшысы Т.И.Сұлтанов өзінің «Рождение казахской государственности» кітабында атап кетеді [49, С. 96].
Қазақтың кең байтақ даласының солтүстік және оңтүстік шекараларындағы күрделі халықаралық жағдайға дер кезінде баға берген Әбілқайыр 1723 жылы тамызда қазақ пен қарақалпақтардың біріккен жиырма мыңдық жасағымен Арал өңірінен қазақ елінің солтүстік батысына қарай жедел арада туралай шабуыл жасайды, сөйтіп Аюке ханның туысқан жоңғарлармен арадағы әскери одағына жол бермеу үшін еділ қалмақтарына алдын ала соққы берген. Әбілқайыр ханның Жайыққа жақындап қалғаны туралы хабар қалмақ тайшыларын тез арада өзеннің сол жағалауынан Красный Яр жаққа қоныс аударуларына мәжбүр етті, ал Аюке ханның бейбіт келісімге келу туралы бітімгершілігін Әбілқайыр хан қайтарып тастады. 1724 жылы ақпандағы Аюке ханның өлімі, жергілікті губернаторлардың қалмақтарға кешігіп жеткен әскери көмегі, қазақ, қарақалпақ және башқұрттардың, Әбілқайырдың батырлар жасағының жаулап алу операциясының жалғасуы ақыр соңында еділ қалмақтарының әскери мүмкіндігінің күйреуіне әкеліп соқты, дегенмен түркі халықтарының отряды жағынан шығын үлкен болды. Кіші ордаға іш жақтан шабуыл жасау қаупі осылайша сейілді, сөйтіп Әбілқайыр өзінің жасағын оңтүстікке бағыттады, 1724 жылдың күзінде Түркістанды, содан соң Ташкент пен оның төңірегін шапқыншылардан босатты. Тек қана жауларының сан жағынан басымдығы 1725 жылғы көктемде Әбілқайырды Бұқараға уақытша қоныс аударуға мәжбүрледі. 1726 жылдың күзінде Әбілқайыр, Орта орда ханы Сәмеке мен Барақ және Есім сұлтандар басқарған жасақтар қайтадан қалмақ ұлыстарымен шайқасты. Екі жақ тек 1728 жылы күзінде ғана бітімгершілік жасайды.
Шайқастарда қайтпас қайсар Әбілқайырдың әскери ерліктерін ескере отырып, шамамен 1726 жылы соңы – 1727 жылы басында Арал өңірі Қарақұмда өткен қазақтардың үш ордасының құрылтайында дәрежесіне сай Әбілқайыр ханды қазақ біріккен әскери жасақтарының бас қолбасшысы етіп сайлайды. Қолбасшы ретінде халық жасақтары арасында Әбілқайыр үлкен жұмыстар жүргізді, олардың отансүйгіштігі мен жоғары моральдық рухани жігерін марапаттап отырды. Қолбасшы қабылдаған шаралар 1727 жылы жемісін бере бастады, жоңғар армиясының жеңілмейтіндігі туралы аңыз жоққа шығарылды. Ұлытау тауларының Қарасиыр деген жерінде, Бұланты-Белұят өзендерінің аралығында, Сарысу өзенінен батысқа қарай (қазіргі Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы) қазақтар өзінің мызғымас орасан зор күш-қайратын сезінді. Шайқас болған жер атаулары тарихта «Қалмақ қырылған» деп қалған. Шамамен 1730 жылдың көктемінде Балқаш көлінен оңтүстікке қарай 125 шақырым Аңырақай деген жерде қазақ жасақтары мен жоңғар арасында ірі шайқас болды. Жоңғарларға қарсы жүз жылға созылған соғысқа осылайша түбірлі өзгеріс енді: қазақтың басы барынша біріге бастады, туған жерін қорғауда табандылық, ерекше жанкештілік пен отансүйгіштік көрсете білді.
Табын Бөкенбай батыр – XVIII ғасырдың І-жартысындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері, атақты батыр әрі би, жоңғар-қалмақ шапқыншылығына қарсы азаттық күресті ұйымдастырушылардың бірі, қазақтың біріккен әскерін басқарған Бас Қолбасшы және Жетіру бірлестігінің басқарушы биі.
1710 жылы Дүрбін-Ойрат тарапынан қатер туған кезде Тәуке хан Қарақұмда бүкіл Қазақ Ордасының құрылтайын шақырғаны туралы тарихтан белгілі. Сол құрылтайда Бөкенбай Қарабатырұлы қалмақ басқыншыларына қарсы күрес жүргізу үшін біріккен қазақ әскерінің Бас қолбасшысы болып сайланады. Қазақ Ордасының тарихында тұңғыш рет ұлыс тағдыры хан мен сұлтанға емес, қара қылыш батырға сеніп тапсырылды. Дүрбелең майданда Бөкенбай батыр бастаған қазақ әскері 1711 жылы қалмақтарға тойтарыс беріп, 1712 жылы ойрат ұлыстарының шегіне басып кіреді де, біраз қоныстарын қайтарып, үлкен жеңіске жетеді.
Сонымен қатар Бөкенбай батыр 1726-1729 жылдардағы Бұланты, Бөленті, Аңырақай, Қалмақ қырылған т.б. соғыстарда жоңғарларға қарсы қол бастап, барлығында жеңіске жеткен.
Бөкенбай Қараұлы Кіші жүздің Жетіру тайпасының Табын руынан шыққан XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ тарихында елеулі орын алған тарихи тұлға. Бөкенбай Қараұлының көші-қон жерлері Табын руының ата қонысы Кіші жүздің Елек, Жайық, Қобда, Ойыл, Бұлдырты, Қалдығайты, Сағыз өзендері бойларында, Сырдарияның төменгі ағысы, Арал теңізі маңайында болды. Н.Жетпісбай «Бөкенбай батыр 1667 жыл шамасында дүниеге келген. Нақты туған жері белгісіз, дегенмен Елек, Шыңғырлау немесе Үстірт пен Ырғыз аралықтарында дүниеге келген деп жорамалдауға болады. Тарақты Табынның Жиембет бөлімінен тарайды. Әкесінің есімі Бисембі, ол да батыр болған, ел арасында Қарабатыр атанып кеткен. Кез-келген батырдың атын шығаратын көбіне оның жас күнінде көрсеткен ерлігі не шайқас алдындағы жауымен шығатын алғашқы жекпе-жегі еді. Бұл тұрғыда Бөкенбайдың жас кезі туралы көп дерек жоқ, бірақ ол да жас Әбілқайыр секілді ақтабаннан көп бұрынғы Еділ қалмақтарымен соғыстарда көзге түскендігі сөзсіз. Оның атын алты алашқа мәлім қылған 1710 жылы өткен Қарақұм жиыны болатын», - деп жазады [50]. Әбілқайыр ханға арналған зерттеу жұмысында Ж.Жақсығалиев: «Табын руының жылқышы деген атасынан шыққан Қарабатырұлы Бөкенбай батыр, Әбілқайыр ханның қазақ халқын Ресейге қосу жолындағы күресінде оң қолы болған, халыққа қадірлі, мол дәулетті, үлкен беделді адам болған. Әдебиетте бұл бұл Бөкенбайды 1723-1729 жылдары іс жүзінде қазақ жасақтарына қолбасшы Орта жүз, арғын Қанжығалы Бөгенбаймен, Керей Бөгенбай батыр Маянбайұлымен де шатастырулық бар», - деп атап өтеді. Бөкенбай Қараұлы - Табын Жаманкерей – Амандәулеттен тарайтын жиембет руынан келіп шығады. Жиембеттен бес ұл, оның ішінде Бөкенбайдың әкесі Қарабатыр (Бисембі) туады. Қарабатырдың Танысқожа және Бөкенбай атты екі ұлы және асырап алған Жарбол (Түрікпен), Айткелтір, Балғын деген үш ұлы болады. Осы әулеттен Жиембет батыр, Қарабатыр, Бөкенбай батыр, Тіленші батыр, Есенаман батыр, Жоламан батырлар қазақ жерінің тұтастығы үшін күреске қатысады. Бөкенбай Қараұлының жастық шағы мен сол тұстағы қызметі немесе қатысқан соғыс жорықтары жайында деректер сақталмаған. Бөкенбай батырдың хандықтың ішкі саяси істеріне араласуы Қарақұм мәслихатынан басталып Кіші жүздің Ресеймен одақтасу үрдісімен жалғасты. 1710-1742 жылдар аралығында Бөкенбай батыр Әбілқайыр ханмен бірге Қазақ ордасында орын алған маңызды оқиғаларға белсене араласты. 1726 жылы Әбілқайыр мен Сәмеке хандардың қалмақ хандығына қарсы жасаған жорықтарына белсене қатысқан батыр 1727-1728 жылдары бір жылдай Есет батырмен бірге қалмақ ханы Цэрен Дондук ұлысында аманатта болып, екі көшпелі хандық арасындағы тыныштықты сақтауда қызмет атқарады. Қазақстанның Ресейге қосылуы процесінде қазақ билеушілері арасында екі топ (партия) пайда болды. Осы екі партияның да негізгі сенім білдіргендері батырлар мен билер болатын. Қазақ-орыс қатынасындағы батырдың қызметі А.Тевкелевтің «Әбілқайыр хан мен Бөкенбай батыр Кіші орданы тыныштандырып, Орта жүзге Сәмеке ханға Құдайназар мырзаны жіберді. Адамгершілігі мол әрі ақылды Бөкенбай маған (Тевкелевке) оң қабақ танытқаннан бастап ісім алға баса бастады»,- деген жазбаларынан анық көрінеді. Бұл жағдайды Н.Г.Аполлова «Тевкелевтің қазақ батырларының ең ірі өкілі Бөкенбаймен кездесуі болды» - деп жазады. 1737 жылы башқұрттар, Жайық казактары, Еділ қалмақтары Кіші жүзге қайта қауіп төндіруіне байланысты әскери әрекеттер күшейді. Осы жағдайларға байланысты 1738-1740-шы жылдары Ресей әкімшілігі Әбілқайырмен келіссөздер өткізді. Бөкенбайдың Ресей әкімшілігімен келіссөздерге қатысқандығы туралы П.И.Рычков: «В.Н.Татищев Бөкенбай батырды қошеметтеп қарсы алып, сый-сияпат жасап, жанына Таймасты қосып, ханға қайтарды», - деп жазады. XVIII ғасырдың 40-шы жылдары қазақ-түрікмен қатынасында шиеленіс басталады. Нәдір шах Бұхара мен Хиуа жерлерін өзіне бағындырып, Кіші жүздің оңтүстік-батыс шекараларына қауіп төндірді. 1742 жылы Төлеп батыр, Барақ сұлтан мен Есет батырлар қол жинап, түрікмендерге соққы береді. Қайрақлы тауында мықты бекініс жасап, орнығып алған түрікмендерді толық жеңуге мүмкіндік болмайды. Осы жылдың сәуір айында қазақ әскері мен түрікмендер арасында болған шайқаста Бөкенбай батыр өзінің жүзден аса батырымен бірге қаза табады.
Жалпы Бөкенбайдың атасы Жиембет пен әкесі Қарабатыр, ұлдары Тіленші және Есенаман, немересі Жоламанда батыр болған. Барлығы да қазақ жерінің тұтастығы үшін күрескен баһадүрлер.
Аңыз бойынша Бөкенбай Қараұлы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының Жарқамыс ауылында жерленген. Орыс ғалымы Гавердовский Ырғыз ауданында дегенді алға тартады. Бірақ, бұл деректермен келіспейтіндер көп. Енді біреулер баһадүр Үстіртте (Маңғыстау облысы) жерленген дегенді алға тартады [51].
Тайлақ Бекежанұлы (XVIII ғасырда өмір сүрген) – қазақ батыры, қолбасшы.
Тайлақ - шекті Бекежан батыр Айбекұлының бәйбішесі Салихадан туған үш ұлдың бірі. Кіші жүздің жетіруынан шыққан. Әбілқайыр ханмен үзеңгілес құрдас әрі ақылшы-кеңесшісі болған. 1726 жылы Ордабасы жиынында Кіші жүз жасақтарының қолбасшысы болып сайланды. Тайлақ жиені, Ұлы жүздің батыры ошақты Саңырықпен бірге жоңғарларға қарсы күресте ерлігімен көзге түскен. Бұланты – Білеуті шайқасында, Аңырақай шайқасында Кіші жүз жасағын басқарған. Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанында Тайлақ есімі де аталады. Көрнекті түркітанушы ғалымдар В.В.Бартольд, И.Кастанье, Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, М.Тынышбаев еңбектерінде де Тайлақ есімі жиі кездеседі. Тайлақ жайында жазушылар Қ.Есенберлиннің «Жанталас» (1973), Ә.Кекілбаевтың «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984), Ә.Әлімжановтың «Жаушы» (1974), С.Сматаевтың «Елім-ай» (1978, 1980) атты кітаптарында суреттелген. Жазушы М.Есламғалиұлы халықтың шежіре деректері мен тарихи жырлардағы мәліметтерге сүйеніп, 1729-30 жылдардағы жоңғарлармен өткен шайқастарда Кіші жүздің қолын басқарған осы Тайлақ батыр деп жорамалдайды. Тайлақ және оның ағалары Байрақ, Қайрақ туралы мағлұматтар «Қыз Жібек» дастанының Сегізсері нұсқасында, «Елім-ай» және Ж.Жабаевтің «Саурық батыр» жырында ішінара кездеседі. Соңғы жырда Тайлақтың шапырашты Саурықпен тізе қосып, қалмақтармен соғысып жүргені айтылады. Көрнекті жазушы Ә.Кекілбаев «Үркер», «Елеңалаң» романдарында негізінен керейт Тайлақты сюжет арқауы етіп, шекті Тайлақ туралы бір оқиға үстінде ғана әңгіме етіп өтеді. Сырым ауданы Шідерті елді мекені маңындағы Тайлақ атанған ауыл бар. Оның іргесіндегі қорым да солай аталады. Қорымның атауы жөнінде әр түрлі пікірлер бар. Бір шежіре жүлгесі бойынша, онда шеркештің, ал енді екіншісі бойынша, байбақтының батыры жерленген. Тағы бір дәлелден беген ауызекі деректе — қорымдағы ескерткіші жоқ үлкен обада Бекежанның, оның аяқ жағындағы үш обада балалары Байрақ, Қайрақ және Тайлақтың мүрделері жерленген делінеді [52].
Тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбаевтың айтуынша, Есет батыр 1667 жылы дүниеге келген. Оның бабасы – Қарабура түркі жұртына белгілі әулие, кезінде Қожа Ахмет Ясауиді өз қолымен арулап жерлеген адам. Әкесі Көкі Базарқұлұлы – Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүр бастаған Орбұлақ шайқасына қатысқан. Анасы Назым – ақкете руының биі Балпыштың қызы. Есеттің әкесі Көкі Маңғыстаудағы пір Бекет бабаға кәрі нағашы болып келеді. Есет есімі таныла қоймаған Әбілқайырды қолдап, Аңырақай шайқасында Кіші жүздің туын ұстап, соңынан қол ерткен. Ұзын саны 27 рет жаумен жекпе-жекке шыққан. Е.Бекмаханов 1947 жылы шыққан еңбегінде: «1730 жылғы Кіші жүздің жоңғарларға қарсы шайқасында Есет, Бөкенбай, Әбілқайыр қол бастап соғысып, батыр атанды», деп те жазған [53].
Башқұрт халқының орыс отаршылығына қарсы көтерілісінде ойсырай жеңілген Қарасақал батыр Есетті паналағанда, Ресей тарапынан қазақ даласына қашқан башқұрттарды кері қайтару талап етіледі. Қанша қысымға ұшыраса да, Есет батыр Қарасақал жігіттерін елден шығармайды. Есет батыр атақты Сырым Датұлына да ақ батасын берген. Оған 1743 жылы тархан атағы берілді. Есеттен бұрын тархан атағы Жәнібекке берілді. Ұзақ жасаған. Өмірден өтер кезінде «Басымды шығысқа, аяғымды батысқа қарай жерлеңдер. Жауды аяғыммен тіреп жатайын», деп өсиет қалдырған [52].



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет