Жобаның мақсат-міндеттері.
- «ойрат», «қалмақ», «жоңғар» атауларының мән-мағынасын, қолданылуын анықтау;
- «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасының себептеріне талдау жасау;
- елдің азаттығы үшін жоңғарларға қарсы қазақ халқының күресін сипаттау;
- қазақ-жоңғар күресіндегі Кіші жүз тұлғаларымыздың орны мен рөлін зерттеу;
- «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасының зардаптары, тарихи маңызын талдау.
Зерттеу жұмысының нысаны ретінде 1723-1727 жылдардағы жоңғар басқыншылықтарының себептері, қазақтардың айбынды күресі, елінің еркіндігін мұрат етіп қойған тарихи тұлғалардың ішінде Кіші жүздің Әбілқайыр ханының, Бөкенбай, Тайлақ, Есет батырларының ерліктері алынды.
Зерттеу жұмысының пәні ретінде «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» жылдары қазақ-жоңғар қақтығыстары, зардаптары, нәтижелері, тарихи маңызы, батыр-баһадүрлердің ерлік жолдары қарастырылады.
Зерттеу жұмысының зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысы барысында салыстырмалы-тарихи, хронологиялық, талдау әдістері кеңінен қолданылады.
Тақырыптың хронологиялық шеңбері. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы өрбіген 1723-1727 жылдар қарастырылады.
Зерттеу жұмысының құрылымы зерттеу жұмысының мақсатына сай әрі қойылған міндеттерді шешуге орай логикалық тұрғыда өзара сабақтасып жазылған. Жобаның мазмұны тақырыптың аса өзекті бағдарларын қамтиды. Зерттеу жұмысының құрылымы белгіленген талаптарға сай кіріспеден, бір тараудан және екі параграфтан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 «АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ, АЛҚАКӨЛ СҰЛАМА» ЖЫЛДАРЫНДА КІШІ ЖҮЗ
1.1 Жоңғарлардың Қазақстан аумағында басқыншылық соғыс жүргізуінің себептері
Қазақ халқының XVII-XVIII ғғ. тарихында өзінің елдігін, тәуелсіздігін, жерін сақтап қалу үшін, мемлекетін нығайту үшін сыртқы саясатта жүргізген күрестерінің ішінде жоңғарлармен (ойраттармен, қалмақтармен) болған шайқасының орны ерекше. Бұл жерде қазақ халқын «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына ұшыратқан ел туралы сөз болып отыр. Қарастырылып отырған кезеңнен бастап-ақ осы күнге дейін қазақ жеріне шапқыншылықтар жасаған бұл халық түрлі елде, тіпті бір мемлекеттің шеңберінде де әрқалай, көбінесе «ойрат», «қалмақ», «жоңғар» сияқты атаулармен жазылып жүр. Сол себепті қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінің зерттелуіне кезек бермес бұрын ең әуелі батыс моңғол тайпаларына, яғни Жоңғар мемлекетін құраған тайпаларына қандай атау қолданғанымыз орынды екендігін шешіп алған жөн.
Жоңғар хандығының билеушілері жоңғар (зюнгар) тайпасының шорос руынан шыққан. Ру Шыңғыс хан нояндарының бірі Бұйханнан басталады. Бұйхан алдымен керей Тоғырыл ханның жанында болып, кейін Шыңғыстың жағына өтсе керек. Сол Бұйханнан – Эссен тайшыға дейін алты ата, Эссен Тайшыдан – Қарақұлға дейін тағы да алты ата. Бұл тайпа Эссен тайшыға дейін ойрат аталған. Эссенің екі ұлы – Боро Нахан дүрбіттерді, екінші ұлы Эсмэт Дархан ойраттардың қалған жартысын биледі. Эсмэт Дарханның ізіне ергендер енді жоңғарлар деп атала бастайды.
Ойрат тайпасының ішіндегі іргелілерінің бірі – дүрбіттерді Рашид ад-Дин Шыңғыс ханның ата-бабалары өрбитін Әнүнілін (Алан-Гоа) анаға апарып тірейді. Шыңғыс заманында ойрат тайпаларының басында дүрбіттер тұрған. Дүрбіттердің көсемі Хутулга бектің ұлы Иналчы Шыңғыс ханның қызы Холуйхан сұлуға үйленеді. Дүрбіттер де алғашқы кезде меркіт, керей, найман тайпаларымен бірге Шыңғыс ханға қарсы күрескен. Бірақ, 1206 жылы наймандар талқандалғаннан кейін олар Шыңғыс ханға қосылады.
Хошаут тайпасы өздерінің тегін Шыңғыс ханның тетелес інісі Хасардан бастайды. «Хошаут» сөзі найзаның ұшы, хошын сөзі – қазақша қосынның баламасы. Олардың басшысы Байбағыс хан Батыр қонтайшымен бірге қазақ даласына талай жорықтарға шыққан.
Қазақтар торғауыттарды тоғыз сан торғауыт дейді. Олар небәрі он бір ата. Солардың тоғызы көне, екеуі жаңа торғауыттар деп аталады. Хоуырлықтың ізіне еріп Еділ бойына көшкендер көне торғауыттар, ал екі жасақ жаңа торғауыт өздерінің ата жұрты Жоңғарияда қалады.
Олардың тегі керейдің Тоғырыл ханнан басталады. Тоғырыл ханнан Хоуырлыққа дейін тоғыз ата, Хоуырлықтың алтыншы ұрпағы Убашы (Ұса) орыс патшалығына бодандықты мойындаған.
П.С.Палластың жазуынша, торғауыттардың нояны Кибан ізіне ерген елмен бірге Тоғырыл ханнан бөлініп шығады. Қибаннан – Сасай, Сасайдан – Баяр, Баярдан – Мақашы-Мөңке туады. Мақашы-Мөңкенің лақап аты – Керейт. Мақашы-Мөңке ел арасында өте беделді, көреген адам болғандықтан, оның кезінде ізіне ерген торғауыттар керейт дп аталған. Мөңке – Хоуырлықтың ұлы бабасы, яки төртінші атасы.
Ойраттарда тағы да элет, багатут, хоят (қият), т.б. сияқты тайпалар болған.
Жоңғар хандығы құрылардағы тақ таласы жылдарында дүрбіттердің Далай тайшы бастаған бір тобы Батыс Сібірге, Гуши хан бастаған хошауыттардың үлкен тобы Тибеттің етегіне, Көкнұрға қоныс аударды. Ол сол көшкеннен барып Тибетте тәуелсіз Хошауыт ұлысын құрды. Гүши ханның өз аты Торы Байқы көрінеді. 1607 жылы хала-ойрат арасындағы бір дауды қантөгіссіз әділ шешкені үшін лама дінбасыларының бірі оны «Дай Гуши», ұлы ақылшы, әділ хан деп атайды.
«Жоңғар» сөзінің этимологиясы моңғолдың «jegün (züün)» («солға» немесе «шығыс») «γar» («қол» немесе «қанат») деген сөздерінен шыққан. Жалпы, өлкенің аты осыдан шыққан. Жоңғарлар халха моңғолдардан батысқа қарай орналасса да, олардың атауының шығуы олардың ойраттардың сол қанаты болуымен байланысты. XVII ғасырдың басында билеушісі хошут тайпасының көсемі Гуши хан болды. Гуши хан буддистік гелуг ағымы өкілдерінің пайдасына Цангпа ханды жеңу мақсатында Тибетке басып кірмекші болады. Осы үшін ол ойраттардың әскерін сол және оң қанатқа бөлді. Хошут пен Торғыт тайпаларынан тұратын Оң қанат Тибет қалады, ал Чорос пен Хойты тайпаларынан тұратын Сол қанат солтүстікке Қашқар жазығына қарай шегінеді. Сол кезден бастап Чорос империяы сол қол қанат, яғни Зуунгар деп атала бастайды [45, 28-29 бб.].
Жоңғарлардың Қазақстан аумағында басқыншылық соғыс жүргізуінің себептеріне келер болсақ, біріншіден, Жетісу мен Сырдария өңірін басып алатын болсақ, онда Жоңғарияны Ресей мемлекетімен, Сібірмен, Орта Азия хандықтарымен байланыстыратын аса маңызды сауда жолдарының торабын өз бақылауымызда ұстаймыз, одан әрі Ауғанстанға, Иран мен Закавказьеге жол ашылатын болады деп үміттенді. Екіншіден, Қазақстанды жаулап алсақ, өз хандығымыздың солтүстіктегі шекарасын әлдеқайда нығайтамыз, бағынған халықтан қосымша алым-салық алып тұрамыз деп ойлады. Үшіншіден, басқыншыларды қазақтың кең-байтақ даласындағы шұрайлы мал жайылымы мен Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы сауда-қолөнер орталықтары қызықтырды. Төртіншіден, Қазақстан аумағын жаулап алу жоңғарлардың Еділ мен Жайық аралығында көшіп-қонып жүрген қандас тайпалары құба қалмақтарымен кедергісіз тікелей байланыс орнатып, қарым-қатынас жасауына жағдай туғызатын еді. Ақыр соңында, бесіншіден, Жоңғар мемлекетінің қазақтарды кұл етіп ұстаудың мол мүмкіндігіне ие боламыз деп дәмеленді. Жоңғарлардың Қазақ хандығына қарсы басқыншылық соғысты күшейте түсуінің, міне, осындай себептері болды.
XVIII ғасырдың 20-жылдарының бас кезінде жоңғарлардың Қазақстан аумағына кезекті ірі жорық жасауына қолайлы жағдай қалыптасты. 1722 жылы жоңғарлармен ұзақ уақыт бойы соғыс жүргізіп келген Қытай императоры (боғдыханы) Канси қайтыс болды. Сөйтіп қалмақтардың Қытаймен бейбіт келісім жасасуға колы жетті. Жоңғар хандығының шығыс шекарасы ендігі жерде қауіпсіз болды. Жоңғар билеушілері Еділ бойындағы қалмақтардың ханы Аюкеге елші жіберіп, қазақтарға қарсы бірлескен соғыс қимылдарын жүргізу мақсатын көздеді. Ертіс бойында жақында ғана бой көтерген әскери бекініс желісін нығайтумен әуре болып жатқан Ресей Жоңғар мемлекетіне бәлендей қауіп төндіре алмайтын еді. Оның үстіне, Ресей көрші жатқан екі көшпелі мемлекеттің өзара қарым-қатынасына байланысты бейтарап саясат ұстауға тырысты. Қазақ мемлекетінің де, Жоңғар хандығының да өзара шайқаста әбден әлсіреп, қансырағанын күтті. Өйткені оған осылай болғаны тиімді еді [46, 11-12 бб.].
1723 жылы Қазақ даласын әйгілі «ақ мешін» жұты шарпыды. Сол жылдың ерте көктемінде жұттан тұралап шыққан елге жоңғарлардың 70 мың әскері тұтқиылдан лап қойды. Бұл шабуылдың жалпы әскери басшылығы жоңғар қонтайшысы Цеван Рабтанның інісі Шоны Дабаға сеніп тапсырылды. Шоны Даба Қазақ даласын тұтастай жайпап өту үшін 70 мың әскерін жеті шепке бөліп, олардың бір мезгілде әрі ширақ, әрі аяусыз қимылдауына жарлық берді. Бес томдық «Қазақстан тарихының» үшінші томында жеті бағыты сипатталған:
Бірінші шепті Цеван Рабтанның өзі бастап, Іле өзенінің батысын бетке алды. Екінші шепті Цеван Рабтанның баласы Қалдан Церен бастап, Балқаш көлі арқылы Қаратауға беттеді. Үшінші шепті Цеван Рабтанның інісі Құлан Бату бастап, Алтай мен Еміл арқылы Көкталға шүйлікті. Төртінші шепті Цеван Рабтанның немересі Әмірсана бастап, Нұра өзенінің алабын сыдырып өтті. Бесінші шепті Қалдан Церенің 18 жасар ұлы Церен Доржы бастап, Шелек өзеніне шеру тартты. Алтыншы шепті Қалдан Цереннің тағы бір ұлы Лама Доржы бастап, Ыстықкөл өңіріне ұмтылды. Жетінші шепті Цеван Рабтанның ағайыны Даба Доржы бастап, Шу бойын қыстап шыққан елге қырғидай тиді [47, 130 б.].
Қазақтар бұл кезде шабуыл болатынын күтпеген еді. Жазғы жайылымға көшуге даярланып жатқан мұндағы қазақтардың бәрі түгелімен қырылып кетті. Ал тірі қалғандары мал-мүлкін тастап қашуға мәжбүр болды. XVIII ғасырдың 20 жылдары жоңғар шапқыншылығы Қазақстан тарихында “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деген атпен белгілі болды.
1724-1725 жылдары жоңғар феодалдары Түркістан мен Ташкентті басып алып, талан-таражға ұшыратты. Бұл қалалар ішінара қиратылды. Сырдария бойындағы қолөнер мен сауда-саттық тоқтап қалды.
Жоңғарлар Түркістан, Ташкент қалаларын жаулап алып, талқандады. Алайда, жағдайдың күрделілігіне қарамастан 1726 жылы Шымкент маңындағы Ордабасы тауына жиналған қазақ жүздерінің өкілдері басқыншыларға қарсы күресті күшейту жөнінде бірауыздан шешім етті. Жасақ басшылары сайланды. Әбілхайыр хан барлық жасақтардың бастығы болды. Жасақ құруға Бөгенбай, Тайлақ және Саурық батырлар белсене кірісті.
1728 жылы Қазақ халқының ірі жеңістерінің бірі Торғай даласының оңтүстік-шығысындағы Бұланты өзенінің жағалауында Қара сиыр деп аталатын жердегі шайқаста көрінді. Бұл жер кейін қалмақтардың қырылған жері болғандықтан, «Қалмақ қырылған» деп аталып кетті. Қалмақтарға қарсы әскери күш ұйымдастыруда Қабанбай, Жәнібек, Наурызбай, Бөгенбай, Есет, Райымбек сынды батырлардың атқарған қызметі маңызды. Сол кезеңде қазақ халқының басын біріктіруде қазақтың үш жүзінің билері Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ролдері үлкен.
Жоңғарларға қарсы азаттық күрестің нәтижесінде қазақ халқы біртұтас әскери қорғаныс ұйымдастырды. Оның басында Кіші Жүздің ханы Әбілқайыр тұрды (1693-1748 жж.). 1730 жылы көктемде Балқаш өзенінің оңтүстігінде Аңырақай деген жерде қазақ халқы жоңғарларға соққы берді. Кейін бұл өлкенің атауының өзі жоңғарлардың аңырай шыққан даусынан деп аталуда. Осы жеңістің арқасында Кіші жүз бен Орта жүз жерлерінің көп бөлігі азат етілді.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» қазақ қоғамына тигізген зардабы орасан зор болды. Далалықтардың көші-қон бағдарламаларының быт-шыты шықты. Қазақтар шұрайлы мал жайылымдарынан айырылды. Жетісудағы және Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы бір кезде гүлденіп тұратын жасыл жазиралар енді қараусыз қаңырап бос жатты. Көршілес мемлекеттермен сауда-саттық байланысы да уақытша үзіліп қалды. Бірақ ең ауыр азапты қайғы-қасірет туған-туыстар мен жақын жандардың қазасы болды. Шәкәрім Құдайбердіұлының келтірген деректері бойынша, қазақтардың үштен екі бөлігі қырғынға ұшыраған. Енді бір бөлігі құлдыққа сатылып кеткен. Халық ашаршылыққа душар болды. Өлмей аман қалу үшін қайыңның сөлін ішкен. «Қайың сауған» деген сөз содан қалған. Тірі қалғандар басқыншыларға шектен тыс ауыр алым-салық төлеп тұрған. Қазақ хандығының халқы елдің әр түрлі алыс аймақтарына, тіпті шекаралас жатқан шет мемлекеттерге де тарап, босып кетті. Қазақтардың батысқа қарай жаппай ағылуы қарақалпақтармен, түрікмендермен, өзбектермен, башқұрттармен және қалмақтармен жерге таласқан дау-дамайларға алып барды. Қазақтардың Орал Қазақтарымен де, Батыс Сібірден орыстармен де өзара қарым-қатынастарын шиеленістіріп жіберді. Міне, мұның бәрі әбден әлсіреп, қожыраған Қазақ хандығын Ресей империясының оңай олжа ретінде отарлап алуымен аяқталды.
Достарыңызбен бөлісу: |