1.3 Жастар саясатын жүзеге асырудың шетелдік тәжірибедегі рөлі
Әлемдік тәжірибеге назар аударар болсақ, мемлекеттік жастар саясатын нәтижелі түрде жүзеге асыру үшін оның құқықтық негізін дұрыс қалыптастырып алуға алдымен көңіл бөлінетіндігін бағамдар едік. Себебі, түрлі елдер қоғамдастықтары тарапынан бұл мәселеге аса мән берушілік өткен ғасырдың аяғында-ақ байқала бастаған. Сонау 80-ші жылдардың орта тұсында жастарға қатысты туындаған заңдарға түрлі тарапта жақын келушілік айқын көрініс тапты. 1985 жылдың Халықаралық жастар жылы деп белгіленуінің өзі соның бір айғағы дер едік. Сол уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 40-шы сессиясының күн тәртібінде жастарға арналған заңдарды халықаралық талаптар мен нормаларға сай етіп жасау қажеттігі турасында мәселе көтеріліп, соның негізінде арнайы құжаттар дайындалған болатын. Ал бұл өз кезегінде әлем елдерінің осы тұрғыдағы байланысының берік орнығуына негіз болды.[25]
Кез келген мемлекеттің негізгі мақсаты – жас азаматтарды қоғамнан өз орнын табуына мейлінше жағдай жасау. Себебі әрбір жас жастық шағында толыққанды саналы тұлға ретінде жеке өмірге жол бастау үшін білім алуы, кәсіптік тұрғыдан мамандануы, өз құқықтары мен міндеттерін өз бойына сіңіруі, сондай-ақ азаматтық және моральдық тәлім-тәрбие алуы тиіс. Өкінішіке қарай, жастардың кейбірі жалпы бейімделу процесінен шығып қалып, әлеуметтік тұрақсыздық пен қылмыс ошағына айналып, қоғамда маргиналды элементтер қатарын толтырады. Мемлекеттердің жастар саясаты тұтастай жастардың өзіне, сондай-ақ оның жеке әлсіз топтарына бағытталып, іс-шараның бағытын нақтылауда жастарды жастық-әлеуметтік ерекшелігіне қарай, 14-18 жастан 25-27 жасқа дейінгі топтарға бөледі
Осы орайда жастар саясаты үлгісін зерделеуде көптеген жетістікке жеткен Ұлыбритания (классикалық капитализм) мен Швецияның (скандинав социализмі) үлгілерін саралай кеткенді құп көрдік. Аталған үш мемлекетте де жастар саясаты мемлекет пен азаматтық қоғамның серіктестігі арқылы бірлесіп жасауына негізделген. Ұлыбритания, Швеция және Қазақстанда да – мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда басты рөл жергілікті өзін-өзі басқару мен қоғамдық ұйымдардың еншісінде болады.
Үкімет шығындардың жалпы сомасы мен жергілікті ерекшеліктерін (Швецияда сондай-ақ жергілікті үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) гранттар бөлу) ескере отырып, басым шығындар туралы шешім қабылдайтын жергілікті билік органдарына жүктейді. ҮЕҰ ерекше маңызды орында болады. Швецияда олар жастардың ѕ-ін қамтыған. Егер де Ұлыбритания мен Қазақстанда жастар саясаты тұтастай саяси-экономикалық конъюнктураның жағдайына тәуелді болса, Швецияда бұл тұрақты.
Ұлыбританияда білім алу және оны одан әрі арттыруды күшейтетін іс-шаралар қолданылады. Мысалы, мұнда кәсіптік дайындықтан өту үшін оңтайлы кредиттер жүйесі қарастырылған. Оларда білім кредиттерінің пайыздық ставкасы 2-3 пайыз көлемінде болса, Қазақстанда ол 9-30 пайыз шамасында. Сол секілді Швецияда мемлекеттік оқу орындарында орта және жоғары білім тегін болса, Ұлыбритания мен Қазақстанда ақылы негізде. Бұған қоса Швецияда тұрғын үй мен оқу әдебиеттеріне берілетін стипендиядан басқа қосымша кредит алуға болады. Бұл кредиттер студент оқуын бітіріп, жұмысқа тұрғаннан кейін жалақысының 4 пайызы көлемінде сол қарызды қайтаруға аударылып тұрады. Ал Қазақстанда қарыз алушының жұмысқа тұруы не тұрмауына тәуелсіз анықталған уақытта (көбіне 10 жыл ішінде) қайтарылуы тиіс[26]
Ұлыбританияда жұмыссыздықпен күрес «Жас азаматтарға жаңа бағыт» атты бағдарлама төңірегінде жүзеге асырылады. Швецияда жұмысқа орналасу және кәсіптік қайта даярлау мәселесі жергілікті еңбек нарығының ерекшеліктері мен бизнестің кадрлық тапсырыстары ескеріліп, жергілікті деңгейде шешіледі. Азаматтық тәрбиелеу тек өз құқықтарын қорғау ғана емес, сондай-ақ тұтастай әлеуметтік-саяси белсенділігін арттыру (Ұлыбританияда 2002 жылдан бері мектептік білімдік бағдарламалардың бір бөлігі ретінде азаматтарды тәрбиелеу курстары жолға қойылған) еуропа елдерінің жастар саясатындағы басты бағыттардың бірі болып табылады.
Жалпы, британ және Қазақстан жастар саясатына жас азаматтарға мүмкіндік беру, оларды қолдау, бірақ жеке белсенділігін дамыту стимулына кедергі болуы мүмкін тым әлеуметтік қорғау мен қайырымдылық жасаудан сақ болу тенденциясы тән. Еуропаның аталған екі мемлекетінің тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстанға қажет мынадай ұсыныстарды атап өтуге болады.
Үш елдің жастар саясатындағы ұқсастықтары:
Біріншіден, үш елде де жастар істері және саясаты бойынша арнайы министрлік жоқ, сондықтан сала бойынша іс-шаралар түрліше министрліктер, ведомстволар және қоғамдық ұйымдар арқылы жүзеге асырылады. Екіншіден, білімнің сапасы мен жетімділігі дұрыс әлеуметтендірілудің маңызды факторы ретінде орта мектепті бітіргеннен кейін жоғарғы білім беру үш мемлекеттің де жастар саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады.
Үш мемлекеттің жастар саясатындағы айырмашылықтары:
Ұлыбританияда жастар саясатын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар Білім министрлігінің Жастармен жұмыс бойынша басқармасы мен Балалар және жастар істері бойынша комитетінің құзырында жатады. Ал Швецияда бұл Мәдениет министрлігінің құзырында. Британдық парламенттік құрылымдарда жастар мәселесі бойынша комиссиялар жоқ, ал Швецияда жергілікті деңгейде Мемлекеттік жастар кеңесі және басқа да тәуелсіз жастар кеңестері жұмыс істейді. Ал Қазақстанда бұл сала Білім министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылады.[26]
Бүгінде жастар арасында біздің елімізге жастар мәселесімен айналысатын жаңа мемлекеттік орган керек деп айтылып жүргелі де біраз болды. Дәл қазір бізде ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Жастар саясатын дамыту департаменті бар. Республикадағы жастардың жай-күйіне тікелей жауапты мемлекеттік бірден бір құзырлы орган да осы. Алайда бұл мекеменің де жастар ісімен біте қайнасып, ауқымды іс тындырып жатпағаны белгілі. Оны аңғару да аса қиын емес. Қоғамдық пікірде ұдайы сынға ұшырап жатқанына құлақ түрсеңіз, бұл органға тиісті баға берілді деген ойда қаласыз.Шынтуайтына келгенде департаменттің құзырында ауқымы кең уәкілеттіліктер жоқтың қасы. Бәлкім департамент жастардың шырмауы көп мәселелеріне мойынсынғысы келсе де, тиісті механизмдердің жетіспеуінен әттең тонның келтесі деп отырған шығар. Не десеңіз де, ұзын арқан, кең тұсау болып тұрғанын белгілі. Міне сондықтан да болар бүгінде департамент жұмысына қоғам тарапынан көңіл толмаушылық орын алуда. 90-шы жылдары республикамызда Жастар ісі жөніндегі комитет, тіпті Спорт, туризм және жастар ісі жөніндегі министрлік те болған. Бірақ уақыт талабы болды ма, жоқ әлде басқа ма 90-шы жылдардың соңында жастар мәселесімен айналысатын уәкілетті орган Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі құрамындағы бөлім деңгейіне түсіп қалып, әупіріммен тек 2002 жылы Жастар саясатын дамыту департаменті болып қайта құрылған болатын. Міне содан бергі уақытта жастар үшін жауапты болып отырған да осы департамент. Бірақ уақыт өте келе қоғам жастар жұмысымен айналысатын жаңа орган керек екенін сезіп келе жатыр. Алғашқыда әр тараптан сирек болса да естілетін пікірлер, қазіргі күні жиілеп бара жатқан сияқты. Бұған солтүстіктегі, біз көбірек еліктейтін көршіміздің жастарға байланысты жаңа қадамдары әсер еткен болуы да мүмкін.[27]
Ресейдің жаңа премьер-министрі В. Зубковтың алғашқы пәрмендерінің бірі Ресей Үкіметінің құрамында Жастар ісі жөніндегі комитетті құру жөнінде болды. Өзінің бұл әрекетін ол «жастар соңғы жылдары бей-берекетсіз дамып барады. Ешқандай бағыт-бағдар, идеология деген атымен жоқ. Отаншылдық сезім дегеннен алыс қалған», деп түсіндірді.
Ал президент Путин болса, «Жастар ісі жөніндегі комитет мемлекеттік жастар саясатын айқындап, Ресей жастары арасында салауатты өмір салтын дамытуға, оларды рухани және патриоттық тәрбиелеуге, кәсіби мүмкіндіктерін жүзеге асыруға жағдай жасайды» деп мәлімдеді. Әрине бір қараған адамға мұнда тұрған ештеңе жоқ сияқты. Үкіметтің әдеттегі қаулысы, әдеттегі жұмысы, бір мекеме қысқарып орнына екіншісі пайда болып жатқан сияқты дүние. Бірақ мемлекеттік биліктің жоғары эшелонындағы тұлғалардың осы бір сараң түсіндірмелерінен көп нәрсені аңғаруға болады. Яғни, бұл кез-келген мемлекет өзіндегі жастар контингенті бетімен кетпей, мемлекеттік, ұлттық идеологиямен біте қайнасып өсуі керек дегенді білдірсе керек. Теріскейдегі көршіміздің бұл қадамы, «балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан» деген Ахмет бабамыздың афоризмінің мәнін аша түсті. [26]
Сонымен Ресей Үкіметінің құрамында Жастар ісі жөніндегі комитет құрылды. Оның атқаратын негізгі функциялары жөнінде жоғарыда айтылды. Басшылығына Кремльге жақын «Наши» жастар қозғалысының жетекшісі 36 жасар Василий Якеменко тағайындалды. Ал бұл өзгерістер Ресей жастарының қаншалықты мүддесін қорғап, жағдайын жақсартуға ықпал ете алатынын әзірге уақыт еншісіне қалдырайық.
Біздің айтпағымыз әдетте Ресейде қандай өзгеріс жүрсе, бізде де көп ұзамай сол өзгеріс қайталанатыны белгілі. Яғни бізде біраз уақыттан кейін Жастар ісі жөніндегі агенттік, тіпті министрлік дүниеге келіп жатса оған еш таңғалуға болмайды. Және оған басшылыққа билікке жақын жастар ұйымдарының бірінің төрағасы тағайындалуы да мүмкін дүние. Бірақ мәселе онда емес. Мәселе ол жаңа орган республика жастарын қамти ала ма, қандай уәкілеттіктерге ие болады, қаржылық ресурсы қаншалықты болмақ, қаржы жұмсаудың мөлдірлігі қағидасы қамтамасыз етіле ме? Құрылғаннан күннің өзінде орган бағдарламаларының салмақтылығы басты назарда болу шарт. Ол агенттік бүгінгі департаменттің кебін кимес үшін алдын-ала осы сұрақтар жіті талқыланып, жеті өлшегеннен кейін ғана қайшыны қолға алған маңызды. Аталған агенттік жастар жағдайын жақсартуға нақты кірісуі үшін оның қолында тиісті ықпал ету механизмдері болуы керек. [22]
Көтеріліп отырған мәселеге байланысты еліміздегі бірқатар саясаттанушы қауымның пікірін сұрап, көзқарастарын білген едік. Есенжол Алияров, Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының президенті, саяси ғылымдардың докторы: біріншіден, жаңа орган құрмас бұрын өкілеттіктері мен құзіреті айқын көрініс табатын нақты заң керек. Заңда, құрылатын уәкілетті орган мен жастар ұйымдарының арақатынасы қолмен қойғандай анықталуы қажет.
Екіншіден, бүгінгі таңда қоғамдағы барлық жастар ұйымдарының басын біріктіре жұмыс істеуді көздеген Қазақстан Жастар Конгресі қазір өз миссиясын атқара алмай отыр. Қазақстан Жастар Конгресіне бірігу еліміздегі республикалық, қала берді аймақтық жастар ұйымдарына да тиімді болуы керек, және ол жерде «бір ұйым бір дауыс» қағидасы қатаң сақталуы тиіс. Үшіншіден, сіздер қажет пе деп отырған уәкілетті органның қызметін бүгінде атқаруға тиіс Жастар саясатын дамыту департаменті бұл үдеден шыға алмай отыр. Яғни, өздеріне қолайлы ұйымдарды құру, жастар ұйымдарын «өзіміздікі» немесе «бөтен» деп бөле-жару және т.б. кемшіліктер орын алуда. Сондай-ақ еліміздегі саяси партиялардың жастар қанаты, әлемнің өркениетті, саяси мәдениеті жоғары елдеріндегідей тек сол саяси партияның есебінен ғана қаржылай көмек алуы тиіс.
Жоғарыдағы талаптар сақталған кезде ғана жаңа органды құруға негіз бар деп ойлаймын. Жаңа орган керек пе, жоқ әлде керек емес пе деген сұраққа жауап бермес бұрын, ең алдымен жастарға қатысты бірнеше мәселені анықтап алған дұрыс. Біріншіден, қазір жастар арасында жалпы наразылық көңіл-күй бар. Себебі мемлекет тарапынан оларға дұрыс көзқарас қалыптаспай отыр. Әрине бұл жерде жастарды да түсінуге болады. Жастардың қызмет баспалдағымен өсуі жоққа тән. Аймақтағы жастар жетекшілерін орталыққа тарту процесі мүлдем ұмыт қалған. Жастар проблемасына менсінбей қараушылық басым. Мұндай жағдайда жастар бастаманы өз қолдарына алуы мүмкін. Ал ол бастама қандай мақсаттар көздейді жәе қандай тәсілдер мен қандай құралдар арқылы жүзеге асады, оның тигізер пайдасы мен әкелер зардабы қандай көлемде болмақ ол мүлде беймәлім. Иә, мемлекет тарапынан түрлі шаралар жасалып жатыр. Бірақ өкінішке орай көп жағдайда жастарға байланысты көзбояушылық орын алып жатады. Жастар парламентін жасақтаймыз дедік. Жасақтадық. Сонда не қазіргі парламент тақиямызға тар келді ме. Бұл яғни біздің парламент жастар дауысын естімейді деген сөз. Мысалы, не Сенат, не Мәжілісте жастар ісімен айналысатын бірде-бір комитет жоқ. Яғни, Парламентте жастар лоббиі деген мүлдем ұмыт қалған. Ал ондай лобби бізге ауадай қажет. Қазір қолданыстағы заңдардың барлығына жастардың жағдайын жақсартатын баптар енгізу керек. Жастар ұйымдары әрқайсысы әр жерде жүр. Барлығы жиналып бір ықпалды мекемеге бірігуі керек. Иә, қазір осы ықпалды мекеменің рөлін елімізде бірнеше жастар ұйымы атқаруға тырысып жүр, алайда көрпелері қысқа болып отыр. Қазақстанда жастар саясатының бас-аяғы, құрылымы әлі аяқталған жоқ. Қалыптасу процесі жүріп жатыр. [18]
Екіншіден, Қазір біздің мемлекет жастарға қатысты мәселеде адасып жүр. Кез-келген өркениетті мемлекетті алып қарасаңыз, жастар мәселесінде сол жастардың өзімен ақылдасады. Ал бізде жастар мәселесімен ақылдасу үшін ақсақалдарға барады. Бұл әрине біздің менталитет дейміз. Бірақ уақыт өте мұның бәрі жойылады. Жастар үлкендерді өзінің ата-анасы ретінде қабылдайды, бірақ саяси тәлімгер ретінде қабылдамайды. Жастармен бұлай «ойнауды» тоқтату керек.
Жастар арасында мұндай мәселе көтеріліп жатса, ол біздегі заңның дұрыс жұмыс істемеуінен деп түсіндірер едім. Қазіргі жастар саясаты туралы заң өкінішке орай тек қағаз жүзінде қалып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |