Кодексі Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі n 481 Кодексі "Егемен Қазақстан"



бет5/9
Дата01.07.2016
өлшемі489.5 Kb.
#170623
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9

4-Бөлім. Су пайдалану

13-тарау. Су пайдалану құқығы

      64-бап. Су пайдалану құқығының түрлерi

      1. Субъектілердің тобы бойынша:
      1) ортақ су пайдалану құқығы;
      2) арнайы су пайдалану құқығы;
      3) оқшау су пайдалану құқығы;
      4) бірлесіп су пайдалану құқығы болып бөлінеді.
      2. Туындау негіздемелері бойынша:
      1) бастапқы су пайдалану құқығы;
      2) қосалқы су пайдалану құқығы болып бөлінеді.
      3. Қолдану мерзімдері бойынша:
      1) тұрақты су пайдалану құқығы;
      2) уақытша су пайдалану құқығы болып бөлінеді.
      4. Азамат үшiн ортақ су пайдалану құқығы ол туған кезден бастап туындайды және ешбір жағдайда да шеттетілуі мүмкін емес.
      5. Осы Кодексте белгiленген тәртiппен берiлген рұқсат алынған кезден бастап арнайы су пайдалану құқығы туындайды.
      Ескерту. 64-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.01.10 N 383-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      65-бап. Ортақ су пайдалану

      1. Ортақ су пайдалану халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшiн су объектiлерi жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмей және судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.
      2. Ортақ су пайдалануды жүзеге асыру үшін арнайы рұқсат талап етілмейді.
      Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың ортақ су пайдалану объектілеріне халықтың кіруін қоршаулар, күзет пункттерін, тыйым салатын белгілер орнату жолымен шектеуіне тыйым салынады.
      3. Экологиялық, техникалық және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгi мақсатында ортақ су пайдалану шектелуi немесе оған тыйым салынуы мүмкiн.
      4. Ортақ су пайдаланудың шарттары мен ережелерін облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары белгілейді.
      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында өңірдегі жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып, ортақ су пайдалану ережелерінде тиісті өңірдің аумағында орналасқан су объектілерінде шомылу, ауыз су және тұрмыстық қажеттіліктерге су алу, мал суару, шағын кемелерде және басқа да жүзу құралдарында жүзу тыйым салынған жерлерді айқындауы мүмкін.
      Ескерту. 65-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2009.07.10. N 180-IV Заңдарымен.

      66-бап. Арнайы су пайдалану



      1. Мынадай құрылыстар мен техникалық құрылғыларды:
      1) суды жер үсті қабатынан және теңіз суларынан механикалық және өз ағысымен тарту жөніндегі стационарлық, жылжымалы және жүзбелі құрылыстарды;
      2) өнеркәсіптік, коммуналдық-тұрмыстық, коллекторлы-сорғыту, жауын-шашынды және басқа да қалдық суларды жер үсті және теңіз суларына ағызуға арналған су бұру құрылыстарын;
      3) қалдық суларды суармалы, буландыру, сүзгі алқаптарына және жергілікті жер бедеріне бұруға арналған құрылыстарды;
      4) бөгеттерді және басқа да суды тежейтін және суды реттейтін құрылыстарды (соның ішінде уақытша бөгеу құрылыстарын);
      5) гидравликалық электр станцияларын;
      6) сумен жабдықтауға, пайдаланылған суды ағызуға, сондай-ақ суды суытуға арналған жылу және атом электр станцияларының су шаруашылығы құрылыстарын;
      7) суару, суландыру, суару-суландыру және құрғату жүйелерін;
      8) жер асты суларын алу және өзге де мақсаттар, соның ішінде жерасты суларының жай-күйіне әсер ететін құрғату, су деңгейін төмендету және табиғат қорғау іс-шараларын жүргізу үшін сорғы қондырғыларымен және басқа да суды көтеру құралдарымен жабдықталған су тарту құрылыстарын;
      9) қалдық суларды және басқа да суды жер қойнауына ағызуға арналған су ағызу құрылыстарын (ұңғымалар, құдықтар, шахталар);
      10) шахталардан, карьерлерден, штольнялардан, разрездерден алу үшін пайдаланылатын тау-кен қазындыларының су бұру құрылыстарын;
      11) су деңгейін мәжбүрліктен төмендетпей жұмыс істейтін, жер асты суларын алу үшін өздігінен шығатын ұңғымаларды, шахта құдықтарын, бұлақтар шегендеулерін және басқа да шағын құрылыстарды;
      12) жер асты су тұтқыш қабаттарға және тау-кен жыныстары қуыстарына өнеркәсіптік, коммуналдық-тұрмыстық, сорғыту және басқа да қалдық суларды, технологиялық ерітінділерді ағызуға арналған сіңіргіш ұңғылар мен құдықтарды;
      13) қатты пайдалы қазбалар кен орындарын игеру кезінде көмірсутегі шикізатын әзірлеу және жерасты қабатын шаймалау кезінде жер қыртысы қысымын ұстау үшін қысым айдағыш ұңғымаларды;
      14) судың жай-күйіне әсер ететін басқа да техникалық құрылғыларды қолдана отырып, халықтың ауыз су және коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждарын, ауыл шаруашылығының, өнеркәсіптің, энергетиканың, балық шаруашылығының және көліктің суға қажеттіктерін қанағаттандыру, сондай-ақ өнеркәсіптік, коммуналдық-тұрмыстық, сорғытылған және басқа да қалдық суларды ағызу үшін тікелей су объектісінен алып немесе алмай-ақ жер үсті және жер асты су ресурстарын пайдалану арнайы су пайдалануға жатады.
      2. Рұқсаттың негізінде, тек қана сонда айқындалған мақсаттар үшін жеке және заңды тұлғалар арнайы су пайдалануды жүзеге асырады және басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауға және қоршаған ортаға зиян келтірмеуге тиіс.
      3. Арнайы су пайдалануға рұқсат негізінде тәулігіне елуден екі мың текше метрге дейін алу лимитімен жер қойнауы бөлігінен шаруашылық-ауыз су және өндірістік-техникалық жерасты суларын пайдалану жүзеге асырылады.
      4. Мынадай су тарту құрылыстарын: тереңдігі жиырма метрге дейінгі шахталы және құбырлы сүзгілі құдықтарды, сондай-ақ орталықтандырылған сумен жабдықтау үшін пайдаланылмайтын су тұтқыш үстіңгі бірінші қабаттан тәулігіне барлық жағдайда елу текше метрден көп емес су алынып, деңгейі мәжбүрлі төмендетілмей жұмыс істейтін шегендеу құрылыстарын пайдалану кезінде арнайы су пайдалануға рұқсат қажет етілмейді.
      5. Уәкiлеттi орган шетелдiк заңды тұлғаларға арнайы су пайдалануға рұқсат бepeдi.
      Уәкiлеттi органның өңірлік органдары шетелдік заңды тұлғаларды қоспағанда, барлық жеке және заңды тұлғаларға арнайы су пайдалануға рұқсат бередi.
      6. Арнайы су пайдаланудың мынадай түрлеріне рұқсаттар беріледі:
      1) жер үсті су объектілеріне тазартылған өнеркәсіптік, коммуналдық-тұрмыстық, сорғытылған және басқа да қалдық суларды ағызу;
      2) тәулігіне елуден екі мың метрге дейін алу лимитімен жер қойнауы бөлігінен шаруашылық-ауыз су және өндірістік-техникалық жер асты суларын пайдалану;
      3) осы баптың 1-тармағында аталған құрылыстарды немесе техникалық құрылғыларды қолдана отырып, жер үсті суларын тарту және (немесе) пайдалану (бұдан әрі – жер үсті суларын тарту және (немесе) пайдалану).
      7. Арнайы су пайдалануға рұқсат:
      1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық органдарымен – барлық жағдайда;
      2) тиiстi аумақтарда халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын атқарушы органдармен – барлық жағдайда;
      3) жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөнiндегi уәкілеттi органның аумақтық органдарымен – шаруашылық-ауыз су және өндiрiстiк-техникалық жер асты суларын жер қойнауы бөлiгiнен пайдалануына;
      4) ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның аумақтық органдарымен – мал шаруашылығы мұқтаждары үшiн суды тарту және мал шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу, сондай-ақ мал шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу жөнiндегi мал шаруашылығы үй-жайларынан және кәсiпорындарынан қалдық суларды ағызу кезiнде;
      5) балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарымен – балық шаруашылықтық мәні бар тоғандардан үстіңгі қабат суларын тарту кезінде және оларға қалдық және сорғытылған суларды ағызу кезінде осы су пайдалану шарттары келiсiлгеннен кейiн жеке және заңды тұлғаларға берiледi.
      8. Жер үсті қабаты суларын тартуға және (немесе) пайдалануға, тазартылған өнеркәсiптiк, коммуналдық-тұрмыстық, сорғыған және басқа да қалдық суларды жер үсті қабатындағы су объектiлерiне ағызуға:
      1) теңгерімінде олардың көмегiмен арнайы су пайдалану жүзеге асырылатын, белгiленген талаптар мен стандарттарға сай құрылыстар немесе техникалық құрылғылары;
      2) суды есепке алу және оның сапасын бақылау құралдары;
      3) су беруге және (немесе) қалдық және сорғытылған суларды ағызуға қосалқы су пайдаланушылармен шарттары бар жеке және заңды тұлғаларға рұқсаттар беріледі.
      9. Тәулiгiне елуден eкі мың текше метрге дейін алу лимиттерімен шаруашылық-ауыз су және өндiрiстiк-техникалық мақсаттар үшін жер қойнауы бөлігінен жер асты суларын пайдалануға:
      1) теңгерімінде қолданыстағы санитариялық-эпидемиолоиялық ережелерге, нормалар мен стандарттарға сай келетін құрылыстары немесе техникалық құрылғылары болып, солардың көмегiмен жер асты су объектілерiнен суды тарту жүзеге асырылатын;
      2) су тартуды есепке алу және оның сапасын бақылау құралдары;
      3) қосалқы су тұтынушыларға су беру шарты;
      4) жер асты суларының қорлары туралы мемлекеттiк сараптамалық қорытындысы және жер асты су объектiсi туралы геологиялық ақпараты бар жеке және заңды тұлғаларға рұқсаттар берiледi. Терiс мемлекеттiк геологиялық сараптама болған жағдайда, екі жылға дейiнгi мерзiмге геологиялық барлау жұмыстарын жүргiзу және бұл мерзім өткеннен кейiн жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөнiндегi уәкілеттi органның қорларға мемлекеттiк сараптама жүргізу шартымен рұқсат берiледi.
      10. Арнайы су пайдалануға рұқсатты ресiмдеу үшiн өтiнiш берушi уәкiлеттi органға немесе оның өңірлік органдарына мынадай құжаттарды:
      1) уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша арнайы су пайдалануға рұқсат беру туралы өтінішті;
      2) заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркелуi туралы куәлiктің нотариалды куәландырылған көшiрмесiн;
      3) су шаруашылығы құрылысының, гидромелиоративтік жүйелердің немесе құрылғылардың паспортын;
      4) салық органында есепте қойылғаны туралы куәліктің немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің көшірмесін;
      5) осы баптың 7-тармағында белгіленген арнайы су пайдалану шарттарын келісуді ұсынады.
      11. Су тарту үшін су объектілерін пайдалануға байланысты арнайы су пайдалануға рұқсат алу үшін осы баптың 10-тармағында аталған құжаттарға қосымша мыналар ұсынылады:
      1) су тұтынушылар мен олардың суға қажеттіктері туралы мәліметтер;
      2) су тартуды есепке алу және тартылатын су сапасын бақылау (қадағалау) құралдарының болуы туралы мәліметтер.
      12. Гидроэнергетика мақсаттары үшін су объектілерін пайдалануға байланысты арнайы су пайдалануға рұқсат алу үшін осы баптың 10-тармағында аталған құжаттарға қосымша мыналар ұсынылады:
      1) гидроэлектр станциясының белгіленген қуаты туралы деректер;
      2) энергетикалық, су ағызу және өзге де құрылыстардың өткізу қабілеті туралы мәліметтер;
      3) балық қорғау және балық жіберу құрылыстары туралы мәліметтер;
      4) жоғарғы және төменгі бьефтердегі су режимі мен су сапасының көрсеткіштерін бақылау (қадағалау) құралдарының болуы туралы мәліметтер;
      5) гидроэнергетика мұқтаждарына су ресурстарын пайдаланудың мәлім етілген көрсеткіштері туралы деректер.
      13. Суды алмастан жер үсті қабатындағы су объектілерін пайдалануға байланысты арнайы су пайдалануға рұқсат алу үшін осы баптың 10-тармағында көрсетілген құжаттарға қосымша мыналар ұсынылады:
      1) кеменің техникалық сипаттамалары;
      2) кеменің тіркелген порты (тіркелу орны) көрсетіле отырып оны пайдалануға Кеме қатынасы тіркелімінің рұқсаты;
      3) кемеде құралатын қалдық сулардың, қалдықтар мен шығарындылардың бүкіл көлемін қабылдау үшін жағалау және жүзбелі құрылғылармен қамтамасыз етілуі туралы деректер;
      4) су объектісінің және қоршаған ортаның жай-күйіне келеңсіз әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін объектілерді пайдалану және жұмыстарды жүргізу кезінде акватория учаскесіндегі су сапасын бақылау (қадағалау) құралдарының болуы туралы мәліметтер.
      14. Уәкілетті орган немесе оның тиiстi өңірлік органы – отыз күн мерзiмнен кешiктiрмей, ал шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн – өтiнiш берушi осы Кодекске сәйкес ұсынған барлық қажеттi құжаттармен өтiнiш берген күннен бастап он күн мерзiмнен кешіктірмей рұқсат бередi.
      15. Заңды тұлғаның атауының өзгеруі арнайы су пайдалану рұқсатының қайта ресімделуін қажет етеді.
      Су шаруашылығы жүйелерін қайта құру немесе су тұтыну шарттарының өзгеруі арнайы су пайдалануға қайта рұқсат алуды қажет етеді.
      16. Арнайы су пайдалануға рұқсат берген уәкілетті орган:
      1) арнайы су пайдалануға рұқсат алу үшін ұсынылған мәліметтердің анық еместігі анықталған;
      2) Қазақстан Республикасының су және экологиялық заңнамасы талаптарының бұзылғаны анықталған жағдайларда заңдарда белгіленген тәртіппен оның қолданысын тоқтата тұрады.
      Осы тармақта аталған жағдайларда уәкілетті орган рұқсаттың қолданысын тоқтата тұрудың себептерін және оларды жою мерзімін жазбаша нысанда көрсете отырып, су пайдаланушыны он жұмыс күні ішінде хабардар етеді.
      Рұқсаттың қолданысын тоқтата тұру ұсынылған мәліметтердің дәйексіздігін және анықталған бұзушылықты жою мерзіміне жүзеге асырылады.
      Хабарламада көрсетілген арнайы су пайдалануға рұқсаттың қолданысын тоқтата тұруға әкеп соққан себептер жойылған жағдайда рұқсаттың қолданысын тоқтата тұру жөнінде шешім қабылдаған органның жазбаша растамасының негізінде рұқсаттың қолданысы қайта басталады.
      Су пайдаланушының тоқтата тұру немесе қолдануды қайта бастау туралы хабарлама алған кезінен бастап рұқсаттың қолданысы тоқтатыла тұрған немесе қайта басталған болып есептеледі.
      Ескерту. 66-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.01.10 N 383-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      67-бап. Оқшау су пайдалану

      1. Су объектiлерiн немесе олардың бiр бөлiгiн бiр жеке немесе заңды тұлғаға пайдалануға берген кезде оқшау су пайдалану құқығы туындайды.
      2. Оқшау су пайдалануға берiлген су объектiлерiнде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары белгiлеген шарттармен ортақ су пайдалануға рұқсат етiледi.
      3. Оқшау су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы, егер облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдарының шешiмдерiнде өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ортақ су пайдалану жағдайлары немесе оған тыйым салу туралы жариялауға мiндеттi.
      Ескерту. 67-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

      68-бап. Бiрлесiп су пайдалану

      1. Бiрлесiп су пайдалану құқығы су объектiлерiн немесе олардың бiр бөлiгiн бiрнеше жеке және (немесе) заңды тұлғаға пайдалануға берген кезде туындайды.
      2. Бiрлесiп су пайдалану кезiнде бiрiншi кезекте халықты ауыз сумен жабдықтаумен айналысатын су пайдаланушылардың мүдделерi, сондай-ақ су аяғында орналасқан су пайдаланушылардың мүдделерi қанағаттандырылады.
      3. Бiрлесiп су пайдалануға берiлген су объектiлерiнде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары белгiлеген жағдайлармен ортақ су пайдалануға рұқсат етiледi.
      4. Бiрлесiп су пайдаланатын су пайдаланушылар, егер облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдарының шешiмдерiмен өзгеше белгiленбесе, ортақ су пайдалану жағдайлары немесе оған тыйым салу туралы жариялауға мiндеттi.
      Ескерту. 68-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       69-бап. Бастапқы және қайталама су пайдалану

      1. Өз мұқтаждарын қанағаттандыру немесе оны қайталама су пайдаланушыларға жеткiзу үшiн тiкелей су объектiлерiнен су алуды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың су пайдалануы бастапқы су пайдалану болып табылады.
      Шаруашылықтың әртүрлі салаларын сумен қамтамасыз ету үшін тежеуіш гидротехникалық құрылыстардың көмегімен жер үстіндегі ағын суды реттеу жөніндегі қызметтерді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың су пайдалануы да бастапқы су пайдалану болып табылады.
      2. Бастапқы су пайдаланушыдан шарт негiзiнде су алатын жеке және заңды тұлғалардың cу пайдалануы қайталама cу пайдалану болып табылады.
      3. Қайталама су пайдалануға арналған шартта су беру мақсаты және оны пайдаланудың негiзгi талаптары көрсетiлiп, бастапқы су пайдаланушы үшiн белгiленген лимит шегiнде қайталама су пайдаланушыға кесте бойынша су беруге кепiлдiк берiледi.
      4. Бастапқы және қосалқы су пайдаланушы қайталама су пайдалану шартының талаптарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының су заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.
       Ескерту. 69-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.02.12. N 132-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.01.10 N 383-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      70-бап. Су пайдалану мерзiмдерi

      1. Су объектiлерi тұрақты немесе уақытша су пайдалануға бepiледi.
      2. Мерзiмi белгiленбеген су пайдалану тұрақты деп танылады.
      3. Уақытша су пайдалану қысқа мерзiмдi - бес жылға дейiн және ұзақ мерзiмдi - бес жылдан қырық тоғыз жылға дейiн болуы мүмкiн.
      4. Қажет болған жағдайда су пайдалану мерзiмдерi ұзартылуы мүмкiн.
      5. Арнайы су пайдалану мерзiмдерi су объектiсiнiң ресурстық әлеуетi мен ағымдағы экологиялық жай-күйiне байланысты болады.
      6. Ортақ су пайдалану тұрақты болып табылады.

      71-бап. Су пайдаланушылардың құқықтары

      Су пайдаланушылардың:
      1) Қазақстан Республикасының су заңдарында көзделген шарттар мен талаптарды сақтай отырып, су объектiлерiн берiлген мақсаттарында пайдалануға;
      2) су объектiлерiн пайдаланудың өзiне тиесiлi құқығын өз қалауына қарай жүзеге асыруға, бұл орайда, басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылуына, су объектiлерi мен қоршаған ортаға зиян келтiруге жол бермеуге;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен cу қорының жерлерiн пайдалануға;
      4) су пайдаланушылардың бiрлестiктерiн, одақтарын (қауымдастықтарын) және басқа да коммерциялық емес ұйымдарын құруға;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен су шаруашылығы қызметiн жүзеге асыру үшiн су объектiлерiнiң жай-күйi туралы ақпарат алуға;
      6) берiлетiн судың сапасы мен мөлшерiн тексеруге;
      7) су пайдалануға өз құқықтарын қорғауға;
      8) белгiленген су беру лимитi мен режимiне сәйкес құқықтардың, соның iшiнде су алу құқықтарының бұзылуынан келтiрiлген зиянды өтеттiруге;
      9) Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы заңдарында көзделген басқа да құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
       Ескерту. 71-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2009.02.12. N 132-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      72-бап. Су пайдаланушылардың мiндеттерi



      Су пайдаланушылар:
      1) су ресурстарын ұтымды пайдалануға, судың ысырабын қысқартуға шаралар қолдануға;
      2) су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарына ұқыпты қарауға, оларға зиян келтiрiлуiне жол бермеуге;
      3) белгiленген су пайдалану лимиттерін, рұқсат етілген көлемдері мен режимдерiн сақтауға;
      4) басқа су пайдаланушылар мен табиғат пайдаланушылардың құқықтары мен мүдделерiнiң бұзылуына жол бepмeугe;
      5) судың жай-күйiне әсер ететiн су шаруашылығы құрылыстары мен техникалық құрылғыларды ақаусыз күйiнде ұстауға, олардың пайдаланылу сапасын жақсартуға, су ресурстарын пайдалануды есепке алуға, су шаруашылығы құрылыстарының су тарту, су жіберу мен сарқынды және коллекторлық суларды ағызу құрылыстарын өлшеу құралдарымен және су өлшеу аспаптарымен жабдықтауға;
      6) су қорғау iс-шараларын жүзеге асыруға;
      7) арнайы су пайдалануға рұқсатта белгiленген су пайдалану шарттарын, сондай-ақ бақылаушы органдардың нұсқамаларын белгiленген мерзiмде толық көлемiнде орындауға;
      8) белгiленген нормативтерден асатын зиянды заттардың ағызылуына жол бермеуге;
      9) су объектiсiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген нысан бойынша пайдалану туралы анық және толық ақпаратты мемлекеттiк органдарға уақтылы ұсынуға;
      10) су үнемдеушi технологияларды, суарудың озық техникасын, сумен жабдықтаудың айналымдық және қайталама жүйелерiн енгiзуге шаралар қолдануға;
      11) жер үстi және жер асты суларынан су жинау алаңының ластануына жол бермеуге;
      12) су объектiлерiнiң су қорғау аймақтарының аумағында шаруашылық және өзге де қызметтiң белгiленген режимiнiң сақталуын қамтамасыз етуге;
      13) уәкiлеттi органның және жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөнiндегi  уәкiлеттi органның тиiстi негiздемесi мен шешiмiнсiз ауыз су сапасындағы суды өндiрiстiк және басқа мұқтаждарға пайдалануға жол бермеуге;
      14) су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарында өнеркәсiп қауiпсiздiгiнiң талабын сақтауға;
      15) су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарында жеке тұлғалардың қауіпсiздiгiн қамтамасыз етуге;
      16) барлық авариялық жағдайлар мен су пайдаланудың технологиялық режимiнiң бұзылуы туралы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарына және облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарына дереу хабарлауға, сондай-ақ су объектiлерiне зиян келтiрiлуiн болғызбау жөнiнде шаралар қолдануға;
      17) су пайдаланғаны үшiн төлемдердiң уақтылы төленуiн жүзеге асыруға;
      17-1) Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексiне сәйкес Қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыру кезiнде экологиялық pұқсaт алуға;
      18) Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы заңдарында көзделген басқа да мiндеттердi орындауға мiндеттi.
      Ескерту. 72-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2007.01.09 N 213 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12 N 222 (жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2008.05.26 N 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.02.12. N 132-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      73-бап. Су пайдаланушылардың құқықтарын қорғау

      1. Су пайдалану құқығы заңмен қорғалады. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында аталған негiздерден өзгеше ешкiмдi де су пайдалану құқығынан айыруға болмайды.
      2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, су пайдаланушылардың су пайдалану құқығына қысым көрсетумен байланысты олардың қызметiне мемлекеттiк органдардың тарапынан араласуға тыйым салынады.

      74-бап. Су пайдалану құқығын шектеу

      1. Мемлекет қауiпсiздiгi мен қорғанысын, халықтың денсаулығын сақтауды, қоршаған ортаны, тарихи-мәдени мұраны, басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ су тапшылығы, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен су пайдалану құқығы шектелуi мүмкiн.
      2. Су пайдалану құқығын шектеу халықтың ауыз су және тұрмыстық мұқтаждары үшiн су ресурстарын пайдалану жағдайын нашарлатпауға тиiс.

      75-бап. Арнайы cу пайдалану құқығын тоқтату

      1. Арнайы су пайдалану құқығы:
      1) су пайдаланушы су пайдалану құқығынан бас тартқан;
      2) су пайдалану мерзiмi өтiп кеткен;
      3) су пайдаланушы жеке адам қайтыс болған;
      4) су пайдаланушы заңды тұлға таратылған;
      5) су объектiлерi табиғи немесе жасанды түрде жойылып кеткен;
      6) су объектiлерiн пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен басқа жеке және заңды тұлғаларға ауысқан жағдайларда тоқтатылуға тиiс.
      2. Арнайы су пайдалану құқығы:
      1) су ресурстары нысаналы мақсатында пайдаланылмаған;
      2) ауыз сумен жабдықтауға арналған су ресурстары бiр жыл бойы пайдаланылмаған;
      3) су ресурстары үш жыл бойы пайдаланылмаған;
      4) су ресурстарын мемлекеттiк мұқтаждар үшiн пайдалану қажеттiгi туындаған;
      5) су пайдаланушы Қазақстан Республикасының су заңдарында белгiленген шарттар мен талаптарды сақтамаған;
      6) су ресурстарын пайдалануға тыйым салу үшiн негiздер туындаған жағдайларда арнайы су пайдалануға берiлген рұқсатты керi қайтарып алу арқылы тоқтатылады.
      2-1. Осы баптың 2-тармағы 1)-3), 5), 6) тармақшаларында көзделген арнайы су пайдалануға рұқсатты қайтарып алу негіздері, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау барысында айқындалады.
      Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган арнайы су пайдалану құқығын тоқтату негіздері болып табылатын фактілер анықталған жағдайда, оларды жою туралы жазбаша нысанда нұсқама шығарады және оларды нұсқама шығарылған сәттен бастап екі айдан аспайтын жою мерзімін белгілейді.
      Су пайдаланушы тек нұсқама талаптарын жоюдан бас тартқан немесе белгіленген мерзімде жоймаған жағдайда, арнайы су пайдалану құқығына рұқсатты қайтарып алуға жол беріледі.
      Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен арнайы су пайдалануға рұқсатты қайтарып алуға жол беріледі.
      3. Арнайы су пайдалануға берiлген рұқсатты керi қайтарып алу су пайдалану шартын бұзу үшiн негiз болып табылады.
      4. Арнайы су пайдалану құқығын тоқтату туралы шешiмге Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым берiлуi мүмкiн.
      Ескерту. 75-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.01.12. N 222 (жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2011.01.10 N 383-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      76-бап.


       Ескерту. 76-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының  , 2007.01.12. N 222 (жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

  5-Бөлім. Су шаруашылығын ұйымдастыру




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет