Кодексi Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шiлдедегi n 481 Кодексi "Егемен Қазақстан"



бет6/9
Дата07.07.2016
өлшемі0.6 Mb.
#183435
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9

14-тарау. Су шаруашылығы ұйымдары

      77-бап. Мемлекеттiк су шаруашылығы ұйымдары

      Мемлекеттiк су шаруашылығы ұйымдарын Қазақстан Республикасының Үкiметi мынадай жұмыстарды орындау мақсатында құрады:
      1) су объектiлерiнiң мемлекеттiк мониторингiн жүргiзу;
      2) мемлекеттiк су кадастрын жасау;
      3) су объектiлерiнiң жай-күйiн бақылау әдiснамасын әзiрлеу мен жетiлдiру;
      4) су пайдалану технологиясын әзiрлеу мен жетiлдiру және экономиканың әртүрлi салаларында оның тиiмдiлiгiн арттыру;
      5) су шаруашылығы нормативтерiн әзiрлеу;
      6) республикалық меншiктегi су шаруашылығы жүйелерi мен құрылыстарын күтiп-ұстау, пайдалану, сондай-ақ олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      7) республикалық меншiктегi трансшекаралық, мемлекетаралық, облысаралық су объектiлерiнен және су шаруашылығы құрылыстарынан су пайдаланушыларға суды уақтылы және үздiксiз беру;
      8) мемлекетаралық су объектiлерiн жөндеуге шектес мемлекеттермен үлес қосып қатысу.
       Ескерту. 77-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының  2009.02.12. N 132-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      78-бап. Коммуналдық су шаруашылығы ұйымдары

      Коммуналдық су шаруашылығы ұйымдарын облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары мынадай жұмыстарды орындау мақсатымен құрады:
      1) коммуналдық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарын күтiп-ұстау, пайдалану, сондай-ақ олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      2) су объектiлерiнен су пайдаланушыларға суды уақтылы және үздiксiз беру;
      3) пайдаланылған, ағынды және сорғыту суларын жинау, тазарту және ұйымдасып ағызу.
      Ескерту. 78-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi),   2009.02.12. N 132-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      79-бап. Мемлекеттiк емес су шаруашылығы ұйымдары

      1. Мемлекеттiк емес су шаруашылығы ұйымдарын жеке және заңды тұлғалар, соның iшiнде шетелдiк тұлғалар су шаруашылығы құрылыстарына су жеткiзу, техникалық қызмет көрсету және су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi қамтамасыз ету жөнiнде қызмет көрсету үшiн құрады.
      2. Су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы кәсiпкерлiк қызмет мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      1) пайдалану үшiн су ресурстарын алып қою;
      2) су ресурстарын су дайындау және (немесе) су пайдаланушыларға және (немесе) су тұтынушыларға жеткiзу үшiн алып қою;
      3) пайдаланылған, ағынды және сорғыту суларын жинау, тазарту және ағызу;
      4) су объектiлерiн олардан су ресурстарын алмай пайдалану;
      5) сулардың сапасын және су объектiлерiнiң жай-күйiн жақсарту жөнiндегi қызмет;
      6) су шаруашылығы-экологиялық маркетинг саласында қызметтер көрсету;
      7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де қызмет түрлерi.
      3. Су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi мемлекеттiк қолдау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
       Ескерту. 79-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2009.02.12. N 132-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      80-бап. Су шаруашылығы ұйымдарының қызметiне қойылатын


              талаптар

      1. Су шаруашылығы ұйымдары табиғи монополия субъектiлерi болып табылады және өз қызметiн осы Кодекске, Қазақстан Республикасының заңдарына, ұйымның жарғысына және тараптардың шарттарына сәйкес жүзеге асырады.


      2. Су шаруашылығы ұйымдары:
      1) су шаруашылығы жүйелерi мен құрылыстарының тиiстi техникалық жай-күйiн, сондай-ақ олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге;
      2) шартқа сәйкес су пайдаланушыларды белгiленген мерзiмде сумен қамтамасыз етуге;
      3) су пайдаланушылармен келiсiм бойынша су бөлетiн орындарда cу өлшеу аспаптарын орнатуға;
      4) су объектiлерiнiң ластануын, қоқыстануын және сарқылуын, судың зиянды әсерiн болғызбайтын шаралар қолдануға;
      5) гидромелиорациялық жүйенiң, су шаруашылығы құрылысының паспортына ие болуға мiндеттi.
       Ескерту. 80-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2009.02.12. N 132-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

15-тарау. Су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы мемлекеттiк нормалау

       Ескерту. 15-тараудың және 81-баптың тақырыбына өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2009.02.12. N 132-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      81-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау
              және су бұру саласындағы нормалау

      1. Су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы нормативтiк-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз етудiң бiрыңғай жүйесi судың сандық және сапалық көрсеткiштерiне, олардың көрсеткiштерiн дәл өлшеу нормаларына қойылатын талаптарды регламенттеу мақсатында белгiленедi әрi өндiрiстiк және өзге қызметтiң су объектiлерiне ықпал ету шегiн реттейдi.


      2. Су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы нормалауды уәкiлеттi орган және басқа да мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады.

      82-бап. Су пайдалану лимиттерi

      1. Өзен бассейндерi бойынша су пайдалану лимиттерi бассейндiк схемалар мен су объектiлерiне жол берiлетiн шектi зиянды әсерлердiң нормативтерi негiзiнде белгiленедi және оларды уәкiлеттi орган бекiтедi.
      2. Су пайдалану лимиттерiн уәкiлеттi орган жылдың сулылығын, су объектiлерiнiң экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық жай-күйiн ескере отырып, жыл сайын нақтылайды.
      Барлық су пайдаланушылар үшiн айлар бойынша лимиттердi бөлудi олардың мәлiмдеген су алу және (немесе) су ағызу қажеттiлiктерiнiң негiзiнде облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы жүзеге асырады.
      3. Су шаруашылығының жағдайы, су объектiлерiнiң экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық жай-күйi өзгерген жағдайда су пайдалану лимиттерi қайта қаралуға тиiс.
      Ескерту. 82-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2006.01.10. N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.01.10 N 383-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      83-бап. Суды бақылау мен есепке алуды нормативтiк-


               техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық
               және метрологиялық қамтамасыз ету

      1. Суды бақылау мен есепке алуды нормативтiк-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз ету жүйесi ұлттық стандарттарды, санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiн қамтиды.


      2. Суды бақылау мен есепке алуды нормативтiк-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз ету талаптары Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес әзiрленедi.
      3. Суды бақылау мен есепке алуды нормативтiк-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз ету талаптары Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен әзiрленедi, келiсiледi және бекiтiледi.
      Ескерту. 83-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      84-бап. Су объектiлерiне жол берiлетiн шектi


               зиянды әсерлер нормативтерi

      1. Жер үстi және жер асты суларын экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай жағдайда ұстау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен, жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен және өнеркәсiп қауiпсiздiгi саласындағы  уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша уәкiлеттi орган белгiлеген су объектiлерiне жол берiлетiн шектi зиянды әсерлер нормативтерiнiң сақталуымен қамтамасыз етiледi.


      2. Су объектiлерiне жол берiлетiн шектi зиянды әсерлердiң нормативтерi:
      1) ұзақ уақыт ықпал етуi су объектiсiнiң экологиялық жүйесiнiң өзгеруiне әкеп соқтырмайтын антропогендiк жүктеменiң жол берiлетiн шектi мөлшерiне;
      2) су объектiсiне және оның су жинау алаңына түсуi мүмкiн зиянды заттардың жол берiлетiн көлемi мен шоғырлануына сүйене отырып белгiленедi.
      3. Су объектiлерiне жол берiлетiн шектi зиянды әсерлердiң нормативтерiн әзiрлеу мен бекiту тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      85-бап. Су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау


              және су бұру саласындағы стандарттау мен
              сертификаттау

      1. Су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы ұлттық стандарттар және техникалық талаптар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен әзiрленедi, бекiтiледi және тiркеледi.


      2. Су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкестiктi айқындау үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мiндеттi және ерiктi сертификаттау жүзеге асырылады.
      3. Бөлшектеп құйылған түрде (бөтелкелерде немесе басқа ыдыстарда) тұтынушыларға сатуға арналған ауыз суды, суды тазарту мен зарарсыздандырудың жеке тұрмыстық және топтық техникалық құралдары, сондай-ақ ауыз сумен жабдықтау жүйелерiнде пайдаланылатын материалдар, реагенттер, технологиялық процестер, жабдықтар және өзге де құралдар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тiзбеге сәйкес мiндеттi түрде сертификатталуға тиiс.
       Ескерту. 85-бапқа және тақырыбына өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2009.02.12. N 132-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      86-бап. Су алу мен пайдалану көлемдерiн


               қысқарту жөнiндегi талаптар

      1. Су объектiлерiнен су алу және пайдалану көлемдерiн қысқарту жөнiндегi талаптарға экономиканың барлық салаларында әртүрлi технологиялық процестерге су жұмсау нормативтерiн және су тұтынудың үлестiк нормаларын қайта қарау арқылы қол жеткiзiледi.


      2. Су ресурстарын алу және пайдалану көлемдерiн қысқарту жөнiндегi талаптарға:
      1) барлық тасымалдайтын, бөлетiн желiлердегi және су тұтынудың әрбiр нүктесiндегi шығындар мен ысыраптарды қысқарту;
      2) су пайдаланудың ұтымды әдiстерi мен технологияларын енгiзу және судың нақты пайдаланылуын барлық жерде бiрдей есепке алуды қамтамасыз ету негiзiнде су үнемдеу есебiнен қол жеткiзiледi.
      3. Мемлекеттiк органдар, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары және су пайдаланушылар cудың жұмсалуын, тасымалдайтын желiлердегi, су тұтыну нүктелерiндегi судың ысырабын есепке алуды ұйымдастыруды және су объектiлерiнен су алу көлемдерiн қысқарту мүмкiндiгiн жыл сайын талдап отыруға және су пайдалану көлемдерiн қысқарту мақсатымен кемiнде бес жылда бiр рет экономиканың барлық салаларындағы әртүрлi технологиялық процестерге су жұмсау нормативтерiн және су тұтынудың үлестiк нормаларын қайта қарауға мiндеттi.
      Ескерту. 86-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi) Заңымен.

       87-бап. Ауыз судың сапасын жақсарту жөнiндегi талаптар

      Уәкiлеттi орган басқа мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп ауыз судың сапасын жақсарту жөнiндегi талаптарды әзiрлейдi, олар:
      1) су объектiсiнiң белгiлi бiр сапасына сай келетiн құрылыстардың технологиясы мен қуатын жұмысқа қабiлеттi күйiнде ұстауды;
      2) сумен жабдықтау және су бұру жүйелерiнiң ақауларын қалпына келтiрудi;
      3) құрылыс жұмыстарының жоғары сапасын қамтамасыз ете отырып, сенiмдi жабдықтар мен материалдарды пайдалануды;
      4) тұтынылатын судың нормативтерi мен ұлттық стандарттарын мезгiл-мезгiл жетiлдiрiп отыруды қамтиды.
       Ескерту. 87-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2009.02.12. N 132-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      88-бап. Су объектiлерiнiң жай-күйiне терiс әсер ететiн


               құрылыстарды пайдалануға беруге тыйым салу

      1. Мыналарды:


      1) судың зиянды әсерiн, ластануын және қоқыстануын болғызбайтын құрылыстармен және құрылғылармен қамтамасыз етiлмеген, сондай-ақ су тұтынуды және ағынды су ағызуды есепке aлу құралдарымен жабдықталмаған жаңа және қайта жаңғыртылып жатқан объектiлердi;
      2) балық қорғау құрылғыларынсыз cу тарту және ағызу құрылыстарын;
      3) тазарту құрылыстары мен санитарлық-қорғау аймақтары жоқ мал шаруашылығы фермаларын және басқа да өндiрiстiк кешендердi;
      4) жердi су басуды, топан су басуды, олардың батпақтануы мен сортаңдануын және топырақ эрозиясын болғызбайтын, жобаларда көзделген iс-шараларды жүргiзуге дейiн суару, суландыру және құрғату жүйелерiн, су қоймаларын, бөгеттердi, каналдарды және басқа да гидротехникалық құрылыстарды;
      5) жер асты суларын оларды су реттеу құрылғыларымен, өлшеу құралдарымен жабдықтамай пайдалануға байланысты су тарту құрылыстарын;
      6) санитарлық қорғау аймақтарын және су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстары жай-күйiнiң көрсеткiштерiн қадағалау пункттерiн белгiлемей су тарту және өзге де гидротехникалық құрылыстарды;
      7) мұнай, химиялық және басқа да өнiмдердi оларды судың ластануын болғызбайтын құралдармен жабдықтамай тасымалдайтын және сақтайтын құрылыстар мен құрылғыларды пайдалануға беруге тыйым салынады.
      2. Су объектiлерi жай-күйiнiң көрсеткiштерiн байқау пункттерiн құрмай ағынды сулармен суару объектiлерiн пайдалануға беруге рұқсат етiлмейдi.
      3. Су шаруашылығы объектiлерiн - жердi қайта өңдеу жөнiндегi жұмыстарды аяқтамай, ал су қоймаларында - олардың табанын су басуға әзiрлеу жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асырмай пайдалануға беруге рұқсат етiлмейдi.
      4. Су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды және басқа да құрылыстарды пайдалануға беруге тыйым салу туралы шешiмдер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қабылданады.

      89-бап. Жер үстi су объектiлерiн ағынды


               суды ағызу үшiн пайдалану

      1. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер үстi су объектiлерiн ағынды суды ағызу үшiн пайдалануға тыйым салынады.


      2. Сарқынды суларды жерүстi су объектiлерiне ағызуға қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган және денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген шектерге дейiн тазарту шартымен арнайы су пайдалануға рұқсаты болған кезде жол берiледi.
      3. Өнеркәсiптiк ластанған ағынды немесе шахталық, карьерлiк кенiш суларын жинағыштары бар ұйымдар оларды тазарту, зарарсыздандыру және кәдеге жарату үшiн қажеттi шаралар қолдануға, сондай-ақ осы жинағыштар орналасқан жерлердi қайта өңдеудi жүзеге асыруға мiндеттi.
      Ескерту. 89-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

Ерекше бөлiк

6-Бөлiм. Су объектiлерi мен су шаруашылығы
құрылыстарын пайдалану

16-тарау. Ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық
сумен жабдықтау

      90-бап. Су объектiлерi мен су шаруашылығы


               құрылыстарын ауыз сумен және шаруашылық-
               тұрмыстық сумен жабдықтау үшiн пайдалану

      1. Ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау үшiн олардағы судың сапасы белгiленген ұлттық стандарттарға және гигиеналық нормативтерге сәйкес келетiн, ластану мен қоқыстанудан қорғалған жер үстi және жер асты су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстары берiледi.


      2. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау жағдайына арнап халықты ауыз сумен жабдықтауға жарамды сумен қамтамасыз ету үшiн ластану мен қоқыстанудан қорғалған жер асты су объектiлерiнiң негiзiнде ауыз сумен жабдықтау көздерiн резервтеу жүзеге асырылады. Резервтелген сумен жабдықтау көздерiнде Қазақстан Республикасының су заңдары мен өзге де заңдарына сәйкес оларды қорғаудың және жай-күйiн бақылаудың арнайы режимi белгiленедi.
      3. Ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтауға арналған жер үстi және жер асты суларының қауiпсiздiгiн халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.
      4. Су объектiсiн ауыз сумен жабдықтау көздерiне жатқызу Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен оның сенiмдiлiгi және санитарлық қорғау аймақтарын ұйымдастыру мүмкiндiгi ескерiле отырып жүзеге асырылады.
      5. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, ауыз сумен жабдықтауға жарамды жер асты су объектiлерiн өзге мақсаттар үшiн пайдалануға жол берiлмейдi.
      6. Жер үстi су объектiлерi жоқ, бiрақ ауыз су сапасындағы жер асты суларының жеткiлiктi қорлары бар аумақта облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары тиiстi негiздеме болған жағдайда уәкiлеттi органмен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен, жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша осы суларды ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтауға байланысты емес мақсаттар үшiн пайдалануға рұқсат бере алады.
      7. Қаладағы аудандарда, аудандық маңызы бар қалаларда, кенттерде, ауылдарда (селоларда), ауылдық (селолық) округтерде сумен жабдықтауды осы аумақтардың әкiмдерi ұйымдастырады.
      Ескерту. 90-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi), 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      91-бап. Халықты орталықтандырылған ауыз сумен және


               шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау

      1. Халықты орталықтандырылған ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтауды тиiстi су құбырлары желiсi бар заңды тұлғалар жүзеге асырады.


      2. Орталықтандырылған ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар алынатын суды есепке алуды ұйымдастыруға, сумен жабдықтау көздерi мен жүйелерiндегi судың жай-күйiн үнемi қадағалап отыруға, сумен жабдықтау көздерi мен жүйелерiндегi су сапасының белгiленген ұлттық стандарттар мен гигиеналық нормативтерден ауытқуы туралы облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарына, уәкiлеттi органға, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органға, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органға, жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органға дереу хабарлауға мiндеттi.
      Ескерту. 91-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi),   2009.02.12. N 132-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

       92-бап. Халықты орталықтандырылмаған ауыз сумен


               және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау

      1. Халықты орталықтандырылмаған ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау кезiнде жеке және заңды тұлғалар уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен оны облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарында мiндеттi түрде тiркеп, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органның тұтас алғанда осы су объектiлерiне оң қорытындысы болған жағдайда тiкелей жер үстi және жер асты су объектiлерiнен су алуға құқылы.


      Су объектiлерiнен тәулiгiне елу текше метрге дейiнгi көлемде су алу кезiнде халықты орталықтандырылмаған ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау арнайы су пайдалануға рұқсат алуды талап етпейдi.
      2. Халықты орталықтандырылмаған ауыз сумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау кезiнде жер үстi және жер асты су объектiлерiнен су алу уәкiлеттi органмен және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының ұсынуымен облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары бекiткен ережелерге сәйкес жүргiзiледi.
      Ескерту. 92-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi), 2007.01.12. N 222 (жарияланған күнiнен бастап алты ай өткеннен кейiн қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

  17-тарау. Су объектiлерiн сауықтыру және


рекреациялық мақсаттар үшiн пайдалану

      93-бап. Сауықтыру мақсатындағы су


               объектiлерiн пайдалану

      1. Ресурстарының табиғи емдiк қасиетi бар, сондай-ақ емдеу-профилактикалық мақсаттар үшiн қолайлы су объектiлерi сауықтыру объектiлерi санатына жатады және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сауықтыру мақсаттары үшiн пайдаланылады.


      2. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның, уәкiлеттi органның, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның, жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша:
      1) республикалық маңызы бар сауықтыру мақсатындағы су объектiлерiнiң тiзбесiн - Қазақстан Республикасының Үкiметi;
      2) жергiлiктi маңызы бар сауықтыру мақсатындағы су объектiлерiнiң тiзбесiн - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары бекiтедi.
      3. Сауықтыру мақсатындағы су объектiлерiн пайдалануға беру осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 93-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi) Заңымен.

      94-бап. Су объектiлерi мен су шаруашылығы


               құрылыстарын рекреациялық мақсаттар
               үшiн пайдалану

      1. Ықтимал сел қаупi бар су объектiлерiн қоспағанда, су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарын рекреациялық мақсаттар үшiн пайдалануға оған арнаулы рұқсатсыз жол берiледi.


      2. Су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарындағы көпшiлiктiң демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлердi экологиялық талаптар мен адам өмiрiнiң қауiпсiздiгiн сақтай отырып, уәкiлеттi органмен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары белгiлейдi.
      3. Су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарын әуесқойлық және спорттық балық аулау үшiн пайдалануға уәкiлеттi органмен және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары рұқсат бepeдi.
      Ескерту. 94-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi),   2009.02.12. N 132-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз),  2009.07.10. N 180-IV Заңдарымен.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет