Кодексі салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы



бет13/53
Дата15.06.2016
өлшемі4.07 Mb.
#137653
түріКодекс
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   53
§ 3. Дара кәсіпкердің табысы

183-бап. Дара кәсіпкердің табысы

1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, дара кәсіпкердің табысы осы Кодекстің 83 – 133, 136, 137, 224-баптарына сәйкес корпоративтік табыс салығы салынатын объектіні айқындау үшін белгіленген тәртіппен айқындалады.

2. Патент немесе оңайлатылған декларация негізінде шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкердің табысы осы Кодекстің 61-тарауына сәйкес айқындалады.

§ 4. Басқа табыстар

184-бап. Басқа табыстар

1. Мыналар салық төлеушінің салық салуға жататын басқа табыстарына жатады:

1) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстар;

2) Қазақстан Республикасында аккредиттелген, салық агенттері болып табылмайтын дипломатиялық және соларға теңестірілген өкілдіктерге Қазақстан Республикасында қызметтер көрсетуден, жұмыстарды орындаудан түсетін табыстар;

3) үй қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жасасқан еңбек шарттары бойынша алынған табыстары.

2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген табыстарға салық салу осы Кодекстің 27-тарауында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып жүргізіледі.



21-тарау. ЖЕКЕ ТАБЫС САЛЫҒЫ БОЙЫНША ДЕКЛАРАЦИЯ

185-бап. Жеке табыс салығы бойынша декларация

1. Жеке табыс салығы бойынша декларацияны мына резидент салық төлеушілер:

1) дара кәсіпкерлер;

2) жекеше нотариустар, адвокаттар;

3) мүліктік табыс алған жеке тұлғалар;

4) басқа табыстар, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде табыстар алған жеке тұлғалар;

5) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі шетелдік банктердегі банктік шоттарда ақшасы бар жеке тұлғалар табыс етеді.

2. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексіне және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес декларацияны табыс ету міндеті жүктелген Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, судьялар, сондай-ақ жеке тұлғалар табыстары мен Қазақстан Республикасының аумағында да, одан тысқары жерлерде де орналасқан және салық салу объектісі болып табылатын мүлкі туралы декларацияны табыс етеді.

3. Патент немесе оңайлатылған декларация негізінде шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер осы Кодекстің 427-бабына сәйкес салық салу объектісіне қосылатын табыстар бойынша жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс етпейді.

186-бап. Декларацияны табыс ету мерзімдері

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке табыс салығы бойынша декларация орналасқан (тұрғылықты) жердегі салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмей табыс етіледі.



187-бап. Салық төлемінің расталмауы

Осы Кодекстің 185-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына және 2-тармағына сәйкес жеке табыс салығы бойынша декларация табыс етуші салық төлеушілер жеке табыс салығын төлегенін растамаған жағдайларда, жеке табыс салығын есептеу осы Кодекстің 158-бабының 1-тармағында белгіленген ставканы жеке табыс салығының төленгені расталмаған табыс сомасына қолдану жолымен жүргізіледі.



7-БӨЛІМ. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЛЫҚ САЛУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

22-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

188-бап. Халықаралық салық салудың негізгі принциптері

1. Қазақстан Республикасының резиденттері Қазақстан Республикасында осы Кодекстің ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардан, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстардан салықтар төлейді.

2. Қазақстан Республикасында резидент еместер осы Кодекстің ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардан салық төлейді.

Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент еместер Қазақстан Республикасында осы Кодекстің ережелеріне сәйкес мұндай тұрақты мекеменің қызметіне байланысты Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстардан да салық төлейді.

3. Резиденттер мен резидент еместер Қазақстан Республикасында осы Кодексте белгіленген өзге де салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді осындай міндеттемелер туындаған кезде төлейді.

189-бап. Резиденттер

1. Қазақстан Республикасында тұрақты болатын немесе Қазақстан Республикасында тұрақты болмайтын, бірақ өмірлік мүдделерінің орталығы Қазақстан Республикасында орналасқан жеке тұлғалар осы Кодекстің мақсатында Қазақстан Республикасының резиденттері деп танылады.

2. Жеке тұлға ағымдағы салық кезеңінде аяқталатын кез келген үздіксіз он екі айлық кезеңде кемінде күнтізбелік бір жүз сексен үш күн Қазақстан Республикасында болса, ол ағымдағы салық кезеңі үшін Қазақстан Республикасында тұрақты болатын жеке тұлға деп танылады.

Жеке тұлғаның Қазақстан Республикасында болатын күнінің бір бөлігі бір толық күн ретінде есептеледі.

Егер ағымдағы салық кезеңінде және алдыңғы екі салық кезеңінде Қазақстан Республикасында болған күндердің саны кемінде күнтізбелік бір жүз сексен үш күнді құраса, жеке тұлға ағымдағы салық кезеңі үшін Қазақстан Республикасында тұрақты болатын жеке тұлға деп танылады. Бұл ретте тұрақты болу әрбір салық кезеңіне төменде көрсетілген коэффициенттер қолданылып мынадай формула бойынша айқындалады:

1 х ағымдағы салық кезеңінде болған күндер санына + 1/3 х алдыңғы бірінші салық кезеңінде болған күндер санына + 1/6 х алдыңғы екінші салық кезеңінде болған күндер санына, мұндағы:

1 – ағымдағы салық кезеңіне арналған коэффициент;

1/3 – алдыңғы бірінші салық кезеңіне арналған коэффициент;

1/6 – алдыңғы екінші салық кезеңіне арналған коэффициент.

Егер жеке тұлға ағымдағы салық кезеңінде Қазақстан Республикасында күнтізбелік отыз күннен аз тұрған болса, онда мұндай жеке тұлға Қазақстан Республикасында тұрақты болатын адам деп танылмайды.

Егер жеке тұлға Қазақстан Республикасында болуы аяқталатын жылдан кейінгі жылда резидент болмаса, мұндай тұлға осы тармақтың мақсатында Қазақстан Республикасында болуының соңғы күнінен кейінгі кезең үшін резидент емес ретінде қарастырылады.

3. Бір мезгілде мынадай талаптар орындалған кезде:

1) жеке тұлғада Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе Қазақстан Республикасында тұруға рұқсаты (ықтиярхаты) болса;

2) жеке тұлғаның отбасы және (немесе) жақын туыстары Қазақстан Республикасында тұрса;

3) жеке тұлғаның Қазақстан Республикасында кез келген уақытта тұруы және (немесе) оның отбасы мүшелерінің тұруы үшін қолжетімді, оған және (немесе) оның отбасы мүшелеріне меншік құқығында немесе өзге де негіздерде тиесілі жылжымайтын мүлкі болса, жеке тұлғаның өмірлік мүдделерінің орталығы Қазақстан Республикасында орналасқан деп қарастырылады.

4. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы немесе Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдамай, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат ету туралы өтініш берген:

1) мемлекеттік билік органдары шет елге іссапарға жіберген адамдар, оның ішінде дипломатиялық, консулдық мекемелердің, халықаралық ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ аталған жеке тұлғалардың отбасы мүшелері;

2) тұрақты халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына немесе азаматтарына тиесілі көлік құралдарының экипаж мүшелері;

3) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан әскери базалардың, әскери бөлімдердің, топтардың, контингенттердің немесе құрамалардың әскери қызметшілері мен азаматтық персоналы;

4) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан және Қазақстан Республикасының немесе Қазақстан Республикасының субъектілерінің меншігі болып табылатын объектілерде (оның ішінде концессиялық шарттар негізінде) жұмыс істейтіндер;

5) оқу немесе практикадан өту мақсатында Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде жүрген студенттер, тағылымдамадан өтушілер мен практиканттар оқу немесе практикадан өтудің бүкіл кезеңінде;

6) сабақ беру, консультациялар беру немесе ғылыми жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде жүрген оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер сабақ берудің немесе аталған жұмыстарды орындаудың бүкіл кезеңінде;

7) емделу немесе сауықтырудан өту, профилактикалық ем алу мақсатында Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде жүрген жеке тұлғалар Қазақстан Республикасында тұрған уақытына және осы бапта көзделген басқа да кез келген өлшемдерге қарамастан, резидент жеке тұлғалар деп танылады.

5. Осы Кодекстің мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар және (немесе) тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) Қазақстан Республикасында болатын өзге заңды тұлғалар да Қазақстан Республикасының резиденттері деп танылады.

Нақты органның (директорлар кеңесінің немесе сол сияқты органның) негізгі басқару және (немесе) бақылау жүзеге асырылатын, сондай-ақ заңды тұлғаның кәсіпкерлік қызметін жүргізу үшін қажетті стратегиялық коммерциялық шешімдер қабылданатын жиналысы өткізілетін орын тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) деп танылады.

190-бап. Резидент еместер

Осы Кодекстің мақсатында мыналар:

1) осы Кодекстің 189-бабының ережелеріне сәйкес резидент болып табылмайтын жеке және заңды тұлғалар;

2) осы Кодекстің 189-бабының ережелеріне қарамастан, қосарланған салық салуды болғызбау туралы халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес резидент еместер болып танылатын шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар резидент еместер деп танылады.

2. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес резидент емес болып танылатын жеке тұлға болатын (тұрғылықты) жеріндегі салық агентіне немесе салық органына табысты алған күннен кешіктірмей немесе салық есептілігін табыс ету кезінде мынадай құжаттарды:

резидент еместің резиденттігін растайтын, осы Кодекстің 219-бабының 4-тармағының талаптарына сәйкес келетін құжатты;

жеке басын куәландыратын құжаттың (паспорттың) нотариаттық куәландырылған көшірмесін табыс етуге міндетті.

191-бап. Резидент еместің тұрақты мекемесі

1. Кәсіпкерлік қызметті, оның ішінде уәкілетті тұлға арқылы жүзеге асырылатын қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасындағы тұрақты қызмет орны, атап айтқанда:

1) тауарларды өндіруге, ұқсатуға, жинақтауға, өлшемдеп салуға, орап-бууға, беруге байланысты қызмет жүзеге асырылатын кез келген орын;

2) кез келген басқару орны;

3) көмірсутектерін өндіретін кез келген орынды қоса алғанда, табиғи ресурстарды өндіруге байланысты қызметті жүзеге асыратын кез келген орын;

4) құбырларға, газ құбырына, табиғи ресурстарды барлауға байланысты қызметті (оның ішінде бақылау немесе байқау қызметін) жүзеге асыратын кез келген орын;

5) энергетикалық және технологиялық жабдықты монтаждауды қоспағанда, жабдықты орнатуға, монтаждауға, құрастыруға, жөнге келтіруге, іске қосуға және (немесе) оған қызмет көрсетуге байланысты қызметті жүзеге асыратын кез келген орын;

6) ойын автоматтарын (жалғамаларын қоса), компьютерлік желілер мен байланыс арналарын, аттракциондарды орнатуға, жөнге келтіруге және пайдалануға байланысты, сондай-ақ көлік немесе өзге де инфрақұрылымға байланысты қызметті жүзеге асыратын кез келген орын резидент еместің Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесі деп танылады.

Осы тармақтың 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген қызметті жүзеге асыру кезінде резидент еместің тұрақты мекемесі екі күннің бірінің: осы резидент еместің тиісті қызметті жүзеге асыру құқығын куәландыратын құжаттың (келісімшарттың, шарттың) күшіне ену күнінің немесе осындай қызметтің нақты басталу күнінің неғұрлым ертерегінен бастап құрылған болып есептеледі.

2. Қазақстан Республикасында қызмет көрсету кезінде резидент емес осындай мақсаттар үшін жалдаған қызметшілер немесе басқа персонал арқылы қызмет көрсетілетін орын, егер осындай сипаттағы қызмет Қазақстан Республикасында бір немесе байланысты жобалар шеңберінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап кез келген кейінгі он екі айлық кезең шегінде күнтізбелік жүз сексен үш күннен астам уақыт жалғасатын болса, тұрақты қызмет орны болып танылады.

Солар бойынша келісімшарттар өзара байланысты немесе өзара тәуелді болып табылатын жобалар байланысты жобалар болып танылады. Солар бойынша резидент емес немесе резидент еместің немесе оның құрылтайшысының (акционерінің, қатысушысының) еншілес компаниялары бір ғана салық агентіне немесе оның өзара байланысты тарапына ұқсас немесе біртектес қызметтер көрсететін (жұмыстар орындайтын) келісімшарттар өзара байланысты келісімшарттар болып танылады. Жеке немесе заңды тұлғаның келісімшарттың бірі бойынша міндеттемелерді орындамауы басқа келісімшарт бойынша міндеттемелерді жүзеге асыруға әсер ететін келісімшарттар өзара тәуелді болып танылады.

Осы тармаққа сәйкес тұрақты мекеме құруға алып келген кәсіпкерлік қызмет бір жоба немесе байланысты жобалар шеңберінде жүзеге асырылған жағдайда, тұрақты мекеме жобаға қатысушы әрбір резидент емес үшін құрылған болып танылады. Жобаға қатысушы резидент еместер салық міндеттемелерін орындамаған жағдайда тұрақты мекеме мұндай жобаны аяқтайтын резидент емеске қатысты бір жоба немесе байланысты жобалар шеңберінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап ретроспективті құрылған болып қаралады.

Егер жобаның (келісімшарттың) орындалуына жауапты болатын бас мердігер қосалқы мердігерге басқа заңды тұлғаны жалдаса, онда қосалқы мердігер жобаны (келісімшартты) орындауға жұмсаған уақыт кезеңі бас мердігердің жобаны (келісімшартты) орындауға жұмсаған уақыты болып саналады.

3. Резидент емес, сондай-ақ:

1) уәкілетті тұлға арқылы Қазақстан Республикасында тәуекелді сақтандыру немесе қайта сақтандыру жүргізген;

2) Қазақстан Республикасының аумағында белгілі бір жерден тауарлар өткізген. Бұл ретте тұрақты мекеме осы тармақтың 3) тармақшасын қоспағанда, мұндай қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап құрылады;

3) егер мұндай қызмет он күннен астам уақытқа созылса, Қазақстан Республикасында тауарлар сатылатын көрмелер өткізген;

4) осы баптың 6-тармағында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын өкілдікті қоспағанда, филиал немесе өкілдік ашқан кезде Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрады.

4. Құрылыс алаңы, оның ішінде монтаждау немесе құрастыру объектісі, жобалау жұмыстарын жүргізу жұмыстарды жүзеге асыру мерзімдеріне қарамастан, тұрақты мекемені құрады.

Бұл ретте, атап айтқанда, жылжымайтын мүлік объектілерін тұрғызу және (немесе) қайта жаңарту жөніндегі қызметті жүзеге асыру, оның ішінде үйлер, ғимараттар салу және (немесе) құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу, көпірлер, жолдар, каналдар салу және (немесе) қайта жаңарту, құбырлар тарту, энергетикалық, технологиялық жабдықтарды монтаждау орны құрылыс алаңы (объектісі) деп түсініледі.

Құрылыс алаңы (объект) пайдалануға берілген объектіні (орындалған жұмыстың көлемін) қабылдау актісіне қол қойылған және құрылысқа толық ақы төленген күннен кейінгі күннен бастап өзінің жұмысын тоқтатады.

5. Осы бапта көрсетілген қызметті жүзеге асыру кезіндегі он екі ай кезең шегіндегі уақытша үзілістер және маусымдық үзілістер тұрақты мекемені таратуға алып келмейді.

6. Резидент еместің Қазақстан Республикасының аумағында резидент еместің негізгі (әдеттегі) қызметінен ерекшеленетін дайындық және көмекші сипаттағы қызметті жүзеге асыруы, егер мұндай қызмет үш жылдан аспайтын болса, тұрақты мекеме құруға алып келмейді. Бұл ретте дайындық және көмекші сипаттағы қызмет басқа (үшінші) тұлғалар үшін емес, резиденттің өзі үшін жүзеге асырылуға тиіс. Дайындық және көмекші сипаттағы қызметке:

1) кез келген орынды резидент емеске тиесілі тауарларды оларды өткізу басталғанға дейін сақтау, көрсету және (немесе) беру мақсатында ғана пайдалану;

2) тұрақты қызмет орнын тауарларды өткізбей, оларды сатып алу мақсатында ғана ұстау;

3) тұрақты қызмет орнын, егер мұндай қызмет осы резидент еместің негізгі (әдеттегі) қызметі болып табылмаса, ақпаратты жинау, өңдеу және (немесе) тарату, резидент емес сататын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жарнамалау немесе олардың нарығын зерделеу үшін ғана ұстау жатады.

7. Тәуелсіз агент (тапсырма, комиссия, консигнация шарты немесе басқа да сол сияқты шарттың негізінде жұмыс істейтін брокер және (немесе) өзге де тәуелсіз делдал) арқылы Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыратын резидент емес тұрақты мекеме құрушы ретінде қарастырылмайды.

Бір мезгілде мынадай талаптарға сай келетін:

1) резидент еместің атынан келісімшарттар жасасуға уәкілеттік берілмеген;

2) өзінің негізгі (әдеттегі) қызметі шеңберінде әрекет ететін және резидент еместен заңдық жағынан да, экономикалық жағынан да тәуелсіз болып табылатын;

3) қызметін дербес жүзеге асыруына орай кәсіпкерлік тәуекелді көтеретін тұлға тәуелсіз агент деп түсініледі.

8. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелеріне қарамастан, егер резидент емес Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметін тәуелді агент (жеке немесе заңды тұлға) арқылы жүзеге асырса, онда мұндай резидент емес тәуелді агент ол үшін жүзеге асыратын кез келген қызметке байланысты тұрақты мекемесі бар резидент емес ретінде қарастырылатын болады. Бұл ретте тәуелді агент бір мезгілде мынадай талаптарға сай келуге тиіс:

1) осы баптың 7-тармағына сәйкес тәуелсіз агент болмауға;

2) шарт қатынастары негізінде Қазақстан Республикасында оның мүдделерін білдіру құқығын иеленуші болуға, оның атынан әрекет ету және келісімшарттар (шарттар, келісімдер) жасасу құқығы болуға;

3) оның қызметі осы баптың 6-тармағында тізбеленген қызмет түрлерімен шектелмеуге тиіс.

9. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған резидент емес заңды тұлғаның еншілес ұйымы, егер еншілес ұйым мен резидент емес заңды тұлға арасында осы баптың 8-тармағының ережелеріне сай келетін қатынастар туындаса, резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемесі ретінде қарастырылады. Өзге жағдайларда резидент емес заңды тұлғаның еншілес ұйымы резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемесі ретінде қарастырылмайды.

10. Өзге заңды тұлғаға, оның ішінде тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын резидент емеске Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істеу үшін шетелдік персоналды ұсыну жөнінде қызмет көрсететін резидент емес бір мезгілде мынадай талаптарды орындаған кезде:

1) eгep мұндай персонал өзін ұсынған заңды тұлғаның атынан ғана және соның мүдделерін көздеп қана әрекет етсе;

2) шетелдік персоналды ұсыну жөнінде қызмет көрсететін резидент eмec осындай персоналдың Қазақстан Республикасында орындайтын жұмыс нәтижелеріне жауапты болмаса;

3) резидент еместің шетелдік персоналды ұсыну жөнінде қызмет көрсетуден алатын табысы осындай персоналдың өзін ұсынған заңды тұлғаның атынан және соның мүдделерін көздеп өз міндеттерін орындаған уақыты ecкepілe отырып анықталса және резидент емес тұлғаның осындай персоналды ұсыну шығындары жалпы сомасының он процентінен аспауға тиіс болса, Қазақстан Республикасындағы осындай қызметтер бойынша тұрақты мекеме құрмайды.

Шетелдік персоналдың табыстарын қоса алғанда, осындай қызмет көрceтуге арналған шығындардың жалпы сомасын растау үшін резидент емес қызмет көрсетуді алушыға есеп құжаттамасының көшірмелерін табыс етуге міндетті.

Жоғарыда көрсетілген талаптар орындалмаған кезде резидент еместің мұндай қызметтері Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға әкеп соғады.

11. Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға әкеп соғатын кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын резидент емес осы Кодекстің 562-бабында белгіленген тәртіппен салық органына салық төлеуші ретінде тіркелуге міндетті.

12. Резидент еместің салық органдарында салық төлеуші ретінде тіркелмегеніне немесе әділет органдарында есептік тіркеуден өтпегеніне қарамастан, резидент еместің қызметі осы баптың ережелеріне сәйкес тұрақты мекемені құрады.

13. Осы Кодексті қолдану мақсатында резидент еместің Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыруды бастаған күні ретінде:

1) мыналарға:

Қазақстан Республикасында жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге, немесе

өз атынан Қазақстан Республикасында іс-әрекет жасауға өкілеттіктер беруге;

өткізу мақсатында Қазақстан Республикасында тауарлар сатып алуға, Қазақстан Республикасында бірлескен қызметті жүзеге асыруға (жай серіктестікке қатысуға);

Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыру мақсатында жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға келісімшарттың (шарттың, келісімнің) бірін жасасу;

2) Қазақстан Республикасындағы жеке тұлғамен алғашқы еңбек шартын немесе азаматтық-құқықтық сипаттағы өзге де шартты жасасу күні не осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген келісімшарттың талаптарын орындау үшін қызметкердің Қазақстан Республикасына келген күні танылады. Бұл ретте резидент еместің Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыруды бастаған күні осы тармақшада көрсетілген алғашқы күндердің бірінен ертерек бола алмайды.

Осы тармақтың бірнеше талаптары болған жағдайда осы тармақта көрсетілген күндердің неғұрлым ертерегі Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асыруды бастаған күн болып танылады.

14. Егер резидент емес қызметін қосарланған салық салуды болғызбау туралы халықаралық шартқа немесе осы баптың 6-тармағына сәйкес тұрақты мекеме құруға алып келмейтін филиал немесе өкілдік арқылы жүзеге асырса, егер осы Кодекстің 26-тарауында өзгеше белгіленбесе, онда резидент еместің мұндай филиалына немесе өкілдігіне осы Кодекстің резидент еместің тұрақты мекемесі үшін көзделген ережелері қолданылатын болады.

192-бап. Резидент еместің Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын табыстары

1. Табыстардың мынадай түрлері резидент еместің Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын табыстары болып танылады:

1) Қазақстан Республикасының аумағында тауарларды өткізуден түскен табыстар, сондай-ақ сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан Республикасындағы, одан тысқары жерлердегі тауарларды өткізуден түскен табыстар;

2) Қазақстан Республикасында жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден түскен табыстар;

3) мыналарға:

резидентке;

егер алынатын қызметтер Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеменің қызметіне байланысты болса, осындай тұрақты мекемесі бар резидент емеске Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде басқару, қаржылық (тәуекелдерді сақтандыру және (немесе) қайта сақтандыру жөніндегі қызметтерді қоспағанда), консультациялық, аудиторлық, заң (соттарда және төрелік органдарында өкілдік ету мен қорғау жөніндегі қызметтерді, сондай-ақ нотариаттық қызметтерді қоспағанда) қызметтерін көрсетуден түсетін табыстар;

4) осы Кодекстің 224-бабына сәйкес айқындалатын салық салудағы жеңілдігі бар мемлекетте тіркелген тұлғаның жұмыстарды орындаудың, қызметтер көрсетудің, тауарлар өткізудің нақты орындалған (көрсетілген, өткізілген) жеріне қарамастан, оларды орындаудан, көрсетуден, өткізуден түсетін табыстары, сондай-ақ көрсетілген тұлғаның:

резиденттен;

егер алынатын жұмыстар, қызметтер, тауарлар осындай тұрақты мекеменің қызметіне байланысты болса, Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесі бар резидент еместен алған, осы бапта белгіленген өзге де табыстары;

5) мыналарды:

Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікті;

резидент шығарған бағалы қағаздарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан резидент заңды тұлғаға, консорциумға қатысу үлестерін;

егер резидент емес заңды тұлғаның мұндай акциялары, қатысу үлестері немесе активтері құнының 50 және одан да көп процентін Қазақстан Республикасындағы мүлік құрайтын болса, резидент емес шығарған акцияларды, сондай-ақ резидент емес заңды тұлғаға қатысу үлестерін өткізу нәтижесінде алынған құн өсімінен түсетін табыстар;

6) талап ету құқығын берген салық төлеуші үшін – Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидентке немесе резидент емеске борышты талап ету құқықтарын беруден түсетін табыстар;

7) талап ету құқығын сатып алатын салық төлеуші үшін – Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резиденттен немесе резидент еместен борышты талап ету құқықтарын алудан түсетін табыстар;

8) мұндай резидент еместің Қазақстан Республикасындағы қызметі барысында туындаған міндеттемелерін, оның ішінде жұмыстарды орындауға, қызмет көрсетуге жасасқан келісімшарттар (шарттар, келісімдер) бойынша және (немесе) тауарларды жеткізуге сыртқы сауда келісімшарттары бойынша міндеттемелерін резиденттің және резидент еместің орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсімпұлдар);

9) резидент заңды тұлғадан, сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан пайлық инвестициялық қорлардан түсетін дивидендтер нысанындағы табыстар;

10) мыналардан:

резиденттен;

егер Қазақстан Республикасында орналасқан тұрақты мекемесі немесе мүлкі бар резидент еместің берешегі оның тұрақты мекемесіне немесе мүлкіне қатысты болса, осы резидент еместен алынатын, борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақыларды қоспағанда, сыйақылар түріндегі табыстар;

11) мыналардан:

резидент эмитенттен;

егер Қазақстан Республикасында орналасқан тұрақты мекемесі немесе мүлкі бар резидент еместің берешегі оның тұрақты мекемесіне немесе мүлкіне қатысты болса, осы резидент емес эмитенттен алынатын, борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақылар түріндегі табыстар;

12) егер роялти төлеу жөніндегі шығыстар осындай тұрақты мекеменің қызметіне байланысты болса, Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесі бар резиденттен немесе резидент еместен алынатын, роялти түріндегі табыстар;

13) Қазақстан Республикасында орналасқан мүлікті жалға беруден түсетін табыстар;

14) Қазақстан Республикасында орналасқан жылжымайтын мүліктен алынатын табыстар;

15) Қазақстан Республикасында туындайтын тәуекелдерді сақтандыру немесе қайта сақтандыру шарттары бойынша төленетін сақтандыру сыйлықақылары түріндегі табыстар;

16) халықаралық тасымалдарда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ішіндегі тасымалдарда көлік қызметін көрсетуден түсетін табыстар.

Әртүрлі мемлекеттерде орналасқан, біреуі Қазақстан Республикасы болып табылатын пункттер арасында жүзеге асырылатын теңіз, өзен немесе әуе кемесімен, автокөлік құралымен немесе темір жол көлігімен жолаушыларды, багажды, тауарларды, оның ішінде почтаны кез келген тасымалдаулар осы бөлімнің мақсатында халықаралық тасымалдар болып танылады.

Осы бөлімнің мақсатында мыналар:

Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі пункттер арасында ғана, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ішіндегі пункттер арасында ғана жүзеге асырылатын тасымал;

өнімді құбырлармен өткізу халықаралық тасымалдар болып танылмайды;

17) Қазақстан Республикасының аумағындағы құбырларды, электр беру желілерін, оптикалық-талшықты байланыс желілерін пайдаланудан түсетін табыстар;

18) резидент емес жеке тұлғаның жұмыс беруші болып табылатын резидентпен немесе резидент емеспен жасасқан еңбек шарты (келісімшарты) бойынша Қазақстан Республикасындағы қызметтен түсетін табыстары;

19) резидентке қатысты басқарушылық міндеттерді орындаудың жүктелуімен байланысты басшының гонорарлары және (немесе) басқару органының (директорлар кеңесінің немесе өзге де органның) мүшелері алатын өзге де төлемдер. Бұл peттe мұндай тұлғалардың басқару міндеттерін нақты орындайтын жері маңызды емес;

20) жұмыс беруші болып табылатын резидент немесе резидент емес Қазақстан Республикасында тұруына байланысты резидент еместің жеке тұлғаға төлейтін үстемақылары;

21) жұмыс беруші (резидент немесе резидент емес) еңбек шартының (келісімшартының) негізінде немесе өзге де тұлға қызметтер көрсетуге (жұмыстарды орындауға) арналған шарттың негізінде шеккен, резидент емес жеке тұлғаны материалдық, әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз етуге жұмсалған шығыстарды қоса алғанда, осындай жеке тұлғаның Қазақстан Республикасындағы қызметінен түсетін табыстары. Бұл ретте мұндай шығыстарға осындай жеке тұлғаның тамақтануына, тұруына, оның балаларын оқу орындарында оқытуға жұмсалатын шығыстар, оның отбасы мүшелерінің демалысқа барып-келуін қоса алғанда, демалуға байланысты шығыстар жатады;

22) резидент жинақтаушы зейнетақы қорлары жүзеге асыратын зейнетақы төлемдері;

23) қалайша және кімге төлем жүргізілетініне қарамастан, мәдениет және өнер қызметкеріне: театр, кино артистеріне, радио, теледидар қызметкеріне, музыкантқа, суретшіге, спортшыға Қазақстан Республикасындағы қызметтен төленетін табыстар;

24) егер ұтысты төлеу осындай тұрақты мекеменің қызметіне байланысты болса, Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесі бар резидент немесе резидент емес төлейтін ұтыстар;

25) Қазақстан Республикасында тәуелсіз жеке (кәсіби) қызмет көрсетуден алынған табыстар;

26) Қазақстан Республикасындағы мүліктен түсетін табыстарды қоса алғанда, осындай мүлікті тегін алу түріндегі табыстар;

27) туынды қаржылық құралдар бойынша табыстар;

28) мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысы немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушы болып табылатын резидент емес үшін Қазақстан Республикасында салық міндеттемелерін орындау жүктелмеген сенімгерлікпен басқарушы-резиденттен мүлікті сенімгерлікпен басқаруды тағайындау туралы акт бойынша алынған табыстар;

28-1) ислам банкінде орналастырылған инвестициялық депозит бойынша табыс;

29) Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызмет нәтижесінде туындайтын басқа да табыстар.

2. Осы Кодекстің ережелеріне сәйкес резидент еместің табыстарынан есептелген және салық агенті өз қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының бюджетіне төлеген табыс салығының сомасы резидент еместің Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын табыстары болып табылмайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   53




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет