Жолдымұрат Оралбаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
http://anatili.kazgazeta.kz/news/22236
Қазақ КСР кезіндегі металлургия
Қазақ КСР Ғылым Академиясы археологиялық экспедициялары Орталық Қазақстандағы Атасу маңынан көне заманның мыс қорытатын ескі пештерін тапқан. Бұдан 3 мың жыл бұрынғы осынау пештер сол заманда бұл өлкеде металлургияның едәуір дамығанын байқатады. 1767-1774 жылдары Қазақстанды зерттеген Петер Симон Паллас Алтай тауларында қорғасын, күміс кендерінің қазылған орындары көп екенін айтқан.
1771 жылы Қазақстанда болған Н.Рычков Ұлытау маңында (Жезқазғанға жақын жерде) «..сол елді мекендеген халық қазған мыс кенінің көптеген орындарының болуы алтын мен күміс кендерін қазғандығын аңғартатын белгі сияқты» - деп жазған.
Ғалымдардың айтуынша, қазақ даласында көне заманда түсті металл, көмір кендері қазылған. Жоңғар Алатауының теріскей беткейінде (Текеліде) т.б. жерлерде қазақ тайпалары кен қазған.
19 ғасырдан-ақ тау-кен зауыттары пайда бола бастайды. Қазақстан қара және түсті металлургиясының қалыптасуы ең алдымен тау-кен зауыты кәсіпорындарынан басталады. 19 ғасырдың аяқ кезінде тау-кен зауыттық өнеркәсібі дамуының 2-кезеңіне жетеді. Бұл кезде пайдалы кен орындарын игеру үшін ірі-ірі капиталдар жұмсайтын қоғамдар құрылады. 1889 жылы Воскресенск тау-кен зауыттық өнеркәсіп қоғамы ұйымдастырылды. 1858 жылы күміс, қорғасын рудаларына негізделген Николаевск зауты құрылды.
Қазақстан өнеркәсібі, оның ішінде металлургия Октябрь революциясынан кейін ғана дәуірлеп өсе бастады. 1920 жылы Жезқазған, Нілді (Успенск), Риддер рудниктері мен зауыттары жұмыс істеді.
1921 жылы Риддер руднигі алғашқы рудасын берді, ал Кеңес өкіметінің 10 жылдығына (1927) риддерліктер тұңғыш қазақстандық қорғасынды тарту етті. Бір жылдан кейін Қарсақбай мыс қорыту зауыты қатарға қайта қосылады.
Алғашқы бесжылдық
Ұлы Отан соғысына дейінгі алғашқы бесжылдықтар Қазақстан үшін социализмнің ірге тасын қалау және социалистік қоғам орнату кезеңі болды. 30 жылдардың ортасында түсті металл қорлары жағынан Қазақстан КСРО-дағы республикалар арасында 1-орын, көмір өндіруден 3-орын алды, металлургия бойынша екінші орынға шықты (Шымкент қорғасын зауыты КСРО-дағы қорытылған қорғасынның 73,9%-ін, ал Балқаш зауыты КСРО-да балқытылған мыстың 51%-ін, Қарағанды бассейні көмірдің 90%-ін берді. Қазақстан мұнай өндіру бойынша да Ресей мен Әзірбайжаннан кейінгі 3-орында тұрды.
Достарыңызбен бөлісу: |