Конкурс научно-исследовательских работ Қазақстандағы металлургияның даму тарихы


Қазақстанның дамуында ұлы ғалымның рөлі



бет9/17
Дата12.04.2024
өлшемі127.86 Kb.
#498510
түріКонкурс
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   17
Қазақстандағы металлургияның дамуы (копия)

Қазақстанның дамуында ұлы ғалымның рөлі



Академик Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойына
Биыл қазақ даласының ұлы перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толып отыр. Қ.И.Сәтбаев – алгебрадан мектеп оқулығының алғашқы құрастырушысы, тұңғыш кәсіби тау-кен инженері, ғалым-геолог, Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы және тұңғыш президенті, Қазақстандағы алғашқы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, еліміздегі ғылымның негізін салушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері. Сондықтан да ұлы ғалымның есімі қазақ халқының тарихында алтын әріппен жазылған.
Бұл мерейтой ғалымның бастамасымен құрылған әрі Қазақстандағы кәсіби және инженерлік білім берудің қайнар көзі атанған Тау-кен институтының негізінде құрылған Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 85 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. 
Ой-өрісі кең, ғылымның көптеген саласында энциклопедиялық білімі бар, ғылыми қызметті шебер ұйымдастырушы және алдыңғы қатарлы кадрларды тарта білетін адам ретінде Қ.Сәтбаевтың ұлылығы алдымен еліміздің интеллектуалды, ғылыми дамуына бағыт беруінде, қазақстандық қоғамды ағартушылықтан интеллектуалды ғылыми және кәсіби деңгейге көтеруінде. Қ.Сәтбаев басшылығымен жасалған қадамдар халқымыздың, жастарымыз бен еліміздің бүгінгі инновациялық және ғылыми әлеуетінің іргетасын қалады.
Бүгінде оның еліміздің дамуына үлкен серпін бергені туралы ойлана бермейміз. Алайда өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қазақстан сауатты және ағартушылық қоғам болғанымен, кез келген кәсіби инженер кадрларды Ресей немесе Өзбекстан даярлап, ғылыммен Қазақстанға келген мәскеулік немесе ленинградтық ғалымдар ғана айналысты. 
1927 жылы жас маман, инженер-кенші Қаныш Сәтбаев өзінің кәсіби қызметін жергілікті кәсіби кадрлардың жоқтығына, қаржыландырудың жеткіліксіздігіне қарамастан, ағылшын концессионерлерінен мұраға қалған ғылыми-зерттеу жабдықтарында жұмыс істеуді Қарсақбай мыс кенішінен бастайды. 3 жылдан кейін 1930 жылдың басында оның тобымен ашылған шашыраңқы мыс кенорындары – үлкен Жезқазған кенорны қоры 2 млн тонна мыстан кем емес әлемдегі ең ірі кенорындардың бірі екендігі ғылыми дәлелденеді. Кейінірек оның «Үлкен Жезқазған мәселелеріне арналған» (Народное хозяйство Казахстана, 1936, №1-2, 74–83-бб.) алғашқы ғылыми мақаласы жарық көреді. Бұл Орталық Қазақстанның және тұтастай еліміздің бет-бейнесін толығымен өзгертті. Үлкен Жезқазғанның ашылуы адам ерлігімен қатар бүгінде жастар үшін практикалық міндеттерді жүзеге асырудағы кәсіби, ғылыми тәсілдің үлгісі болып табылады. Өркениеттен мыңдаған шақырым қашықтықта орналасқан Қарсақбай кентінде Қ.Сәтбаев ғылыми фактілерді зерттеу мен талдаудың ең үздік құралдарының көмегімен өмірінің соңына дейін дәл әрі жете талдау жасаған.
«1935 жылдың 1 қаңтарында Жезқазғанның кен қорлары барлық категориялар бойынша 3220 мың тонна мысты құраса, олардың ішінде 1330 мың тонна А2+В категориясы бойынша. Кеніштерде А2+В категориялы мыстың орташа мөлшері 1,92 %-ға тең.
Бұл көрсеткіштің өзі сондағы зерттелген қорлардың саны бойынша Жезқазғанды Одақта бірінші орынға шығарады. Алайда Жезқазған мүмкіншіліктері бұл көрсеткіштермен шектеліп қоймайды. Бүгінде шамамен 40 шаршы шақырым кен аумағында бұрғылау жұмыстарымен 2 шаршы шақырым аумақ қана қамтылған. Жезқазғандық қуаттылығы өнімді кен қабаттарының 700 м бұрғылау жұмыстарының тек жоғарғы 150 м қабаты ғана сипатталған, тек бір ғана ұңғыма 300 м тереңдікке жүргізілді, 230 м тереңдікте өндірістік кеннің қабаты табылды. Жезқазғанның әлеуетті мүмкіндіктері өте зор, Орталық Африканың мыс кенорындарына, нақтырақ айтқанда, әлемдегі мыс кенорындарының ең ірісі болып табылатын Солтүстік Родезияға пара-пар», – деп кезінде Қ.Сәтбаев жазған еді. – «Үлкен Жезқазған жалғыз нысан болып табылмайды. Жезқазған ауданының аумағында жеткілікті ірі темір, темір-марганец кендері бар, олар үлкен көлемде кен өндіруге мүмкіндік береді». Бұл ашқан жаңалығы Екінші дүние жүзілік соғыс жылдарында Одақтың құрыш құю өндірісін сақтауда маңызды рөл атқарды. Оның ғылыми түйсігі, жекелеген ғылыми фактілерден аналитикалық қорытынды жасауы ғалымды ұлы тұлғаға айналдырды десек те болады.
Жезқазғанның дамуын қаржыландырудан бастап – мыс қорыту комбинатын, су қоймасы мен теміржол салу, елімізде бүгінде Политех атымен белгілі (қазіргі Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті) алғашқы техникалық жоғары оқу орны Қазақ Тау-кен металлургия институтын құруға алғы шарт болды. Құрылған институт өзіміздің кәсіби кадрлардың, сонымен қатар еліміздің дамып келе жатқан тау-кен металлургия және геологиялық кәсіпорындарының ұстаханасына айналды. ҚазТМИ-де 85 жыл бұрын негізі қаланған жоғарғы буын инженер кадрларын кәсіби даярлаудың бұл векторы еліміздің жоғары білікті кәсіби маманға деген қажеттілігін қамтамасыз етті және алғашқы қазақ ғылыми кадрларды қалыптастырудың негізгі іргетасы болды. Қ.Сәтбаевтың еліміздің тау-кен металлургия секторының инженерлік интеллектуалды және ғылыми элитасын қалыптастырудағы жүйелілігі – оның ұйымдастырушылық қабілеттері мен болжамының маңызды эталоны. Ғалымның бірізді қадамдары 1940 жылы Геологиялық ғылымдар институты негізінде тұңғыш қазақтың ғылыми орталығын құруға, ғылымның академиялық филиалын құруға арналған аралас салаларға таратуға және 1946 жылы алғашқы Қазақ ұлттық ғылым академиясын негізін салуға мүмкіндік берді.
Қ.Сәтбаевтың басшылығымен Орталық және Шығыс Қазақстанда қазақ геологтарының ғылыми тобымен заманауи техникалық құралдарды қолдана отырып жүргізген терең де жүйелі зерттеулері 1950 жылдардың басында Қазақстанның геологиялық карталарын аналитикалық жүйелеуге алып келді. Осылай 1955 жылы оның «Орталық Қазақстанның металлогениялық болжам картасының методологиясы, нақты базасы мен негізгі тұжырымдары туралы» (ҚазССР Хабаршысы. Геология сериясы, 1955, 20 шығ., 3–35-бб.) атты іргелі ғылыми еңбегі шықты. «Мәселенің ғылыми әзірлемесіндегі кешенділік, зерттеулердің барлық бастапқы фактілерін жинаудағы толықтық, оларды сараптаудағы нақтылық, қорытудағы объективтілік пен шығармашылықтағы бірлестік – міне, бұл Орталық Қазақстан аумағындағы пайдалы қазбалардың металлогениялық болжам картасын құруда басшылыққа алынған методологиялық принциптер», – деп жазды Қ.Сәтбаев.
Өзінің ғылыми қызметімен – «барлығынан күмәндан және тек фактіге ғана жүгін» деген ұстанымымен, ғылыми және академиялық пікірталас пен талқылау жүргізе алу, ғылыми материалды жинақтау мен анализ жасай алу өнерімен академик Қ.Сәтбаев және оның ғылыми пікірлестері қазақстандық ғылымның қазіргі таңда да өзекті болып отырған тұрақты стандартын жасап кетті. Ол: «Егер Орталық Қазақстанның металлогениялық болжам картасын құруда әзірленген және қолданылған бұл әдістің қысқа анықтамасын беруге тырыссақ, оны аймақтық металлогенияның кешенді геологиялық әдісі ретінде анықтауға болады. Қазіргі нақты жинақталған геологиялық материалдардың барлық кешеніндегі мәліметтерді айқын талдау мен объективті қорытындылау нәтижесі болып табылатын осындай кешендік геологиялық аймақтық металлогениялық әдіспен құрылған металлогениялық болжам карталары, шынымен де, Орталық Қазақстан аймағында геологиялық зерттеудің қазіргі заманғы кезеңінде нені және қайдан іздеу керек деген сұраққа объективті әрі негізделген жауап бере алады», – деп жазды.
Қазақстанның алғашқы жүйеленген металлогениялық карталарын қолдану арқылы ғылыми болжам, экстраполяция мен мәліметтерді болжау бірнеше онжылдықта металл кендерінің бай кенорындарын ашуға мүмкіндік берді. Шашыраңқы фактологиялық аймақтық мәліметтерді Орталық Қазақстанның біртұтас кешенді геологиялық картасына жүйелеу Қ.Сәтбаевқа кеңістікте орналасу заңдылығы туралы іргелі және әмбебап ғылыми тұжырымдар жасауға мүмкіндік берді. Таңқаларлығы сол – бұл ғылыми тұжырымдар, сандық математикалық есептеулер мен мәліметтер компьютерлік ынталандыру дәуіріне дейін жасалғаны және қазіргі кезде олардың ғылыми дәлелденгені. Ғалымның іргелі ғылыми тұжырымдары «Орталық Қазақстанда эндогендік кендену аймақтарының кеңістікте орналасуының негізгі заңдылықтары» (Советская геология, 1957, №58, 93–109-бб.) атты ғылыми мақаласында толығымен берілген. «Орталық Қазақстанды эндогендік кенді минералдауына жасалған нақты анализдің қорытындысы бұл аймақта өндірістік кенорындары жоғарыда аталған кен генезисінің үш факторы негізінде пайда болды. Атап айтқанда, Орталық Қазақстан үшін терең аймақтық қабаттар және жарықшақты белдемнің қанатталған және үйлестірілген жүйелері өзара буындастырылған немесе қиылысқан түйіндердің болуы аса қолайлы жағдай болды».
Қ.Сәтбаев жасаған ғылыми қорытындылар – геолог-ғалымның дарындылығы мен кемеңгерлігінің көрінісі, ал геологиялық салада жасаған ғылыми тұжырымдары – қазіргі тілмен айтқанда, дәйексөз алудың жоғарғы көрсеткіші. Қ.Сәтбаевтың постулаты – «Скарнды және гидротермалды металлогениялық формацияның әртүрлі қабаттық дизъюнктивті бұзылулары қалыптасатын жыныстар түрлерінің физикалық қасиеттері бойынша әртектілік арасында айырықтың айқын көрінген құрылымдық беттері бар жыныстардың қабаттар кешеніне осындай айрықша кеңістіктің ыңғайластырылғандығы ғана жақсы болып табылмайды, сондай-ақ Орталық Қазақстан жағдайында ғана емес, бүкіл әлемнің эндогендік металлогениялық формациялардың кеңістікте орналасуының әмбебап заңдылықтары болып табылады».
Кенді Алтай кенорны бойынша ғылыми тұжырымдар мен зерттеулерді басшылыққа ала отырып, Қ.Сәтбаев Шығыс Қазақстан үшін түсті металдар кендерін кешенді пайдалану бойынша зерттеулерін қорытындылады. Бұл ғалымның «Түсті металдар кенін кешенді пайдалану бойынша Қазақстан Ғылым академиясының зерттеулері» (ҚазССР ҒА Хабаршысы. 1962, №12, 3–11-бб.) атты мақаласында берілген.
Қаныш Сәтбаевтың Қазақстан елі мен халқының алдындағы басты еңбегі – геологиялық зерттеулердің дамуына қосқан зор үлесі. Оның тікелей басшылығымен елімізде ірі мыс және марганец кендерін өндіру жұмыстары басталғаны белгілі. Алайда ең бастысы – Қазақстанның аграрлы-ағартушылықтан сапалы индустриалды-ғылыми интеллектуалды елге айналуына ғалымның қосқан рөлі. Академик Қаныш Сәтбаевтың баға жетпес үлесі – ғылыми мәдениет пен ғылымда методологиялық әдістерді орнатуы. Бұлар – Қазақстанның ғылыми қызметкерлерінің қазіргі буыны мен ғылымға қызығатын жастар үшін жүйеленген зерттеу жұмысының үлгісі іспеттес. Отандасымыздың туғанына 120 жыл толуына орай оның еліміздің дамуына, ұлттың инновациялық санасының – Рухани жаңғырудың – қалыптасуына қосқан үлесін ерекше атап кеткен жөн!
Мақалаларды жүктеп алыңыз:
Народное хозяйство Казахстана, 1936
Советская геология, 1957
Известия АН КазССР, 1955
Вестник АН КазССР, 1962
Е. Қ. Бейсембетов,
ҚР ҰҒА академигі, Қ.И. Сәтбаев атындағы
Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет