ادع إلى سبيل ربك بالحكمة والموعظة الحسنة وجادلهم بالتي هي أحسن
«Рабыңның жолына даналық және ізгі насихатпен шақыр, әрі олармен айтысуды ең көркем үлгіде жүргіз!» («ән-Нәхл», 125-аят).
Әрі Аллаһ Тағаланың
... فلا رفث ولا فسوق ولا جدال في الحج
«...қажылық кезінде әйелге жақындасу, күнә істеу және жанжал жоқ» («әл-Бақара» сүресі, 197-аят) деген сөздерін дәйек ретінде келтіретін надандардың қарсылықтары сені осыдан қайтармасын, өйткені қажылық кезінде тыйым салынған айтысу, тек қажылық кезінде ғана емес, басқа да кез келген уақытта тыйым салынған (осы аятта аталған) күнәлар сияқты. Олар келтірген қасиетті аят одан алдын келтірілген, айтысуды ең көркем үлгіде жақсы дәйектермен жүргізуді бұйыратын аяттан айырықша, өтірік айтысуларға тыйым салады.
Ибн Хазм, Аллаһ оған рақым етсін, былай деген (7/196): “Айтысу екі түрлі болады: біріншісі – ақиқатқа жетелейтін міндетті (айтысу); ал екіншісі – жалған (айтысу). Ақиқатқа ұмтылып айтысуды ихрам халінде де, одан тыс та жүргізу қажет, ал бұл Раббының жолына шақыруды, ақиқатты анықтап жалғанды тойтаруға ұмтылуды білдіреді, өйткені Аллаһ Тағала: «Раббыңның жолына ... шақыр», - деді. Тура сол сияқты, кім ақиқатты анықтау үшін немесе Аллаһ үшін емес, басқа бір нәрсе үшін айтысулар жүргізіп, осы орайда өзінің ихрам халінде екенін білсе де, қасақана түрде өтірікке жүгінетін болса, сол ихрам мен қажылықтың қасиеттілігін бұзады, өйткені Аллаһ Тағала: «Қажылық кезінде … жанжал жоқ», - деді”.
Кейбір салиқалы сәлафтар осы аятта аталған «жанжалдың» астарында қарсыластың жүрегінде ашу-ыза туғызатын тартыс-керістер меңзеледі деген. Осы пікірді қолдап, Ибн Қудама “әл-Муғниде” (3/296) бұл пікірдің ислам ғалымдарының басым бөлігіне тиісті екенін айтқан.
Бұл сөздің басқа да түсіндірмесі бар: кейбір ғалымдар, нақты айтқанда, Ибн Жәрир (әт-Табари), содан соң Ибн Таймийя “Мәжму әр-Расаил әл-Кубрада”(2/361) жоғарыда келтірілген аяттағы талас-тартыс жүргізуге деген тыйым тек қажылық уақыты мен оның рәсімдеріне қатысты деген. Алайда біз осы аяттың астарында тек осы мағына меңзеледі деп есептемейміз, ал Аллаһ бұл туралы жақсырақ біледі!
Алайда сонымен бірге ақиқатқа шақырушы адам өз пікірін соқыр түрде ұстанатын адамдармен тартысудың пайдасыз екенін, ал тартысуды ұзаққа созып жіберу орынсыз нәрселерге келтіретінін түсінгені жөн. Мұндай жағдайларда осындай талас-тартыстарды қалдырған жақсырақ болады, өйткені Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен өзінікі тура бола тұра айтысуды тастаған адамға Жәннаттың төңірегінен үйге (ие болатынына) кепілдік беремін», - деген. Бұл хадисті Абу Дауд жақсы иснад арқылы Абу Умамадан жеткізген, сондай-ақ әт-Тирмизи де осыған ұқсас хадисті Әнастан келтіріп, оның иснадын хасан деген.
Аллаһ Тағала барша мұсылмандарға Оның Пайғамбарының (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін үйренуге және оған ілесуге көмек берсін!
Мына нәрселерде күнә жоқ:
Қажылық кезінде кейбір қажылар төменде көрсетілген нәрселерді күнәлі деп санайды, бірақ шындығында олар үшін бұл нәрселер рұқсат етілген болып табылады:
1. Тіпті қажеттілік болмаған жағдайда да ғұсыл кұйынуға рұқсат етіледі. Ал ғұсыл құйыну, мысалы, ұрық шыққаннан кейін қажет болады. Осы тұста басқа масих тартуға да болады. Екі «Сахихта» және басқа да хадис жинақтарында ‘Абдуллаһ бин Хунайннан, ‘Абдуллаһ бин әл-’Аббас пен әл-Мисуар бин Махрама Абуа деген жерде (болған кездерінде) (бір мәселе бойынша) пікірлері келіспегені туралы жеткізіледі. ‘Абдуллаһ бин ‘Аббас ихрам халіндегі қажы басын жуа алатынын айтты, ал әл-Мисуар бұған кері пікір білдірді.
(‘Абдуллаһ бин Хунайн былай деді): “Сонда ‘Абдуллаһ бин әл-’Аббас мені Абу Аййуб әл-Ансариге жіберді, мен оны жолықтырған кезде, ол (өзі жанында тұрған құдықтың) бағаналарының арасында (өзгелерден) киімімен тасаланып ғұсыл алып тұрған болатын. Мен оған сәлем бердім, ал ол: «Бұл кім?», - деп сұрады. Мен: «‘Абдуллаһ бин Хунайнмын. ‘Абдуллаһ бин әл-’Аббас мені сізге Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ихрам халінде болған кезінде басын қалай жуғаны туралы сұрау үшін жіберді», - деп жауап бердім. (Менің сөздерімді естіп,) Абу Аййуб киімін ұстап, оны басы көрінетіндей етіп төмен түсірді де, оған су құйып тұрған (адамға): «Құй», - деді, әрі әлгі кісі оның басына су құя бастады. Кейін ол басын екі қолымен ысқалай бастады да, кейін: «Мен Пайғамбардың да (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тура осылай істейтінін көрдім», - деді”. Бұл хадистің Муслим жеткізген нұсқасы әл-Мисуардың Ибн ‘Аббасқа: “Мен енді ешқашан сенімен айтыспаймын”, - деп айтқан сөздерімен аяқталады.
Әл-Бәйһақи Ибн ‘Аббастан хасан иснадпен келесі хабарды жеткізеді: “Кейде ‘Умар бин әл-Хаттаб (Аллаһ оған разы болсын), біз екеуіміз ихрам халінде болсақ та, маған: «Кел, суға сүңгийік те, қайсысымыз ауасыз көбірек тұратынымызды білейік», - деп айтатын”.
Сондай-ақ Абдуллаһ бин ‘Умар да «Асим бин ‘Умар мен Абдуррахман бин Зәйд теңізде болған кездерінде бір-бірінің басын суға батырып, суға сүңгитінін, ал ‘Умар оларға қарап, оларға сөгіс білдірмейтінін» жеткізген.
2. Басты қасуға рұқсат етіледі, тіпті егер осының нәтижесінде бірнеше шаш түссе де. Бұған Абу Айубтың жоғарыда келтірген хадисі айғақ болады. Сондай-ақ Мәлик те (1/358/92) Умм Әлқама бинт Абу Әлқамадан жеткізген деректе, оның былай деп айтқанын келтіреді: “Мен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әйелі Айшаға ихрам халіндегі адам жайында «Оған өз денесін қасуға рұқсат етіледі ме?» деген сұрақ қойылғанын естідім. Айша (Аллаһ оған разы болсын): «Қажы қасынуына, тіпті қатты қасынуына болады. Егер менің қолдарым байлаулы болып, қасынғым келгенде, мен мұны аяғыммен істер едім», - деп жауап берді”. Бұл асардың иснады хасан, өйткені оны растайтын басқа да көптеген хабарлар бар.
Шейх әл-Ислам Ибн Таймийя “әл-Мажмуа әл-Кубрада” (2/368) былай деген: «Егер ихрам халіндегі адамның денесі қышыса, ол оны қасуына болады. Сондай-ақ ғұсыл құйыну кезінде де бір-екі шаш түсіп жатса, оның оқасы жоқ».
3. Қан алдыруға (хижама жасатуға) рұқсат етіледі, тіпті бұл үшін қан алатын жерден шашты қырып тастауға тура келсе де. Бұған Ибн Бухайнадан жеткізілетін «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ихрамда болған кезінде Ләхйа Жәмал деген жерде оның төбесін (тіліп) қанын ағызды» деген хадис айғақ болады (әл-Бухари мен Муслим).
Шейх әл-Ислам Ибн Таймийя өзінің “әл-Мәнасик” (2/338) атты еңбегінде: «Егер ихрам халіндегі адамның денесі қышыса, ол оны қасуына болады. Сондай-ақ ол басы мен денесінің басқа жерлерінен қан алдыра алады. Егер осы үшін шаштың қандай да бір бөлігін қыру қажет болса, онда бұл «Сахихта» келтірілетін хадиске сәйкес рұқсат етіледі», - деп, осы жерде хадистің мәтінін келтіреді. Әрі қарай ол былай жалғастырады: “Өйткені қан алдыруды тек шаштың қандай да бір бөлігін қыру арқылы ғана жасауға болады ғой. Сол сияқты ғұсыл құйынғанда да бірнеше шаш түсіп жатса, оның оқасы жоқ, тіпті осы нәрсе дәл ғұсыл алу кезінде орын алды деген мығым сенім болса да”.
Ханбали мазһабының ұстанымы осындай, бұл туралы “әл-Муғниде” (3/306) айтылатындай, алайда ол жерде әрі қарай былай деп айтылған: “…бірақ бұл адам өтемақы болатын амал (фидья) жасауы керек”. Тура сол туралы имам Мәлик те, басқа ғалымдар да айтатын. Ал Ибн Хазм олардан айырықша, осы хадисті келтіргеннен кейін (7/257): «Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айыппұл немесе фидья төлеу туралы хабарламаған. Егер бұл міндетті болғанда, онда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл мәселені назардан тыс қалдырмайтын еді. Өйткені қалың шашқа ие болған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ихрам кезінде басты қыруға деген тыйымды бізге жеткізді ғой».
4. Хош иістер иіскеуге және сынған тырнақты алып тастауға рұқсат етіледі. Ибн Аббас (Аллаһ оларға разы болсын): «Ихрамдағы адам (ғұсыл құйыну үшін) моншаға кіруіне, тісін алдыруына, хош иістер иіскеуіне және сынған тырнағын алып тастауына болады», - деген. Әрі қарай ол былай деп жалғастырған: «Сендерді қинайтын нәрсені алып тастаңдар, өйткені, ақиқатында, Ұлы әрі Құдіретті Аллаһ сендерге жапа шектіруді қаламайды». Бұл асарды әл-Бәйһақи (5/62-63) сахих иснад арқылы келтірген. Тура осындай пікірді Ибн Хазм (7/246) ұстанған. Имам Мәлик, өз кезегінде, Мухаммад бин Абдуллаһ бин Абу Мәриямнан оның бірде ихрам халінде болған кезінде Саид бин әл-Мусайибтан өзінің сынған тырнағы туралы сұрағанда, Саид оған: «Оны кесіп таста», - деп айтқанын жеткізген.
5. Күннен шатырдың (палатканың) ішінде, қол шатырдың астында, машинаның ішінде паналауға рұқсат етіледі. Ал қажыларды таситын автобустардың шатырын алып тастау керек деп есептейтін кейбір мұсылмандарға қатысты айтар болсақ, мұндай әрекеттер дінде әлемдердің Раббысы тыйым салған шектен шығушылық пен артық кетушілікке жатады. Мысалы, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларына Намирада өзіне арналған шатыр орнатуды бұйырғаны және өзі кейін соған тоқтап орналасқаны сенімді түрде жеткізіледі (бұл туралы № 57-58 тармақтарда айтылатын болады). Сол сияқты Умм әл-Хусайн (Аллаһ оған разы болсын) келесі хадисті жеткізген: «Мен Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге оның қоштасу қажылығы кезінде қажылық жасап жүргенімде, оның жанында Усама мен Біләлді көрдім. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үлкен бағанаға (Жәмрат әл-ақабаға) тас лақтырмайынша олардың біреуі оның түйесін жетектеп, ал екіншісі оны өз киімімен аптаптан бүркеп жүрді». Бұл хадисті Муслим мен әл-Бәйһақи келтіреді.
Сонымен бірге әл-Бәйһақи Нәфи’тің мынандай мойындауын да келтіреді: “Ибн ‘Умар (Аллаһ оған разы болсын) ихрам халіндегі бір адамның түйе үстінде отырып, күннен бүркенгенін көріп, оған: «Ихрамға кім үшін кірген болсаң, сол үшін өзіңді құрбан етсей», - деді”. Ал бұл асардың басқа бір нұсқасында Ибн ‘Умар ихрам халінде болған және күннен бүркенген Абдуллаһ бин Рабианы көргені туралы айтылады. Ол өзінің ертоқымының ортасына ұзын сырық орнатып, оған киімін керіп қойған болатын. Ибн ‘Умар оны кездестіргенде, мұны оған тыйым салды.
Осы екі асарға қатысты мен (яғни шейх әл-Әлбани – редактордың ескертпесі) былай деймін: Ибн ‘Умарға Умм әл-Хусайнның жоғарыда келтірілген хадисі жетпеген болуы мүмкін, өйткені оның тыйым салған нәрсесі, Аллаһ Елшісінің өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) істеген нәрсеге қайшы келіп тұр. Осыған байланысты әл-Бәйһақи былай деген: “Сахабаның айтқан сөздері мен істеген амалдары туралы асар осындай, алайда Умм әл-Хусайннан жеткізілетін, Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің іс-әрекеттері туралы куәлік беретін хадис сахих болып табылады”. Бұл «басымдық Умм әл-Хусайннан жеткен хадисте, әрі соны басшылыққа алу керек» дегенді білдіреді. Әл-Бәйһақи осы хабарды келтірген тарауды «Ихрам халіндегі адам өзінің басына тимейтін кез келген затты қолданып, көлеңкеде паналауына рұқсат етіледі» деп атағаны да жай емес”12.
6. Қажы өзінің изарын (белінен төменгі жағын орайтын матаны) арнайы белбеумен немесе жай белдікпен, немесе қажеттілік болған кезде оны түйіндеп байлау арқылы ұстауға рұқсат етіледі. Ихрамдағы адамға сақина, сағат, көзілдірік киюге рұқсат етіледі, өйткені осыған тыйым салатын хадистер жоқ және осының рұқсат етілгеніне нұсқайтын кейбір хабарлар бар. Мысалы, бірде Айшадан (Аллаһ оған разы болсын) қажылардың белдік тағып жүруі туралы сұрағанда, ол: «Бұда не жамандық бар? Қажы өз ақшасын сенімді түрде сақтасын», - деп жауап берген (бұл асардың иснады сахих). Табиғиндердің бірі болған Атадан жеткен тағы бір асарда: «Қажы жүзік тағуына және белдік қолдануына болады», - деп айтылады (бұл асарды әл-Бухари «та’лик» түрінде келтіреді).
Мен (яғни шейх әл-Әлбани – редактордың ескертпесі) былай деймін: сағат пен көзілдірікке қатысты айтар болсақ, бұған тыйым салатын мәтіндердің болмауы себепті, сақина мен белдік киюге рұқсат етілгендей, оларды да киюге рұқсат етіледі.
وما كان ربك نسيا
«Ал Раббың еш нәрсені ұмытпайды» («Мәриям» сүресі, 64-аят).
Аллаһ сіздерге жеңілдік қалайды әрі ауыртпалық қаламайды. Ендеше, Аллаһ сіздерді Тура Жолға салғаны үшін Оны ұлықтаңыздар! Бәлкім, шүкіршілік етушілерден боларсыздар!
Шәууәл айының 15 күні, һижраның 1384 жылы
(17 ақпан 1965 ж. – редактордың ескертпесі)
Дамаск
Мухаммад Насыруддин әл-Әлбани
بسم الله الرحمن الرحيم
Жә‘фар бин Мухаммад оның әкесі былай деп айтқанын жеткізген: “Біз Жәбир бин ‘Абдуллаһтың (олардың екеуіне де Аллаһ разы болсын) жанына келгенде, ол (қасындағы) адамдардан өзінің алдына кімдердің келгені туралы сұрай бастады. (Осылайша) ол маған дейін жетті.13 [Оның сұрағына] мен: «Мен - Мухаммад бин ‘Али бин Хусайнмын», - деп жауап бердім. Сонда ол екі қолын менің басыма қарай созды да,14 [алдымен] жоғарғы түймемді, кейін төменгісін ағытып, кейін алақанын менің көкірегіме қойып, - сол кезде мен балиғатқа толмаған жасөспірім15 болатынмын, - : «Қош келдің16, уа, менің бауырымның баласы,17 сұрағың келген нәрсең туралы сұрай бер18», - деді. Мен сол кездерде зағип болып қалған [Жәбирге] сұрақтарымды қоя бастадым. Намаздың уақытысы басталған кезде, ол көрпесіне19 оранып орнынан тұрды, бірақ ол оны иығына жапқан20 сайын [көрпесінің] шеттері қайтадан өз орнына түсе беретін, өйткені ол шағын ғана болатын, ал [Жәбирдің] жамылғысы оның жанындағы [киім] ілгіште [ілінген] болатын. Ол бізбен бірге намаз оқыды21, [содан соң] мен одан: «Маған Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қажылығы туралы баяндап беріңіз», - деп сұрадым22”.
[Мухаммад бин ‘Али бин Хусайн осыдан кейін Жәбир] саусақтарын бүгіп, тоғыз санын көрсеткенін және былай деп айтқанын [жеткізген]:
1- “Ақиқатында, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) [Мәдинада] тоғыз жыл бойы бірде-бір рет қажылық жасамай тұрды23.
2- Кейін оныншы жылы Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) [осы] жылы қажылық жасауды ниет еткендігі туралы адамдарға хабарланды.
3- Әрі сол кезде Мәдинаға көптеген адамдар келіп жетті24 (хадистің басқа нұсқасында: «Жаяу не көлікпен жүре алатын бірде-бір адам (үйінде) қалмады», - деп жеткізіледі)25. [Адамдар онымен бірге шығуға (үлгеру) үшін асықты, өйткені] олардың барлығы Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге жүруді және ол жасап жатқан рәсімдерді қайталауды қалады26.
4- [Жәбир былай деді: “Мен оның (хадистің басқа нұсқасында: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізге құтпа жасап, былай деді...», - деп жеткізіледі): “Мәдина тұрғындары үшін ихрамға кіру орны - Зул-Хуләйфа27, басқа жолмен (Шамнан) келетіндер үшін – әл-Жухфа28, Ирак тұрғындары үшін – Зат Ирқ29, Нәжд тұрғындары үшін – Қарн, ал Йемен тұрғындары үшін – Яләмлам30»,31 - деп айтқанын естідім"].
5- [Жәбир былай деді: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) [зул-ка’да айының аяқталуына бес, не төрт күн қалған кезде]32 жолға шықты].
6 – [және өзімен бірге құрбандыққа шалатын малдарды айдап алып кетті]33.
7 – Біз онымен бірге [әйелдер және балалармен қатар] жолға шықтық.
8 – Сөйтіп Зул-Хуләйфаға жеттік34. Сол кезде Асма бинт Умайс Мухаммад бин Абу Бакрды босанды35.
9- Ол өзінің не істеу керек екенін сұрау үшін Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адам жіберді.
10- [Сонда] ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: “Ғұсыл құйын, сосын (мақта толтырылған енді матамен) қан ағып жатқан жеріңді байлап таста да, содан соң ихрамға кір”36.
11- Кейін Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітте [толық үнсіздік сақтап,] 37 намаз оқыды 38.
ИХРАМ ХАЛІНЕ КІРУ 39
12- Кейін он әл-Кәсуаға отырды40. Оның түйесі әл-Байда деген қонысқа жеткен кезде [ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабалары (тек қажылық жасау ниетімен ғана) ихрам халіне кірді де, тәлбийя 41 айтты (Хадистің басқа нұсқасында: «Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабалары әл-ифрад қажылығын (жасау ниетімен) ихрамға кірді әрі тәлбийя айтты», - деп хабарланады].
13- [Жәбир (Аллаһ оған разы болсын) былай деді:] «Мен [барлық жерде] – оның алдынан да, артынанда да, оң жағынан да, сол жағынан да – оны көзбен қамту мүмкін болмаған (өте көп) жаяу және салтты (адамдар) қоршағанын көрдім42. Олардың арасында оған Құран түсіріліп жатқан әрі оның мағынасын (та’уил) білетін Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бар еді, сондықтан да біз оның істегендерінің барлығын қайталайтынбыз43».
14- Ол бірқұдайшылық сөздерін қатты дауыстап жариялап44, (мына сөздерді қайталай бастады):
لبيك اللهم لبيك لبيك لا شريك لك لبيك إن الحمد والنعمة لك والملك لا شريك لك
“Ләббәйк Аллааһуммә ләббәйкә! Ләббәйкә ләә шәриикә ләкә ләббәйкә! Иннәл хамда уән ниъмәтә ләкә уәл мулк, ләә шәриикә ләкә”
(Мағынасы: «Міне, мен Сенің алдыңдамын, уа, Аллаһ! Міне, мен Сенің алдыңдамын! Міне, мен Сенің алдыңдамын, әрі Сенің серігің жоқ! Міне, мен Сенің алдыңдамын! Ақиқатында, Саған мақтау-мадақ тән, әрі нығметтер мен патшалық Сенікі! Сенің серігің жоқ!»).
15- Барлық адамдар оның ізінен осы сөздерді қатты дауыстап45 қайталай берді. (Хадистің басқа бір нұсқасында: «Адамдар тәлбийяны [, оған келесі сөздерді қосып] айта бастады: [ لبيك ذا المعارج لبيك ذا الفواضل “Ләббәйкә Зәл-Мә`ариж, Ләббәйка Зәл-Фәуәдил” (мағынасы: «Міне, мен Сен алдыңдамын, дәрежелердің Иесі46! Міне, мен Сенің алдыңдамын, пайда-игіліктердің Иесі!») {Абу Дауд, Ахмад, әл-Бәйһақи}], ал Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға осы үшін еш нәрсе деп айтпады47.
16- Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тәлбийяны тоқтаусыз қайталай берді48.
17- [Жәбир (Аллаһ оған разы болсын) былай деді: [“Біз [бар дауысымызбен]: [“Ләббәйкә Аллаһуммә («Міне, мен Сенің алдыңдамын, уа, Аллаһ!»)], Ләббәйкә би-л-хаж”(«Міне, мен Сенің алдыңда қажылық (жасап) тұрмын»), - деп айттық]. (Хадистің тағы бір нұсқасында: “Біз умраны (жасауға болатындығын) білмедік”, - деп айтылады)49, (ал хадистің басқа бір нұсқасында: «Біз, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары, тек қажылық әрі қажылықтан басқа еш нәрсе, тек қана қажылық (жасау ниетімен) ихрам халіне кірдік және тәлбийя айттық», - деп жеткізіледі).)
18- [Ол былай деді: “Ал Айша умра жасауды ниет етті. Ол Сарифке50 келгенде, еттеккірі келе бастады”].
Өткен материалдың қысқаша түйіндемесі:
-
Ихрамға изар мен рида киімінде кіру, әрі оған дейін ғұсыл құйыну.
-
Осы киімдерді киюден бұрын ер кісілер денелеріне хош иіс майларын жағу.
-
Ихрамға арнайы микат деп аталатын орында кіру.
-
Етеккірі немесе босанғаннан кейінгі қаны келіп жатқан әйелдердің ихрамға ғұсыл алғаннан кейін кіруі.
-
Қажылықтың орындалатын түріне байланысты ихрамға қажылық пен умраны жасау ниетімен кіру.
-
Қажылықты әйелдермен және балалармен бірге жасау.
-
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан тәлбийя сөздерін айту.
-
Тәлбийяны қатты дауыспен айту.
-
Егер қиран немесе ифрад қажылығын жасаушы адам өзімен бірге құрбандыққа шалатын малын айдап келе жатпаған болса, қажылықты умра жасау үшін үзу.
МЕККЕГЕ КІРУ51 ЖӘНЕ ҚАҒБАНЫ ТАУАП ЖАСАУ
19- Біз Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге [зул-хижжа айының төрті күні таңертең] (Аллаһтың) Үйіне жақын келгенімізде, (хадистің басқа риуаятында былай деп хабарланады: “Біз Меккеге күн едәуір биік көтерілген кезде кіріп келдік.
20- Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (Қорықты) Мешіттің қақпаларының алдына келіп, түйесін тізесіне шөктірді де, кейін Мешітке кірді52).
21- Ол (Қағбаның) бұрышын сипап өтті53 (Хадистің басқа риуаятында: «Қара тасты», - деп хабарланады)54.
22- [, ал кейін одан (яғни Қара тастан) оң жаққа қарай жүрді55]
23- және [оған қайта-қайта оралып,] жылдам жүріспен (әр-рамль)56 (Қағбаны) үш рет, ал (қалған) төртеуін әдеттегідей жүріспен [жай]57 айналып өтті. 58
24- Кейін59 ол Ибраһимнің (оған Аллаһтың сәлемі болсын) (тұрған) орынына (мақам Ибраһим) келді де [, адамдар оны еститіндей етіп дауысын қатты көтеріп] былай деді:
واتخذوا من مقام إبراهيم مصلى
«Уа-ттахизу ми-м-мақами Ибраһимә мусаллә»
(мағынасы: «Ендеше, Ибраһимнің (тұрған) орнын намаз оқитын орын ет» («Бақара» сүресі, 125-аят)).
25- Ол Ибраһимнің (тұрған) орны онымен Қағбаның60 арасында қалатындай етіп тұрды [да, екі ракағат намаз оқыды]61.
26- [Жәбир (Аллаһ оған разы болсын) былай деді]: “Ол екі ракағатта «قل هو الله أحد» (сөздерінен басталатын сүрені) және «قل يا أيها الكافرون» (сөздерінен басталатын сүрені) оқыды. (Хадистің басқа бір риуаятында: "«قل يا أيها الكافرون» ((«Айт: «Әй, кәпірлер!…») сөздерінен басталатын сүрені) және «قل هو الله أحد» ((«Айт: Ол, Аллаһ, Жалғыз…») сөздерінен басталатын сүрені)", - деп хабарланады.62)
27- [Кейін ол Зәм-Зәм бұлағына барып, одан су ішті және оны басына құйды]63.
28- Кейін ол (Қағбаның) бұрышына қайта оралды да, оған (яғни Қара тасқа) қолын тигізді.64
ӘС-САФА МЕН ӘЛ-МӘРУА (ТӨБЕЛЕРІНІҢ) АРАСЫН ЖҮРІП ӨТУ (САҒИ) 65
29- Содан соң ол қақпа арқылы шықты да (хадистің басқа нұсқасында: «Әс-Сафа қақпасы арқылы шықты», - деп хабарланады), әс-Сафа66 (төбесіне) қарай бет алды. Оған жақындаған кезде ол (мына аятты) оқыды:
Достарыңызбен бөлісу: |