واذكروا الله في أيام معدودات ، فمن تعجل في يومين فلا إثم عليه ، ومن تأخر فلا إثم عليه لمن اتقى
«Санаулы күндерде Аллаһты зікір етіңдер! Кім асықса және рәсімді екі күнде аяқтаса, сол күнә жасамайды. Әрі кім ұсталып қалса, сол да күнә жасамайды. Бұл тақуаларға қатысты».
Алайда егер ол (әт-тәшриктің) екінші күні Минадан күн батқанға дейін кетіп үлгермесе, онда Минада келесі күнге дейін қалуға міндетті, бұл Ибн Умардан имам Маликтің «Мууаттасында» келтірілетініндей.
(Үшінші күні) тас лақтыру үшін қалу жақсырақ, өйткені бұл Сүннет.
Сүннетке сәйкес қажылықты орындаудың жоғарыда келтірілген реттілігін сақтау қажет:
Тас лақтыру рәсімі,
Құрбан шалу,
Басты қыру, Қағбаны негізгі тауап (тауаф әл-ифада) жасау, сондай-ақ әт-тәматтуғ қажылығын орындайтын қажының әс-Сафа мен әл-Мәруаның арасын сағи жасау.
Алайда егер қажы қандай да бір рәсімді басқасынан ерте немесе кеш орындаса, бұған рұқсат етіледі, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Бұда күнә жоқ, бұда күнә жоқ», - деп айтатын.
Орынды себебі бар адамға тас лақтыру рәсімін орындау кезінде келесі нәрселерге рұқсат етіледі:
а) Минада түнемеуге, өйткені Ибн Умар (Аллаһ оған разы болсын) былай жеткізген: «Әл-‘Аббас бин ‘Абд әл-Мутталиб Аллаһ Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (қажылар) Минада (өткізетін) түндерде оларды сумен қамтамасыз ету үшін Меккеде қалуға рұқсат сұрады және ол оған мұны рұқсат етті».
б) Тас лақтыруды екі күнде емес, бір күнде қоса орындау, өйткені ‘Асым бин ‘Адий былай жеткізген: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олармен бірге (Минаның сыртында) түнейтін түйе бағып жүрген түйешілерге Құрбан Айт күні тас лақтыру рәсімін жасауға және Құрбан Айт күнінен кейін тас лақтыруды екі күннің бірінде екі күндік (рәсімді) қоса орындауға рұқсат етті».
в) Тас лақтыру рәсімін түнде орындауға, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Шопан тастарды түнде лақтырып, күндіз (мал) жаюмен айналысады».
Шариғатқа сәйкес қажы Минада түнейтін түндердің әрбірінде Қағбаға келіп, оны тауап жасауына рұқсат етіледі, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осылай істейтін. Егер де Минада түнеуді қалдыру үшін басқа себептер болмаса, онда онда түнемеуге тыйым салынады.
Осы күндерде Минада болған кезде, қажы бес уақыт намазды басқа адамдармен бірге имамның басшылық жасауымен бұлжытпастан орындауы керек. Ол намаздарды қысқартып оқиды, бірақ оларды біріктірмейді. Егер мүмкіндік болса, онда намаздарды әл-Хайф мешітінде оқыған абзал, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Әл-Хайф мешітінде жетпіс пайғамбар намаз оқыған».
Қажы тас лақтыру рәсімін әт-тәшриктің екінші немесе үшінші күні орындап біткен соң, ол сонымен қажылық рәсімдерін орындауын аяқтайды да, Меккеге қайтып, онда Аллаһ тағдырына жазған уақыт болады. Ол намаздарын адамдармен бірге имамның басшылығымен орындауға тырысуы қажет, әсіресе, Қорықты Мешітте (Мәсжид әл-Харам), өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Менің Мешітімдегі (яғни Мәдинадағы Пайғамбар Мешітіндегі – аудармашының ескертпесі) (бір) намаз Қорықты Мешіттен басқа кез келген (мешітте) орындалған мың намаздан артық, ал Қорықты Мешіттегі (бір) намаз кез келген (мешіттегі) жүз мың намаздан артық».
Ол жиі-жиі Қағбаны тауап жасауы және тәуліктің кез келген өзі қалаған уақытында (Қорықты Мешітте) намаз оқуы керек, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі бұрыш, яғни Қара тас орналасқан және Йемен бұрыштары туралы былай деді: «Олардың екеуіне қол тигізу күнәларды өшіреді. Ал Қағбаны тауап жасаушыға табанын (әрбір) көтеріп-түсірген сайын Аллаһ бір игі іс жазады, оның мойнынан бір күнәні алып тастайды, әрі оған бір дәреже жазады. Ал кім Қағбаны жеті рет айналса, бұл (ол үшін) бір құлды азат еткендей болады». Сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Уа, бану ‘Абд Мәнаф! Ешкімге осы (Аллаһ) Үйін тауап жасауға және (осында) тәуліктің кез келген өзі қалаған уақытында намаз оқуға бөгет жасамаңдар!»
Қажы өзінің барлық істерін аяқтап болған соң үйіне қайтуды шешсе, оған Аллаһтың Үйімен қоштасу тауабын жасау қажет, өйткені Ибн ‘Аббас былай деп жеткізген: “Адамдар кете бастады, әрі сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Соңғы орындаған нәрсесі (Аллаһтың) Үйін тауап ету болмайынша ешкім кетпесін», - деді”. Ал егер қажы қоштасу тауабын жасаған болса және қандай да бір істер туындап, ол Меккеде қалуға тура келген болса, ол кетуден алдын тағы да қоштасу тауабын жасауға міндетті. Етеккірі келген әйелге қоштасу тауабын жасау үшін алдымен күту бұйырылған еді, алайда кейінірек мұндай әйелге тазарғанын күтпей-ақ (Меккеден) кете беруге рұқсат етілді, бұл туралы да Ибн ‘Аббас (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) етеккірі келген әйелге, егер ол Қағбаның негізгі тауабын (тауаф әл-ифада) жасаған болса, Қағбаны қоштасып тауап жасаудан бұрын Меккеден кете беруіне рұқсат етті», - деп жеткізгеніндей.
Қажы Зәм-Зәм суынан береке алу үшін, оны алып кете алатындай мөлшерде өзімен бірге алып кетуіне болады. Мысалы: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны суға арналған қайыс шанаштар мен көріктерде алып жүретін. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (Зәм-Зәм суын) аурулардың үстіне құятын және оларға ішкізетін», - деп жеткізіледі. Бұдан қалса, «Минада Мекке алынғанға дейін болған кезде, ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сухайл бин ‘Амрға «Бізге Зәм-Зәм суынан жібер әрі (осы істі) тастама!» (деген мазмұндағы) жолдаулар жіберетін, ал ол оған екі үлкен шанаш (Зәм-зәм суын) жіберетін».
Қағбаны тауап жасап біткен соң, (мешіттен) сол аяқпен шығып:
اللهم صل على محمد وسلم ، اللهم إني أسألك من فضلك
(мағынасы: «Уа, Аллаһ, Мухаммадқа бейбітшілік пен береке бер! Уа, Аллаһ, ақиқатында, мен Сенен игілік тілеймін!»), - деп айту керек.