Екінші бөлім бойынша тұжырым
ЖОО студенттерінің тұлғалық өзіндік тиімділігі дамуының психологиялық ерекшеліктерін зерттеу мақсатында эмпирикалық деректерді жинау әдістері- тұлғаның жалпы өзіндік тиімділігі шкаласы (Р. Шварцер, М. Ерусалем, В. Ромекпен бейімделген нұсқасы); өзіндік тиімділік шкаласы (SES) Шерер, Мэддокс; Дж. Тэнгни, Р. Баумайстер, А.Л. Бунның «Өзін-өзі қадағалаудың қысқаша шкаласы»; Е.Ю. Мандрикованың «Іс-әрекетте өзін-өзі ұйымдастыру» сауалнамасы; «Академиялық мотивация шкаласы» (қысқар. AMШ, ағылшын. The Academic Motivation Scale, қысқ. AMS); К. Риффтің «Психологиялық әл-ауқат шкаласы» қолданылды.
ЖОО студенттерінің тұлғалық өзіндік тиімділігі дамуының психологиялық ерекшеліктерін зерттеуге бағытталған зерттеу үш кезеңде жүргізілді.
Бірінші кезеңде 3 университет факультеттері. Тестілеу Google Forms платформасы арқылы жүргізілді.
Екінші кезеңде тестілеу арқылы алынған мәліметтер жинақталып, зерттелді, жиынтық кестелер құрастырылды, мәліметтерді өңдеу стратегиялары жасалды.
Үшінші кезеңде жалпы тенденцияларды бақылау және нәтижелердің сенімділігі мен дұрыстығын арттыру үшін бүкіл іріктеу жиынтығының деректері талданды, деректерді корреляциялық талдау жүргізілді. Деректерді математикалық өңдеу SPSS статистикалық пакеті, 23.0 нұсқасы арқылы жүргізілді.
Зерттеудің нысанына, тақырыбына, мақсаты мен болжамына, сондай-ақ зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізіне сүйене отырып, келесі диагностикалық бірліктер анықталды: өзіндік тиімділік, мотивациялық процестер, реттеушілік процестер, аффективтік процестер.
Алынған нәтижелерге сүйене отырып, студенттердің өзіндік тиімділігінің эмпирикалық моделі жасалды.
ҚОРЫТЫНДЫ
Диссертациялық жұмыс студенттердің тұлғалық өзіндік тиімділік феноменін және оның студенттік кезеңдегі тұлғаның жүйелік сапасы ретіндегі даму ерекшеліктерін, оны оқу мен еңбек нарығындағы және өмірдегі жетістік үшін ресурс ретінде зерттеуге арналған. Осыған орай, зерттеуде тұлға психологиясының өзекті мәселелерінің бірі тұлғалық өзіндік тиімділік феноменіне зерттеу жүзеге асырылды.
Диссертациялық зерттеу жұмысының бірінші бөліміндегі тұлғаның өзіндік тиімділігі мәселесінің теориялық талдауы нәтижесінде психология ғылыми кеңістігінде тұлға дамуы мен белсенділігіне, сенімділігіне байланысты негізгі әдіснамалық тұрғылар, тұлғаның өзіндік тиімділігінің психологиялық мазмұны, факторлары, құрылымы мен даму механизмдері анықталды және өзіндік тиімділік феноменінің студенттік шақтағы даму ерекшеліктері зерттелді.
Теориялық талдау негізінде ғылыми әдебиеттердегі өзіндік тиімділік феноменінің психологиялық мазмұны ашылды. Өзіндік тиімділік, тұлғалық өзіндік тиімділік ұғымдарына ғылыми талдау жасап, осы түсініктерге өзіндік анықтама берілді:
Өзіндік тиімділік – бұл белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуде өзін қадағалауы, өзін ұйымдастыруы, өзін-өзі реттеуі және оларды орындау қабілетіне деген тұлғаның жеке сенімі.
Тұлғалық өзіндік тиімділік – адамның оқу, еңбек нарығында және өмірде табысқа жетуін қамтамасыз ететін тұлғалық қасиеті.
Тұлғаның интегративті өзін-өзі реттеу жүйесіндегі өзіндік тиімділік ерекшеліктерін және оның дамуын анықтайтын негізгі психикалық процестер зерттелді. Онтогенезде тұлғалық өзіндік тиімділіктің қалыптасуы және оның студенттік шақтағы дамуының психологиялық ерекшеліктері туралы ғалымдардың эмпирикалық деректері талданды. Тұлғаның әлсіздігі, оның қиын өмірлік жағдайларға төтеп бере алмауы, оның мінез-құлқындағы оң өзгерістерді күшейту, әлеуетін дамыту және оның шынайы тұлға болуға мүмкіндік беретін ішкі ресурсты табу мәселелері қарастырылды. Бұл міндет өзіндік тиімділікті зерттеуді аса өзекті етті, өйткені қазіргі жағдайда субъект өз-өзіне арнаған іс-әрекеттегі құзыреттіліктің жоғары деңгейін ғана емес, сонымен қатар өмірдің әртүрлі салаларында, соның ішінде кәсіпте жетістікке жетудің маңызды психологиялық шарты болып табылатын өзінің тиімділігі туралы оптимистік көзқарасты талап етеді.
Диссертациялық зерттеу жұмысының екінші бөлімінде жүзеге асырылған эксперименттік-эмпирикалық зерттеудің нәтижесінде студенттердің жүйелік сапасы ретіндегі тұлғаның өзіндік тиімділігі дамуының мотивациялық, реттеушілік және аффективтік психикалық процестермен байланыстылығы зерттелді:
1. Тұлғааралық қатынастардағы өзіндік тиімділіктің деңгейі төмен болды. Жалпы өзіндік тиімділіктің жоғары деңгейі мотивациялық, реттеушілік және аффективтік процестердің, сондай-ақ психологиялық әл-ауқаттың жоғары деңгейінің дамуымен байланысты.
2. ЖОО-дағы оқу заттық іс-әрекет аумағында студенттердің тұлғалық өзіндік тиімділігін дамытуға ықпал етеді.
3. Алынған академиялық мотивацияның иерархиясына сәйкес зерттеу студенттердің үш тобын анықтайды: амотивацияның үстемдігімен, ішкі мотивацияның (ядро-өзін-өзі дамыту мотиві) және сыртқы мотивацияның басымдылығымен (ядро-өзін-өзі бағалау). Жоғары жалпы өзіндік тиімділік танымның, өзін-өзі дамытуға және өзін құрметтеуге қол жеткізудің жоғары дамыған мотивтерімен оң корреляциялы; заттық іс- әрекет аумағындағы жоғары өзіндік тиімділік танымдық, жетістікке жету, өзін құрметтеу, ұят және амотивацияның жоғары дамыған мотивтерінің оң корреляцияларымен байланысты; тұлғааралық қарым-қатынас аумағындағы жоғары өзіндік тиімділік өзін құрметтеудің, ұяттың, борыштың және мотивацияның жоқтығының жоғары дамыған мотивтерінің оң корреляцияларымен байланысты; заттық іс-әрекет аумағындағы жоғары өзіндік тиімділік амотивациямен, маңызды кәсіби қызметке қызығушылықтың болмауымен байланысты (бұл тек сыртқы локусты, «жұмыста тек көріну үшін»).
4. Студенттердің іс-әрекеттерін өзіндік ұйымдастыруының жалпы деңгейі олардың өмір сүру уақытын ұйымдастыруға құрылымдық көзқарасты риясыздық пен икемділікпен үйлестіре алатындығын, барлық компоненттерді бағалай алатындығын көрсетеді. Реттеушілік процестерінің ядросы мақсаттылық, жоспар қоя білушілік және осы шаққа бағдарланушылық сияқты қасиеттерден тұрады. Өзін қабылдау және жетістікке жету мотивациясы – бұл психикадағы реттеушілік және мотивациялық құрылымдардың өзара әрекеттесуін қамтамасыз ететін өтпелі процестер. Жалпы өзіндік тиімділіктің жоғары деңгейі реттеушілік процестердің жоғары деңгейінің дамуымен байланысты. Өзін-өзі бақылау, табандылық пен мақсаттылықтың жоғары көрсеткіштері, бір жағынан, өз іс-әрекеттерінің тиімділігіне деген сенімді арттырады және оларды жүзеге асырудан сәттілік күтеді. Бұл қайшылық нақтылауды қажет етеді. Заттық іс-әрекет аумағындағы және тұлғааралық қарым-қатынас саласындағы өзіндік тиімділікке табандылық сияқты реттеуші механизмдердің дамуы оң әсер етеді.
5. Студенттерде аффективтік процестер нашар дамыған. Психологиялық әл-ауқаттың жалпы деңгейі орташа. Студенттердің 60% - дан астамында өмірдегі мақсаттар мен өзін-өзі қабылдау көрсеткіштері орташа. Өзін қабылдау – реттеушілік және мотивациялық процестердің өзара әрекеттесуін қамтамасыз ететін тікелей тиімді механизм. Ортаны басқарушылық, өмірдегі мақсаттар және өзін қабылдау аффективтік процестердің мотивациялық құрылымдармен өзара әрекеттесуін қамтамасыз етеді. Тұлғалық өсу және өзін қабылдау аффективтік процестердің реттеушілік құрылымдармен өзара әрекеттесуін қамтамасыз етеді. Жалпы өзіндік тиімділіктің жоғары деңгейі жеке қажеттіліктер мен мақсаттарды қанағаттандыру үшін қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктерді қабылдау немесе құру, бағыттылықты сезіну және өмірге мән беру қабілетінің дамуымен байланысты. Аффективтік процестер заттық іс-әрекет аумағында және тұлғааралық қарым-қатынас аумағында өзіндік тиімділікке оң әсер етпейді.
6. Тұлғалық өзіндік тиімділік пен психикалық процестердің өзара байланысының негізгі аспектілері тең ұсынылған мотивациялық, реттеушілік және аффективтік компоненттер болып табылады:
-Негізгі (ядро) – «Мен не қалайтынымды білемін және максималды жүзеге асыруға қол жеткіземін».
-Екінші деңгей – «Өзіме деген оң қатынасым және бағытты сезінуім маған азғырулардан бас тартуға, берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға, мақсатқа жету кеңістігін ұйымдастыруға мүмкіндік береді».
-Үшінші деңгей энергияны екіұшты түрде бөледі – «Мен өз мүмкіндігімді іске асырғым келеді және осы үшін құрметке ие болғым келеді» немесе «Мен өмірге, оқуға қызығушылық танытпаймын».
-Төртінші деңгей – «Мен өз күш-жігерімнің тиімділігіне сенемін және өз әлеуетімді ашқым келеді».
7. Студенттер арасында өзіндік тиімділік дамуының эмпирикалық моделі әзірленді, оның ішінде тұлғаның өзіндік тиімділігін белсендіретін психикалық процестердің 5 деңгейі анықталды:
-Мотивациялық процестерге жетістікке жету мотивациясы, өзін-өзі дамыту, өзін құрметтеу және амотивация жатады;
-Реттеушілік процестеріне мақсаттылық, өзін қадағалау, табандылық және осы шаққа бағдарлану жатады;
-Аффективтік процестерге ортаны басқарушылық, өмірдегі мақсаттар, өзін қабылдау жатады;
-Бақылау локусы – деректерді талдау және интерпретациялау кезінде алынатын қосымша айнымалы – ішкі, сыртқы және тұлғалық емес бағытты қамтиды;
-Жетекші шарт өзіндік тиімділік күшінің көрінісі туралы негізгі орталық идеяны көрсетеді.
8. Тұлғалық өзіндік тиімділігі жоғары студенттер оқуға, жоғары нәтижеге жетуге, қабілеттерін дамытуға, құзыреттілікке жетуге ұмтылуымен сипатталады; оқу олардың өзін-өзі бағалауын арттырады, өз мақсаттарының пайдасына таңдау жасайды, өз қызметін осында және қазір ұйымдастырады; олар өз-өзіне сенімді, тәуелсіз, өзіне оң көзқараспен қарайды, жаңа тәжірибеге ашық; олар ішкі каузалды бағдармен, икемді мінез-құлықпен, қоршаған ортадағы өзгерістерге сезімталдықпен, өз мақсаттарына жету үшін оны ұйымдастыру қабілетімен және жеңіліске ұшыраған жағдайда, әрекетте сәтсіздікке ұшыраған жағдайда өзін-өзі кінәлаудың болмауымен сипатталады.
9. Тұлғалық өзіндік тиімділігі төмен студенттер зерігушілікпен, өмірге және оқуға қызығушылықтың жоқтығымен ерекшеленеді, осыған байланысты соңғысын олар мәжбүрлі деп қабылдайды, оқудан шығарылудан және ата-аналарымен қақтығыстардан аулақ болу үшін оқиды, олар импульсивті, басталған істі оңай тастайды, екінші мақсаттарға алаңдайды, болашақ туралы армандауға бейім, қазіргі кездегі мүмкіндіктерді жіберіп алады; олар басқалардың пікіріне тәуелді, күнделікті іс-әрекеттерді ұйымдастыруда елеулі қиындықтарға тап болады; олар өздеріне, жеке қасиеттеріне риза емес, ешқандай маман иесі болғысы келмейді; олар экстерналды және жекесіз бағдарланған түрлердің қалыптасуында көрінетін сыртқы каузалды бағдармен сипатталады.
Осылайша, біздің зерттеуіміздегі студенттердің жүйелік сапасы ретіндегі тұлғаның өзіндік тиімділігінің дамуы мотивациялық, реттеушілік және аффективтік психикалық процестермен байланысты деп қойылған негізгі болжам расталды және бұл негізгі болжам жеке болжамдарда нақтыланды.
Сонымен, алынған зерттеу нәтижелері бойынша студенттердің тұлғалық өзіндік тиімділігін арттыру бойынша келесі ұсыныстарды береміз:
Тұлғаға бағытталған парадигма негізінде білім беру процесін құру, болашақ мамандарды кәсіби даярлауда «тұлғалық» құрамдас бөлікке жоғары көңіл бөлу;
Студенттердің бойында субъектілі ұстанымды тәрбиелеуге және кәсіби іс- әрекетте өз-өздерін көрсетуге, өзін-өзі жүзеге асыруға бағдарлау;
Студенттерде өз кәсіби қалыптасуының табыстылығын, рефлексивті өзіндік талдау қажеттілігін, іскерліктері мен дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін дамытушы психологиялық-педагогикалық жағдайларды құру;
Өзін-өзі дамыту және кәсіби қалыптасудың өзін-өзі жобалау қажеттілігін қалыптастыру, дамудың құндылығын студент үшін негіз ретінде түсіну, өйткені өзін-өзі дамытуға және өзін-өзі жетілдіруге дайын болу, өзінің субъектілігін іске асыру өз күштері мен қабілеттеріне кәсіби сенімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді;
ЖОО студенттерінің тұлғалық өзіне деген сенімділігін, өзін-өзі қабылдау, өзін құрметтеу деңгейлерін арттыру;
Осы шаққа және болашаққа бағдарлану және өзінің болашақтағы өмірлік тиімділігін болжау үшін мақсат қоя білу, жоспарлаушылық дағдылырын қалыптастыру;
Стресске төзімділігін арттыру, психологиялық әл-ауқатын дамыту;
Тайм менеджмент негіздерін меңгеру, оқу және сабақтан тыс уақытты ұтымды пайдалану, әлеуметтік желілерде өткізетін уақытты қадағалау;
Тиімді дағдыларын дамыту, өзін-өзі реттеу, өзін ұйымдастыру, мінез-құлқы мен іс-әрекетін рефлексиялау.
Жоғарыда аталған ұсыныстарды жүзеге асыруда ЖОО-дағы оқу-тәрбие процесінде тұлғалық өсу тренингтерін ұйымдастыру маңызды болып табылады.
Қарастырылып отырған зерттеу мәселесі өте күрделі болғандықтан, толығымен шешімі табылды деп айтуға болмайды. Келешекте кәсіби білім алу барысында болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыру, жетілдірудің басқа да инновациялық жолдары, тұлғалық өзіндік тиімділігін қалыптастыру өз алдына жеке зерттеуді талап етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |