Курс–3 Семестр – 5



бет7/9
Дата14.07.2016
өлшемі0.68 Mb.
#198087
1   2   3   4   5   6   7   8   9

Дәріс № 12.

Тақырыбы: ШЖМ сабақ кестесін құрастырудың варианттары.

Мақсаты: ШЖМ сабақ кестесін құрастырудың варианттары. Туралы түсінік қалыптастыру.

Тірек ұғымдар: әрпәндік сабақ кестесі, бірпәндік сабақ кестесі

Дәрістің мазмұны:

1.Сабақ кестесінің түрлері және оларды құру технологиясы

2.Сабақ кестесін құрастырудағы сабақ түрлері
Оқу жылындағы оқушы мен оқытушының күнбе-күнгі оқу еңбегі сабақ кестесімен анықталады. Шағын жинақты мектептерде оқыту, тәрбиелеу жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін дұрыс, жан-жақты ой елегінен өткізілген сабақ кестесін жасау қажет. Сабақ кестесі мектептегі балалар мен сынып санына байланысты жасалады. Егер мектепте барлық балалар саны 10-нан аспайтын болса, онда бір оқытушы немесе бір комплектілі мектеп, ал 12 оқушы болса, екі комплектілі, 15-тен артық болса, ол үш комплектілі болып есептеледі. Егер мектепте барлық сыныпқа бір оқытушы болса, яғни бір комплектілі мектеп болса, тиімді сабақ кестесін жасау керек болады. Мектепте екі оқытушы болса, әр сыныптың оқушылар саны мен білім деңгейі, дайындықтарына байланысты біріктіріледі.

Дұрыс сабақ кестесін жасау үшін оқытушылар қандай пәндерді біріктіргенде, өзіндік жұмысты ұйымдастыруға барынша мүмкіндік беретін принципті ескеру керек.

Екі сыныппен жүргізілетін сабақтың сапалы болуы үшін сабақ кестесіндегі пәндерді қалай болса солай біріктіре салуға болмайды. Екі сыныпта екі түрлі пәнді жүргізгеннен гөрі, екі сыныпта да бір пән бойынша, мәселен, қазақ тілін қазақ тілімен, арифметиканы арифметикамен біріктіріп өткізген жеңіл болатынын тәжірбие көрсетіп отыр. Бұл өзінен өзі түсінікті, өйткені пәндерді біріктіріп жүргізгенде мұғалімнің зейіні бір пәнге бағытталған болады, сол себептен де жұмыс сапалы жүргізіледі.

Өзбетінше жұмыс істеуді ұйымдастыруға барлық пәндердің бірдей дәрежеде мүмкіндік бере бермейтінін есте ұстау керек. Мысалы: музыка мен денешынықтыру сабақтарын біріктіруге болмайды, тек сабақты топқа бөліп өткізуге болады.

Тиімді сабақ кестесін құрастыру үшін комплект құру, пәндерді біріктіру проблемасы негізгі сұрақ болып табылады. Аптаның сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері – оқушылардың ең жоғарғы деңгейде жұмыс істей алатын күндері. Бірдей жағдайда екінші, үшінші сабақ оқушылардың іскерлігіне әсер ететін, нәтижелі сабақтар болып саналады. Барлық жағдайда екі, үш, төрт сыныппен барлық сабақтарды біріктіріп, сабақ кестесінің түрлерін әр нұсқада ұсынуға болады. Сабақ кестесінің түрлері қатар оқытылатын сыныптардағы оқытылатын пәндердің ретіне байланысты. Қатар оқытылатын сыныптарда бір пәнді бір мезгілде оқытуға, әр пәндік, бір тақырыптық негізде өткізуге болады. Сонымен бірге, бір сыныпты жеке оқытып, 2-3 сыныпты қатар оқытуға болады.

Сабақ кестесін жасағанда 1-топпен 2-топты біріктіріп жасауға да болады. Қазақ тілі сабақтарында барлық сыныпқа ортақ сұрақтар беру, диктант, қызықты тапсырмалар, дидактикалық ойындар жүргізуге болады.

Көп жағдайларда 2-3 сыныпты біріктіріп сабақ өткізуге тура келеді. Келесі сыныптарда 3-сабаққа ауыстыруы керек. Мысалы: қатар оқитын 1-4, 1-3 үшін күніне 1 пән немесе 2 пән қатар оқытылады. Ал қалған пәндер 2 сыныпта 30 мин бөлек жүргізеді. Мұндағы негізгі мақсат 1-сынып оқушыларының жас ерекшелігін ескеріп, 1-сыныпқа 30 минут бөлек уақыт беру керек. Қатарынан 1-2-3 сынып үшін, 1-3-4 сыныптар үшін, 2-3-4 сынып үшін бұл жағдай сабақ өткізудің қиындығын болдырады. Сондықтан, күніне 1 рет 1 пәнді қатар өткізеді. Қалғанына өзіндік жұмыстар беріледі. Оқушылардың санына байланысты, сынып комплектісін құру, сабақ кестелерінің үлгілерін оқушыларға түсіндіріп оқыту керек. Мысалы: бақылау жұмысы мен диктант сабақтарын біріктіру, математика сабақтары үшін тиімді болады. Ал, кей жағдайларда тиімді бола бермейді. Мұндай кезде еңбек, бейнелеу сабақтарын бірге өткізіп, аталған пәндерді бөлек оқыту керек. Сабақ кестесі жарты жылдық уақытқа арналып құрастырылады..

Шағын комплектілі мектеп мұғалімдері күнделікті 8 не 14 сабақ жоспарын жазып, оған көрнекілік дайындайды. Сондықтан да оқу-тәрбие жұмысының нәтижелі болуына сабақ кестесінің әдістемелік тұрғыда дұрыс жасалуының маңызы зор. Осыған орай қосымша материалдарда бір пәндік жүйедегі сабақ кестесінің үлгілерін ұсынамыз.

Сабақты классификациялаудың негізіне оқу мақсаты, оны өткізудің әдісі немесе оқыту процесінің құрамдас буындары жатады. Осыған қарай сабақтың әр түрлі типтері ажыратылады.

Танымдық іс-әрекеттің кезеңдеріне қарай сабақтың типтері:


  • кіріспе сабақтар

  • материалмен бастапқы таныстырудың сабақтары

  • ұғымдарды қалыптастырудың, заңдарды орнатудың сабақтары

  • алған білімді практикада қолдану сабақтары

  • дағдылар сабағы

  • жалпылау және қорытындылау сабақтары

  • бақылау сабақтары

  • аралас сабақ

Оқыту әдістеріне қарай сабақтардың типтері:

  • сабақ-әңгіме

  • сабақ-лекция

  • кино сабағы

  • лабораториялық сабақ

  • іс-әрекеттің түр-түрімен сабақ

Дидактикалық міндеттеріне қарай сабақтың типтері:

  • оқушылардың жаңа білімді меңгеру сабағы

  • іскерлікті және дағдыны қалыптастыру сабағы

  • білімді жалпылау және жүйелік сабағы

  • қайталау, бекіту немесе білімді, іскерлікті, дағдыны кешенді қолдану сабағы

  • бақылау-тексеру сабағы

  • аралас сабақ

Мектеп тәжірибесінде бір типті сабақтар болмайды. Сондықтан оқыту жұмысын жүйелі әрі нәтижелі жүргізу үшін, оны топтастырудың мәні орасан зор. Сол себептен әрбір мұғалімнің сабақ классификациясын ойдағыдай білу шарт. Дидактикада сабақ классификациясын анықтауға айрықша маңыз береді. Қоғам дамыған сайын оқу жүйесінің қайта құрылатындығы және соған орай оқытудың мазмұны, әдіс-тәсілдерінің де өзгеріп, жаңарып отыруы сөзсіз.

Сабақтың құрылымы – оқу міндеттерін орындауға септігін тигізетін сабақтың бөліктерінің, кезеңдерінің өткізілуінің арақатынасы және бірізділігі. Оқу сабағының типіне қарай оның белгілі бір құрылымы жасақталды.

Сабақтың негізгі элементтері:

Сабақтың басталуын ұйымдастыру бір минуттан бірнеше минутқа созылды және оның дербес бөлігіндей өткізіледі. Сабақтың басында іскер және дұрыс талап қою бүкіл сабақтың сәтті өтуіне септігін тигізеді. Ұйымдастырушылық бөлімінде бәрі маңызды: мұғалім сабаққа қалай кіреді, өзіне деген сенімі, сөйлеуі, өзін ұстау қалпы, талаптарды орынды қоюы және оқушыларға деген шынайы ықыласы, сыйлаушылығы.

Оқыған материалдың меңгеруін тексеру /әдетте үй тапсырмасы/, оның мәні тексеру және қадағалауда, сонымен бірге жаңа материалды меңгеруге даярлауда болып табылады. Мұғалім үй тапсырмасын орындауға негіз болған басты идеяларды, ережелерді т.б. оқушылардың зейінін аударады. Үй тапсырмасын бәрі орындаған, орындамағанын анықтайды, қандай қиыншылықтар кездескенін біледі.

Сабақтың мақсаттарын және міндеттерін қою. Сабақтың нақты міндеттерін және оны жүзеге асырудың жолдарын ұғыну мұғалім мен оқушылардың іс-әрекетін анықтығын, жүйелілігін және бірізділігін қамтамасыз етеді. Мақсат пен міндетті қою әдетте көп уақыт алмайды, бірақ ол оқу іс-әрекетіне бағытталғандық береді және үлкен тәрбиелік әсері болады.

Түсіндіру – оқу материалының мазмұнын ғылыми баяндау. Оқушыларға жаңа материал түсінікті болу үшін мұғалім ғылыми дәлелдерді, оқушыларда бар білімге сүйенуді, анық және түсінікті баяндауды жүзеге асыруы керек. Бекіту жаңа материалды түсіндіріп болғаннан кейін жаттығулардың, дербес жұмыстардың, арнайы тапсырмалардың жүйесі арқылы оқылған материалдың бастысына, сүйенетін буындарына оқушылардың назарын аудартады, теориялық қағидаларды оқу іс-әрекетінің практикасымен байланыстырады. Бекіту арқылы мұғалім оқушылардың материалды меңгергені туралы ақпарат алады.

Қайталау. Оқу материалын тақырып, бөлімдер, курс бойынша жүйелеу, жалпылау, қайта айту. Бұл бөлімдегі күрделісі негізгі идеяларды бөліп шығару және жаттығулар мен тапсырмаларды таңдау болады.

Сабақтың нәтижесін шығару, қорытындылау. Сабақтың өтілу барысына, оқушылардың жұмысына қысқаша баға беру, оқығанның басты идеясын еске салу.

Үй тапсырмасы. Мұғалім үй тапсырмасын хабарлайды, қысқаша орындалу жолын түсіндіреді. Үй тапсырмасын орындау туралы нұсқау анық, қысқа, бірізділікпен берілуі қажет.

Оқу міндетіне және мазмұнына қарай сабақтың бөліктерінің ара-қатынасы ауысып отырады. Сабақтардың әртүрлі типтерінің құрылуында ерекшеліктер пайда болады.



Жаңа білімді меңгеру сабақтарының құрылымы мынадай элементтерден тұрады: сабақтың басталуын ұйымдастыру; сабақтың мақсаттары және міндеттері; жаңаны түсіндіруге даярлық жұмыс /үй тапсырмасын тексеру, бұрыннан оқығанды қайтадан айту, т.б./; түсіндіру; сабақты қорытындылау және үй тапсырмасы. Басты бөлімі – түсіндіру, бекіту қосымша роль атқарады және диагностикалық мақсатта өткізеді. Мұғалім оқушылардың жаңа білімді қалай меңгергені туралы ақпарат алады.

Бекіту сабағының құрылымы: сабақтың бастауын ұйымдастыру; сабақтың мақсатын және міндеттерін қою; бекіту; қорытындылау және үй тапсырмасы. Сабақтың басында әрбір оқушының жұмысқа даярлығын тексеру керек. Мақсатты қою барысында мұғалім негізгі қағидалар мен ережелерді еске салады, себебі олар практикалық оқу іс-әрекетіне негіз болады. Үй тапсырмасын тексеруді бекітумен байланыстырған дұрыс. Сабақтың негізгі бөлімі – практикалық тапсырмалар, проблемдік жағдаяттар мен сұрақтарды шешу, жаттығуларды орындау, дербес жұмыстар. Жаттығуларды дұрыс таңдау үлкен роль атқарады, олардың қиындығы бағдарламаның, стандарттың талабына сай болғаны абзал.

Жалпылау немесе қайталау сабағының құрылымы: сабақтың басталуын ұйымдастыру; сабақтың мақсатын және міндетін қою; оқу материалын жалпылау және жүйелеу; сабақтың қорытындысы және үйге тапсырма. Бұл сабақтың ерекшелігі және күрделілігі мынада: оқу материалының шеңберін дәл анықтау, негізгі ұғымды, ережені, идеяны, шебер бөлу, сәйкесті жаттығуларды таңдау. Қайталауда сабақтың тәрбиелеушілік жағына үлкен мән беріледі. Мұнда оқу материалы көп дәрежеде қызықты фактілермен, оқиғалармен, сезімдермен тығыз байланысты. Бұл сабақтың ерекшелігі мұғалім аз түсіндіреді де көбіне оқушылардың танымдық іс-әрекетін басқарады.

Аралас сабақтың құрылымы: сабақтың басталуын ұйымдастыру; үй тапсырмасын тексеру; сабақтың мақсатын және міндеттерін қою; жаңа материалды түсіндіру, бекіту, қайталау, сабақты қорытындылау және үй тапсырмасын беру.

Сабақтың бұл типі бүкіл элементтердің бүкіл комбинациясын құрайды. Әрбір бөлімі басқалардың арасында тең бағалы мәні бар. Сабақтың осы типі бастауыш мектепте жиі қолданылады.



Қадағалау сабағының құрылымы: тексерудің мақсатын түсіндіру және жұмысты ұйымдастырудың нұсқауын беру; бақылау тапсырмасының мазмұнымен және оны орындаудың тәсілімен таныстыру; оқушылардың дербес жұмысы; сабақтың нәтижесін бастапқы қорытындылау. Сабақтың басы нұсқаудан және оқушылардың жұмысқа даярлығын тексеруден басталады. Бірден бақылау жұмысының сипатын айтып, қандай білімдер, қандай тақырыптар тексерілетіні хабарланады. Мұғалім оқушыларға ойлау іс-әрекетінің жолдарын көрсетеді: теориялық талдауды қалай қолдануға болатындығын, теорияны практикалық жұмыспен байланыстыруды, өзін-өзі қадағалаудың тәсілдері т.б. Әдетте үй тапсырмалары берілмейді. Бірақ әдебиет тізімін, іздеушілік сипаттағы тапсырмаларды беруге болады.

Мұғалімдер, педагог-ғалымдар оқу жүйесінің негізгі кемшіліктерінің бірі – оқушылардың іс-әрекетінің жоқтығынан арылу жолдарын іздестіруде. Білімді пассивті қабылдау оны жоғары дәрежеде меңгеруді тежеп, оқушыларды қазіргі талап деңгейінен шығара алмайды. Осы кемшіліктен толық арылмағанмен, азайту үшін оқу түрлерінде, яғни түсіндірмелі-иллюстративтікте үлкен өзгерістер енгізілді, одан кейін мектеп практикасында проблемалық, программалық оқыту қолданыла бастады.

Өткен ғасырдың 80 жылдарында түсіндірмелі-иллюстративтік оқытудың тұтқасы – сыныптық-сабақтық жүйе қоғамның жаңа талаптарына сай болу үшін жетілдіруді талап ететіні белгілі болды. Осы жүйені модернизациялау кезінде дәстүрлі емес сабақ пайда болды. Онда оқушыларды белсенді позицияға қойып, сабақты даярлап өткізуде іс-әрекетке қосып, ойындық, жағдайды шешушілік, жарыстық функцияларды жүзеге асырады.

Дәстүрлі емес сабақты өткізуде мынадай сұрақтар пайда болды: жалпы сабақтар жүйесінде алатын орны, функциясы, оны таңдап алу шарттары, қойылатын талаптары қандай, мұндай сабақтарды талдау немен ерекшеленеді т.б.



Дәстүрлі емес сабақ – бұл орнатылмаған құрылымы бар импровизациялық оқу жұмысы.

И.П.Подласыйдың, Г.К.Селевконың т.б. еңбектерінде дәстүрлі емес сабақтардың 30 астам түрі келтірілген.



Сабақтың дәстүрлі емес технологиясына жататындар:

  • пәнаралық байланысқа негізделген интегралды сабақтар;

  • жарыс және ойын формасындағы сабақтар: байқау, турнир, іскер немесе ролдік ойындар;

  • қарым-қатынастың көпшілік формаларын имитациялау сабақтары: пресс-конференция, аукцион, ауызша журнал т.б.;

  • мемлекеттің және ұйымдардың іс-әрекетін имитациялауға негізделген сабақтар: сот, парламенттегі дебаттар;

  • қоғамдық-мәдени шараларды имитациялаудың сабақтары: өткенге сырттай экскурсия, жорық, әдеби серуен;

  • сабақтан тыс дәстүрлі формаларды сабақ шеңберіне енгізу, көңілділер, тапқыштар клубы, «Не? Қайда? Қашан?», инсценировка.

Дәстүрлі емес сабақтар қандай дидактикалық міндеттерді шешуде қолдануға болады деген сұраққа, іскерлікті және дағдыны қалыптастыруға, білімді жалпылау және жүйелеуге, қайталау және бекітуде, бақылау-тексеруде қолдануға болады деген қорытынды жасаймыз. Ал, интегралды және конференция сабақтары арқылы жаңа білім меңгеру міндетін де шешуге болады. Сонда дәстүрлі емес сабақтар оқытудың басты формасы – дәстүрлі сабақтардың функцияларын атқарып, оның көмекші формасы болады.

Дәстүрлі емес сабақтың түрін таңдап алғанда тақырыптың мазмұнын, оқушылардың даярланғандық дәрежесін, материалдық базаны, мұғалімнің мүмкіншілігін, оқулықтардың, көмекші оқу құралдарын т.б. есепке алу керектігін тәжірибе көрсетті.

Көптеген қазақ мектептерінде жұмыстың топтық формасы бар сабақтарды, театрландырылған, ойын сабақтарын өткізуге жағдай жоқ. Өкінішке орай, біраз оқушылардың білім деңгейінің төмендігі іскер ойындар, шығармашылық, «сот» т.б. сабақтарды өткізуге қолбайлау болып отыр. Зерттеу, түпдеректі талдау, бинарлық /қосарланған/ сабақтарды өткізейін десе оқулық, қосымша оқу құралдары жетіспейді.

Дәстүрлі емес сабақтарға дидактикалық, тәрбиелеушілік, дамытушылық, ұйымдастырушылық, психологиялық, басқарушылық, санитарлық-гигиеналық, этикалық т.б. талаптар қойылады. Кейбіреулерін көрсете кетелік:



  • оқушылардың қызығушылығын, ықыласын т.б. ескере отырып дәстүрлі емес сабақты өткізуге қажетті жағдайды қамтамасыз ету;

  • оқушының барлық аясын дамытуға себептендіру және белсендету жұмысын жүргізу;

  • дәстүрлі емес сабақта жедел кері байланысты, пәрменді қадағалауды және басқаруды қамтамасыз ету;

  • педагогикалық әдепті сақтау, оқушылармен қарым-қатынасты, бірге іс-әрекет жасауды жоғары дәрежеде жүргізу;

  • оқушылардың дамуында жаңа сапалы өзгерістерді жүзеге асыруды стимулдау.

Дидактикада сабақты талдаудың әдістемесі баршылық.

Дәстүрлі емес сабақтар үшін, әрине, арнайы сабақ талдаудың схемасын жасаудың қажеті жоқ. Біздің пікірімізше, бар схеманың бөлімдерін тереңдетіп, жан-жақты қолданса жеткілікті. Дәстүрлі емес сабақтарды талдағанда жалпы сұрақтармен бірге мына сұрақтарға жауап алудың қажеті бар сияқты:



  • сабақты даярлауға оқушылардың қатысуы, белсенділігі;

  • қолданылатын жадығаттың қызығушылық, еліктеушілік әдеттен тыс дәрежесі;

  • оқушылардың танымдық іс-әрекетін стимулдаудың тәсілдері, жолдары қандай болды;

  • сабақ барысында оқушыларды толықтыруға, түзетуге, рецензиялауға т.б. қаншалықты қатыстырылғандығы.

Осы орайда төмендегі мәселелер ескерілуі тиіс:

  • оқу мазмұнының танымдық бағытталғандығы;

  • сабақтың білімділік, дамытушылық және тәрбиелік мақсаттарының дұрыс қойылуы;

  • сабақтың мақсатына, мазмұнына сәйкесті түрін, құрылымын, оқыту әдістерін талдау;

  • оқытудың мұғалім мен оқушылардың диалектикалық өзара байланысы екені туралы ұғымды білдіретіндігі;

  • білімді меңгеру үрдісінің құрылымын, яғни қабылдау, түсіну, ұғыну, жинақтау, бекіту, қолдануды жүзеге асыру;

  • проблемалық оқытуды сабақта іске асыру жағдайлары;

  • сабақтың әртүрлі кезеңдерінде оқушылардың фронтальды, топтық және жеке жұмысына қатынасы;

  • сабақта оқыту мен тәрбиелеу ұстанымдарының орындалуы.

Мұғалімнің жұмысының маңызды кезеңі – сабақтарды даярлау мен өткізу. Әдіскер ғалым Ю.Л.Львова сабаққа даярлануға байланысты мынадай әдістемелік ұсыныстар береді:

1. Сабаққа күні бұрын даярлану (оны өткізуден 2-3 күн бұрын) пәннің логикалық құрылымындағы тақырыптың алатын орнын анықтап, алдыңғы және кейінгі тақырыптармен байланыстырып, сол арқылы оның танымдық мәнділігін анықтау.

2. Осы тақырып бойынша мұғалімнен немесе әдіскерлерден кеңес алу.

3. Тақырып бойынша оқулық жадығатын талдап, университетте оқыған пәндердің сай келетін бөлімдерін, барлық қосымша жадығаттарды зерттеу (әдістемелік басылымдар, журнал мақалаларын қарау т.б.).

4. Сабақ – ізденімпаздық үрдіс нәтижесі. Әдістемелік құралдардың жағдайын сыни көзбен қарап, жаттандылықтан аулақ болу.

5. Сабақтың мақсатын анықтап, нақтылау қажет (білім берушілік, тәрбиелік, дамытушылық, оның жан-жақты шешілуін қамтамасыз ету).

6. Оқу жадығатының мазмұнын тиянақты ойластыру. Оның мақсатын, міндеттерін оқушылардың оқу мүмкіндіктерімен сәйкестендіру.

7. Конспект-жоспар құрып, сабақтың түрін, құрылымын ойластыру. Оның әр бөлімінің тезисін жасау.

8. Сабақты оқу үрдісінің дидактикалық ұстанымдарына сай, дамытушылық, іс-әрекеттік ыңғай теорияларына сүйене отырып жүргізу.

9. Сабақтың әр бөліміне нақты дидактикалық міндетті қою, оны шешуге арнаулы уақыт бөлу, оқушы іс-әрекетінің түрін ойластыру.

10. Сабақта қолданылатын оқыту әдістерінің жүйесін ойластыру:

а) оқушының танымдық қызығушылығын, парыз, жауапкершілік сезімін арттыру, оқудың әлеуметтік мәнін көрсету;

ә) оқушы іс-әрекетінің барысын, нәтижесін тексеру;

б) оқушы іс-әрекетінің барысы мен нәтижесін тексеруде өзін-өзі тексеруін қамту.

11. Фронтальдық, топтық және жекелік танымдық қызметті ұйымдастырудың тиімді арақатынасын анықтау.

12. Көрнекі құралдарды, дидактикалық жадығаттарды даярлап алу.

13. Жоспар-конспектіні жасағаннан кейін пән мұғалімдері мен әдіскерлерден кеңес алу.
Дәріс № 13.

Тақырыбы: Шағын жинақты мектептегі өзіндік жұмысты ұйымдастыру.

Мақсаты: Өзіндік жұмыстың түрлері туралы түсінік қалыптастыру.

Тірек ұғымдар: Тапсырамның көлемі, өзіндік жұмыстың түрлдері мен амалдары.

Дәрістің мазмұны:


  1. ШЖМ өзіндік жұмысты ұйымдастыру

  2. Өзіндік жұмыстардың түрлері.

Өзіндік жұмыс – оқушының күрделі іс-әрекеттерініғ бір түрі немесе оқу жұмыстарының арнайы бір формасы болып табылады. Шағын жинақты бастауыш мектепте оқу-тәрбие жұмыстарының ерекше көңіл аударатын бір саласы – оқушылардың өздігінен орындайтын жұмыстары. Бірнеше сыныппен жұмыс істейтін мұғалімнің негізгі педагогикалық міндеті – жеке сыныппен жұмыс істейтін мұғалімнің алдына қойған міндетпен бірдей. Ол да оқу жоспарын, бағдарлама талаптарын орындауға тиіс.

Өзіндік жұмыстардың нәтижелі болуы үшін алдымен «өзіндік жұмыс» деген ұғым нені білдіріп тұрғанын анықтап алу қажеттігі туады: біріншіден, өз бетінше жұмыс балалардың түрлі тапсырмаларды, жаттығуларды ешкімнің көмегінсіз орындаулары, екіншіден, мұндай жұмыстар балаларды ұқыптылыққа, тәртіптілікке, жинақылыққа, бақылай білуге тәрбиелейді.

Өзіндік жұмыс түрлерін ұйымдастыруда мынандай талаптарды орындау керек:

1.Өздігінен орындайтын жұмыстың мазмұны бағдарлама талаптарына сай болуы керек;


  1. Өзіндік жұмыс оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға тиіс;

  2. Өзіндік жұмыстың түрі, мазмұны әртүрлі болуы керек;

  3. Әрбір орындалған өзіндік жұмыс тексеріліп, бағалануы керек.

Өздік жұмысты ұйымдастырудың шарттары мыналар:

  • мұғалімнің нақты тапсырмалар (нұсқаулар) беруі;

  • жұмысты орындаудың және аяқтаудың уақытын белгілеуі;

  • мұғалімнің басқаруымен оқушылардың дербестігінің мөлшері, олардың жұмысты өз еркімен және қалауымен істеуі;

  • оған әсер ететін мотивтер.

Өзіндік жұмыстың түрлері сан алуан. Оларды топтастыру - күрделі мәселе. Оның жиі кездесетін бір тобы – сабақ мақсатына қарай қолданылатын жұмыс түрлері:

а) Жаңа білімді меңгеру (материалды жан-жақты талдау, мұғалімнің ауызша баяндауының жспарын, конспектісін жасау т.б. тәсілдерге үйрену).

ә) Жаңа білімді бекіту (түрлі жаттығулар, есеп шығару, түрлі жазбаша, графикалық, практикалық т.б. жұмыстар).

Өздік жұмысқа мынадай талаптар қойылады:

1) Тапсырма әрбір оқушының білім деңгейіне байланысты таңдалуы керек.

2) Өздік жұмысты орындауға жеткілікті уақыт берілуі керек (8-15 мин. ұзақ болмайды).

3) Міндетті түрде тексерілуі керек.

4) Жұмыс сабақтың мақсатына байланысты (жаңа материалды қабылдауға, өткен материалды бекітуге, қайталауға, білімді тиянақтауға) таңдалады.

5) Өздік жұмыстың мақсаты, орыдау әдісі оқушыларға түсінікті болуы тиіс.

6) Өз бетімен жұмысқа оқушылар білім деңгейіне байланысты әр түрлі уақыт жұмсайтынын ескеріп, тақтаға не карточкаға қосымша материалдар дайындап әкелу керек.

7) Ескертпе, түсініктеме-карточкалар, перфокарталар дайындау қажет. Оқушыларға өзіндік жұмыс ретінде пәндер бойынша мынадай тапсырмалар беруге болады.

Қазақ тілі сабақтарында – түрлі жаттығу жұмыстарын орындау, қима қағаздармен, перфокарталармен жұмыс, сурет бойынша сөйлем, әңгіме құрау, сөздіктермен жұмыс тапсырылады. Мысалы, мұғалім грамматикалық талдау жасауға сөз, сөйлем немесе мәтін береді. Жоспар жасатады (әуелі ауызша, сонан соң жазбаша жоспар жасатады). Мұндай жаттығуларды балалар өздіктерінен орындағанымен, оның қалай орындалатыны көрсетіліп, алдын ала дайындық жұмыстары жүргізіледі. Балалар бір тапсырмадан кейін екіншісін орындайды, олар жұмыстарын өздіктерінен тексереді, қалай орындағандарын мұғалімге айтады. Негізінде қазақ тілі сабақтарындағы жаттығулардың барлығы оқушыларға өздіктерінен жұмыс жасатуды көздейді. Алайда жаттығу ұғымы оқушыларға өздіктерінен жұмыс жасатудан кеңірек. Жаттығу − мұғалімнің басшылығымен орындалатын, оқушылардың алған білімдерін бекітуді көздейтін тұтас тәжірибелік жұмыс. Жаттығуда уақытқа шек қойылмайды. Ал оқушылардың өздіктерінен істейтін жұмыстарына белгілі мөлшерде уақыт беріледі.

Балалардың қазақ тілі сабақтарында өз беттерінше грамматикалық талдау жасауы төменгі сыныптардың өзінде-ақ іске асырыла бастайды.

1-сыныптың балалары оқу жылының екінші жартысынан бастап тақтадан, болмаса оқулықтан қысқа мәтіндерді көшіріп жазатын болады, кейбір сөйлемдерді бөліп, жеке айырып жазып қояды, мұғалім астын сызып көрсетіп берген сөздерді жазып алады, кеспе әріптерден сол сөздерді құрастырып, сөздің әрқайсысын буынға бөледі, мәтіннен көшіріп жазып алған сөздердегі дауысты және дауыссыз әріптерді көрсете алатын болады.

2-сыныптың балалары нәрсені, сапаны, әрекетті білдіретін сөздермен танысып болғаннан кейін, олар мәтінде кездескен сол сөздерді өзбеттерінше тани біледі, оған өздерінше сұрақ қоя алады. Заттың атын, сапасын, әрекетін білдіретін сөздерді алдымен жеке-жеке, содан соң топтап жазады, ол сөздердің астын сызып қояды. Содан кейін заттың атын білдіретін сөздерді, оның сапасын болмаса әрекетін білдіретін сөздермен біріктіріп құрастырады. Сол сияқты 2-сыныпта сөздерді буынға бөлу, ұяң және қатаң дауыссыз дыбыстарды табу, сөз екпіні түсетін буындардың астын сызып қою, екпінді дауысты дыбыстарды табу балалардың өз беттерінше істейтін жұмыстары есебінде жүргізіледі. Сөздің түбірімен танысып болғаннан кейін балалар мұғалімнің оқып берген мәтініндегі біріне-бірі ұқсас сөздердің астын сызып, көшіріп жазуға дағдыланады. Балалар біраз уақыт дағдыланғаннан кейін сол түбірге ұқсас түбірлі сөздерді іздеп табуға жаттығады.

Өз бетінше жұмыс істеудің бұл түрлері кейінгі сыныптарда да кеңінен қолданылады.

3 және 4-сыныптарда балалардың өз бетінше грамматикалық талдау жасауын ұйымдастыру кең өріс алатын болады. Балалар өз беттерінше сөзге морфологиялық, грамматикалық талдау жасайды. Жазбаша грамматикалық талдау жұмыстарын алғашқыда сызба бойынша өткізген қолайлы. Сызба балалардың зейінін тәртіпке келтіреді, сөз таптарының грамматикалық тұлғаларын есте сақтауға жәрдемдеседі және әртүрлі грамматикалық тұлғаларды өзара салыстыруға мүмкіндік туғызады. Сызбаны пайдаланбай мәтінді жазбаша грамматикалық талдау жасау көбінесе бақылау жұмыстары сияқты болып жүргізіледі. Балалардың өз беттерінше қандай да болсын грамматикалық талдау жасау түрлері грамматика және орфография сабақтарының бір бөлімі болып өтуге тиіс.

Оқушылардың өздіктерінен істейтін жұмыстары бастауыш сыныптарда ұзақ болмауы керек және көлемі шағын, мазмұны оңай болуға тиіс. 2-сыныпта − 5-10 минут, 3-сыныпта − 10 минут, 4-сыныпта 10-15 минуттық тапсырмалар беріледі. Мұғалім оқушылардың өздіктерінен орындайтын жұмыс түрлерін, әр пәннің ерекшелігін ескере отырып, алдын-ала дайындауы керек.

Өздігінен орындайтын жұмыста ұйымдастыру − сабақтың ең күрделі кезеңі. Өйткені, жұмысты оқушылардың бәрі бірдей бір мезгілде аяқтамайды. Қазіргі кезде білім сапасымен оқушылардың жеке басының қабілетін дамыту қай кездегіден де өткір қойылып отыр. Ол үшін мұғалім оқытудың технологиялық жаңа әдіс-тәсілдерін пайдалануы керек. Өз бетінше жұмысты ұйымдастыруда баланың жеке қасиеттерін ескеріп, жекелей, саралай оқыту әдісін пайдаланған дұрыс. Ана тілі сабақтарында оқушылардың өздігінен орындайтын жұмысын басқару ісі 1-сыныптан басталады. Ал, 3-сыныпта жүргізілетін жұмыстар 2-сыныпқа қарағанда мазмұны және көлемі жағынан күрделі болады. Оқушылардың өздіктерінен жұмыс істеу әрекеті бірден қалыптаспайды. Ол өте күрделі үдеріс болғандықтан, қарапайым сатыдан жоғары, күрделі сатыға қарай біртіндеп дамиды.



Ана тілі сабақтарында оқушылардың өздіктерінен орындайтын жұмыстарының түрлеріне тоқтала кетсек: ертегілерге байланысты салынған суреттермен жұмыс, қима қағаздар түрінде жасалған шағын әңгімелерді өз беттерінше оқып мазмұнын айту, тақырыптардың авторлары (ақын, жазушылар) және олардың өмірбаяны туралы қосымша деректер, сюжетті суреттермен жұмыс, оқыған әңгімелері бойынша сурет салу, мазмұндама немесе шығарма жазу, тақырыптаы өз бетінше аяқтау, бөлімдерге бөлу, ат қою, сұрақтарға жауап әзірлеу, газет, журнал материалдарымен жұмыс, сахналық көріністер әзірлеу сияқты жұмыс түрлерін тапсыруға болады.

Әр сыныпта өткізілетін сабаққа тиісінше уақыт бөлінуі оқушылардың өзіндік тапсырмаларды ұқыпты орындауына көмектеседі. Оқушыларға өздіктерінен жұмыс істету тек білімді бекіту үшін ғана емес, жаңа материалды түсіндіруде де қолданылады. Мысалы, мұғалім оқулықтан тиісті материалды оқытады, онда не айтылғанын, қалай қорытылуға болатынын ойлануды тапсырады немесе белгілі бір ережені оқытып, мысалдарды талдауға осы ережені қолдануды тапсырады. Ал, оқушылардың тапсырманы сыныпта, үйде өздігінен орындай білуі – оның бойында қалыптасқан білім, білік пен дағдылар сапасының сенімді көрсеткіші.



Математикадан мынадай тапсырмалар жазуға болады:

  • оқытушының көрсеткен үлгісі бойынша орындалатын;

  • оқытушыдан алған білім, білік, дағдыларын өз бетімен пайдалануды талап ететін, бірақ оқытушының басқаруын пайдаланған жағдайда;

  • алған білім, біліктерін басқа жағдайда пайдаланғанда;

  • оқушыдан ойлауды, шығармашылықты талап ететін байқау, талдау арқылы жаңа қорытынды, анықтамаға шығаруға болатын тапсырмалар.

  • есептеу тәсілдерін игеруге арналған:

  • ұқсастық пен айырмашылықты ажырату, талдауға арналған;

  • белгілі бір түсініктемелердің арифметикалық амалдармен байланысына арналған;

  • байқау негізінде қандай да бір заңдылықты айыру;

  • дидактикалық ойындар, қызықты тапсырмалар.

Оқушылар өздігінен жұмыс істей білуі үшін, алдымен, мұғалімнің берген үлгісіне қарай еліктеу негізінде қарапайым тапсырмалар орындайды. Мұндайда жұмыстың мазмұнын жасау әдістерінің бәрін мұғалімнің өзі айтып береді, ал оқушы тек орындаушы ғана. Ал егер мұғалім оқушыға бәрін өзі айтпай, бұрын алған білімдерін қолдануға лайықты жағдайлар туғызатын болса, сол кезде оқушы өздігінен ізденіп, жаңа міндеттерді шешуге тырысады. Сондықтан мұғалім оқушылардың өздік жұмысын ұйымдастырғанда, алдымен оларды өздігінен жұмыс істеуге дайындайтын жаттығулардан бастап, кейін мұғалімнің көмегімен жасайтын жартылай дербес, ең соңында толық өздігінен жасайтын жұмыстарға үйрету қажет.

Мұғалім оқушыларға шамалары келетіндей тапсырмалар ұсынады, онда жұмыстың мақсаты, оны бөлімдер бойынша орындау реті (өзін-өзі бақылау); мұғалім тексеру үшін алынған нәтижелерді әзірлеу, реттеу (кері информация) тәсілдері, жұмысты орындау мерзімі келтіріледі.

Мұғалім тапсырманың дұрыстығын, оқушылардың оның мазмұны мен нәтижесін қаншалықты түсініп меңгергенін анықтайды: Демек, мұғалім бақылаушы ғана емес, ұйымдастырушы да, оқушының өздік жұмысын тексеруші де. Мұғалім тапсырма арқылы олардың таным қабілетін бағдарламалайды, оны бір мақсатқа бағыттап, сапасын анықтайды.

Оқушылар тапсырма алады, меңгерген білім қорына сүйене отырып, оның мақсаты мен орындау тәсілдерін ойластырады және ең маңыздысы – жұмысты өздігінен орындау барысында алынуға тиісті нәтижелерді дағдарламалайды. Содан соң істелген жұмыстың дұрыстығын үнемі тексере отырып, тапсырманы бөлімдері бойынша орындайды. Алынған нәтижелерді реттеп әзірлейді (өзін-өзі бақылайды) және жазу жұмысы, цифрлар, сызулар, суреттер, модельдер т.б. тексеру үшін мұғалімге тапсырады. Оқушылардың оқу жұмысын, оқу әрекетінің жемісті болуы – оқу жұмысын тәсілдерін менгеруге байланысты.


Дәріс № 14.

Тақырыбы: ШЖМ білімді бақылау мен бағалаудың ерекшеліктері.

Мақсаты: ШЖМ білімді бақылау мен бағалаудың ерекшеліктерімен таныстыру.

Тірек ұғымдар: білімді тексерудің қызметі, білімді тексерудің критерилері.

Дәрістің мазмұны:

  1. Оқушылардың бағаларын есепке алу.

  2. Бақылау мен бағалаудың психологиялық-педагогикалық тиімділігі.

  3. ЖМ білімді бағалаудың ерекшеліктері.

Оқыту үдерісінің маңызды компоненттерінің бірі – оқушылардың білімін бағалау және есепке алу. Олар оқу үдерісін мұғалімнің дұрыс ұйымдастыру басшылығына байланысты. Бағалау деп оқушы жұмысындағы дербестікті, тапсырманы дұрыс орындау нәтижені, білімнің, біліктің және дағдының сапасын анықтауды айтады. Ал есепке алу – бұл оқытудың белгілі бір кезеңінде оқушылар мен оқытушының жұмысын жинақтап қорыту.

Үлгерімді бағалаудың білімділік және тәрбиелік маңызы бар. Білім беру мағынасы - оқушылар объекті білім алады, ой-өрісі кеңиді, ғылыми көзқарасы қалыптасады, іскерлікті, дағдыны игереді.Тәрбиелік мағынасы - объективті бағалау жеке адамның қасиеттерін қалыптастыратын құрал.

Білімді, білікті және дағдыны тексеру мен бағалау танымдық іс-әрекет кезеңдерінің бірі болады. Бұл жерде негізгі мақсат – оқушылардың оқу жұмысын бақылау, олардың үлгерімін және оқытудың кері байланысын есепке алу. Оқушылардың білімін бағалау үшін мынандай жағдайларды ескеру қажет:

- оқушы білімінің жақсы жақтарын және кемшіліктерін дәлелдеу;



  • баға әділетті болуы қажет;

  • әрбір баға –бұл тек қана білімді есепке алу емес, ол шын тәрбиелік құрал;

  • бағаны жазалау құралы есебінде қарастыруға болмайды;

  • оқушылар білімін тексеруді және бағалауды сабақтың әрбір кезеңінде іске асыру керек.

Шағын жинақты бастауыш мектепте оқушылардың білімін тексеру мен бағалау - өте күрделі мәселе. Сабақ барысында уақытты үнемдеу үшін арнайы тексеруге уақыт қалдырмаса да болады, бірақ үй тапсырмасын тексеруді алдын-ала қоңырауда көмекші-лаборанттың көмегімен іске асыруға болады. Сонымен бірге, оқушылар жұмысының барысын өзі бағалай және дұрыс бағалай білуге үйрету абзал. Өз жұмысын бағалай білген оқушы өз сыныптастарының, өзінен кіші сынып оқушыларының еңбегін тексеріп, бағалауға үйренеді. Оқушы өз жұмысын мұғалімге тапсырмас бұрын тексеріп, өзгенің жұмысын тексеріп, бағалап, мұғалімнің бағасымен салыстырады. Сонымен бірге, берілген өзіндік жұмысты да міндетті түрде тексеру қажет. Ол жұмысты тексеру кезінде тек қана оның қорытындысы тексерілмей, сол қорытындыны шығару үшін қалай жоспарлағаны, қандай тәсілдер қолданып орындағаны, өзінің қалай тексеріп отырғандығын – осының бәрін ескеріп, бағалаған жөн.

ШЖБМ мұғалімдері оқушылардың білімдерін тексеру мен бағалауда өз тәжірибелерінде әр түрлі әдістерді және құралдарды қолданады. Көпшілік жағдайда тапсырмалар әр оқушыға жеке-дара түрде беріледі де, мұғалім тапсырма орындала салып, өз қолындағы жауаптармен іле-шала тексереді. Сондай-ақ тапсырма жауаптары перфокарта түрінде дайындалып, оқушының жауабы соның ішіне салынады. Кейбір мұғалімдер оқушылардың білімдерін бағалау үшін алдын-ала дайындалған геометриялық фигураларды, суреттерді (ұшақ – «5», жеңіл машина – «4», ат –«3», тасбақа – «2» суреттері), жетондарды пайдаланады.

ШЖБМ оқушыларының білім, білік және дағдылар деңгейін бағалау кезінде тест әдісін қолданудығ да ролі өте зор. Тест әдісін қолданғанда оқушының жасын ескеріп, оларды жаңалыққа үйрету, ізденіске талпындыру, жинақылыққа, шапшаңдыққа, өзін-өзі тексеруге, қатесіне көзін жеткізуге, уақытты үнемдеу, салыстыру және тексеру дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндіктер мол. Тесттің тақырыптық, тараулық, тоқсандық, жарты жылдық, бір жылдық, қорытынды түрлері болады.

Тақырыптық тест белгілі бір тақырыпты меңгергеннен кейін жүргізіледі. Бұл тесте баланы ойландырып, оның іздену қабілетін дамытатын, аз уақыт жұмсап, нәтижелі қорытынды шығаратынын, логикалық ойлау қабілетін дамытатын, есептеу нәтижелерін салыстыру процестеріне арналған және арнайы жетілдіруге іріктеп алынған тапсырмалар болуы мүмкін.

Педагогика ғылымында тестік тапсырмаларды зерттеумен айналысқан ғалымдар В.И.Огорелков, В.С.Аванесов, т.б тестің бірнеше түрлері бар екендігі тағайындаған. Ал кейбір әдіскерлер және практик мұғалімдер мектептің бастауыш буынында қолдануға болатын тесттің төмендегідей түрлерін ұсынады.

Біріншісі - білімді қарапайым түрде еске түсіруді жүзеге асыруға арналған “ашық” немесе “конструктивті” тест. Мұнда жауап беруші тестің талабына сай тапсырманы әрі қарай не сөзбен, не санмен, не болмаса графикпен жалғастырады: Мысалы: математикадан тест тапсырмаларын келтірейік.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет